ҚБТУ, MIT, сосын NYU. АҚШ-тың үздік университеттерінде оқып, алып компанияға қалай жұмысқа тұруға болады?
Қазақстандық Әсел Дмитриева – АҚШ-тың озық техникалық университетінде тәжірибе жинап, Нью-Йорк университетінде білімін арттырған, талапты жастарымыздың бірі. Өкінішке қарай, оның таңдаған саласы бойынша Қазақстанда әзірге зертхана жоқ. АҚШ-та бұл сала кеңінен дамыған. Әсел АҚШ-та молынан тәжірибе жинап, кейін елге қайтуды жоспарлап жүргенін айтады.
Ол бала кезінен жаратылыстану ғылымдарын қызыға оқыпты. Әсіресе, оның математикаға қызығушылығы жоғары болған екен.
Алматы, Сеул, Бостон, Нью-Йорк
– Үшаралда туғанмын. Әкем әскери қызметте болғасын, жиі көшетінбіз. Бірақ алты жасымнан Алматыда тұрдық. Мектептегі оқуды сол қалада бастадым. Математикалық зерттеуге қабілетім болғандықтан әке-шешем менің болашағымды математикамен байланыстыруды ойлады, – дейді Әсел informburo.kz тілшісіне.
Орта білімін Алматыдағы №165 техникалық лицейде (5-8 сыныптар) жалғастырып, республикалық физика-математика мектебін (9-11 сыныптар) тәмамдаған. Қазақ Ұлттық Университетінің механика-математика факультетіне грантқа оқуға түседі. Бірақ жарты жылда оқуын Қазақ-Британ техникалық университетіне "математикалық және компьютерлік модельдеу" мамандығына ауыстырады.
Мұнымен оның университеттегі білімге деген талабы шектелмейді. Әсел екінші курста академиялық ауысым бойынша Оңтүстік Кореядағы Седжон университетінде білім алады. Әсел Оңтүстік Кореяда оқудың әрі қызық, әрі қиын болғанын айтады. Себебі ауысыммен келген факультетте шетелдік жалғыз студент өзі ғана болыпты. Сосын кәріс тілін де толық білмей баруы оған біршама қиындық тудырған.
– Мен оқыған математика және статистика факультетінде 110 студент болды. Топта менен басқа шетелдік студент болмағаны үшін лекция мен дәрістер толығымен кәріс тілінде өтетін. Басында тілді академиялық деңгейде білмегендігімнен студенттерге ілесе алмадым. Бірақ профессормен қосымша дайындалып, курсты толық игердім, – дейді Әсел Дмитриева.
Бакалавр дәрежесін аларда Әсел Shakhmardan Yessenov атындағы қордың қолдауымен АҚШ-тағы ең үздік технологиялық институтында тәжірибеден өту мүмкіндігін жеңіп алады. Массачусетс технологиялық институтында ол Бостон қаласындағы транспорт түрлерінің симуляциясын жасап, кептеліс болжамы мен оның алдын алу алгоритмдерін құру жобасымен айналысады.
– Дәл осындай жоба Сингапур қаласында да ұйымдастырылған болатын. Біз олардың тәжірибесі негізінде АҚШ үкіметі мен өзге де транспорт жүйесіне қатысты компаниялардың ақпарат қорларын пайдалана отырып, Бостон қаласының кептеліссіз өмірін алгоритмдедік, – дейді Әсел.
Әсел қатысқан жобада 20 маман жұмыс істеген. Оның жартысы Бостон қаласында болса, қалғандары Сингапурдан онлайн жұмыс істеген. Жоба нәтижесі ғылыми журналда жарияланып, симулятордың коммерциялық нұсқасын дайындау процесі басталыпты.
Қазақстан, Корея және АҚШ-тағы білім беру жүйелерінің айырмашылығы қандай?
Әселдің айтуынша, Қазақстандағы жоғары оқу орындарында сабақ саны көп болғандықтан, тереңдете оқытылмайды. Ал Оңтүстік Кореяда, керісінше, сабақтар саны аз және көбірек уақытқа жоспарланған. Себебі студенттер сабақтарды тереңдетілген бағдарлама аясында оқиды.
– АҚШ университеттерінің артықшылықтары көп. Басты артықшылығы – шет елдерден жас дарынды мамандарды тартуы. Сондықтан мұнда білім алу тиімдірек. Себебі бірге оқитын кейбір студенттер сіз тіпті армандамаған жетістіктерге жетіп үлгерген. Олармен санасып, қатарлас болып оқу сізге мол тәжірибе береді, – дейді Әсел.
Оның айтуынша, америкалық студенттер жас кезінен үлкен мақсат қоя біледі. Ал Қазақстанда адамдар үлкен жетістік жайлы ойламайды. Сәйкесінше, олар өз ақылына сыймаған жетістікке жетпейді.
– Мен бұл тақырып аясында ҚБТУ профессорларымен де пікір алмастым. Соңында бәріміз бір ойға тоқтадық. Қазақстанда білімді жастар өте көп. Бірақ олар алдарына үлкен мақсат қоймайды, – дейді ол.
Әселдің айтуынша, Америкадағы университеттердің тағы бір артықшылығы – студенттер арасындағы нетворкинг.
– Университет табалдырығынан студенттер бір-бірімен қоян қолтық араласады. Үнемі байланыста жүреді. Мысалы, менің қазір АҚШ-та 1000 кәсіби маманмен байланыс орнатып (LinkedIn) үлгердім. Олардың бірқатары болашақта әріптесім болып жатса, таң қалмаспын. Себебі жақсы ұсыныс болып жатса, біз үнемі достарымызға айтамыз, – дейді ол.
Америкалық университеттерге түсу үшін қалай дайындалу керек?
Университетке түсу бірнеше кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңге құжаттарды онлайн түрде тапсыру кіреді. Ол үшін де ағылшын тілінің академиялық деңгейін анықтайтын TOEFL немесе IELTS емтиханын тапсыру керек. Содан кейін америкалық университеттерге магистратураға түсу үшін қажет болып есептелетін GRE немесе GMAT емтиханын тапсыру міндет. Егер сіз бакалавр деңгейін ағылшын тілінде оқыған болсаңыз немесе ағылшын тілінде оқытатын жоғары оқу орнында тәжірибеден өткен болсаңыз, тапсырмауға да болады. Оны өзіңіз тапсырып жатқан университет әкімшілігінен нақтылауға болады.
Одан бөлек, өзіңізді таныстыратын эсселер мен резюме дайындайсыз. Сонымен қатар, ұсыныс хаттар қажет болады.
– Сіздің таңдаған салаңыз бен тәжірибеңіз және академиялық біліктілігіңіз университет талаптарына сай келсе, екінші кезеңге өтесіз. Бұл кезеңде комиссия мүшесі сізден жеке интервью алады. Ол кезде сіз өзіңіздің қандай адам екеніңізді, топта жұмыс істеу мен көшбасшылық қабілеттеріңізді танытуға тиіссіз, – дейді Әсел.
Оқуға түсу мен грант ұтып алу екі бөлек
Әсел оқуға түсу бір бөлек, ал түскеннен кейін оқудың ақысын іздеу үлкен мәселеге айналатынын айтады.
– NYU мені оқуға қабылдағанын білген соң, оқуға қаржы іздей бастадым. Магистратурадағы екі жыл оқудың ақысы $120 мыңды құрайды. Одан бөлек, өмір сүруге, Нью-Йорк қаласында жалға алатын орынға қаржы керек екені белгілі, – дейді ол.
Қазақстандық студент университет әкімшілігімен оқуға қабылданғаннан кейін саудаласуға болатынын айтады.
– Олар оқуға лайық деп тауып, қабылдаған соң, сізде "артықшылық" пайда болады. Университет әкімшілігі сіз сияқты талапты студенттен айырылғысы келмейді. Сосын оқу ақысын төлей алмайтыныңызды білген соң, сізге грант жеңіп алу мүмкіндіктері ұсынылады. Мысалы, мен университет тарапынан және Нью-Йорктегі жеке қордан оқуға гранттарын ұтып алдым. Оқу ақысын толық жабу үшін үшінші грантты Шахмардан Есенов атындағы қордан алдым, – дейді Әсел.
Айта кетсек, Әсел Нью-Йорк университетінде "Интерактивті телекоммуникациялар" магистрлік бағдарламасын биыл тәмамдады.
Әсел Дмитриева MIT-дегі профессор Моше Бен-Акив жетекшілігімен өткен іс тәжірибесінің Нью-Йоркте де көмегі тигенін айтады. Ол Нью-Йорк университетіндегі Транспорттық жоспарлау және инжиниринг департаментіне зерттеу ассистенті қызметіне өтініш білдіріпті. Департамент басшылығы оның Бостондағы тәжірибесіне сүйене отырып, бірден қызметке алған екен.
– Небәрі үш сағатта мені жұмысқа алды. Осылай мен оқып жүріп, қосымша ғылыми зерттеумен айналыстым. Бір жағынан, бұл менің Нью-Йорк қаласындағы шығындарымды жауып отыруыма көмек қаржы болды, – дейді қазақстандық студент.
"Америка – бұл, үлкен Қазақстан"
Әселдің транспорт саласындағы тәжірибесі Қазақстанға да қажет екені белгілі. Әсіресе Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларында кептеліс мәселесі соңғы кездері өріс ала бастады.
– Мен үнемі АҚШ пен Қазақстанды салыстырамын. Америка, бұл – үлкен Қазақстан. Себебі сіз Америкада Қазақстандағы әртүрлі қоғамдық мәселелерді үлкен масштабта қарай аласыз. Қазір бүкіл әлемде кептелісті жою күннің басты мәселесіне айналып үлгерген. Көптеген адамдар жолға көп уақыт жұмсайды. Егер кептеліс болмағанда, жол жүрудің тиімді модельдері мен қоғамдық транспорт қызметі жақсартылғанда, олар жолға кететін уақытын жұмыста немесе отбасымен тиімдірек өткізе алар еді, – дейді Әсел Дмитриева.
Расында, қазіргі таңда дамыған елдерде орташа есеппен әрбір адам күнделікті түрде уақытының 1/8 бөлігін жолға жұмсайды. Әсел еңбек етіп жүрген зертхана қызметкерлері осы мәселені шешуді мақсат еткен.
"Кітап оқуға өзімді үйреттім"
Әлемдегі ең үздік университеттердің біршамасы кішігірім қалашықтарда орналасқан. Онда оқитындар көбіне студенттер қалашығында тұрып, оқуға 5-10 минутта жаяу жетіп алады. Әсел Нью-Йорк қаласында мұндай мүмкіндіктің жоқ екенін айтады.
– Өзім осы саланы зерттеп жүргендіктен, жолға жұмсалатын уақытты босқа өткізбеуге тырысамын. Нью-Йорк қаласында университетке бару және қайту үшін метромен бірнеше сағат уақыт жұмсаймын. Метрода мен көбіне электронды поштама келген хаттарға жауап беремін. Одан бөлек әртүрлі подкастар тыңдаймын. Сонымен қатар, қызық кітаптар аламын. Нью-Йоркке келіп, кітап оқуға тырыстым, – дейді Әсел (күліп).
Америкалық университеттерге түскісі келетіндерге кеңес
Әсел кез келген адам АҚШ-та білімін арттыра алатынын айтады. Ол үшін сіздің әке-шешеңіз бай немесе сіз үздік мектепте білім алған болуыңыз маңызды емес.
– Барлығы адамның өзіне байланысты. Оқуға түсу үшін бірқатар емтихан тасырып, тәжірибе алу керек. Оған адам алдына кішкентай тапсырмаларды қойып, соған жетуді үйрену керек. Мысалы, сіз белгілі бір емтиханға дайындалуды жоспарласаңыз, оған сіз Product Manager ретінде қараңыз. Сонда ғана сіз өнімнің сапалы әрі өз уақытында шығуын бақылай аласыз, – дейді ол.
Әсел өз мақсаттарыңа қатысты әділ әрі шынайы болу да маңызды екенін айтады. Мысалы, марафонға қатысу үшін жақсы дайындықтан өтуіңіз керек. Бірден 15-20 шақырым емес, басында 2, сосын 4-8 шақырым жүгіріп, кейіннен қашықтықты ұлғайтасыз. Жетістікке жетудің нәтижелі болуының барлық жолы осындай кішігірім тапсырмаларды орындаудан басталады.
– Сосын жетістікке жетудің кезеңдерінен өткенде өзіңізді мақтап қоюды ұмытпаңыз. Ол да маңызды. Себебі біркелкі дайындық жүргізе бергеннен де адам жалығады, – дейді ол.
Uber, PSEG немесе McKinsey
Әсел соңғы бірнеше айдан бері әртүрлі компанияларға өзінің резюмесін жіберіп, жұмысқа қатысты сұқбаттан өтіп жүргенін айтады.
– Қазіргі таңда 3 компаниядан соңғы шешімдерін күтіп отырмын. Көлікпен тасымалдау қызметінің қосымшасы Uber стартапы, McKinsey консалтингтік компаниясы және Лонг Айлендте электрмен қамту қызметіне бағытталған PSEG өкілдерімен кездесіп, жұмыс сұқбатынан өттім. Енді олардың жауабын күтіп жүрмін, – дейді Әсел.
Қазақстандық жас ғалым Америкада біршама тәжірибе жинап, елге оралуды көздейді. Оның ойынша, аталмыш компаниялардан алатын тәжірибесі Қазақстан транспорт жүйесінің қажетіне жарары анық.