"Жеті рет рекорд жаңартқан". Гиннестің рекордтар кітабына енген қазақстандық спортшылар
Кітапқа үш ауыр атлетші, бір боксшы, бір марафоншы мен бір шахматшы кірді.Жуырда қазақстандық шахматшы Бибісара Асаубаева Гиннестің рекордтар кітабына енді. Бұған дейін аталған кітапқа қай спортшылар кірген еді? informburo.kz тілшісі шолу жасады.
Бибісара Асаубаева, шахмат
Туған күні: 26 ақпан 2004 жыл
Туған жері: Тараз
Жетістіктері: Қазақстандық шахматшы, FIDE Халықаралық шахмат федерациясының 2021 жылы Польшада өткен чемпионатының блиц бойынша әлем чемпионы, рапид шахматтан әлем чемпионатының күміс жүлдегері, әйелдер арасындағы халықаралық гроссмейстер, Азия чемпионы.
Не үшін кірді? Блиц шахматтан әлем чемпионы атанған ең жас (17 жас 307 күн) спортшы.
Оқи отырыңыз: "Кумирім – Магнус Карлсен". Шахматтан блиц шебері Бибісара Асаубаевамен блиц сұхбат
Геннадий Головкин, кәсіпқой бокс
Туған күні: 8 сәуір 1982 жыл
Туған жері: Қарағанды қаласы
Жетістіктері: жазғы Азия ойындарының жеңімпазы (2002), әлем чемпионы (2003), Афины Олимпиадасының күміс жүлдегері (2004), Азия чемпионы (2004) - әуесқойлық мансабы, WBA (Super), IBO, IBF және WBC тұжырымдары бойынша әлем чемпионы - кәсіби мансап. Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері. Заманымыздың ең мықты боксшыларының бірі. Жекпе-жек статистикасы: 42 жеңіс, 37 нокаут.
Не үшін кірді? Орта салмақ тарихында ең үздік нокаутшы атанды.
Илья Ильин, ауыр атлетика
Туған күні: 24 мамыр 1988 жыл
Туған жері: Қызылорда қаласы
Жетістіктері: Жасөспірімдер арасында екі дүркін әлем чемпионы, ересектер арасында төрт дүркін әлем чемпионы, Азия ойындарының екі дүркін жеңімпазы. Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері. "Отан", "Барыс", "Құрмет" ордендерімен марапатталған. Төрт рет әлемнің ең үздік зілтеміршісі деп танылды.
Не үшін кірді? 2012 жылы Лондон Олимпиадасында 94 келіге дейінгі салмақта Қазақстанның атынан шығып, серпе көтеруде 233 келіні бағындырып, әлемдік рекорд орнатты. Оны Грозныйда өткен Гран-приде өзі жаңартты. Ильиннің жаңа жетістігі серпе көтеруде – 246 келі, қос жаттығу бойынша – 437 келі. Одан кейін 105 келіде өнер көрсетті.
Оқи отырыңыз: "Балаларды атбегілікке баулимыз". Оралдық ұстаздар қалай ұлттық ат спортын дамытып отыр?
Майя Манеза, ауыр атлетика
Туған күні: 1 қараша 1985 жыл
Туған жері: Қытай
Жетістіктері: Екі дүркін әлем чемпионы, әлем чемпионатының күміс жүлдегері, Азия чемпионатының қола жүлдегері, Азия ойындарының жеңімпазы. Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері. Екінші дәрежелі "Құрмет" және "Барыс" ордендерімен марапатталған.
Не үшін кірді? 2010 жылы Анталияда өткен әлем чемпионатында 63 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Қазақстанның атынан шығып, серпе көтеруде 143 келіні бағындырып, жаңа әлемдік рекорд орнатты. Ол рекордты 2014 жылы Инчхондағы Азия ойындарында қытайлық зілтемірші Линь Цзыци жаңартты. Ол 145 келі бағындырды.
Зүлфия Чиншанло, ауыр атлетика
Туған күні: 25 шілде 1993 жыл
Туған жері: Қытай
Жетістіктері: Жастар арасындағы әлем чемпионатының қола жүлдегері, жасөспірімдер Олимпиадасының күміс жүлдегері, үш дүркін әлем чемпионы, Азия ойындарының екі дүркін күміс жүлдегері. Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері. Екінші дәрежелі "Құрмет" және "Барыс" ордендерімен марапатталған. 2012 жылғы әлемдегі ең үздік ауыр атлет.
Не үшін кірді? 2009 жылы ауыр атлетика тарихындағы ең жас әлем чемпионы атанды. Ол кезде Чинчанло 16 жаста еді.
Оқи отырыңыз: 76 жастағы қазақстандық зейнеткер Нью-Йоркте 42 шақырым марафонды жүгіріп өтті
Марат Жыланбаев, марафон
Туған күні: 19 тамыз 1963 жыл
Туған жері: Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданы
Жетістіктері: Қазақстанның құрметті азаматы. Халықаралық дәрежедегі спорт шебері.
Не үшін кірді? Азияның, Африканың, Аустралияның және Американың ең үлкен шөлін жалғыз өзі басып өткен жалғыз адам. Ол Гиннестің рекордтар кітабына жеті рет енген. Еуропадағы ең биік тау шыңы Эльбрусқа (5642 метр) жеті күнде шыққан.
Оқи отырыңыз: Бейжің Олимпиадасында Қазақстанға қола да бұйырмады. Спорттың тоқырауына не себеп?