Биологиялық белсенді қоспа (ББҚ) – дәрі емес. Жарнамаға сенген зейнеткерлер ауруына ауру жамады
Жарнамаға сендік...
– Отандық бір арнадан дәрілік заттардың пайдалы емдік қасиеттері туралы үнемі көрсетіп жатады. Өңкей намаз оқитын, орамал таққан адамдар жақсы пікірлерін білдіріп жатқан соң, анам айтқандарына сенді, – дейді Сырымбет Қасенов.
Айтуынша, анасы тапсырыс бермей тұрып, жарнамада көрсетілген телефон номеріне хабарласады. Оларға өзіне қойылған диагноздың артроз екенін айтып, сырқатыма ем бола ма деп ашық сұраған:
– Иә, көмектеседі, күніне бір қасықтан ішіп отыру керек. Қазір төрт банкасына тапсырыс берсеңіз, екеуі тегін. Осылайша, бар-жоғы 70 мың теңгеге алты құты сатып алу мүмкіндігіңіз бар, – дейді сатушылар.
Сонымен қатар, табиғи таза өнім болғандықтан, осы уақытқа дейін ешкімде аллергия болмайтынын, басқа да ешқандай жаман әсері байқалмағанын айтып, сендірген.
– Тіпті үйге дейін жеткізіп беріпті. Аурына ем болады деп сендіргендіктен, там-тұмдап жинаған зейнетақысын қолдарына салып берген, – дейді ол.
Екі аптадан соң бет-ауызын қотыр басқан
Шешем он күндей ішкенде ештеңе байқалмады. Бір құтыны ортасына дейін ішкен соң ғана, бет-ауызы ісіп, сулана бөртіп, көзі жұмылып қалды. Беті мен қолынан іріңді су шыға бастады, – деп сипаттайды Сырымбет анасының жағдайын.
Аурудың үстіне ауру жамап берді
Бірден дәріні алған нөмірге хабарластық, олар ауруыңызды сыртқа шығарып жатыр, тоқтатпай іше беру керек дейді. Анам оларға сеніп отыр, біз болмай тоқтаттық. Дәрігерге апарып едік, тері-венерологиялық диспансерге жіберді. Қазірге дейін ешкім нақты диагнозын қоя алмай келеді.
Анамды емдету үшін мен жұмысымды тастадым. Дәріні алған адамдарға хабарласып, ақшамызды қайтарып алғымыз келген. Олар болса, тоқтатпай іше беру керек дегенінен қайтар емес. Қанша емдетсек те айына бір рет жаңарып шығып тұрады. Кейін денесі қотырланып тіліне бастайды.
Cырымбеттің айтуынша, анасы 68 жасқа келгенше ешбір аурумен ауырмаған. Тек жасы ұлғая келе тізелері сыр бере бастайды, сол кезде дәрігерлер артроз деген диагноз қойған.
Дәрігер қызына айтпай қолданған
Сырымбеттің анасы сияқты Назгүл Акимованың әке-шешесі де жарнамаға алданып қалған. Тіпті жарнамаға сенгені соншалық, медициналық білімі бар қыздарына айтпай 90 мың теңгеге тоғыз құты дәрі алған.
Алматыдан тапсырыс беріп алған, таксиден беріп жіберіпті. Радиодан да, теледидардан да жарнамалап жатқан соң, дертіне шипа бола ма деп ойлаған. Хабарласқан кезде, қан тамыр, қысым, бауыр, жүрек – бәріне шипа депті.
– Анамның қысымы көтеріліп кете беретін. Әкемнің жүрегі нашар, тромб бар еді. Нұсқауын оқып едім, жүкті адамдарға ғана ішуге болмайды деп жазылыпты. Оларға қайдағы дәрі, не екені белгісіз, ішпеңдер дегенмін. Маған айтпай ішіп жүріпті. Тек нашарлаған соң ғана білдім, – дейді Назгуль.
– Шайыр сияқты балдырға ұқсас қоңыр түсті дәрі. Шешем ішіп еді, қысымы түсіп, басы айналып, құлады, әкем ішіп еді, аяғынан жүре алмай, арбаға таңылды. Қабылдағаннан кейін 11 күні денсаулығы нашарлай бастады. Сонымен әкемді сүйреп, дәрігерге барып едім, сүйектегі кальций жуылған дейді.
Бір күні тағы хабарласып тұр әлгі қыз, айқайлап едім тұтқаны қоя салды. Сосын әлгі номерге өзім хабарласып, наразылығымды білдірейін десем, тыңдап алды да операторға қосайын деп, тағы қоя салды, – дейді Назгүл.
Суды да, нанды да ББҚ (БАД) деуге болады
Жеке фармацевтикалық компания директоры Қыдырәлі Оразұлы халықтың дәрі мен дәрі емес өнімдерді ажырата алмайтынына қынжылады.
ББҚ дегеніміз биологиялық белсенді қоспалар. Біз күнделікті тұтынып жүрген кез-келген затты биологиялық белсенді қоспа деп айтуга болады, яғни судың өзі де ББҚ. Себебі оның құрамында адам ағзасына керекті заттар бар. Нан да сондай. ББҚ – тағамдық қуаты артқан жинақталған тағам. Ол – дәрі емес, тағам.
Дәрі туралы түсінігі жоқ халықты алдау оңай
– Ешқандай зерттеуден өтпеген кейбір тағамдық өнім не биологиялық белсенді қоспаларды дәрілік зат ретінде көп жарнамалайды.
Ал негізінде ББҚ дәрімен салыстырғанда түкке тұрмайды. Қазір ол пайда табуға ұласып кетті. Табиғи өнім, ана ауру, мына ауруға ем деп, дәрі туралы түсінігі жоқ халықты алдауға көшті.
Әрине, биологиялық белсенді қоспалардың бәрі жалған дей алмаймын. ББҚ да қосымша ағзаға қуат береді. Яғни, адам бір ауруға шалдықса, иммунитет төмендеп кетеді, ал ББҚ арқылы иммунитетін көтере алады, – дейді Қыдырәлі Оразұлы.
Бірақ, бір ескеретін жәйт, жақсылап тамақ ішсең де иммунитетің көтеріледі. Бір килограмм тамақтың беретін дәруменін ББҚ-ның бір таблеткасынан алуға болады. Яғни, ол ауру емдемейді. Адам ағзасының қуатын арттыру үшін ғана пайдаланылады.
Ауызша жарнамаға айналған
Заң бойынша дәрілік затқа жатпайтын өнімді дәрі ретінде жарнамалауға қатаң тыйым салынады. Ал оны көбі ауызша жарнамаға айналдырып алған. "Мен мынаны тұтынып едім, зиян емес" деген сияқты.
Жарнамаға сенудің қажеті жоқ, табиғи өнім екені рас, бірақ табиғи өнімнің барлығы адам ағзасына пайдалы деу надандық. Мысалы, уқорғасын деген шөпті білмейтін қазақ жоқ. Оның бір түйірін жесең өлесің. Ол да табиғи өнім. Өте улы шөп, – дейді Қыдырәлі Оразұлы.
Ұлттық экономика министрінің 2016 жылғы 24 маусымдағы 284 бұйрығы бойынша, ББҚ жарнамасында дәрілік өнімдермен салыстырып, ерекше қасиет беруге тыйым салған болатын.
Телеканал мен радиодан жарнамаланып жатқанын мен де естігенмін
– Оның құрамындағы теңізден алынған балдырлар – шынымен өте пайдалы. Бірақ ол бәлен ауруды емдейді деген сөз емес. Ол ешқандай клиникалық зерттеуден өтпеген, әйтпегенде баяғыда дәрі болып шығатын еді ғой.
Мысалы, қызыл мия (корень солодка) кәдімгі жөтелге, тұмауға өте пайдалы. Міне оны алғашында халық тұтынып жүрді. Қазір шынында дәрілік қасиеті бар екені зерттеліп, емдік зат ретінде тіркелген.
Ал бұлар биологиялық белсенді қоспаны әр түрлі атпен шығарып, жарнамалап жатыр. Оның құрамында балдыр жоқ болуы да мүмкін. Дәрілік зат болмаған соң, оны ешкім егжей-тегжейлі зерттемейді. Емдік қасиетін растайтын сертификат та ешкім берген жоқ.
Жарнамасына сенсең, бүйрекке де, сираққа да ем. Бұл – енді ақымақтық. Фармацевтер олай айтпаушы еді. Оны жарнамалап жүргендердің біреуі де фармацевт емес. Жарнамалау үшін сөзге шешен адамдар ғана жүреді.
Сатушының өзінде сатып отырған заты туралы анық мәлімет жоқ. Ауызша анау емделді, мынау емделді дейді, болды. Ешбір мекемеде тіркеліп, ешбір емханада жасалған жоқ, –дейді Қыдырәлі Оразұлы.
Ал, дәрілік затты тіркеу қиын
– Ол көптеген тәжірибелік зерттеулерді қажет етеді. Бізде Ұлттық дәрілік затты зерттеу орталығы бар. Ол жерде бүкіл емдік қасиеттерінің параметрлерін анықтайтын зертхана бар.
Ол– дәрілік зат болса, инструкция бойынша сондай зат ішінде нақтылы бар ма, жоқ па, емділік жарамдылығына дейін анықтайды. Сәйкес келсе ғана тіркей алады, ал ББҚ ол жолмен тексерілмейді. ББҚ-дың құрамында осындай зат бар екенін ғана тексереді. Белгілі бір ауруға ем ба жоқ па айта алмайды, – дейді Қыдырәлі Оразұлы.
ББҚ– бар ауруға ем болса, бәріміз баяғыда жазылып кетер едік
– Әрине, коммерциялық ұйым болған соң, биологиялық белсенді қоспаларды қалауынша жарнамалайды. Бірақ ол жерде халыққа кереғар ақпарат тарап жатыр.
Ал сондай ерекше зат болса, неге жарнамалайды?.
Егер бұл биологиялық белсенді қоспа сондай мықты болса, біздің денсаулық сақтау ұйымдары бірден миллиардтаған ақша бөлмей-ақ, сол өнімдерді алып, бүкіл ауруды емдей салушы еді ғой.
Емхана мен ауруханасыз да сол дәрімен емдей бермей ме? Ақылға қонымсыз.
Сонда не істеу керек? Мемлекет тыйым салу керек пе? – дейді Қыдырәлі Оразұлы.
ББҚ-ның жарнамасына алдансаңыз...
– Денсаулық сақтау ұйымына, Фармацевтикалық дәрілік комитетке арыз жазу керек. Әрі қарай ол міндетті түрде қаралады.
Шындығында, көп адам осы биологиялық белсенді қоспаға алданып, ауруының уақытын өткізіп алады. Соған сенеді де, ауруы асқынған соң,емханаға жүгінеді. Бірақ, кеш болады.
Мысалы, дәрі алу үшін рецепт не үшін керек? Оны жайдан жай жазып бере бермейді ғой. Ағзаны меңдеген дертке байланысты әр адамға әртүрлі көлемде тағайындайды. Мысалы, біреуге екі, біреуге бір таблетка деген сияқты.
Биологиялық белсенді қоспа сатушылар оған еш мән бермейді. Бір құтысын ішсең болды, сауығып кетесің дейді. Адамның ауруымен таныспайды, асқазаның ауырады ма, басың ауырады ма, іше бер, айтатындары. Асқазанға пайдасы болуы мүмкін, бірақ оның бүйрегіне зияны тиюі ықтимал. Кері әсері болмайтын нәрсе жоқ. Бәрін бірдей емдейтін дәрі әлі шыққан жоқ, – дейді Қыдырәлі Оразұлы.
Дәрі ме, емес пе, қалай танимыз?
– Әрбір дәрілік заттың өз тіркеу номері болады. Мысалы, KZ ЛС-ххх ххх (алты орынды нөмір). Осы нөмірді Фармация комитетінің сайты арқылы тексеріп, тіркелгенін көруге болады. Жалпы ол нөмірді ойдан құрастырып, өтірік жазуы мүмкін емес. ЛС деген тіркеу нөмірі болмаса, дәрілік зат емес деген сөз.
Тағамдық өнім ретінде тіркеу оңай
– Базарларда сатылып жатқан арықтауға арналған Қытайдың дәрілері де сол сияқты. Бізге тағамдық өнім деп кез-келген дәріні тіркеп, сатып жатыр. Ол өте қауіпті. Құрамы күмәнді, ешкім білмейді. Мысалы Қытай мен Индияда дәрі болып табылатын зат біздің елде дәрі емес. Өйткені біз Еуропа стандарты бойынша жұмыс жасаймыз.
ББҚ-лар бізде Қазақстан тағамтану академиясынан тіркеуден өтеді. Ол жерде олар дәрілік зат емес, тағамдық өнім болып тіркеледі. Мысалы, біреу сүт шығару үшін он сиырды сатып алып, сол сүтті тетрапакетпен шығарғысы келсе, сол жерде сараптамадан өтеді. Сол сияқты, айран, қымызға қалай сертификат алса, солай ББҚ-ларға да сонымен қарайлас тағамдық зат ретінде қорытынды алады.
Дәрілік заттарды сараптау ұлттық орталығының баспасөз хатшысы Марат Усманов та Қыдырәлі Оразұлының сөзін қолдап отыр. Айтуынша, ББҚ өнімдері олардан ешқандай сараптамадан өтпейді. ББҚ-ды сараптайтын да, тіркейтін де Денсаулық сақтау министірлігіне қарасты Қоғамдық денсаулық сақтау комитеті.
ББҚ Қазақстанда қалай тіркеледі?
– ББҚ өнімдерін тіркеу үшін міндетті құжаттар тізімі бар. Оның ішіне Қазақ тағамтану академиясы беретін қорытынды да кіреді, – дейді Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің маманы Шокаева Динара. – Қазақ Тағамтану Академиясы да тіркеу туралы сертификат алу үшін бізге тізім бойынша құжат жинап жібереді. Ал тіркеу туралы сертификатты тек біз береміз.
Қазақстанда тіркелмеген өнімді сатуға болады
– Негізі, заң бойынша Еуразия экономикалық одаққа кіретін бес елдің (Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Белорусия, Армения) біреуінде тіркелген өнім, басқа төртеуінде еркін сатыла береді. Олардың біздің елге келіп, арнайы сараптамадан өтуі шарт емес. Кейбір сатушылар өздері үшін бізге әкеліп, сараптамадан өткізеді. Ал осы бес ел ішінде тіркелген өнімдер тізімін мына сайттан қарауға болады, –дейді Тағамтану академиясының маманы Алтын Сәрсенбаева. – Алайда, мына бір жағдайды да ескеру керек, мәселен олар өнімді ірі көлемде, партиямен әкеледі. Ал біздің сараптамадан әрбір партия өтпейді.
Дәрі деп тану оңай емес
Ол үшін кем дегенде 10-15 жыл уақыт керек.Біріншіден, зертханада дәрінің моделі жасалады. Оның химиялық, физикалық, зертханалық негіздемесін дайын етіп, кейін дәрілік затқа айналдыру үшін тәжірибеге көшеді. Оны клиникалық немесе клиникаға дейінгі тәжірибе деп атайды. Клиникаға дейінгі дегеніміз, жануарларға жасалатын тәжірибе түрі. Ол үш фазадан тұрады. 2-3 жыл уақыт керек, – дейді фармацевтикалық компания директоры Қыдырәлі Оразұлы.
– Осы тәжірибеде бір дәрі үшін оннан астам зертхана жұмыс жасайды. Жүздеген тышқан, қоян сияқты жануарларға сыналады. Бұл жерде фармакалогия, биология , микробилолгиялық, химия-физика, иммунология, генетика, токсикология бар. Бір дәрі үшін осындай ондаған зертхана жұмыс жасайды. Әрқайсысы өз қызметіне сай зерттеулерін жасайды.
Осы барлық лабораторияның қорытындысы мен жалпы үш жылдық тәжірибені негізге ала отырып, ең соңында қорытынды жасалады. Зерттеу нәтижесіне сай, бұл дәрі қандай да бір ауруға ем бола ма дегенді білу үшін Денсаулық сақтау министірлігі, Дәрі комитеті мамандары әрі қарай адамға зерттеу жүргізу туралы шешімін қабылдайды.
Егер алдыңғы зерттеу оң нәтиже берген болса, әрі қарай адамға тәжірибе жасауға рұқсат беріледі. Адамға тәжірибе жасауға бес жылдай уақыт кетеді. Ол тағы да үш фазадан тұрады. Ол жерде мыңдаған адам қатысады. Әр фазаға қатысатын адамдардың белгілі бір саны болады.
Мысалы, бірінші фазада екі жүз, одан кейін 500-ден аса, одан соң 1000-нан аса адамға сыналады. Олар да өз кезегінде дені сау адамдар, ауру жұқтырған адамдар деп бөлінеді. Ол көп қаражатты қажет етеді.
Соңында барлық тәжірибелердің қортындысын қарай отырып, шынында бір нәтиже берсе, әрі қарай біздің Дәрі басқару комитеті дәрілік зат ретінде танып, оған лицензия береді. Осы уақыт ішінде қаншама ғылыми мақала жарық көреді, олар халықаралық Денсаулық сақтау ұйымдарына жіберіледі. Олар өз кезегінде бұл ақпардың растығына көз жеткізген соң ғана мақаланы жария етеді.
Осылардың бірде біреуінен өтпеген, емдік қасиеті расталмаған өнім – дәрі немесе дәрілік зат болып саналмайды, – дейді Қыдырәлі Оразұлы.