Пандемия еңбек нарығына көп кері әсерін тигізді. Былтыр карантин шектеулер3не байланысты бірқатар сала мамандары жұмыссыз қалып, онлайн форматта жұмыс істейтіндерге сұраныс артқан болатын. Осыған байланысты Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі қазір қажетті мамандықтар атласын жасап жатыр. Онда сұраныстан шығып, жойылып бара жатқан мамандықтардың және жаңа пайда болған салалардың тізімі жазылады. Ведомство өкілдері ата-аналарға балаларын сол картаға сүйене отырып, мамандық таңдауға бейімдеген жөн дейді.

Министрліктің мәліметінше, қазіргі уақытта денсаулық сақтау саласының мамандарына, оның ішінде дәрігерлер сұраныс көбейген. Сондай-ақ, онлайн форматта жұмыс істейтін ІТ мамандар нарықта тапшы екен.

"Қазір еңбек нарығының құрылымы өзгеріп жатыр. Кей мамандықтар мүлдем жойылып, жаңа мамандықтар пайда болып жатыр. Көп қызмет түрлері онлайнға ауысып жатыр. Сондықтан, біз де сол өзгерістен қалыс қалмай қажетті мамандықтар атласын жасадық. Нәтижесінде, 239 жаңа мамандық пайда болды. Бұлар цифрлық технологиялар бойынша жаңа мамандықтар. Қазір есепшілер, жалақыны санайтын мамандықтар жойылып бара жатыр. Себебі, жаңа автоматтандырылған технологиялар енгізіліп жатыр. Болашақта бұл жұмыс орындары қысқарып, барлығы автоматтандырылады. Жаңа пайда болған мамандықтарды біз мемлекеттік органның атынан сараптап, ендігі оқыту курстарын соған бағыттайтын боламыз", – деді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ержан Біржанов.


Оқи отырыңыз: Карантиннен кейін жұмыссыз қалмаймыз ба? Әлеуметтік зерттеу


Қажетті мамандықтар картасында өңірлер бойынша да талдау ұсынылады. Мәселен, қай өңірде қанша жұмыс орны пайда болады. Олар қай салалар? Барлығы бағдарламада анық көрсетіледі.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, былтырғы жыл қорытындысы бойынша 449 мың адам жұмыссыз қалған. Ал, жұмыс істейтіндердің саны 9,2 млнды құрапты. Оның ішінде жалдамалы жұмыста 6,7 млн адам жұмыс істейді. Өзін-өзі жұмыспен қамтитындардың саны 2 млн адам.

"2019 жылдың төртінші тоқсанының қорытындысы бойынша, уақытша жұмыс істемейтіндердің саны 99 мың болса, нағыз қиын кез екінші тоқсан болды. Былтырғы жылы мұндай уақытша жұмыс істемейтіндердің саны 536 мыңды құрады. Яғни 4,5 есе ұлғайды", – деді Ержан Біржанов.