Ағылшын комик актері Саша Барон Коэннің Қазақстанды әжуалауы осыдан 15 жыл бұрын басталған еді. MTV EMA марапаттау кезінде қазақ елін қалжыңына қосқан ресми биліктің реакциясынан соң ол тіптен есірді. Ақыры 2006 жылы бүкіл әлем Қазақстан аты мен рәміздерін масқаралаған Борат фильмін тамашалады. Ең сорақысы – фильмнің промосы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Вашингтонға барған іссапарымен тұспа-тұс келген еді. Сол жылы қазан айында Қазақстанның Ұлыбританиядағы елшісі Ерлан Ыдырысов Борат Сагдиевке "адам емес, доңыз" деп атады. Ал экс-президент Ұлыбританияға сапары кезінде фильмге тек қалжың ретінде қарау керек екенін айтқан.

Қазақстандықтар бұл фильмге жаға ұстағанымен, жаһан жұртына бұл фильм ұнағаны байқалды. 17 миллион долларға түсірілген кино әлемдік проката 262 миллион долларға жуық табыс тапты. 15 есе!!! Осыдан кейін Қазақстан әлем алдындағы имиджін көтеруге барынша жанталаса бастады. Мәселен, қыруар қаражат келесі шараларға жұмсалды:

  • 2011 жылғы Азиада ойындары – 1,5 миллиард доллар.
  • 2017 жылғы 57 мемлекеттің 2 мыңнан астам спортшысы қатысқан универсиада – 0,5 миллиард доллар.
  • 2017 жылғы халықаралық EXPO-2017 көрмесі – 565 миллиард теңге.

Осыдан кейін әлем Қазақстанды спортышлары мен өнерпаздары арқылы тани бастады деп таңдай қақтық. Бірақ, Бораттың бір саусағы бүгулі екен. 2020 жылы оның екінші киносы жарық көрді. Бұдан соң "ел имиджіне жұмсалған миллиардтар желге ұшты" деп ұялғандар табылды. Алаңдауға негіз де жоқ емес. Қазақстан коррупция бойынша әлі әлемдік рейтинг бойынша көштің соңында – 113 орында келе жатыр. Бүгінде елде 32 668 теңгеден аз табыс табатын азаматтардың саны 1 миллион 100 мың адамға жетті. Балалар сауаттылығы бойынша әлемдік рейтинге ең соңғы орында тұрмыз. Мұны тіпті Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжановтың өзі айтқан еді. Ал медицинамыздың қандай күйде екенін коронавирус пандемиясының алғашқы толқыны анық көрсетті.

Осының бәрі аздай, Саша Баронның келекесі де тыйылмай тұр. Комиктің өзі The New York Times газетіне сұхбатында: "Бұл – комедия, фильмдегі Қазақстан мен нақты елдің арасында ешқандай байланыс жоқ. Қазақстанды АҚШ-та ешкім білмейтін болған соң таңдадым. Соның арқасында ерсі, комедиялық, жалған әлемді көрсете алдық. Нағыз Қазақстан – заманауи, абыройлы қоғамы бар, Бораттың нұсқасына қарама-қайшы тамаша ел", – деп түсіндірді.

Дегенмен, ақын Алмасбек Ахметбек қандай жағдайда да бір ұлт пен елдің рәміздерін қорлауға жол беруге болмайтынын айтады:

"Ту – ұлттың айдары, тәуелсіздіктің белгісі, мемлекеттің ұлт рухының символы. Герб те сондай. Қасақана, көпе-көрнеу бір мемлекеттің рәміздерін қорлау, осыншама нәсілшілдікке бару, бір ұлтты масқаралау кімге керек болғанын түсінбеймін. Кинода кез-келген халықты масқаралайтын сұмдықтың бәрін қазақтың үстіне жинап әкеліп төге салған. Оған халықаралық стандарт қалай жол береді? Ислам дінін қорлап, христиан дінін насихаттайтын, діни алауыздыққа бастайтын киноны неге бүкіл әлем таратады? Осы түсініксіз".

Оқи отырыңыз: Халықтың түрлі-түсті революция жасауына биліктің өзі кінәлі ме? Сараптама

Неге дәл Қазақстан?

Саясаттанушы Елнұр Молдашевтың айтуынша, фильмге ойдан шығарылған емес, өмірде бар мемлекетті таңдап алу – жарнама жасаудың бір тәсілі:

"Өйткені, фильм ойдан шығарылған мемлекет туралы болса, ол мұндай шу жасап, резонанс тудырмас еді".

Саясаттанушының сөзінше, Қазақстанды таңдауда өзге де саяси жасырын себептер болуы мүмкін. Бірақ, ол Қазақстанның деңгейіндегі бірнеше мемлекеттің ішінен таңдау рандомды түрде жасалған болар деген пікірде. Сондай-ақ, саясаттанушы Баронның фильм турасында берген берген түсініктемесінен де Қазақстанға келетін еш пайда жоқ екеніне тоқталды. Өйткені, фильмді көргендердің мыңнан бірі де оның бұл сөздерін оқыған жоқ.

"2000 жылдардан бастап Қазақстан мұнайын әлем нарығына шығарып сата бастады. Сол уақытта батыста саяси элитаға аты шыға бастаған Қазақстан еді, – дейді философия ғылымдарының докторы, кинотанушы Молдияр Ергебеков. – Бірақ, батыста Қазақстанның не ел екенін ешкім білмейді. Бәлкім, сондықтан Саша Боран Коэн біздің елді таңдаған шығар".

Оның айтуынша, фильм түсірілмес бұрын, оқиғалар Болгарияда өтеді деп түсірілген болатын. Алайда батыстықтар Болгарияны жақсы білген соң, көп ешкім біле бермейтін, бірақ жиі еститін Қазақстанды таңдаған болуы мүмкін.

Режиссер Еркін Рақышев осыдан он жыл бұрын Бораттың мәселелерімен айналысқан кезде біздің ар-намысымызды қорлайтын ел мен жеке тұлғаларды сотқа бере алмайтынымызға көзім жеткенін айтады:

"Борат мұны біліп отыр. Бұл фильмді Қазақстанмен байланыстыруы оны қаржыландырып отырған Қазақстан үкіметі деп ойлаймын. Неге? Өйткені, дәл сайлау жарияланған күні Борат мына кинонын жарнамасын шығарды. Бұл біздің билік үшін өте тиімді. Ол қалайда сайлаудан жеңіп шығуды ғана ойлайды", – дейді Еркін Рақышев.

Саясаттанушы Елнұр Молдашев болса, бұл пікірге илану қиын екенін жеткізді: "Қазақстанның партиялық жүйесіндегі жағдай биліктегі партияға ешқандай Бораттың көмегінсіз-ақ жеңуге рұқсат береді. Оған еш кедергі, қауіп, бәсекелес не оппозиция да жоқ", – дейді ол.

Кинотанушы Молдияр Ергебеков те Қазақстан үкіметі Борат үшін сынға ұшырап жатқандықтан, оны қазақстандық тараптың тапсырысымен түсірілген фильм деу қисынсыз екенін айтты.

"Бірақ, АҚШ-тағы сайлау алдындағы демократтардың тапсырысы болуы мүмкін. Өйткені, олар Трамп пен оның айналасындағыларды фашист ретінде көрсетуге ұмтылады. Әсіресе, "Борат-2" фильмінде", – дейді ол.

Оқи отырыңыз: "Адамға адам деп қараудан алыстап барамыз". Асхат Еркімбайдың өзекті ойлары

Біздің қай жеріміз Борат?

Кинотанушы фильмге қатысты өзінің сарапшылық пікірімен де бөлісті. Оның сөзінше, фильмнің фокусы батыс пен Америка қоғамына бағытталған. Яғни, бастыстың өзінен басқаны дамымай қалған, адам құқықтарын мойындамайтын антидемократ, варвар деп суреттеуі сезіледі.

"Борат – аллегориялық тұрғыдан бізбіз. Яғни, бұл жерде белгілі бір идеяны, көзқарасты түсіндіру үшін символдарды, символдық сөздерді, метафораны қолдану бар. Борат нәсілшіл. Ал қазақ қоғамы қазір шынымен де нәсілшіл болып барады. Бұрын бұл биологиялық, яғни, адам терісінің түсіне қарай байқалатын болса, қазір біз мәдени тұрғыдан нәсілшіл болып барамыз. Мысалы, менің өз мәдениетімді сіздің мәдениетіңізден үстем етіп қарауым – нәсілшілдік, – дейді Молдияр Ергебеков.

Сонымен қатар, ол елімізде қазақ тілді қазақтардың құқықтары тапталып жатқанына да тоқталды. Мысалы, еліміздегі банктердің сайт не қосымшаларында қазақ тілінің болмауы –нәсілшілдік, нәсілшілдіктің заманауи түрі.

"Біз расымын де сексистпіз. Қоғамдағы әйелдердің орны әлі де символикалық сипатта. Мәдени тұрғыда да, мемлекеттік тұрғыда да. Көшеге шығып қарасақ, көше атаулары тек ер батыр, ер ғұлама, ер ақындар мен саясатшылардың атымен аталады, – дейді Молдияр Ергебеков. – Байқасаңыздар, ер адамдардың ескерткіштерінің аты-заты бар да әйелдердікі жоқ. "Біз Боратпыз" дегенде белгілі бір этникалық топ емес, бүкіл қазақстандықтарды "Боратпыз" деп отырмын".

Алайда ақын Алмас Ахметбек Молдияр Ергебековты қазақ қоғамын Боратпен бірге масқаралап тұр деп айыптады.

"Бораттың кейіпкерлерін Қазақстаннан іздеп тауып алуға болады. Бірақ, қазақ қоғамы дәстүрлі түрде сексист емес. Әлемде қазақтай әйелді қадірлеген, қазақтай қызына төрін берген ешбір ұлт жоқ", – деді ол.

Айтуынша, елімізде боратшылдар болса да, қазақ ұлтындай гуман ұлт жоқ.

Оқи отырыңыз: Жері бай Қазақстанның халқы неге байымайды? Сараптама

Ел көрерменін бұл киноны көруден шектеу қажет пе?

Режиссер Еркін Рақышев фильмді адамдардың 99 пайызы қате түсінетіндіктен, Қазақстанда оны көрсетуге тыйым салу қажеттігін айтады. Сондай-ақ, ол 10 жыл бұрын Боратқа қарсы түсірген киносының экранға шықпай қалу себебін де түсіндірді:

"Мен киноны түсірдім де, Америкаға алып бардым. Олар киноны көріп шошып кетті. "Біз мына киноны Америкада қайтіп көрсетеміз" деді. Өйткені, бір эпизодтарында сол кездегі Америка президенті Джордж Буш бен Бен Ладенді жекпе-жекке шығарамын да, сол жерде Бушты әбден сабатамын".

Режиссердің айтуынша, америкалық әріптестері бұл киноны көрсетсе, өздері де сотталатынын жеткізген. Бұдан кейін режиссер фильмді Қазақстанға қайта әкеліп, жергілікті мамандарға көрсеткенде, ино үшін осы жақта да сотталатынын білген.

"Мысалы, Американың немесе еврейлердің елшілігінің алдында туының үстіне тұрсақ, біз сотталамыз. Заң бар. Ал шетелдіктерге рұқсат. Біздің биліктің оларға қарсылық танытуға шамасы жетпейді", – дейді Еркін Рақышев.

Оқи отырыңыз: Қазақстан экономикасының тоқырауы және одан шығар жол

Тәуелсіздік алғалы бері Қазақстан қандай мемлекетке айналды?

"Қазақстан өзінің алтын кезеңінен 2008 жылы өтіп кетті. Осы жылдан бері Қазақстан тек құлдырап келе жатыр. Экономикалық тұрғыда. Сондықтан, Қазақстан Боратқа боратшылдықтан арылу арқылы жауап беру керек", – дейді саясаттанушы Елнұр Молдашев.

Оның ойынша, Қазақстанда қазір шовинизм, нацизм өршіп бара жатыр. Тек ұлтаралық емес, қазақтардың өз ішінде "оралмандар", "южандар", "батыстықтар" болып бөліну белең алған.

Еркін Рақышев Қазақстанда 30 жылда тек, тойхана, базар мен ойын-сауық орталықтары дамыған айтты. Бұл оймен Молдияр Ергебеков те келіседі. 30 жылда ел мәдени, әлеуметтік тұрғыдан құлдырай түскен. Ол "Бірінші кезекте саясат емес, экономика" деген мемлекеттің ұраны да болғанына тоқталды.

"Бұл да қоғамның саналық тұрғыдан құлдырауына әсер етті. Саяси өмірді күнделікті өмірден алыс ұстағандықтан біз азамат бола алмадық. Азамат болмаған жерде қоғам қалыптаспайды. Қоғам қалыптаспаған жерде мемлекет те әлсіз болады", – дейді ол.

Молдияр Ергебеков Борат фильміне қарсы көк ту жамылып шеруге шыққандарды қолдайтынын жеткізді:

"Біріншіден, әрбір адамның өз реакциясын көрсетуге құқығы болу керек. Екіншіден, бұл қоғамымыздың саясатқа араласуын көрсетеді. Осы тұрғыдан қолдаймын. Бірақ, мұны тек патриотизм деп қабылдай салу проблема. Өйткені, патриотизм ол тек туды көтеріп шығу емес. Сол туға мәдениетіңмен, өркениетіңмен, адамдығыңмен, адалдығыңмен, заңға бағынушылығыңмен, жақсылығыңмен, игіліңмен лайық болу керек".

(Материал 31 телеарнасының "Неге?" ток-шоуында айтылған пікірлер негізінде әзірленді)