Yenlik лақап атымен танымал әнші Еңлік Құрарбектің жақында Shukir әнінің мюзикл стиліндегі бейнебаяны жарық көрді. Бұл туынды жастардың, мамандық таңдауда қиындыққа тап болатын мектеп оқушыларының мәселесін көтереді. Жоба авторларының айтуынша, мюзиклдің мақсаты қоғамның назарын мамандық таңдау мәселесіне аударту. Мектепте ағылшын тілінен сабақ берген Еңлік те кәсіптік бағдар беру маңызды тақырыптардың бірі екенін алға тартып, оқушылар мамандық таңдауда қиналатынын айтады. Осы орайда Informburo.kz әншіден блиц-сұхбат алды. 

– Еңлік, мектепте ағылшын тілінен қанша жыл сабақ бердіңіз? Мектептен кетуіңізге не себеп? 

– Мектепте ағылшын тілі мұғалімі болып үш жыл жұмыс істедім. Шығармашылық жолында елге пайдамның көбірек тиетініне көз жеткізген соң былтыр қарашада жұмыстан шықтым. Ұжымым жібергісі келмеді. Мұғалімдер де, оқушылар да жылы лебіздерін білдірді. Мектептен гөрі қазір оқушыларымды сағынамын. 

– Мұғалімдік өзіңіз таңдаған мамандық па?

– Математикаға икемім болмады. Бала кезден ағылшын тіліне қызықтым. Мұғалім болу мен армандаған мамандық емес, ата-анам таңдады.


Оқи отырыңыз: Әнші Әсем Көпбаева: Рок бағытына қайта ораламын


– Shukir әні сіздің бастан кешкен оқиғаңыз жайлы ма? Әнмен тыңдарманға қандай ой салғыңыз келеді?

– Бұл әнді жазарда мен шынымен де өмірімдегі ең қызықты сәттерді бастан кештім. Әнде ешқандай астарлы ой жоқ. Мазмұны тек жақсылық, жастық шақ жайлы. Сондай-ақ, не қылса да бала өз мұратына жетеді деген ой.

– Мамандық таңдау мүмкіндігі берілсе кім болар едіңіз? Қандай оқуға тапсырар едіңіз?

– Мамандық таңдауда қателестім деп айта алмаймын, маған берері мол болды.

– Музыкаға қалай келдіңіз? Шығармашылығыңызға ата-анаңыз қалай қарайды?

– Мектептен кеткенде анам аздап ренжіді. Ал әкем қолдады. Есімі – Еркін. Атына заты сай кісі, ол да бостандықты сүйеді. Әрқашан маған қолдау білдіріп, ешқашан ештеңеден шектемеді. Музыкаға бала кезден жақын болдым. Ата-анам да музыканы өте жақсы көреді. Әкем – ақын, ән жазады. Анам да өнерге жақын. Музыкалық білімім жоқ. Музыкаға саналы түрде 2017 жылды келдім. Вокалға барып, әуенге сөз жаза бастадым. Басында әке-шешем шығармашылығыма күмәнмен қарайтын. Қазір тек қолдайды.


Оқи отырыңыз: Алуа Қонарова: Жасым жер ортасына келгенде жаңа өмір бастауға мәжбүр болдым 


– Шығармашылығыңызда не жаңалық? Альбом жазудасыз ба?

–  Әзірге тек тректер жазамын.

– Сізді рэпер деуге бола ма?

– Мен рэпер емеспін, әнші де емеспін. Мен – әртіспін. Ермексаз сияқты икемді болып, әртүрлі өнер туындысын, шығармашылықты көрсеткім келеді. Егер қандай да бір жанрдың өкілімін десем, өзімді шығармашылық тұрғыдан шектеймін. Меломанмын, барлық музыканы тыңдай беремін. Әндерім менің жеке эмоцияларым мен сезімдерімнің гүлшоғы деуге болады. Тректеріме шығарма секілді қараймын. 

– Ән жазғанда неге мән бересіз?

– Ән жазуда ең бастысы – шынайылық. Қазіргі тыңдарман көзбояушылыққа сенбейді. Барлық жерден жан, нағыз шынайылық іздейді. Қандай сөз, қандай әуен болсын, ол шынайы шықса және сенің әнің болса адамның жүрегіне жетеді. Мен үшін әннің мән-мағынасы болуы да маңызды. Өз басым жағымды оқиғалар жайлы ән жазғым келеді. 

Мені адамдар, табиғат шабыттандырады. Музыканы тастап кеткен кезде адамдар "сенің орның сахна", "сен музыкамен айналысуың керек", "сенің қаныңда бар" деп шабыт берді. Өзімді қабылдап бастағаннан кейін музыкамен айналысқым келетінін түсіндім. Өзіме осы іспен адамзатқа не бергім келеді деген сұрақ қойдым. Өз ізімді өнер арқылы қалдырғым келеді. 

– Қазақстанда жас артистер өте көп. Шетелге танылып жатқандары да қаншама. Музыка жоғары дәрежеде дамып жатыр деп айтуға бола ма?

– Қазақ музыкасы жаңа деңгейде дамып келе жатыр. Шығармашылықпен айналысып жүрген жас әншілерге, олардың әртүрлілігіне, терең ойына таң қаламын. Қазақ халқы көшпелі халық, кез келген тілді үйреніп алады. Кез келген өнерді, жаңа нәрсені бойына сіңіре біледі. Кез келген нәрседен жаңа дүние шығара алады. 


Оқи отырыңыз: Актриса Әлия Әнуарбек: Жолдасым туралы фильм басқа отбасыларға ой салады деп үміттенемін


– Кім боларын білмей жүрген жастар мен баласын қалаған мамандыққа оқуға көндіретін ата-анаға қандай кеңес бересіз?

– Адам өз қалаған оқуын және ісін бірден таба қоймайды. Мектеп оқушылары және жастарға жан-жақты болуына кеңес берер едім. Әрине ең бірінші, өзінің икемін анықтап алу керек.

Қазір балалар болашақта кім болғысы келетінін, не нәрсемен айналысатынын білмейді. Сондықтан оқушылар 7, 9-сыныпты тәмамдаған соң профориентация бойынша тест тапсырып, өз қабілетін тани алса деймін. Тіпті жоғары сыныптарға кәсіптік бағдар беру пәні қосылса жақсы болар еді.


Shukir бейнебаяны Jaiq коммерциялық емес ұйымының бастамасымен түсірілді. Yenlik пен BTS Education компаниясы бірігіп жұмыс істеді. Бұрын мұғалім болған әнші Еңлік EduNavigator.kz атты жаңа кәсіптік бағдар беру қосымшасын қолдады.

EduNavigator кәсіптік бағдар беру платформасы "Қазақстанның жаңа кәсіптер мен құзыреттердің атласы" жобасының негізінде әзірленген. Мұнда еңбек нарығындағы 270 өзекті мамандықтың бірегей базасы бар. Платформаның мақсаты  түлектерге мамандық таңдауда көмектесу. Оқушы тестілеу нәтижесінде қазір және болашақта қандай мамандықтар сұранысқа ие болатынын біліп, шешім қабылдайды

Shukir бейнебаянның сюжеті динамикалы әрі жарқын. Мұнда мамандық таңдауда қиналып жүрген мектеп түлегінің бір күндік өмірі көрсетіледі. Оқушы ҰБТ-ға дайындық кезінде сыныпта ұйықтап қалып, болашақ мамандықтар туралы футуристік стильде түс көреді. Соңында басты кейіпкер кенеттен оянып кетеді. Осылайша өзі үшін кім болғысы келетінін анықтайды.