Көмір тапшылығы мен оның құнының қымбат болуы – жыл сайынғы мәселе. Көмір кезегінде болған қақтығыс үстінде кісі өлімі де орын алған. Алайда бұл мәселе Үкімет, тіпті, мемлекет басшысының деңгейінде қаралса да, әлі күнге шешілген жоқ. Президент 2020 жылғы Жолдауында мемлекеттік және жеке сектордағы монополистердің қызметін реттеуді тапсырған болатын. Оны орындау мақсатында Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі жанынан биржалық комитет те құрылған. Биыл еліміздегі көмір тұтыну көлемі 3 миллион тоннаға қысқарған. Бірақ, көмір неге тапшы? Кеніш басындағы баға тұтынушыға жетемін дегенше неге екі есе артып кетеді? Бұл сұраққа сарапшылар бүгін кешке сағат 22.00-де 31 арнаның эфирінен көрсетілетін "Неге?" ток-шоуында да жауап берді. 

Көмір бағасын көтеретін кім?

Ток-шоу қонақтарының назарына ең алдымен Өскемен қаласындағы көмір кезегінің кадрлары ұсынылды. Көмір тасушылар қалада екі ғана тұйық барын айтып, көмір кезегінде бірнеше күн бойы тұратынына наразылық білдіреді. Бұған орай студия қонағы, Өскеменнен арнайы келген Шығыс Қазақстан облысы энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Нұрлан Рамазанов түсіндірме берді. 

"Жазғы уақытта тұйықта 7 мың тонна көмір болатын болса, қазір күнделікті 1,5-2 мың тонна көмір жеткізіледі. Кейде 600-900 тонна әкелінетін күндер болады. Бірақ, бұл қор түс болмай түгесіліп қалады. Шығыста, әсіресе Өскемен, Алтай, Риддерде қыс ерте түсетіндіктен, жылу беру маусымы ерте басталады. Өңірде 20 қыркүйектің өзінде-ақ температура 10 градустан төмен түсіп кетеді. Көмір тапшылығының басты себептерінің бірі – вагон жетіспеушілігі. Бұл мәселе бойынша Индустрия министрлігі мен "Қазақстан Темір Жолы" компаниясына хат жазылды. Қазан айында көбірек вагон берілуі керек", – деді Нұрлан Рамазанов.

Ол, сондай-ақ, өңірдегі көмір бағасына қатысты да әңгімеледі. Облыстағы Қаражыра кен орнындағы көмірдің тоннасының бағасы 7 800 теңге шамасында болса, тұйық басынан оны 10 300 теңгеге сатып алуға болады. Бұдан әрі жеке кәсіпкерлер көмірді елді мекендерге тасымалдап, үстіне өз бағасын қосады. Тұтынушыларға жеткенде көмірдің құны 15-20 мың теңгеге бір-ақ жетеді екен. Шыңыс Қазақстан облысы әкімдігінің өкілі бағаның бұлай көтерілуіне тасымалдаушы жеке кәсіпкерлердің шығындары қосылатынын айтып, түсіністік білдіргенімен, студияның өзге қонақтары бұл жерде, яғни тек Өскемен емес, бүкіл Қазақстан бойынша да көмір бағасының екі есе көтерілуі қолдан жасалуы мүмкін екенін айтып, күмән келтірді.

Вагон жетіспеушілігі бар ма?

Эфирге онлайн байланысқа шыққан "ҚТЖ-Жүк тасымалы" ЖШС атқарушы директоры Нұржан Келбұлғанов көмір бағасының күрт қымбаттауы себебінің өз нұсқасын айтты. Оның сөзінше, Қазақстанда көмір тасымалдаудың тарифі өзге жүк түрлерімен салыстырғанда ең төмені екен. Мәселен, қара металдан 4 есе арзан болса, химикаттар мен шикізат тасымалдау құны одан 5-6 есе жоғары. Сондай-ақ, көмірді тасымалдау тарифі көмірдің өз құнының 10 пайызынан аспайды. Бірақ, жеке тұлғалардың, сондай-ақ локомотив операторлардың үстіне өз қызмет ақысын қосатыны бар. Баға осылай көтеріле береді.

ҚТЖ өкілінің айтуынша, 64 мың вагонның 55 пайызы, яғни, 35 мың вагон көмір тасымалымен айналысады екен. Олардың 13 мыңы ғана ҚТЖ құрамындағы "ҚазТемірТранс" компаниясына тиесілі. Қалғандары жеке кәсіпкерлердің меншігі.

"Мен вагон жетіспеушілігі бар дегенмен келіспеймін. Бірқатар дерек келтірейін. 8 айда біз көмірді жоспардан 3 миллион тоннаға артық тасымалдадық. Бұл өткен жылғы жоспардан тіпті 5% артық. 8 айда біз 47 миллион тонна көмір тасымалдасақ, бұл былтырғы көрсеткіштен 700 мың тоннадан астам артық", – деді ол.

Көмір бағасын мемлекеттік реттеу қажет пе?

Информбюро ақпараттық бағдарламасының YouTube арнасында жүргізілген сауалнама қорытындысы жауап берушілердің 57 пайызы бағаның көтерілу себебі мемлекеттің бағаны бақыламауынан деп жауап берген. Бұған экономист Мақсат Халық та қосылады.

"Бізде нарықтық экономиканың заңдылықтары сақталмайды. Шенеуніктер бағаны бақыламай, еркін айналымға жіберетінін айтады. Егер халықтың төлем қабылеті жақсы болып, өз табысы өзіне жететін болса, бұл дұрыс, бақылаудың қажеті жоқ. Бірақ егер адамның табысы тамақ алуға жетпей жатса, басқаны қалай сатып алады?", – деді ол.

Экономистің пікірінше, билік орташа жалақының тұрақты өсіп келетінін айтып жиі мақтанады. Алайда орташа жалақы мақтаныш үшін емес, қай өңірде табыс төмен екенін анықтау үшін қажет. Батыс өңірлерде ол жоғары, алайда табысы төмен депрессивті өңірлер де бар екенін ұмытпау керек.


Бағдарламаның толық нұсқасын бүгін, 9 қазан күні сағат 22.00-де 31 арна эфирінен не YouTube арнасынан тікелей эфирде көруге болады.