Информбюро тілшісі "Ұлттық аударма бюросы" ҚҚ атқарушы директоры және еліміздегі электронды оқыту нарығын дамытушы Bilim Media Group басшысы Рауан Кенжеханұлымен сұхбаттасып, пандемиядан кейінгі білім, сапа және мамандық таңдау туралы сұрады.

Бүгінгі таңда білім беру жүйесіне ойната отырып білім беруді енгізудің маңызы қандай?

– Қазір ақпарат өте көп. Ол ақпараттың басым бөлігі entertainment, яғни көңіл көтеру арқылы келеді. Ашығын айтқанда, адамның миы дофамин түрінде ләззат алуды қалайды. Ал дофамин алудың ең оңай жолы – ойын-сауық, күлкі, кино көру, әйтеуір көңіл көтеру. Білім беретін сервистердің немесе білім алуға қажетті контенттің ондай пәрмені аздау. Білім алу үшін адам өзін кішкене қинауы керек. Еңбек пен оқуды, ыждағаттылықты қажет ететін ол процесс көп жағдайда ләззат сыйлай қоймайды. Миды білім алудан, үйренуден, оқудан ләззат алуға үйрету керек. Ол мүмкін нәрсе. Көп адам кітап оқығанды жақсы көреді және содан ләззат алады. Бірақ, бұл қабілет оларға бірден келе қойған жоқ қой. Ол бұған үйренді, дағдыланды, тәртіпке бағынды.

Сондықтан әлем қазір осы дағдыны қинамай, күштемей, табиғи жолмен қалыптастыру үшін edutainment-ке бет бұрып жатыр. Яғни education және entertainment деген ұғымдарды біріктіріп, ойын арқылы оқытуға көңіл бөле бастады.

"Геймификация" деген ұғым бар. Ол оқу процесіне ойын элементтерін араластыру. Оның ішіне тапсырмаларды орындау арқылы ұпай жинау немесе балалар арасында позитивті бәсеке жасап, жарыстыру сияқты кішігірім ойындар кіреді. Біз қазір осы элементтерді сабақ барысына ақырындап кіргізіп жатырмыз. Соның арқасында қызығушылықты арттырамыз деп ойлаймыз және осы ұғымды кеңінен таратқымыз келеді. Өйткені, қазір адамдар, әсіресе балалар көлемі өте аз мәтіндерді оқуға, қысқа видеоларды көруге дағдыланып барады. Көлемді мәтін оқуға, ұзын драмаларды көруге шыдамы жетпейтін болған. Ал роман оқымайтын, драмалық туындылар көрмейтін балада өмір, қоршаған орта, адамдардың қарым-қатынасы туралы толық түсінік қалыптастыру, эмоцияларын тәрбиелеу өте қиын. Адам әдетте мейірімділік, шын достық, патриотизм сынды құндылықтарды белгілі бір үлкен дүниелерді оқу арқылы, адамдардың тәжірибесін сіңіру арқылы алады. Сол арқылы өмірінің сапасын арттырады. Балаларды осыған баулу және қызығушылығын ояту үшін ойын мен білім беруді сабақтастыру қажет болып отыр.


Оқи отырыңыз: Мектеп оқушыларының білім алуына арналған 10 мобильді қосымша


Қазақ тілінде онлайн контент жасаушылардың V форумында Қазақстанда балалардың 1 пайызында ғына сапалы білім алуға мүмкіндік барын айттыңыз. Қалған 99 пайыз баланың сапалы білім алуына қалай жол ашамыз?

– Иә, Дүниежүзілік банк жасаған зерттеу нәтижесіне сүйенсек, Қазақстандағы оқушылардың 1%-ының ғына халықаралық талап бойынша сапалы деп танылатын білім алуға мүмкіндігі бар. Яғни, іріктелген, дайындығы жоғары мұғалімдер сабақ беретін, жақсы жабдықталған лабораториялары бар, бір ауысымда жұмыс істейтін мектепке бара алатын балалардың үлесі Қазақтанда 1% екен.

Енді біздің міндетіміз – осы 1% тұтынатын білімді, мазмұнды, педагогикалық тәжірибені, әдістемені оқушылардың қалған 99%-ына жеткізу.

Бұл ретте технологиялар өте көп мүмкіндік береді. Ол үшін осындай мектептердегі ең озық мазмұнды, ең жақсы деген мұғалімдердің сабақ жоспарларын, тапсырмаларды сандық форматқа өткіздік. Нақты айтатын болсақ, былтыр бір жыл бойы Назарбаев зияткерлік мектептерінің 500 мұғалімімен жұмыс істеп, мектеп бағдарламасындағы 1-11 сыныптардағы барлық тақырыпты цифрлы сабаққа ауыстырдық. Яғни, "Он бір жылда бала мектепте қанша тақырып игеріп шығуы тиіс?" деген сұраққа нақты жауап берілді. Ол 12 300 тақырып екен. Оқушының осы тақырыптарды толық меңгеруі не меңгермеуі білім беру жүйесінің тиімділігін анықтайды. Сондықтан, біз осы мәселеге өте көп күш салдық. Мектептегі білім беру үдерісін жеке-жеке бөлімдерге бөлдік. Атап айтқанда, сабаққа дайындалу, сабақ жоспарларын дайындау, сабақ кестесі, үй жұмыстары, коммуникациялар, оны қадағалу, ынталандыру – барлығын сандық форматқа өткізіп, BilimLand платформасын жасадық. Осы платформа арқылы Қазақстанның интернет жеткен елді мекендерінде тұратын әр балаға сапалы білім алуға жол ашылды. 

Бұл контентті ауылдық жердегі ұстаздар сабақ беруде қалай қолданады? Оларға қандай да бір шеберлік сағатын өткізіп, әдістеме ұсынасыздар ма?

– Шеберлік сағатын ұдайы өткіземіз. Қазір платформаға Қазақстандағы 7 400 мектептің 6 500-і жазылған. Олар қолданып отыр. Әр мектеп ұжымына тұрақты түрде әдістемелік және техникалық қызмет көрсетеміз. Кез келген уақытта хабарласа алады. Әр функцияны, тақырыпты сабақ үстінде қалай қолдануға болатынына арналған әдістемелік видеолар дайындадық. Оны арнайы Youtube арнаға жүктеп қойдық. Одан бөлек, әдіскерлеріміз жүйеге жаңадан қосылған мектептерге онлайн немесе офлайн түрде тренинг өткізеді. Жан-жақты қолдауға тырысамыз. Кейде мұғалімдер де кері байланыс жасап, өз ұсынысын білдіріп жатады. Бұл – даму. Оған үйрендік.


Оқи отырыңыз: Finprom: Қашықтан оқытудың сапасыздығы мен қолжетімсіздігі оқушылардың сауатсыздығына әкеледі


Пандемия білім беру саласына, адамдардың білім алуы мен ізденуіне қандай өзгеріс енгізді? Қандай жаңа мүмкіндік ашты немесе кемшілігін көрсетті?

– Біріншіден, мұндай өзгеріске ешкім – бірде-бір ел, бірде-бір жүйе дайын болған жоқ. Бәрі қатты қиналды. Интернеттің жоқтығы, мазмұнның, контенттің, платформалардың жетілмеуі де себеп болды. Мысалы, біз осы салада он жылдан бері жұмыс істеп келеміз. Бұған дейін мұғалімдерге көмекші құрал жасаумен айналыстық. Бірақ, пандемия кезінде біз мектеп пен мұғалімді алмастыратын қызметке айналып кеттік. Ондай деңгейде жұмыс істеу үшін өте көп ресурс керек. Тіпті, серверлерге күнделікті түсететін салмақ 20 есе артты. Платформаға күн сайын 2 миллиондай адам кіре бастады. Оны ұстап тұру өте үлкен шығын, өте үлкен күш. Сондықтан, осындай қысқа ғана уақытта тез өзгеруге, шұғыл дамуға, жедел жаңа мазмұн, жаңа функциялар жасауға тура келді. Біз ғана емес, бүкіл әлем солай жасады.

Оқытушылар мен оқушыларда, ата-аналарда да бұған дейін болмаған дағдылар қалыптасты. Платформаларды, онлайн шешімдерді білім алу үшін тиімді пайдалануды үйрендік. Орта мүлде жаңа деңгейге көтерілді. Енді ары қарай дәстүрлі білім беру әдіс-тәсілдері мен цифрлы әдіс-тәсіл бірге жүретін болады. Біздің мақсатымыз – білім берудегі осындай сапа айырмашылығын мейілінше азайту.

Мектеп қай жерде орналасса да, мұғалімдердің деңгейі қандай болса да, баланың сапалы білім алуға мүмкіндігі болуы керек. Сапа белгілі бір деңгейден төмен түспеуі тиіс. Егер мұғалім мен мектептің мүмкіндігі зор болып, артық нәрсе бере алса, шығармашылық жұмыс жасай алса, керемет. Бірақ, білім сапасы белгілі бір деңгейден төмен түспеуі керек. Біз осыған жұмыс істейміз.

Сіздің ойыңызша, болашақта қандай мамандықтар трендке ие болуы мүмкін? Мамандық таңдағанда неге мән беру керек?

– Менің ойымша, бастысы – мамандық емес, дағдылар және қасиеттер. Өйткені, қазіргі өмірде маман ретінде сұраныстың жоғары болуын қамтамасыз ететін нәрсе – білім емес.

Себебі, білім өте тез ескіріп жатыр. Мәселен, IT-мамандарды алайық. Дәл қазір өте өзекті, өте қажет программа, код жазу тілі бір жылдан кейін қажет болмай қалуы мүмкін. Сол себепті ондай мамандарға қажет қабілет – қайта өзгеру, бейімделу, өз бетінше білім алуға дайын болу. Осы бейімделгіштік қасиет маңыздырақ.

Сондықтан да біз барымызды салып, болашақ мамандарды, қазіргі студенттер мен оқушыларды өз бетімен ізденуге, қажетті ақпаратты табуға, бойындағы кемшіліктерді анықтап, оларды өз бетінше түзетуге үйреткіміз келеді. Бұл ең басты нәрсе. Сондықтан, қазір қандай да бір мамандықты "әлі он жыл, жиырма жыл немесе жүз жыл сұраныста болады" деп айта алмаймыз. Тіпті болған күннің өзінде сол мамандықта табысты болып, мансап жасау үшін үнемі дамуға тура келеді: мүлде жаңа құралдар игеру керек, жаңа білім алу керек, жаңа тілдер игеру керек болады. Сондықтан ең бастысы – осындай ұдайы оқуға, үйренуге дайын болу. Бұрын футурологтардың әңгімесі ретінде айтылып жүретін өмір бойы білім алу дәуірі келді.