"Бекзат", "Жақсылық", "Балуан Шолақ". Қазақ спортын арқау еткен 10 кинотуынды
Топтамадағы 10 киноның төртеуі әлі айналымға шықпаған.Информбюро тілшісі қазақ режиссерлерінің спорт тақырыбында түсірген толықметражды фильмдер топтамасын жасады. Арасында спорт тақырыбында болмаса да, мәнерлеп сырғанау шебері, Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері Денис Теннің сценариіне түсірілген бір туынды бар.
"Бекзат"
Картина Сидней Олимпиадасының чемпионы марқұм Бекзат Саттархановтың өмірі мен спорттағы жетістігі туралы суреттейді. Фильмде боксшының балалық шағы, боз бала кезеңі және өмірінің соңғы сәті қамтылған. 90 жылдардың басындағы қиын-қыстау заманға тап келген Бекзаттың балалық шағынан бастап, Сидней олимпиадасына дайындығы көрсетіледі.
Басты рөлді жас актер Самат Әзімқұлов ойнайды. Көркем фильмінің режиссері – Мұрат Бидосов, сценарий авторы – Сержан Закерұлы. Кинокартина "Хабар" агенттігінің тапсырысымен түсірілген.
Фильм 2019 жылы көрермен назарына ұсынылды.
"Жақсылық"
Биографиялық фильм Қазақстанның Еңбек ері, грек-рим күресінің палуаны, Әлем чемпионы, Олимпиада чемпионы, КСРО еңбек сіңірген спорт шебері (1980), Қазақ КСР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Жақсылық Үшкемпіровтің балалық шағынан бастап, Олимпиада ойындарында жеткен жетістіктеріне дейінгі өмір жолын бейнелейді.
Дайындық кезеңде ұйымдастырылған кастинг нәтижесінде Жақсылық Үшкемпіровтің жастық шағы мен ер жеткен кезін Эльнар Назарқұл, Санұржан Сүлейменов және театр актері Олжас Сақ сомдады. Ал 60 жастағы спортшының рөліне Қазақстанның халық артисі, Жезқазған театрының актері Досжан Жанботаев шақырылған.
Туындыны ҚР Мәдениет және спорт министрлігі тапсырысы бойынша Шәкен Айманов атындағы "Қазақфильм" АҚ және Mergen studio компаниясы түсірген. Қоюшы режиссері әрі сценарий авторы – Бақыт Қайырбеков.
Фильм 2019 жылы жарыққа шықты.
"Балуан Шолақ"
Қазақ сал-серілерінің соңғы тұяғы, тарихта "Балуан Шолақ" деген атпен белгілі балуан, ақын Нұрмағанбет Баймырзаұлы жайындағы фильм. Картинада ақынның ел басына қиын-қыстау күн туған шақта жасаған ерлігі баяндалады.
Балуанның рөлін актер Еркебұлан Дайыров сомдайды. Шәкен Айманов атындағы "Қазақфильм" туындысының қоюшы режиссері – Нұргелді Садығұлов, сценарий авторы – Дулат Исабеков.
Фильм 2019 жылы көрермен назарына ұсынылды.
"Жол"
Фильмде Алматыдағы базарлардың бірінде жұмыс істейтін, жасырын өткізілетін ережесіз жекпе-жекке қатысатын жігіттің хикаясы баяндалады. Уақыт өте келе ол кәсіпқой бокстің рингіне шығуды мақсат етеді. Алайда өткен күндердің естелігі айтарлықтай кедергі келтіреді.
Фильмдегі басты рөлді актер Назар Шархан сомдаған. Туындыны Шәкен Айманов атындағы "Қазақфильм" мен "567 creative laboratory" студиясы шығарған. Қоюшы режиссері мен сценарий авторы – Асқар Ұзабаев.
Туынды прокатқа 2013 жылы шықты.
"Рывок"
Туынды мүгедек болып жүре алмай қалған жас жігіттің өмірге деген құлшынысын суреттейді. Басты кейіпкер Қанатқа бәсекелестері қастандық жасап, төсекке таңылады. Бірақ, арманы асқақ спортшы жігіт қайтадан баскетбол алаңына оралуды мақсат етеді.
Картинаны "Қазақфильм" киностудиясы түсірген. Режиссері, әрі сценарий авторы – Қанағат Мұстафин. Басты рөлдердегі Қанатты – Арыстан Мырзагереев, ал қызы Мақпалды – жас әнші Әсел Сәдуақасова сомдады. Сондай-ақ, фильмге Сидней Олимпиадасының чемпионы Ольга Шишигина мен белгілі әнші Нұрлан Абдуллин де қатысқан.
Фильм 2010 жылы көрермен назарына ұсынылған.
"Боксшы"
Олимпиада чемпионы, боксшы Серік Сәпиевтің өмірбаяны желісінде түсірілген фильм. Туындыда Серіктің бокстағы алғашқы қадамдарынан бастап, мансабындағы басты мақсаты – Олимпиада алтынына қол жеткізу жолы баяндалады. 2008 жылы ол осы арман-мақсатын іске асыру үшін Бейжің қаласына жол тартады. Алайда төңіректегілердің психологиялық қысымы мен өзінің ерекше қобалжуынан Сәпиев сәтсіздікке ұшырайды. Ендігі көздегені – 2012 жылғы Лондон олимпиадасы. Боксшы 4 жыл бойы табанды еңбек етіп, өзін және тағдырын қайта сынамаққа бел буады.
Мәдениет және спорт министрлігі тапсырысы бойынша "Ұлттық киноны қолдау орталығының" қолдауымен SATAIFILM компаниясы түсірген. Режиссері – Ақан Сатаев. Сценариін Тимур Жақсылықов пен Альмира Тұрсын жазған. Бас рөлді жас актер-дебютант Смадияр Сабыров сомдаған.
Фильм 1 желтоқсаннан бастап үлкен экранға жол тартады.
"Qajymuqan"
Фильм Әлем чемпионы атанған тұңғыш қазақ батыры Қажымұқан Мұңайтпасұлы туралы түсірілген. Картинада балуанның балалық шағынан бастап, өмірінің соңғы күндеріне дейін қамтылған. Тек чемпион атанған сәттері ғана емес, соғыс, ашаршылық, Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде халыққа берген көмегі де көрермен назарына ұсынылады.
Басты рөлде Диас және Ербол Төлепберген есімді ағайынды екі жігіт ойнайды. Туынды ҚР Мәдениет және спорт министрлігі "Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының" қолдауымен түсірілген. Режиссері – Қанағат Мұстафин, сценарий авторы – Қанағат Мұстафин мен Жанат Қасабеков. Режиссер балуан өмірін 10 жыл бойы зерттеген.
Фильм 2022 жылдың наурызында прокатқа шығады.
"Алға"
Фильм әкесі қайтыс болғаннан кейін қарақшылықпен айналыса бастаған ағайынды екі жігіт туралы. Оларды талантты жастарды іздеу үшін ауылға келген жеңіл атлетикадан жаттықтырушы байқап қалады. Ағайындылар жаңа сынақтарға тап болады. Қайғылы жағдай олардың өмірін өзгертеді. Ағайындылардың біріне жүгіру марафонына қатысып, әлем чемпионын жеңу қажет.
Картина Golden Man Media киностудиясында түсірілді. Мәдениет және спорт министрлігі "Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы" қаржыландырған. Фильмге Жандос Айбасов, Ербол Семқұлов, Ерік Жолжақсынов, Карина Кудекова сында актерлер түскен. Картина режиссері – Ернар Нұрғалиев.
Туынды прокатқа 2022 жылы шығады.
"Паралимпиадашы"
Кейіпкер бала кезінен олимпиада чемпионы болуды армандайды. Алайда аяқ астынан жол апатына ұшырап, бір аяғынан айырылады. Ұзақ жылдар бойы күйзеліске түседі. Бірақ, іштегі арман бір сәтке де сөнбейді. Бір күні ол бағын Паралимпиадада сынап көруге бел буады.
Кейіпкердің прототипі – қазақстандық паралимпиадашы Александр Колядин. Ол 2018 жылы Пхенчханда өткен Паралимпиадада алтын медаль жеңіп алды. Бұл еліміздің Паралимпиада тарихындағы алғашқы алтын жүлде болды. Дегенмен, фильмді толығымен автобиографиялық туынды дей алмаймыз.
Басты рөлді танымал актер Асқар Ілиясов сомдайды. Картинаны "Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының" қолдауымен Bairakimov&Kairzhanova Presents түсіріп жатыр. Режиссері және сценарий авторы – Алдияр Байракимов.
Фильмнің үлкен экранға қашан жол тартатыны әзірге белгісіз.
"Соқыр махаббат"
Туынды коммерциялық өнім емес. Мәнерлеп сырғанау шебері, Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері Денис Тенді еске алу мақсатында спортшы жазған сценарийге негізделіп түсірілген.
Фильмнің бірінші бөлімі әлеуметтік желіде танысқан жастардың бір-біріне ғашық болып қалуынан басталады. Бірақ қыз керең, ал жігіт зағип екенін бір-біріне қалай айтарын білмейді.
Екінші бөлімі – романтикалық драманың құрылу тарихы туралы деректі фильм. Онда көрермендерге идеяның пайда болу процесінен бастап, экранда көрсетуге дейінгі процесті түсіндіреді. Көрермен Лос-Анджелесте түсірілген кадрларды, фильм кейіпкерлерімен және осы жобаға күш салған адамдармен эксклюзивті сұхбаттарды көре алады.
Фильмді Тимур Бекмамбетовтің BAZELEVS компаниясы түсірген. Режиссері – Чак Чае мен Қанат Бейсекеев.