"Гамарджоба, генацвале". Грузияның бейресми астанасы – Кутаиси қонақтары тамашалауы тиіс 7 көрікті жер
Қадірлі оқырман! Материалды оқымас бұрын бір сұраққа жауап берсеңіз: Сізге Грузия туризмінің қай бағыты қызығырақ?
- Заманауи ғимараттар, ескі және жаңа қалалық туризм;
- Теңіз жағалауы, шоппинг, аттракцион, мейрамханалар;
- Тарихи-мәдени орындар мен ескерткіштер, этнографиялық туризм.
Егер жауаптың В нұсқасын таңдасаңыз, бұл материал дәл Сізге арналған. Ол – тарихы біздің дәуірімізге дейінгі VI-V ғасырлардан басталатын ең көне қалалардың бірі – Кутаиси бағыты. Қазақстан үшін одан Тбилиси мен Батуми әлдеқайда танымал болса да, жергілікті гид Давит Лобджанидзенің айтуынша, туристер саны жөнінен Кутаиси Грузияда екінші орында, кейде тіпті Тбилисиден де басып озады.
Біле жүріңіз! Кутаисиге Қазақстанның үш қаласынан FlyArystan әуе компаниясы арқылы тікелей рейспен ұшуға болады:
- Атырау. Билет құны 27 999 теңгеден басталады;
- Ақтау. Билет құны 24 999 теңгеден басталады;
- Нұр-Сұлтан. Билет құны 34 999 теңгеден басталады.
Бұл материалда Кутаиси мен қаладан шамамен 50 шақырым радиустағы туристер жиі баратын 7 орынды топтап шықтық.
Ақ көпір
Кутаиси бар болғаны 150 мыңға жуық тұрғыны бар шағын қала. Аумағы да шап-шағын – 67 шаршы шақырым ғана. Десе де, тарихы өте бай. Қаланы кесіп өтетін Риони өзенінің үстінен салынған жаяу жүргінші көпірі "Ақ көпір" аталады. 1850 жылдары салынған алғашқысы 10 жылға жетпей қирап қалған. Қазіргісі 140 жылдан бері мызғымай тұр. "Ақ көпір" аталуында асқан сыр жоқ, бар болғаны ақ түспен боялған. Атауынан бұрын көпір үстінде қоладан құйылған бала бейнесі көбірек танымал. Ол – режиссер Эльдар Шенгелаяның "Әдеттен тыс көрме" фильмінің кейіпкері.
Жергілікті гид Тамари Вашакидзенің айтуынша, қаланың өз слоганы бар, алайда ол аяқталмаған: "Кутаиси – ... қаласы". Үш нүктенің орнына әркім өзі қалай сезінсе, сол сөзді қояды.
Баграти ғибадатханасы
Бұл – Грузиядағы ең үлкен және тарихи маңызы зор ғибадатханалардың бірі. Оның құрылысы шамамен 30 жылға созылып, 1003 жылы аяқталған. 10 ғасыр ішінде бірнеше мәрте бұзылып, тіпті жартылай қираған күйі 300 жылдай тұрған. Тек 2012 жылы ғана қайта қалпына келтіріліп, бүгінде Грузияның туристер жиі келетін ғибадатханаларының біріне айналып отыр. Шіркеудің тарихы өте бай, ол туралы интернеттегі ашық ақпарат көздерінен оқуға болады, мағлұмат мол.
Назар аударыңыз! Нұр-Сұлтаннан Кутаисиге ұшу 4 сағатқа жуық уақыт алса, Ақтау мен Атыраудан жасалған сапарға 1,5-2 сағатқа жуық уақыт жұмсайсыз. Сондықтан қажет жағдайда тамаққа алдын ала тапсырыс берген абзал. Тапсырысты 2 500 теңгеге ұшардан бір тәулік бұрын беруге болады. Ыстық тамақты тек халықаралық рейстерде ғана ұшақта сатып алуға болатынын, ал ішкі рейстерде тек қана алдын ала тапсырыс беру керектігін ұмытпаңыз. Ұшақта, сондай-ақ, снэктер сатып алуға да болады.
Мартвили және Окаце шатқалдары
Екі шатқал да Кутаисиден 50 шақырым шалғай жерде. Мартвили шатқалы ғалымдар бұл өңірде сонау 70 миллион жыл бұрын алғашқы адамдар өмір сүргенін дәлелдеп, динозаврлардың тастағы іздерін тапқаннан кейін аса танымал. Дегенмен, тарихи маңызынан бұрын көркем пейзажы көз тартады. Шатқалдың бір бөлігінде қайықпен суда жүзуге болса, екінші бөлігі жартастары мен шағын сарқырамаларымен баурайды.
Окаце шатқалының ерекшелігі – шатқал қабырғасына салынған аспалы көпір мен баспалдақтары. Ұзындығы – шақырымға жуық. Дегенмен, қорқудың қажеті жоқ – заманауи әрі қауіпсіз жабдықтар қолданылады.
Қос шатқалға барар кезде көзілдірік, бас киім, қан қысымын түсіретін дәрі алған артық болмайды.
Білгеніңіз абзал! Бұл елдің ресми атауы Грузия болғанымен, жергілікті кей тұрғындар оны тарихи атауы – Сакартвело дегенді ұнатады. Сакартвело – Картли елі дегенді білдіреді. Ал Картли – Грузияның тарихи орталық бөлігі, дәл осы жерде алғашқы мемлекет қалыптасып, саяси-мәдени орталыққа айналған. Сондықтан, елдің бейресми болса да, грузиндердің жанына жақын атауын білмей, қонақжай халықты өкпелетіп алмаңыз.
Прометей (Кумистави) үңгірі
Кутаисиден 21 шақырым қашықтықта орналасқан. Жалпы ұзындығы 11 шақырымға дейін созылып жатқан бұл үңгір тек 1984 жылы ғана ашылған. Бүгінде оның оннан бір бөлігі ғана туристер үшін ашық, қалған бөлігін тек спелеологтармен бірге ғана аралауға болады. Грузиядағы ең үлкені саналатын Прометей үңгірінің ерекшелігі – жоғарыдан төмен және төменнен жоғары мұз сүңгісіне ұқсап қалыптасқан минералды жыныстары. Алғашқысы салактит алатса, кейінгісі сталагмит аталады. Сүңгінің бір сантиметрге ұзаруы үшін 100 мың жыл қажет. Осыдан-ақ үңгірдің тарихын шамалай беруге болады.
Прометей үңгірінде ауа температурасы қысы-жазы 14 градус шамасында, бірақ ауаның ылғалдылығы өте жоғары.
Есте ұстаңыз! Грузияға барғандар әдетте сыйлық пен базарлықсыз оралмайды. Ал жол жүгін алдын ала броньдау арқылы 70 пайызға дейін үнем жасауға болады. Оны билет сатып алу кезінде не одан кейін де әуе компаниясының ресми сайты не FlyArystan мобильді қосымшасы арқылы рәсімдеуге мүмкіндік бар. Сондай-ақ, қол жүгін де 10 келіге дейін арттыруға болатынын еске саламыз.
Саирме санаториі
Саирме – Грузияның танымал курортты аймақтарының бірі. Емдік қасиеті мол инералды суларымен танымал бұл өлкенің атауын сумен байланысты деп ойласаңыз қателесесіз. Саирме – "бұғылар мекені" деп аударылады. Аңыз бойынша қыстыгүні орманнан бұғылар келіп минералды судан мейірін қандыратын болған. Алайда бүгінде Саирмеге бұғылар емес, әлемнің әр түкпірінен адамдар ем алу және демалу үшін ағылады. Айтпақшы, дәл осы Саирмеге келетіндер арасында қазақстандықтар көп.
Саирменің минералды сулары кальций, натрий, темір және магнийге бай болуымен ерекшеленеді. Құрамына қарай сулар асқазан-ішек жолдары, бүйрек, бауыр, өт жолы және өзге де көптеген ауруларға шипа. Алайда басты ескеретін нәрсе – суды өз бетінше ішуге болмайды, алдымен медициналық тексеруден өту керек. Бұл үшін алысқа барудың қажеті жоқ. Шипажайдың өзінде диагностикалық орталық, емдеу, массаж кабинеттері, шипалы бассейн бар. Қызыққандар қажет ақпаратты шипажайдың сайтынан ала алады. Мәліметтер грузин, ағылшын және орыс тілдерінде берілген.
Кинчха сарқырамасы
Кутаисиден сарқырамаға дейінгі жол – 56 шақырым. Кинчха бірнеше сарқырамадан құралып, Окаце өзеніне құяды. Атауы жергілікті жерге қатысты берілген: жақын маңда Зеда-Кинхча және Кведа-Кинчха елді мекендері орналасқан. Кинчха сарқырамасы да, Окаце өзені де жол түсе қоймаған, өркениет дамымаған жабайы табиғаттың бір бөлігі. Сондықтан сарқырамаға бару үшін барынша ыңғайлы спорттық киім киген жөн. Биіктігі 100 метрге дейін баратын сарқыраманың негізгі бөлігі теңіз деңгейінен 1000-1100 метр биіктікте орналасқан.
Ұмытпаңыз! Грузин халқы үшін шарап – жай ішімдік қана емес, ол мәдениеттің бір бөлігі. Сондықтан, грузиндермен шарап ішерде келесі үш дәстүрді есте ұстаңыз:
- шарапты жалғыз ішпейді;
- шарап ішерде тостты тек тамада айтады, оның сөзін бөлуге болмайды (алғашқы бокал әдетте бейбітшілік үшін, екіншісі ғана дастархан жаю себебіне арналады);
- шарап ішкенде масаюға болмайды. Егер де қонақтардың бірі мас бола бастаса, оған жергілікті дәм чурчхела ұстатып, үйіне қайтарады. Бұған дастархан иесі де, қонақ та өкпелемейді.
Кахетидегі шарап мұражайы
Әлбетте, Грузияны шарап мұражайынсыз елестету мүмкін емес. Бұл ел – ресми түрде шарап Отаны саналса, дәл Кахетиде ең алғашқы шарап дайындалған деген мәліметтер бар. Ал 2013 жылы ЮНЕСКО шарапты дайындау мен оны үлкен қыш құмырада сақтаудың грузиялық тәсілін Бүкіләлемдік материалдық емес мұралар тізіміне енгізген. Сондықтан, бұл тұжырыммен келіспесеңіз, біздің дәуірімізден 6 мың жылдан әріде жасалған шарап құмырасын тауып әкеліңіз. Өзгеге грузин халқы көнбейді.
Шарап әзірлеудің жергілікті тәсілдерін тек қана Кахетиде емес, кез келген шағын шарап шаруашылығынан танысуға болады. Мұндай агрохаустар Грузияда өте көп. Онда тек шарап пен дәстүрлі тағамдардың дәмін татып қоймай, арнайы тапсырыспен ұлттық музыка тыңдап, би тамашалауға болады. Сондай-ақ, өзіңіз де грузин тағамдарын дайындауға қатыса аласыз.
Ал шарап мұражайында тарихы мыңжылдықтармен саналатын шарап ашытатын және сақтайтын қыш құмыраларды көруге болады.
Материал FlyArystan ұйымдастырған блог тур аясында әзірленді