Бағдат Мусин: Электронды үкімет платформасын бір жасап алған соң шетелден маман тартпаймыз
Министрдің сөзінше, ЕGov платформасында қазір 400-дей ақпараттық жүйе жұмыс істейді.Қыркүйек айының басында ел үкіметі мен ресейлік Сбер компаниялар тобы арасында республиканың цифрлық үкіметіне арналған платформа құру жөнінде меморандумға қол қойылды. Бұл құжат қоғамдық резонанс туғызып, кең талқыланып жатыр. Осыған орай Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин Qazaqstan ұлттық арнасы эфирінде "Ашық алаң" бағдарламасының қонағы болып, қоғам талқысындағы өзекті сұрақтарға жауап берді. Информбюро министр түсіндірмелерінің ең негізгілерін ұсынады.
Қазақстанға платформалық модель не үшін керек?
Қазақстанда жалпы саны 400-дей ақпараттық жүйе жұмыс істейтін болса, олардың әрбірі әртүрлі ведомстволарға тиесілі. ЕGov платформасы қолданылып келе жатқан 20 жыл ішінде әр мемлекеттік орган жүйеге өзінше технологиялар енгізіп отырған. Арасында сапалылары да бар болса, пайдаланудан шыққандары да бар. Оларды бір жүйеге біріктіру жұмысы баяу жүріп жатыр. Өйткені, бір сервистің процесін өзгерту үшін кемі 1 айдан 6 айға дейін уақыт керек. Ал сапалы IT платформасы бар компаниялар мұндай өзгерісті бір жұма ішінде жасай алады. Еgov платформасы мемлекеттік қызметтер көрсету «витринасы» түрінде әдемі болғанымен, оның астарында осындай көптеген проблема бар. Сондықтан біздің мақсат – 400 жүйенің орнына бір ғана жаңа платформа құру. Бұл үшін жаңа технологиялық шешім, жаңа архитектура қажет.
ЕGov өзге елдің қолына өте ме?
"Қазақстандықтардың барлық мәліметі Ресей Федерациясына қолжетімді болады" деген пікір қисынсыз. Мәселен, Қазақстан тәуелсіздік алғалы бері шетелдік құрылымдарда жұмыс істейтін көптеген мекеме бар. Бірақ, олардың бәрі біздің мәліметтерді ала алады деген сөз емес қой. Сол секілді электрондық үкіметте де қазақстандықтардың мәліметтері өзге елдің қолданысына өтпейді. Бұл жерде ешқандай саяси астар жоқ, бұл шешімге тек технологиялық тұрғыдан ғана қарау керек.
Неге "Сбер"?
Бұл шешімге келмес бұрын біз жан-жақты зерттеу жүргіздік. Әсіресе, пандемия басталғалы бері қай елдің қандай платформаны қолданатынын зерттедік. Рас, мұндай технологиялар Google, Amazon, Facebook секілді алпауыт компанияларда бар. Алайда, олар өздері қолданып жатқан технологияны ешкімге бермейді. Қыруар қаражатқа сатып алғанның өзінде де ашық кодтарын ұсынбайды. Ашық код біздің бағдарламашылар үшін платформаны әрі қарай жетілдіріп, дамыту, техникалық қызмет көрсету және сүйемелдеу үшін ауадай қажет. Егер платформаны ашық кодсыз алатын болсақ, біз олардың бизнес модельдеріне бағынышты болып қаламыз. Оның үстіне әрбір жаңарту, жетілдіру үшін біз тағы да қосымша ақша төлеуге мәжбүр болар едік. Ал Сбер компаниясы бізге бәрін қолжетімді етіп, платформаның барлық компоненттерінің бастапқы кодтарын көрсетеді және Қазақстандағы серверлерге орналастырады. Келісім осындай.
Ақпараттық қауіпсіздік сақтала ма?
Қазақстан серіктес компаниядан ашық кодтарды алған соң оларды зерттейді. Аудит жүргізіледі, сертификат беріледі. Қазір Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі кодтарды зерттейтін шетелдік сарапшылармен келіссөздер жүргізіп жатыр. Сондай-ақ, платформалық модельді енгізуге Қазақстанның IT компаниялары міндетті түрде қатысады. Оның таныстырылымы мен талқылауына қоғам белсенділері мен IT мамандары қатысады. Ниет білдірушілер өз байланыс мәліметтерін қалдырса, сараптамалық кеңес тізімін жасау кезінде ескеріледі. Олар платформаны зерттеп, технологияның қалай жұмыс істейтіні жайында Сбер компаниясының өкілдеріне сұрақ қоя алады. Жалпы, бұл жобаны іске асыруға негізінен қазақстандық IT компаниялар жұмылдырылады.
Сбер компаниясына цифрлық тәуелділік бола ма?
Қазақстан тарабы инфрақұрылым құрып, технологияларды қондырады және сүйемелдейді. Ал Сбер Қазақстанға 3 жылдық кепілдік береді, кодтарды сол мерзімде сертификаттан өткізіп, зерттеп үлгеру керек. Ол үшін IT мамандардың біліктілігін көтеріп, платформаны сүйемелдеп, дамытатындай деңгейге жету маңызды. Одан кейін жетілдірген IT өнімді басқа елдерге экспортқа шығаруға болады. Техникалық қолдауды әзірлейтін, қателер болса, оларды дұрыстай алатын ақпараттық технология мамандары жиналуы керек. Министрлік осы шарттар сақталған жағдайда ғана бұл әріптестікке келіседі. Сәйкесінше, платформаны ұсынатын компанияға ешқандай цифрлық тәуелділік болмайды.
Жоба құны қандай?
Жобаны жалпы құны 500 миллион АҚШ долларына тең. Алайда ол қаражат түгелдей Сберге төленбейді. Үкімет цифрлық трансформация мүмкіндігін қарастыратын меморандумға қол қойды, оның бағалық құны – шамамен 500 млн АҚШ доллары. Бірақ, меморандум – келісімшарт емес. Яғни, қаражаттың бір бөлігі жергілікті IT нарығына инвестицияланады. Бұл қаражатты қазақстандық компаниялар платформалық тәсілді енгізу бойынша жұмыс шеңберінде жұмсайды. Біріншіден, инфрақұрылымға, серверлерге, орнатуға, құрылғыларды сатып алып, үлкен бір дата орталық құрастыруға бөлінеді. Ақшаның келесі бөлігі инфрақұрылымдық шешімдерге, яғни IT қауымдастыққа көшіруге, бизнес процестерді реттеуге, бағдарламаны қондыруға жұмсалады. Тек үшінші бөлігі ғана Сбер компаниясына ашық кодтарды сатып алуға төленеді. Сонда жоспарлы 500 миллион АҚШ долларының екі бөлігі Қазақстанның өзінде қалады.
Неге қазақстандық мамандар платформа әзірлемейді?
Қазақстанда дайын тұрған және тестілеуден өткен мұндай ауқымдағы платформа жоқ. Ал жаңасын жасау үшін мыңдаған білікті маман керек. Бұл іске кіріскеннің өзінде жұмыс бірнеше жыл уақыт алады және оның қандай нәтиже беретінін ешкім айта алмайды. Сондықтан ең тиімді шешім – дайын өнімді сатып алу. Министрлік дайын платформаны сатып алып, оны жергілікті IT мамандармен бірге дамытып, жетілдіріп, қолданысқа енгізеді.
Қазақстандық IT мамандар жұмыссыз қалмай ма?
Жоқ. Отандық мамандарға қыруар жұмыс көзі ашылады. Қазақстан телефондағы AppStore, Play Market секілді "ГосТех" деген экожүйе құруды көздейді. Бұл платформаға кез келген бағдарламашы кіріп, өз өнімін, яғни, бағдарламасын жүктей алады. Мамандар тапсырыс іздеп жүрмейді, порталға кіріп, идеяларын жүзеге асырады және пайда табады. Бұл – қазақстандық мамандар үшін тамаша мүмкіндік. Өйткені, платформа бір жасалып болғаннан кейін шетелдік мамандар тартылмайды. Қалған жұмыстың бәрін тек жергілікті бағдарламашылар атқарады.
Жоба неге қоғам талқысына түспеді?
Бұл – техникалық мәселе болғандықтан цифрлық технологияға жауапты министрлік өкілдері, ақпараттық бағдарлама технология саласының мамандары, салалық арнайы ұйымдар өз арасында талқылады. Оның үстіне, ресейлік Сбер компаниясымен екі арада меморандум ғана жасалған, ал келісімшартқа әлі қол қойылған жоқ. 3-4 айда сарапшылар кеңесі құрылып, сол жерде мәселе тағы да кеңінен талқыланады. Министрлік екіжақты келісім болса ғана меморандумды жариялауға әзір.