Қазақстан 30 жыл бойы ұстанып келе жатқан ұстанымынан ауытқымауы тиіс. КСРО құлаған соң пайда болған барлық шекараның өзгеріссіз және қасиетті болып қалуын қолдаймыз, деп мәлімдеді саясаткер Ермұхамет Ертісбаев.

"Бұл жағдайға дұрыс немесе бұрыс деп баға беруден аулықпын, нақты фактілерге тоқталайын. Ресейдің ЛХР мен ДХР-ді мойындауы соңғы 6 жыл бойы күтілген саясат еді. Одан көп болмаса. ЛХР мен ДХР Ресей экономикасы орбитасында жұмыс істейді. Украина мен Киевтің қалған бөлігімен ешқандай экономикалық немесе сауда-саттық байланысы жоқ. Оның үстіне ЛХР мен ДХР-дің мыңдаған тұрғыны Ресейдің құжатын алған. Менің не туралы айтып тұрғаным түсінікті шығар? Сол себепті бұл шешім маған ешқандай да жаңалық болмады", – деді Ермұхамет Ертісбаев.


Оқи отырыңыз: Дархан Қалетаев Украинадағы ахуал туралы: Есігіңді теуіп кіріп жатса, қандай сезімде болар едің?


Саясаткер Ресейдің Украинаның шығысында ҰҚШҰ күшін пайдалану ықтималдылығына тоқталды. Айтуынша, Ресей бұл ұйымның көмегіне жүгіне қоймайды.

"Ықтималдылықты нөлге теңестіремін. Себебі, ҰҚШҰ тек бір жағдайда жұмыс істей алады. Біріншіден, Ресейге әскери шабуыл жасалса, екіншіден, Ресей Федерациясының өзі ҰҚШҰ әскерінен көмек сұраса. Бірақ, есі дұрыс адам ядролық зымыран державасына шабуыл жасай қоймайтын шығар? Ол жай ғана арсенал емес, нөмірі бірінші арсенал. Мұны бәрі біліп отыр. Қарулы күштерінің қаншалықты мықты екені – бөлек әңгіме. Сол себепті мен бұл соғысқа ҰҚШҰ қатысуын толықтай жоққа шығарамын", – деді саясаткер.

Мұнымен қатар, ол аталған шиеленісте Қазақстанның 30 жыл бойы ұстанып келе жатқан позициясында қалуы қажеттігін атап өтті.

"Меніңше, Қазақстан 30 жыл бойы ұстанып келе жатқан ұстанымынан ауытқымауы тиіс. КСРО құлаған соң пайда болған барлық шекараның өзгеріссіз және қасиетті болып қалуын қолдаймыз. Біз Қырымның Украинаға кіруін ресми түрде мойындаған жоқпыз. Сондай-ақ, 2014 жылдан бері соңғы 8 жыл ішінде Ресейге салынған санкциялар тікелей және жанама түрде Қазақстанға әсер етіп жатыр", – деді Ермұхамет Ертісбаев.


Оқи отырыңыз: Ресей мен Украина шиеленісі Қазақстанға қалай әсер етуі мүмкін?


Саясаткердің айтуынша, Украинадағы жағдай Қазақстанда қайталануы мүмкін емес. Себебі, Ресей соғыс ашқан жағдайда Қазақстанды Орталық Азия елдерінен бөлек, Батыс пен Америка да қолдауы мүмкін.

"Ресейдің ешуақытта Қазақстанға бұлай жасамайтынына сенімдімін. Өйткені, бұл Қазақстанға ғана емес, 75 миллион халқы бар Орталық Азия өңіріне қарсы соғыс ашқанмен бірдей. Оның үстіне Қазақстанды Қытай, АҚШ және Еуроодақ қолдайды. Тіпті, бұл тақырып төңірегінде қиялдағым да келмейді. Өйткені, дәл қазіргі сәтте біздің Ресеймен қарым-қатынасымыз мінсіз, өзгелерге үлгі боларлықтай. Естеріңізде болса, Путин КСРО ыдыраған соң көптеген жердің Украинаға өткені туралы, сыйлығы туралы бірнеше мәрте айтып келді. Бірақ, Қазақстанды бірде-бір рет атаған емес. 1919 жылы Украина кеңес социалистік республикасы құрылған кезде оның географиялық картадағы шекарасы басқаша еді. Ал Қазақ КСР-іне келетін болсақ, ол 1920 жылы сызылған күйде. Украина мен Қазақстанға байланысты осындай өзгешеліктер бар", – деді Ермұхамет Ертісбаев.

Еске салсақ, Қазақстанның Украинадағы елшісі Дархан Қалетаев елдегі ахуалға қатысты пікір білдірген еді.