Украинадағы 1930 жылдардағы ашаршылықты бүгінде әлем мойындады. Ал Қазақстандағы аштық тіпті ел ішінде де атап айтылмай жүр. Осындай пікірімен Сара Кэмерон (Sarah Cameron) есімді америкалық тарихшы informburo.kz тілшісіне бөлісті.

– Большевиктердің халықты идеологиялық тұрғыдан тәрбиелеп, толық бақылауда ұстауына қазақтардың көшпенді өмір салты кедергі болды. Сондықтан оларды тізе бүктіру үшін кез келген әдісті қолданған. Негізгісі – жаппай қара малды тәркілеу еді. Тәркілеудің салдары тарихта "ашыршылық" немесе "қолдан жасалған жұт" деген атпен қалды, – дейді Мэриленд Университетінің профессоры Сара Кэмерон.

Сара Кэмерон ғылыми зерттеу жұмыстарын Ресей және Кеңес Одағы тарихымен байланыстырған. Оның соңғы кітабы "Ашыққан дала: Ашаршылық, зорлық және Қазақстанды кеңестендіру" (The Hungry Steppe: Famine, Violence, and the Making of Soviet Kazakhstan) деп аталады.

Informburo.kz тілшісі америкалық ғалымның 10 жылдық зерттеуі мен бүгінгі ашық ақпарат қорларында бар деректерге сүйеніп, Қазақстандағы аштықтың ашылмаған беттеріне үңіліп көрді.

Қанша қазақ қырылды?

Большевиктер тарапынан жасалған жаппай қудалау мен "қырғынның" кесірінен Қазақстандакөз жұмғандардың нақты саны белгісіз. Ғалымдардың зерттеулерінде қырылған қазақтың саны 1,5 миллионнан 4,6 миллионға дейін барады.

Ресей империясының 1897 жылы ұйымдастырған халық санағына сенсек, сол жылы Қазақстан территориясында 4,3 миллион адам өмір сүрді. Оның 81 пайызын қазақтар құраған.Содан 20 жыл өте халық саны 6,3 миллионға жетеді. Бірақ, қазақтардың бөлігі 58 пайызға дейін азаяды.

Десе де, қазан төнкерісінен кейін билікке келген большевиктердің асыра сілтеу саясатынан шетке көшкен немесе атылған қазақтар саны арта түседі. Мысалы, 1917-20 жылдары Қазақстан халқы 6,3 миллионнан 4,6 миллионға азаяды. Ал 1926 жылға қарай қазақтың туу көрсеткішін қосып, Қазақ жеріне қоныс аударған орыс, неміс және украиндерді есептегенде халық саны 6,1 миллионға жетеді.

1929 жылдан бастап өсім болмайды, керісінше, күрт азая бастайды. Оған большевиктердің халықты ашық түрде қанай бастауы себеп болды. Дәл сол жылы қазақ байлары мен ауқаттыларын (кулактар) коммунистік партия атшабарларының ұжымдастыру (коллективизм) саясатына қарсылық танытқаны үшін тап ретінде жоюы іс жүзінде көрініс таба бастаған.

– Нақты қанша адамның қырылғанын айту қиын. Себебі ол кезде жалпыхалықтық санақты немесе қайтыс болғандардың статистикасын ешкім жүргізбеген. Бірақ, тарихи деректердегі есепке орай, Қазақстан халқының төрттен бір бөлігі, шамамен, 1,5 миллион адам аштықтың құрбаны болды, – дейді Сара Кэмерон.

Әрине, бұл сандық көрсеткіш орта есеппен алынғаны белгілі. Себебі бүгінге дейін қазақ тарихшылары мен демографтары арасында ашаршылық кезінде қырылған қазақтың санына қатысты тұрақты статистика жоқ. Мысалы, қазақтың белгілі демографы Мақаш Тәтімнің есебі бойынша, аштық жылдары 2 миллион қазақ қырылып, 600 мыңнан астам қандасымыз шетел асып кеткен.


Сара Кэмерон ашаршылықтың зардабын көрген көзі тірі қарттардың естеліктерін де кітапқа жазған / Фото azattyq.org сайтынан алынды

Журналист Жанболат Мамай өзінің көпжылдық зерттеуіне сүйене отырып, 3,2 миллион қазақтың ашаршылық құрбаны болғанын айтады. Оның зерттеуі нәтижесінде шыққан "Зұлмат" деректі фильмінде аштық кезіндегі қазақтың жай-күйіне қатысты бұрын-соңды белгісіз тарихи деректер көрсетіледі.

Басты мақсат: Қазақстанды кеңестендіру

Тарих ғылымдарының докторы Сара Кэмеронның айтуынша, большевиктер қазақтың көшпелі өмір салтына қарсы ашық соғыс жүргізген. Себебі большевиктердің Қазақстанды кеңестендіруіне көшпелі өмір кедергі деп білді.

– Зерттеу барысында Қазақстандағы ашаршылықты "голощекиндік" деп те атайтынын білдім. Бүгінгі қазақтардың басым бөлігі Филипп Голощекинді (1925-33 ж.ж. Қазақстан Компартиясы ОК бірінші хатшысы болды – ред.) аштықты қолдан ұйымдастыруға негізгі жауапты деп біледі. Бұл кейде антисемиттік көзқарастың қалыптасуына түрткі болады. Себебі Голощекин еврей ұлтының өкілі еді, – дейді профессор.

Сара Кэмерон қазақтардың жаппай қырылуына тек Голощекин емес, сталиндік режим мен бүкіл большевиктік қоғам жауапты болғанын айтады.

– Голощекин әрбір әрекетін жасаудан бұрын Сталинмен кеңесіп отырған. Мұрағаттарда қазақ зиялыларының қазақ даласындағы ашаршылық кесірінен каннибализмнің болғаны жайлы да Сталинге және Голощекинге жазған хаттары сақталған. Бұны большевиктік идеологияға мойымағандарға жасалған геноцид деуге болады. Ал ашаршылыққа "қазақтың қазақты сатуынан" негіз болды деу де қате түсінік. Қиын заманда бірін-бірі сатқандар тек қазақта емес, кез келген қоғамда кездеседі, – дейді Сара Кэмерон.

Индустрияландыру кезеңінде негізгі мүлік Қазақстаннан алынды

1920 жылдары Қазақстан КСРО құрамындағы ең бай елдердің қатарында болды. Бұл – жаңадан құрылған билік үшін таптырмайтын мүлік еді. Себебі жаңа индустрияландыру кезеңінде көптеген жұмысшы күші мен оларды азықпен қамтамасыз ету қажет болды. Көп салмақ аймақтағы бұқара халыққа түсті.

Айта кетсек, 1929 жылы қазақ шаруаларында 3,9 миллион жылқы, 8,4 миллион қара мал, 1,23 миллион түйе, 27,5 миллион қой мен қозы болды. Ал 1933 жылға қарай мал саны 8 есеге қысқарып, аман қалғаны тек большевиктердің қолында топтастырылған еді. Қарапайым халықта мал түгілі, жейтін бір түйір нан да қалдырылмады.

Сара Кэмерон қазақ даласында болған трагедияны зерттеу үшін арнайы қазақ тілін үйренген. Оның қазіргі қазақ тілін мұрағаттағы қазақша жазбаларды оқып, еркін талдайтындай деңгейде үйреніпті.

– КСРО-дағы индустрияландыру кезеңіне большевиктер дайындықпен келген жоқ. Большевиктер үкіметінің шығыны мен төңкеріс әскерін қамтамасыз ету үшін әр аймақтағы халықтың әл-ауқатына қарап, оларға салық міндеттей берді. Ал қазақтар жаңа билікке көнбей, көшпелі өмірін жалғастыра берген соң оларға ашық соғысын бастайды. Бұл – "бай және кулактар" табын жою деп аталды. Ал, шын мәнінде, бұл бір ұлтты жоюға бағытталған геноцид еді, – дейді Сара Кэмерон.

Сара Кэмеронның айтуынша, ашаршылық жылдары континенталды Еуропа аумағымен тең Қазақ даласы қырғынның ордасына айналған. Соның өзінде қазақтар ұжымдастыру жоспарын орындауға міндеттелді. Ал аштықтан аман қалу мақсатында көшкен қазақтар шекарада атылып, ұсталғандары лагерлерге қуғындалды.

Америкалық профессордың ойынша, тәуелсіздік алуға империя заманынан тырысып келе жатқан қазақтар сталиндік режимге бағынғылары келмеген. Сондықтан большевиктер қарсы шыққандарды қырып, қалғандарын еш қиындықсыз басқаруды жоспарлаған. Десе де, қазақ интеллигенттерінің біраз бөлігі социалистік Қазақстанды құруға көмектесті. Бірақ, олар асыра сілтеудің ашаршылыққа алып келетінін пайымдаған жоқ.

Расында, қазақ жерінде большевиктердің билігі мен "қолдан жасалған жұт" заманында көптеген қазақтар бас көтерді. Мысалы, 1929-31 жылдары Қазақстанда большевиктердің талан-тараждауына қарсы 372 көтеріліс болған. Ұйымдасқан қазақтардың саны 80 мың қолға жеткен. Көтерілістер Қазақстанның барлық аймағын қамтып, республикалық деңгейдегі үлкен сарбаздар тобы Созақ, Сарқанд, Қызылқұм, Абыралы, Ақсай, Шұбартау, Адай және Ырғыз жерлерінде құрылды. Өкінішке қарай, олардың бәрін қызыл әскер жаншыды.

Қазақтар өз елінде аз ұлт өкіліне айналды

– XIX ғасырдың соңында қазақтардың саны халықтың 81 пайызын құраған болса, ашаршылықтан аман қалған қазақтар Қазақстан халқының жартысынан аз болып қалды. Олардың саны елдің негізгі ұлт көрсеткішіне тек 1999 жылы ғана жетті, – дейді Сара Кэмерон.

Америкалық ғалым қазақтардың жаппай қырғыны Украинадағы ашаршылықтан да ауқымды әрі айуандықпен жасалғанын айтады. 85 жыл өтсе де, қазақтардың ұлт ретінде қырылып кетуіне аз қалған трагедиясы туралы Батыс Еуропа елдері мен АҚШ біле бермейді. Оның большевиктердің билігі тарапынан жасалғаны да көп жерде жазылмаған.

– Коммунистік идеологияға қарсы шықса да, шықпаса да қазақтар атылып, лагерлерде ауыр жұмысқа салынды. Дәл осындай әрекеттерге бүгінгі таңда Қытайдың коммунистік партиясы өкілдері барып жатыр. 1930 жылдары қазақ ұлты жойылып кетуіне аз қалған болса, қазір Шыңжаңда ұйғыр ұлты біржолы жойылуға жақын, – дейді Сара Кэмерон.


Большевиктердің қысымына төзе алмаған қазақтар Қытай, Ауғанстан және Иран территорияларына ауа көшкен / Фото russian7.ru сайтынан алынды

Сондай-ақ, Сара Кэмерон Ресей Қазақстандағы ашаршылықты мойындап, ол үшін кешірім сұрауға міндетті емес екенін айтады. Себебі аштықты қолдан жасаған КСРО билігі бүгін жоқ. Оның орнында қалған бүгінгі Ресей оған жауапты емес.

– Бүгінгі көп қазақ Ресей мен орыстарға қатысты ойларын өзгертпесе, ұлтаралық түсініспеушіліктер жалғаса береді. Мысалы, бүгінгі неміс халқы еврейлерді жаппай қырылуына жауапты емес қой. Сол сияқты, ашаршылықта Ресейді айыптай алмаймыз. Қазақтар аштықты естен кетпестей етіп, тарих беттеріне жазса, ұрпаққа дәріптеп жеткізсе, соның өзі жеткілікті, – дейді Сара Кэмерон.

Украинадағы ашаршылыққа әлемнің назары қалай ауды?

Тарихи деректерге сүйенсек, 1932-33 жылдары Украинада болған ашаршылық кесірінен 2,2 миллион адам қаза болған. Десе де, нақты қанша украиннің аштықтан өлгені белгісіз.

– Қазақ трагедиясын Батысқа (Батыс Еуропа мен АҚШ – ред.) естірту менің осы тақырыпты зерттеудегі басты мақсатым болды. Украинадағы ашаршылықты АҚШ Конгресі 1980 жылдары зерттеді. Ал 2015 жылы Вашингтонда Украинадағы аштықтың құрбандарына арналған мемориал ашылды. Бұл – украин текті америкалықтардың еңбегі, – дейді ғалым.

Сара Кэмерон Украинадағы ашаршылықтың әлемдік деңгейде мойындалуына шетелдегі украин халқының диаспорасың жасаған еңбектің әсер еткенін айтады. Одан бөлек, Украинаның Жоғарғы Радасы 2006 жылы ашаршылықты украин халқына жасалған геноцид деп бағалады. Бұл Украина үкіметінің өз тарихының ұмытылмауына жасаған кезекті қадамы болды.

– Қазақстан билігі Ресеймен қарым-қатынасын бұзып алмау үшін аштық трагедиясын айтқызбай жүрген шығар. Бірақ, оның Ресейге еш қатысы жоқ. Сосын бұл мәселенің әлемдік деңгейде көтерілмеуіне шетелде тұратын қазақ диаспорасы өкілдерінің аз болуы да себеп болып отыр, – дейді америкалық ғалым.

Қазақтың жаппай қырылуы Холокост азабымен бірдей

Фашистік Германияның еврейлерді жаппай қудалап, лагерлерде қырғаны тарихтан белгілі. Бірақ, Гитлер еврейлерді өлтіру туралы ешбір құжатқа қол қоймаған. Сол сияқты да Украина мен Қазақстандағы қолдан жасалған ашаршылық құжат жүзінде жоспарланбаған. Тек большевиктердің мүддесінде болған.

– Нацистердің қолынан Еуропадағы еврейлердің 60 пайызы қырылды. Нацистік Германия жеңіліс тапқаннан кейін Холокост (The Holocaust – "жаппай өртеу" – ред.) бір ұлтты жаппай жоюға бағытталған геноцидтік әрекет деп бағаланды. Қазақтардың жаппай қырылуы да Холокост трагедиясымен бірдей, – дейді Мэриленд университетінің профессоры.


Еврейлер Холокост трагедиясының салдарын бүгінге дейін көріп жүр/Фото wsj.com сайтынан алынды

Сара Кэмеронның айтуынша, қазақ трагедиясының әлемдік деңгейде айтылып, адамзат санасында қалуы үшін тарихшылар мен қоғамдық белсенділердің көпжылдық еңбегі қажет.

– Мысалы, еврей диаспорасы Холокост қырғынын әлемдік деңгейге көтере алды. Қазір Еуропаның дерлік барлық елінде Холокост мемориалдары мен музейлері ашылған. Бұл – адамзат тарихында мәңгі есте қалуы тиіс трагедия және оны өшірмеуге тек еврейлер емес, бүкіл әлем міндетті. Сол сияқты қазақтың тағдыры да айтылуы тиіс, – дейді ол.