Алматыда "Болашақ" қауымдастығының ұйымдастыруымен Bolashaq Business Forum VI: Startup Nation форумы өтті. Informburo тілшісі "Неге біз Израиль емеспіз?" панельдік сессиясына қатысып, спикерлердің маман даярлау, стартаптарды дамытуға қатысты ойларын тыңдады. 

Абзал Әбдікәрімов, ұлттық экономика вице-министрі:

– Израиль жан басына шаққанда инженерлер мен ғалымдардың үлесі, стартаптардың саны жағынан әлемде ең жоғары көрсеткішке ие. Трансұлттық компаниялардың 350-ден астам ғылыми зерттеу орталығы да осы Израильде орналасқан. Бұдан бұл елде қолайлы жағдай жасалғанын көруге болады. 

Қазақстанда неге бұлай дамымайды? Неге біз қолайлы жағдай жасай алмаймыз? Бұл ең алдымен адами капиталдың даму деңгейіне келіп тіреледі. Соңғы жылдары заңгерлер мен экономистерді көп даярлап кеттік. Саны бар, сапасы екіталай. Екіншіден, ішкі мәдениетіміз бен тәрбиеміз бар.

Қазақ қоғамында баланы кішкентай кезінен "әкім, министр боласың" деп тәрбиелейміз. Ешқашан "инженер, программист боласың" деп айтпаймыз.

"Ел болам десең бесігіңді түзе" деп бекер айтпаған. Дұрыс тәрбие, жақсы білім берсек, деңгейіміз өсер еді.

Статистика мәліметтеріне сәйкес, ЖОО түлектерінің жартысынан астамы өз мамандықтары бойынша жұмыс істемейді. Оның ішінде 40 пайызға жуығы мамандығы бойынша жұмысқа тұра алмағандықтан басқа саладан жұмыс іздейді. Бұл – Мемлекет жеке сектор тарапынан білім сапасы мен біліктілік төмен деген сөз.


Оқи отырыңыз: "Дипломмен – басқа салаға!". Мектеп қабырғасында кәсіптік бағдарлау не үшін қажет?


Соңғы жылдары мемлекет тарапынан шағын және орта бизнесті дамытуға көңіл бөліп, қолдау көрсетіп келеміз. Оның жалпы ішкі өнімдегі үлесі 10-20 жылда 35 пайызға жетті. Қазақстанда 1,5 миллион шағын және орта бизнес субъектісі болса, соның 99,8 пайызы шағын бизнеске тиесілі. Бұл орта бизнестің жоқ екенін көрсетеді. Орта бизнес дегеніміз – өнеркәсіп, өндіріс. Ол жалақының өсуіне, әлеуеттің жоғары болуына ықпал етеді. Мемлекеттің колдау шараларын орта бизнеске бағыттау жоспарымыз бар. Десе де, бизнес өкілдері мемлекетке қарап қана отырмау керек, барлық іс-шараны тиімді қолданса – жетістікке жетеді. 

 Қуандық Бишімбаев, бұрынғы ұлттық экономика министрі:

– Бізде бар құндылықтар дамыған ел боламыз ба, жоқ па – соны анықтайды. Бізге базалық құндылықтар жетпейді. Үкіметте бірнеше жыл жұмыс істедім. Бағдарлама да, ақша да көп. Бүгін мына бағдарламаны іске қоасамыз дейді, одан кейін басқасы шығады. Айтпағым – қоғамда базалық құндылықтар, өкінішке қарай, қалыптаспады. "Жаңа Қазақстан" деп жаңа бастамаларды жүзеге асырып жатырмыз. Меритократия, әділеттік, жеке меншікті қорғау секілді адамзатқа ортақ базалық дүниелер болмаса, Израиль болу мүмкін емес. Дамыған елдерде билік өкілдері аумақтың тұтастығын, тәуелсіздік, сөз бостандығын құндылық санайды. Бұл – халықтың ортақ құндылығы. Ал бұлар әртүрлі салалардың дамуына әкеледі. 

Кезінде қызметте жүргенде Қазақстандағы өзбек диаспорасының өкілдерімен араластым. Бізге қарағанда олар 35 жасқа қарай орнықты, орнын дұрыс тапқандай көрінеді. Ал бізде кредит төлеп, үнемі күйзелісте жүреді. Өзбек диаспорасының өкілдері өздерін айтарлықтай еркін сезінеді. Олардың тәрбиесі қалай екенін жақын ұғынуға тырыстым. Сондай мынадай жаңалық аштым. Бізді мектеп бітіруің керек, оқуға түсуің керек деп тәрбиелейді. Ата-анаң банктен кредит алып университет ақысын төлейді.

Біз балаларды неге бұлай дайындаймыз? Баламыз мектеп, университет бітірген соң біреуге жалданып жұмыс істесе дейміз. Бір жапырақ қағаз алған соң жұмысқа тұрып, министрлік не компанияларда жалдамалы қызметкер болуы керек.

Менталитетіміз ақырындап өзгеріп жатыр. Ал өзбектерде ата-ана бастапқы капиталды құяды. Отбасылық кәсіп жүргізеді. Олар менталды тұрғыда баласын өмір бойы өз-өзіне жұмыс істеуге дайындайды.


Оқи отырыңыз: Дастан Аспан, білім маманы: Әке жолын қуу – кәсіби бағдарлау емес


Қанат Көпбаев, кәсіпкер:

– Министрлік кабинеттерінің қабырғасында 15-20 жыл бойы "біргеміз" деген секілді құндылықтар жазылып тұрады. Өкінішке қарай, олар шын мәнінде іске аспайды. Құр ұранмен ешқайда жете алмайсың. Ол бізге көмектеспейді. Жүйені түбегейлі өзгертпей, сөзбен ұмтылу пайда бермейді.  

Отыз жыл бойы білім саласында ешқандай жүйе болған жоқ. Экономист, заңгерлерді шығардық та, техникалық мамандықтарға аса көңіл бөлмедік.

Израиль ресурсы болмаса да, инновация, ауыл шаруашылығы секілді нақты салаларды дамытуға бәс тігеді. Мемлекет стартаптарды бар жағынан қолдайды. Қазақстан да соңғы кезде дамып жатыр, дамыған елдерді қуып жеткіміз келеді. Мемлекет пен жеке сектор бірге жұмыс істесе ғана көркейеміз. Оған қоса әр адам өз ісінің білікті маманы болуы керек. 

Классикалық экономикамызда миллион проблема бар. Ресей мен Украина арасындағы жағдайдан Қазақстанға өте үлкен мүмкіндік туып тұр. Еліміз көлік, логистика бойынша "алтын кезеңде" тұр. Бұл сәтті құр жібермей, әлеуетімізді пайдалана алсақ, Қытай мен Еуропа арасындағы Суэц каналы бола аламыз.