"Әліппе" келесі оқу жылынан бастап мектеп бағдарламасына қайта енгізіледі. Бірінші сынып оқушылары I-II тоқсанда "Әліппені", III тоқсаннан бастап "Ана тілін" оқиды. Сәйкесінше, орыс тілінде білім алатын сыныптарда "Букварь" мен "Обучение грамоте" пәндері оқытылады.

Қазіргі таңда "Әліппе" оқу бағдарламасын жасау жұмысы аяқталып, бекітілді. Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринованың сөзінше, "Әліппе" бала қолына алатын алғашқы оқулық болғандықтан, ол міндетті түрде оқушының жас және физиологиялық ерекшеліктеріне байланысты әзірленуі керек.

"Әліппе" оқу бағдарламасының ғылыми негізі болуын назарға алдық. Әріптердің реттілігін беру, дыбыстардың дыбысталуын, олардан буынның құралуын, сөздерден сөз тіркестерінің жасалуын түсіндіре білу – тілге байланысты әдістеменің дұрыс болуы", – деді вице-министр.

"Әліппе" мен "Ана тілі" кирилл қарпінде басып шығарылады. Латын әліпбиіне көшкен жағдайда оқулықты ауыстыру жөнінде бағдарлама жобасы бар. "Әліппе" оқу бағдарламасы Байтұрсынұлы әдістемесін негізге ала отырып, қазіргі заманғы педагогика талаптарын ескере отырып жасалған. Оны оқытудың үш кезеңі:

  • "Әліппеге" дейінгі кезең;
  • "Әліппе" кезеңі;
  • "Әліппеден" кейінгі кезең.

Екі кезеңде балалар "Әліппе" оқыса, желтоқсан айында өтетін "Әліппемен қоштасудан" кейін үшінші кезеңде "Ана тілін" оқиды.

Ыбырай Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы орта білім орталығының директоры Манара Адамова "Әліппе" оқулығы "Ана тілімен" бірге "Сауат ашуға" кіріктірілгенін айта кетті. Келер жылы бағдарламаға енгізілетін "Әліппе" оқулығына 96 сағат беріледі. Әліппеге дейінгі кезеңге екі апта уақыт бөлінеді.

"Жаңа оқулықты Байтұрсынұлының ұстанымдарына, ол кісінің педагогикалық принциптеріне негіздеп жасадық. "Әліппе" баланы жазуға, оқуға үйретеді. Екінші жартыжылдықта оқылым, жазылым, айтылым, тыңдалым – осы төрт дағды негізінде әрі қарай білімін жетілдіру үшін оқу жылының соңына дейін "Ана тілі" оқулығын оқиды", – деді Манара Адамова.

"Әліппедегі" әріптер реттілігі Байтұрсынұлының ұстанымдарына негізделген. Ұлттық құндылықтарды сақтай отырып, көркем әдебиет, балалар әдебиеті және халық ауыз әдебиетінен алынған мәтіндер арқылы балалар әріп таниды.

Оқи отырыңыз: 1-сынып оқушылары "Әліппе" мен "Ана тілін" оқиды. Білім министрінің мәлімдемесі

Байтұрсынұлының ұстанымдары қалай сақталады?

Абай атындағы ҚазҰПУ "Бастауышта оқыту педагогикасы мен әдістемесі" кафедрасының меңгерушісі Азия Жұмабаева Байтұрсынұлының "балаларға әріп көрсетпей тұрып, дыбыспен жаттықтыру қажет" деген ұстанымын еске салды. Себебі, оқуға келген балалар сөйлеуді білгенімен, сөздің дыбыстан тұратынын білмейді. Олар мектепке дыбыс үйренеміз деп емес, оқу-жазу үйренеміз деп келеді. Ал дыбысты білмей тұрып оқу-жазуға үйрету қиын. Сол себепті Байтұрсынұлы бірінші дыбыспен жаттығу қажет деген қорытынды пікір айтады.

Ахмет Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының директоры Анар Фазылжанованың сөзінше, әріптер жиілігін анықтаған кезде Байтұрсынұлының "Әліппесіндегі" әріптердің реті біршама ұқсас болып шыққан.

"Біз көрсеткен әріптер жиілігін, баланың тілдік ерекшеліктерін, қазіргі қазақ баласы күнделікті тұрмыста ең жиі қолданатын сөздерді ескере отырып қай әріпті бірінші үйретеміз, одан кейін қай әріпті өтеміз деген мәселе барынша объективті түрде шешілді. Қазіргі "Әліппеде" әріптер реті қазақ тілінің заңдылығы бойынша әзірленді деп толық айта аламыз", – деді ол.

Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры Кенжехан Матыжанов "Әліппені" дәл сол күйінде қайтару мүмкін емесін, Ахмет Байтұрсынұлының ұстанымы кеңестік кезеңде де толық сақталмағанын айтты.

"Әліппені" алып тастаған кезде оны бүкіл халық іздеді. Ал енді осының бізге қайтып келуі ұлттық рухымызды көтеруге ерекше әсер ететін дүние. "Әліппе" балаға алғаш сөйлеуде тілдің мәнін, ерекшелігін білдіретін әдебиетке де тікелей байланысты. Осыған дейін ауыл балаларына лайықталып жасаған дүние болса, қазіргі қала баласына да қалай үйретеміз деген сұрақ туындады. Ауыз әдебиетін, балалар әдебиетін пайдаланамыз дегеннің өзінде архаизмге тым беріліп кетуге болмайды. Қазіргі балалардың талғамымен, ұғым түсінігімен санасуға тура келеді. "Ана тілінде" оқытылатын әдеби шығармаларды таңдауда да талғам қажет. Жаңа бағдарламада осының бәрі жан-жақты ескерілді", – деді Кенжехан Матыжанов.

Шайсұлтан Шаяхметов атындағы "Тіл-Қазына" ҰҒПО жетекші ғылыми қызметкері Гүлфар Мамырбектің сөзінше, Байтұрсынұлының әдістемелік ұстанымы – қарапайымнан күрделіге, жеңілден ауырға өту. Тағы бір ұстанымы – жаңашылдық. Қоғамда болып жатқан жаңа құбылыстарды, атауларды балаға мәтін арқылы, әңгімелесу әдістері арқылы балаға ұғындыру. Алайда жаңа "Әліппе" Байтұрсынұлы әдістемесінің дәлме-дәл көшірмесі болмайды.

Оқи отырыңыз: Электронды оқулық дегеніміз не, онымен қалай жұмыс істеу керек?

"Әліппеге" қанша жұмсалды?

Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринова оқулық шығаруға мемлекет тарапынан ешқашан қаражат жұмсалмайтынын айта кетті. Қазақстанда оқулық жасау бәсекелестік ортаға берілген. Оқулық шығарумен айналысатын 15 баспа бар. "Әліппеге" байланысты қанша оқулық дайындалатыны әзірге белгісіз. Дегенмен жасалып жатқан жобалар бар. Оған бюджет қаржысы еш жұмсалмайды.

Ал оқулық сатып алу бөлек мәселе. Оқулық дайындалып, шығарылған соң оны таңдау кезінде әрбір жергілікті атқарушы органның көлемінде белгіленетін жоспарлы түрде қаражат бар. Бес жылда оқулықтарды жаңартуға қарастырылады. Тиісті қаражат жыл сайын бекітіледі. "Әліппені" сатып алу жұмысын жоспарға сай жергілікті әкімдіктер мен басқармалар жүргізіледі.

Оқулықта кеткен қатеге жауапты кім?

Білім және ғылым министрлігінің "Оқулық" ғылыми-практикалық орталығының директоры Ғани Бейсембаев оқулық сапасын арттыру үшін авторларды оқыту қолға алынғанын айтты.

"Қай ел, қай заман болмасын оқулықтарда қате кетіп жатады. Оқулық авторларына қатысты үлкен жұмыс басталды. Авторлардың барлығы оқулық жазудан үлкен мектептен өткен, тәжірибесі мол. Биылдан бастап оқулық авторларын оқыту қолға алынды. Абай атындағы ҚазҰПУ мен Педагогика академиясында 400-ден астам автор оқыды. Педагогикалық оқу орындарында "Оқулықтанушы" деген мамандықты енгізу қолға алынды", – деді ол.

Оның сөзінше, бұдан былай оқулықта қате кетсе, баспа өз қаржысына түгелдей алмастырады. Сөздікке, терминдерге қатысты да біраз мәселе бар. Осы бағытта құрылған арнайы тілдік комиссия арқылы белгілі бір оқулыққа енгізілетін сөздердің шеңбері бектіледі. Болашақта оқулықтарға енгізілетін жаңа сөздер немесе сөздіктердің бірізділігі қатаң сақталады.