Биыл "Бақытты отбасы" бағдарламасымен 5 мыңдай отбасы баспаналы болады
Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі Қайырбек Өскенбаев мәлімдеді.
– Былтыр 12 млн шаршы метрдің үстінде үй салынса, биыл көрсеткіш 13 млн-нан асады деп күтіп отырмыз. Яғни, биыл республика бойынша жалпы саны 120 мыңдай жаңа үй салынады. Ал алғашқы 8 айда жалпы көлемі 7,6 млн шаршы метрден астам 68 825 жаңа үй салынып бітті. Осының 28 210 үйді жеке меншік құрылыс компаниялары салды. Ал көпқбатты үйлер саны 37 мыңның үстінде, – деді Қайырбек Өскенбаев.
Вице-министрдің айтуынша, үй құрылысына салынған инвестиция биыл 19 пайызға өскен. Өңірлердің барлығы дерлік жоспарға сай жұмыс істеп келе жатыр. Дегенмен Нұр-Сұлтан қаласында салынған үйлер былтырғыдан 33 пайызға азайса, Маңғыстау облысында 9,5 пайызға төмендеді.
– Көпбалалы отбасыларға келер болсақ, биыл оларға жалға берілетін 6 мыңдай пәтер беру жоспарланған. Бүгінге дейін 2813 пәтер берілді. Жыл соңына дейін көрсеткіш 8 мыңға жетуі тиіс, – деді бірінші вице-министр.
Сонымен қатар, Қайырбек Өскенбаев Жастар жылы аясында жұмыс істейтін жастарға арнап үш мегаполисте 3 мың жалдамалы пәтер салынып жатқанын айтты. 2021 жылға дейін көрсеткіш 9 мыңға жетпек.
"Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі" АҚ басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимованың айтуынша, биыл ашылған "Бақытты отбасы" баспанасы бойынша әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға 10 пайыз алғашқы төлеммен жылдық 2 пайыз үстемемен жеңілдетілген ипотека беріледі. Бағдарламаға қатысу үшін отбасының әр мүшесіне шаққанда табыс айына 42,5 мың теңгеден аз болуы керек.
– Бүгінге дейін бағдарлама бойынша "Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне" 5 мыңдай өтінім түсті. Соның 2,5 мыңына ипотека мақұлданды. Ал 455 отбасы жаңа үйлеріне қоныс аударып үлгерді. Жыл соңына дейін бағдарлама бойынша 5 мың қазақстандыққа жаңа пәтердің кілті табысталады, – деді басқарма төрайымы.
Ләззат Ибрагимованың айтуынша, "Бақытты отбасы" бағдарламасы бойынша 10 пайыздық алғашқы төлем болмаса, Нұр-Сұлтан қаласы мен Ақтөбе облыстарында 1 млн теңгеге дейінгі тұрғын үй сертификаты бар.
Жалпы, бағдарлама бойынша өтінім ең көп түсетін өңірлер Нұр-Сұлтан қаласы (800 өтінім), Алматы қаласы (650 өтінім) және Ақтөбе облысы (542 өтінім).