Ең төменгі 42500 теңге жалақыны кімдер алады? Жаңалықтарға шолу.
Астанада жаңа автобекет ашылды
"Нұрлы жол" вокзалының жанынан ашылған бекет ескі вокзалдағы "Сапаржай-Астананың" филиалы. Жаңа бекеттен Қарағанды, Балқаш, Қызылорда, Алматы, Шымкент, сондай-ақ Степногорск, Қорғалжың, Ерейментау, Көкшетау, Державинск бағыттарына автобустар қатынайды. Жол жүру билеттерін екі автобекеттен де сатып алуға мүмкіндік бар.
Оқушылар "салмақты" сөмкеден құтылады
Білім және ғылым министрі Е.Сағадиев бұл үшін мектепте арнайы шкафтар ашуды ұсынды. "Тағы бір шешімі – электронды оқулықтар", – дейді Министр. Алдағы үш жылда білім саласы толықтай электронды жүйеге өтеді. Қазірдің өзінде оқулықтың 70% электронды мазмұнға көшіп үлгерген.
Бала-бақшаларға толықтай бейнебақылау орнатылады
Елбасы бұл жұмысты үш жылда бітіруге тапсырма берді. Білім және ғылым министрі Е.Сағадиевтің сөзінше, бүгінде еліміздегі бақшалардың 58% бейнебақылауда. "Ең төменгі көрсеткіш СҚО, БҚО, Қостанай, Ақмола облыстарында. Министрлік ай сайын мониторинг жүргізіп, ақпарат таратады" деп хабарлады Е.Сағадиев.
Алматыда тұрғын үйлерге жылу 15 қазаннан беріле бастайды
Ал, әлеуметтік нысандардың барлығына (мектеп, аурухана, бала-бақша) 12 қазанға дейін жылу беріледі. Бұл туралы қалалық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының хабарлады.
Мүмкіндікі шектеулі жандар жалғыз ұша алатын болды
Ұшу кезінде оларды ертіп жүретін адамның болуы міндетті деген талап жойылды. Үкімет отырысында ҚР Инвестиция және даму министрі Жеңіс Қасымбек ұшақ бортына мүгедектерді жібермеген "Бек эйр" компаниясынан түсініктеме алынғанын жеткізді. Теміржол көліктерімен тасымалдауда да мүгедектерге бар жағдай жасалған. "Жолсеріктер мен вокзал қызметкерлері мүгедектерді пойызға отырғызып-түсіріп, көмектесуге міндетті. Бұл олардың лауазымдық міндеттеріне жатады", деді Министр.
275 мың азаматтық қызметкердің жалақысы жоғарылайды
Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова мәлімдеді. Айтуынша, 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі еңбекақы шамамен 42500 теңге болады. Жалақысы көтерілетін жұмысшылардың дені – орташа білімі бар азаматтық қызметкерлер.
ІІМ Қылмыстық атқару жүйесінің бөлім басшысы алған параны жоқ қылып жіберген
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұлттық бюроның ресми өкілі Жанна Бастарованың айтуынша, полиция қызметкері Ақтөбе облысының түзету мекемесінен бір сотталушыны Ақмоладағы колонияға ауыстырып беру үшін 2800 доллар пара алған. Басында 6800 доллар ақша талап еткен. Бюро қызметкерлері ұсталғанда параның бір бөлігін жоқ қылып, жалтармақшы болыпты. Ақшаны қайда жібергені белгісіз. Қазір үй қамақтағы полицей кінәсін толық мойындаған.
Алматы ІІД-де интернетті бақылайтын топ құрылды
- Жұмыс тобы "Nelegal.kaz" инстаграм парақшасындағы ақпараттарды тексере бастады. Полицейлер парақшада жарияланған жол ережелерін бұзушыларды анықтап, тиісті жазасын берді. Жалғанды жалпағынан басып жүрген мұндай жүгенсіздер туралы алдағы уақытта БАҚ, әлеуметтік желіге жазамыз, – деп Алматы қалалық ІІД ресми өкілі Салтанат Әзірбек хабарлады.
Қазақстандық БАҚ бүгін не жазды:
INFORM.KZ: Қазақстанда 10 мың мүмкіндігі шектеулі бала мектепке мүлдем бармайды. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова инклюзивті білім беру саласын жақсарту жұмыстары жөнінде баяндады. Оның айтуынша, балабақшалардың 15% және мектептердің 55%-де инклюзивті білім беру жағдайлары жасалған, оларда ерекше білім беруді қажет ететін 40 мыңнан астам бала оқып, тәрбиеленіп жатыр. 10 мың мүгедек үйде оқиды.
BAQ.KZ: Азия Параойындары-2018: Қазақстан құрамасы екі күнде 7 медаль алды. Джакартада ІІІ Азия Параойындарының екінші күні аяқталды. Қазақстан құрамасының қоржынына 7 медаль: 4 күміс және 3 қола түсті.