"Болашақ" бағдарламасымен оқыған 70-ке жуық маман жұмыссыз жүр
"Болашақ" бағдарламасымен білім алған маманға жұмыс көп
Білім және Ғылым министірлігіне қарасты Халықаралық бағдарламалар орталығы құрған "Мансап орталығы" жұмыс істейді. Мақсаты – "Болашақ" бағдарламасымен оқып келген мамандарды еліміздің беделді компанияларымен, белгілі жұмыс беру орындарымен таныстыру, лайықты жұмыс тауып, еліміздің дамуына еңбек етуіне жағдай жасау. Директоры – Ақмарал Есқараева.
– Бір жылда шамамен 600-ге жуық түлек елімізге оралады. Негізі жұмыс берушілердің арасында "Болашақ" түлектеріне сұраныс өте жоғары. Сондықтан, олар шет елде жүріп-ақ, жұмыс орындарын тауып алады. Бізге келіп, көмек сұрайтындар аз. Кейде адамдар жұмыс орындарын ауыстырғысы келеді. Сондай жағдайда біз олардың түйіндемелерін қалаған компанияларға ұсынып, жәрдемдесеміз, – дейді Ақмарал Есқараева.
Шараға алдын ала 539 түлек тіркелген. Олардың бәрі жұмыссыз емес, дені жұмыс орынын ауыстырғысы келетіндер.
"Мамандығыма сай жұмыс аз"
Темірқайратқызы Гүлжазира 2016 жылы "Болашақ" бағдарламасымен АҚШ-тың Пенсильвания штатында Қоршаған ортаны қорғау инженер эколог мамандығы бойынша оқыған.
Жұмыс іздеп жүргеніне 1 айдай уақыт болды. Елімізде оның мамандығы бойынша жұмыс табу қиын. Сондықтан сол салаға жақын жұмыс болса да, кірісуге дайын.
– Елге оралған соң, алғашында Экология департаментінде 1,5 жыл жұмыс жасағанмын. Одан соң жеке компанияда қызмет атқардым. "Болашақ" бағдарламасымен оқып келгендерге үйіп-төгіп айлық беріп жатқан ешкім жоқ. Жұрт қатарлас төленеді, – дейді ол.
Жұмыс берушілер білікті маман сұрайды
Ақмарал Оразымбетқызының айтуынша, шараны ұйымдастыруға "Болашақ" түлектерінің жұмыссыз жүргендігі емес, оларға сұраныстың жоғары болуы себеп болды. "Ай сайын 30 шақты ірі компания хабарласып, маман сұрайды. Біз екі жақты кездестіруге осындай ашық алаңды ұйымдастыруды жөн санадық" дейді ол.
Ұлыбританияда оқысам да, Таразда лаборант болдым
Дархан Митаев Ұлыбританияда биотехнология саласында оқыған. Көкшетаулық жігіт төрт жылдан кейін елге оралған соң, ойланбастан, алғаш түскен ұсыныспен Таразға жұмыс істеуге кеткен. Осылайша, мансаптық жолын лаборант қызметінен бастаған. Үш жыл ішінде зертхана меңерушісі лауазымына дейін жоғарылапты.
Айтуынша, жұмысты төменнен бастаған дұрыс.
– Шет елде оқығам деп шіреніп, лаборант жұмысынан бас тартпадым, – дейді ол. – Әрі қарай да өскім келеді. Өз мамандығым бойынша білім беру саласынан жұмыс қарастырып жүрмын, – дейді Дархан.
Бұл жолы "Болашақ" түлектеріне 60-тан астам компания 200-ге жуық жұмыс орынын ұсынды.
– "Болашақ"-пен оқып келген маман жұмыссыз қалмайды. Олар таныстары арқылы жұмысқа орналаса ма, жоқ па, дөп басып айту қиын. Ол – жұмыс беруші мен жұмыскердің арасындағы қатынас. Әдетте "Болашақ" бойынша оқуға мақсатты түрде жөнелтіледі. Ол елге келгенде жұмыс орыны дайын дегенді білдіреді, – дейді ҚР Білім және Ғылым вице-министірі Рустем Биғари.
Жанна дәрігер мен оның пациентіне тілмәш болған
Жанна Жанахметова "Болашақ"-пен аударма ісі мамандығы бойынша Америкада магистратурада оқыған. 2018 жылы оқуын тәмәмдап, сол елде жұмыс істеуге қалған екен. Енді елге келмек ойы бар.
– Менің америкалық жұмыс тәжірибем бар. Техникалық, ғылыми және құқықтану саласында еркін аударамын. Педагогикалық білімім тағы бар. Өзімнің қабілетімді арттыратын ірі компания болса деймін, оны енді уақыт көрсетеді, – дейді жуықта ғана елге оралған Жанна. – Әзірге бір компаниядан ұсыныс бар. Ертең сұқбаттасуға шақырды.
"Жұмыс таңдап жүрмін"
Әлішер Бекібаев магистратураны Америкада оқыған. Мамандығы – экономист. 2017 жылдың соңында Қазақстанға келіп, бір жылдай уақыт ғылыми салада жұмыс істеген.
– Ұсыныс көп. Әсіресе жаңа бітіріп келген түлектерге сұраныс бар. Өзім ағылшын тілін жетілдіру үшін шет ел азаматтары жұмыс жасайтын компанияны қарастырып жүргеніме бір жарым айдай уақыт болды. Былайша айтқанда, жұмыс таңдап жүрмін, – дейді Әлішер.
Түлектердің 53 пайызы гуманитарлық ғылымдар бойынша, 37,8 пайызы инженерлік, 7,4 пайызы медициналық және 1,8 пайызы шығармашылық бағытта білім алған.
Бос жұмыс орындарының басым көпшілігі білім беру, энергетика, экономика, авиация, машина жасау, мұнай-газ секторы, құрылыс және IT-технологиялар саласында ұсынылған.