Транспорт жүйесі Азия мен Еуропа ортасында орналасқан Қазақстан үшін экономиканың дамуында елеулі маңызға ие инфрақұрылым элементі. Сондықтан жоғары сапалы автожолдардың көп болуы Қазақстанға транзиттік мәртебе алуға мүмкіндік береді. Республикадағы автожолдардың жалпы ұзындығы – 96 мың шақырым. Оның ішінде:

  • 25 мың шақырым жол республикалық маңызға ие;
  • 71 мың шақырымы – жергілікті жолдар.

4 ақылы автотрассаның жалпы ұзындығы – 682 км. Өткен жылы ақылы жолдар 5 млрд 700 млн теңге табыс түсірген. Бұл қаражат осы жолдарды күтіп ұстауға жұмсалады. Келер жылы ақылы жолдардың санын 11-ге жеткізу жоспарланып отыр.

Қазақстандағы жолдар саны қажеттілікке сай ма және салынған жолдардың сапасы қандай? Бұл сұраққа сарапшылар бүгін кешке сағат 22.00-де 31 арнаның эфирінен көрсетілетін "Неге?" ток-шоуында да жауап берді. 


Оқи отырыңыз: Құрылысы үш жылда бітпеген үш жолайрық: 145 жер телімі әлі босатылмаған


2023 жылы елорда мен Алматы арасын сапалы автомагистраль жалғайды

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Автомобиль жолдары комитетінің төрағасы Жамбыл Бақтиярұлының айтуынша, қазіргі таңда 2025 жылға дейінгі бағдарлама бекітілген. Оған сәйкес, 2020 жылға дейін 13 мың шақырым жол жабындысы жаңартылса, 2025 жылға дейін тағы 12 мың шақырым жол жөнделуі тиіс. Биыл 8,4 мың шақырым жолдың құрылысы жүріп жатыр. Жоспарда республикалық маңызға ие 5 мың шақырым жол салу бар. Сондай-ақ, биыл 3,6 мың шақырым республикалық жолдар жаңалануда.

"Бірінші кезекте елорда мен Алматыны жалғайтын жол салынып жатыр. Жұмыс қарқыны жоғары. Келісімшартқа сәйкес, ол 2023 жылы аяқталуы керек. Жол төрт жолақты болады, асфальттанып, қарама-қарсы бағыттарды қоршау бөліп тұрады. Президент сынға алғанға дейін жол бойында ашық суық дәретханалар болса, қазір жол құрылысы аясында жылы дәретханалар да қоса салынып жатыр. Сондай-ақ, біздің комитет "ҚазАвтоЖолмен" бірге инвесторлар тартуда. Олар, мәселен, өздерінің жанармай станциясын салады. Ол үшін әр 15 шақырым сайын алаңдар салып кетеміз", – деді Жамбыл Бақтиярұлы.

Талдықорған – Өскемен жолын әлі бір жыл күту керек

Ток-шоу жүргізушісінің Орталық Азия мен шығыс Сібірді жалғауы тиіс және жоспарға сәйкес биыл бітуі керек Талдықорған – Өскемен жолы неге мерзімінен кешігіп жатқаны туралы сауалына "ҚазАвтоЖол" ҰК" АҚ департамент басшысы Ерлан Қалымов бұл жаңсақ ақпарат екенін айтып жауап берді. Оның сөзінше, бұл жол келісімшартқа сәйкес, тек 2022 жылдың соңында ғана аяқталады. 768 шақырым жолды жаңалау 2019 жылы басталса, қазір 600 шақырымына асфальт-бетон жабындысы төселген.


Оқи отырыңыз: 2021 жылы Қазақстанда жаңа 4 жолдың құрылысы басталады. Жалпы ұзындығы – 607 шақырым


Шалқар – Бейнеу құрылысы "Нұрлы жол" бағдарламасына енгізілген

Бағдарлама жүргізушісі Президент тапсырған Шалқар – Бейнеу автожолының құрылысы жайлы да сұрады. Автомобиль жолдары комитетінің төрағасы Жамбыл Бақтиярұлының жауабынша, Мемлекет басшысы өз Жолдауында іске асып жатқан жолдарды аяқтауды тапсырған. Ал Шалқарды Бейнеумен қосатын жол жаңа жоба болғандықтан, алдымен оның техникалық-экономикалық негіздемесін жасау қажет. Қазіргі таңда комитет Ұлттық экономика министрлігіне құжаттар дайындап жатыр екен.

"Негіздемені жасауда біз экологтармен, орман шаруашылығы мамандарымен талқылау өткіземіз. Өйткені, бұл өңірді жабайы жануарлар мекендейді. Кезінде біз Орталық – Батыс жобасын бастағанда ол киіктердің көшуіне әкелді. Сондықтан ол жобаны тоқтатуға тура келген", – деп еске алды комитет төрағасы.


Оқи отырыңыз: Жүктемесі 8 тоннадан асқан көліктерге шектеу енгізілді. Олар автожолдарда жүре алмайды


Сапасыз жолдың басты себебі – жемқорлық па?

Бағдарлама алдында "Информбюро 31" YouTube-арнасында телекөрермендер арасында "Қазақстан жолдары неге сапасыз?" деген тақырыппен сауалнама жүргізілген. Оған қатысқан 6 мың респонденттің 90%-ы "бөлінген қаражаттың жымқырылуы" деген жауапты таңдаған.

Бұған орай өз ойын айтқан Қазақстан автотранспорт одағының атқарушы директоры Сәбит Аманбаев жаңа жолдарды пайдаланудың қатаң талаптары жоғына тоқталды. Оның сөзінше, жаңа төселген асфальт жабындысының үстінен ауыр жүк көліктері өтіп, оның сапасын құртады.

"20 тонна салмаққа төтеп беретін жолдар жоқ. Қазір жол 14 тонна салмаққа есептеліп салынатыны айтылады. Бірақ, мен оған да күмән келтіремін. Солай болғанның өзінде де жүк көліктері жолдың бұл учаскесіне жету үшін ескі жолдармен баруы тиіс қой. Ал бізде бұрынғы жолдар 10 тонна салмаққа дейін ғана есептелген. 280 мың жүк транспорты бар. Олардың бірде-бірі бұл талапты сақтамайды", – деді Сәбит Аманбаев.

Ойға ой қосқан Автомобиль жолдары комитетінің төрағасы Жамбыл Бақтиярұлы жолдардың басым бөлігі Кеңес дәуірінде, 70-80 жылдары салынғанын атап өтті. Қазақстан Тәуелсіздік алғаннан бастап 2000 жылдарға дейін жолдар түгелдей дерлік жөндеу көрмеген.

"Егер жол әр 5 жыл сайын жөнделуі тиіс болса, біз 3-4 циклді өткізіп алдық. Бұл бірінші мәселе. 2005 жылдан бастап біз жолдарды 13 тонна салмаққа есептеп сала бастадық. Бірақ, бұл – есептік көрсеткіш, негізі 10-11 тонна салмаққа ғана рұқсат етіледі. Көптеген жүк көліктерінің жұмыс салмағы 15 тоннаға дейін жетеді. Ал жүк тиелсе, оған тағы 5-6 тонна салмақ қосылады. Әлбетте, бұл жолдың сапасына зиянын тигізеді", – деді Жамбыл Бақтиярұлы.


Бағдарламаның толық нұсқасын бүгін, 16 қазан күні сағат 22.00-де 31 арна эфирінен не YouTube арнасынан тікелей эфирде көруге болады.