Бай болса – шетелдік инвестор, кедей болса – оралман
Елдің демографиялық қуатын арттырудағы басты қозғаушы күш – қазақ диаспорасын тарихи Отанына шақыруға яғни ұлтты нығайту процесіне тәуелсіздік алған алғашқы күндерден бастап үлкен мән берілді.
ХХІ ғасыр басында атажұртын аңсап келгендер саны жылына 100 мыңға (2005 жыл) дейін жетсе, екінші онжылдықта келушілер қатары күрт азайды. Мұның басты себептері қандай?
Оқи отырыңыз: Қазақстандағы халық саны мен ел демографиясы туралы қызықты деректер
Оған бірнеше факторды келтіруге болады. Алғашқысы, ел арасында қазақтарды екі топқа бөліп, бөлек атау. Қазақстанда туылған азаматтар – қазақ, ал тарихи Отанын іздеп келген қазақ – оралман.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің статистикалық ақпаратына сүйенсек, елге оралуды ниет еткен қазақтар саны жыл өткен сайын азаюда.
Мысалы, 2016 жылы 16 417 жанұя немесе 33 754 қазақ көшіп келген. Бұл көрсеткіш көші-қон квотасын беру уақытша тоқтатылғаннан кейін (2012 жылы) төмендей бастаған.
Оқи отырыңыз: 1897-2018. Қазақ халқының саны қалай өзгерді?
Нақтырақ айтар болсақ, 2011 жылы Қазақстанға 47 112 қандасымыз көшкен. Сәйкесінше, 2012 жылы – 39 401 адам, 2013 жылы – 38 655 адам, 2014 жылы – 37 112 адам, 2015 жылы – 35 062 адам.
Соңғы жылы келген қазақ диаспорасының 61,6 пайызы Өзбекстаннан, 14,2 пайызы Қытайдан, 4,6 пайызы Түрікменстаннан, 3,7 пайызы Ресейден, 9,2 пайызы Моңғолиядан көшкен.
2005 жылы елге ең көп 100 мыңнан астам қазақ оралды. Содан кейін көш үдерісі баяулағаны белгілі.
Оқи отырыңыз: Ашаршылық. Қырылған қазақтың саны қанша? Саяси баға қашан беріледі?
Статус квоны қалай өзгертеміз?
"Оралмандар" қоғамының басшысы Артықбай Үкібаев 2011 жылы көші-қон үдерісінің бәсеңдейтінін болжап еді. Ол мұның негізгі факторлары ретінде ұлт ішінде туындаған шиеленістер мен әртүрлі сұрқия істерде "оралмандарды" айыптау болғанын айтқан. Одан бөлек, әлеуметтік жеңілдіктер мен арнайы квота мен қолдаудың тоқтатылуы да өз деңгейінде септігін тигізген.
"1997 жылы "Халықтың көші-қоны туралы" заң бекітілген кезде, репатрианттарға, яғни елге оралған азаматтарға "Оралман" статусы берілетіні туралы жазылды. Әрине, ол кезде бұл сөздің ұлт ішіндегі проблемаларға түрткі болатынын ешкім де білген жоқ. Ал шындығында, бұл қазақтардың бейімделу процесіне орасан зор кері әсерін тигізді", – дейді "Оралмандар" қоғамының басшысы.
Үкібаев мырзаның айтуынша, бұл мәселені түбегейлі шешу үшін ел ішінде түсіндіру жұмыстарын белсенді түрде жүргізу керек. Сонымен қатар, "оралман" сөзін айналымнан шығарып тастау мүмкіндігін жасаған жөн. Айта кетсек, ҚР Президенті әкімшілігі жетекшісінің бұрынғы орынбасары Бағлан Майлыбаев өткен жылдың соңында Астанада өткен саясаттанушылар мен әлеуметтанушылардың xалықаралық форумында "оралман" сөзін "ағайынға" ауыстыруды ұсынған болатын. Бұл ұсынысты біреулер дұрыс бағаласа енді біреулері "ағайын" сөзінің де "оралман" сынды кертартпа ұғымға ие болатынын ашып айтты.
Оралман әлде Қазақ?
Қазақты қазақ деп танымау дұрыс па? Ата мекені, қазақ жері болса да, геосаяси үдерістердің кесірінен қазақ диаспорасына айналған қандастарымыз ел сыртындағы қысым жетпегендей, тарихи Отанында да тепкі көріп жүр. Оған жергілікті қазақтардың "Сен оралмансың, сатқынсың. Елді жау шапқанда, бәрін тастап қашқансың", "Енді бейбіт өмір орнағанда, Отаныңды сүйген сыңай таныту үшін келіп отырсың" дейтін дөрекі пікірлері негіз болып отыр.
"Кез келген ұлт өкілдерінің аймақтық артықшылықтарына орай, бір-бірінен айырмашылықтары бар. Сондықтан олардың әртүрлі көзқарастарының кесірінен өзара түсініспеушілік туындап, қоғамда әртүрлі резонанстық оқиғалар болу ықтималдығы жиілейді. Ал ұлтты субұлттық принциппен тағы бөлу, бұл резонансты одан әрі күшейтеді", – дейді Берікбол Дүкеев.
Дүкеев мырза Джордж Соростың Қазақстандағы қорының қолдауымен соңғы жылдары "қазақ миграциясын" зерттеген. Сонымен қатар, Қазақстанның Стратегиялық Зерттеулер Институтында (KISI) осы мәселені көтерген азаматтардың бірі. Оның айтуынша, 1997 жылы жарияланған иммиграцияға қатысты заңда алғаш қолданылған осы сөз ұлтты ішінара бөліп жарудың негізі болып отыр.
"Өз ұлтының диаспорасын тарту мақсатында жоба жасаған Германия мен Израиль сынды елдерде де мұндай ішінара проблемалар болған. Бірақ мұның ауыртпалығын жеңілдетуге болатын еді", – дейді Дүкеев мырза. Оның пайымдауынша, нақты субұлттық атау беру келіспеушіліктердің нығаюына септік болған. "Өзбекстаннан келген қазақты "өзбек" деп, Қытайдан келген қазақты "қытай" деп, Моңғолиядан келген қандасымызды "моңғол" деп кемсіту о бастан бар болатын. Оған тағы бір сөзді қосу артық еді" – дейді Дүкеев мырза – "Оралман сөзі жалпыұлттық деңгейде қолданысқа еніп кетті. Бұл қоғамда үлкен резонанстың өрбуіне түрткі болды".
Орталық Азия Зерттеулер Орталығы (CASC) маманы, KIMEP PhD докторанты Жар Зардыхан қоғамдағы ассимиляция процесіне кедергі болып отырған түсініспеушіліктерге қазақтарды дұрыс ақпаратпен қамтамасыз етпеуді жатқызды. "Қазақстанның жергілікті қазақтарының біршама бөлігі шетелдегі қазақ диаспорасын "сатқын" деп біледі. "Большевиктер төңкерісі, ашаршылық және репрессия жылдарында елден қашқан азаматтардың ұрпағы енді бейбітшілік орнап, тәуелсіздігімізді алғанымызда, нанымызды бөлісуді сұрайды" дейтіндей керағар ойлар бар", – дейді ғалым.
Ал шындығына келсек, олар жан сақтап, бас сауғалау мақсатында кетті. Одан бөлек, қазақ диаспорасының басым бөлігі өзінің туған жерінен ешқайда көшпеген. Тек сол жерлер өзге елдердің террияториясына өтіп кеткен. КСРО ыдырағаннан кейін қазақтың жері Ресей, Өзбекстан, Қытай және Түрікменстан аймақтарында қалып қойды. Сәйкесінше, осы елдерде қазақ диаспораларының саны көп болып шықты. Айта кетсек, Ресей оңтүстігіндегі Орынбор (Қазақ Совет үкіметінің тұңғыш астанасы), Ор, Астрахань (тарихи атауы – Қажы Тархан) және Алтай аймақтарын ертеректен бері қазақтар мекен етті. Одан бөлек, 1959 жылы Қазақстанның оңтүстігінен Өзбек территориясына жеті аймақ беріледі. КСРО кезінде нақты шекаралық мәселелер көтерілмейтіндіктен, қазақ жері ресми түрде өзбектерде қалды. Ташкент қаласының өзі ерте орта ғасырлардан бері қазақтың мекен еткен кенті болған. Оған көз жүгірткіңіз келсе, Ташкент қаласында Сіргелі ықшам ауданының тұрғындары қазақтың "сіргелі" руынан екендігіне көз жеткізсеңіз болғаны.
Атажұртқа келіп жатқандар мамандар
Қазақ диаспорасын елге шақыру үдерісіне үкімет тарапынан барынша қолдау көрсетіліп жатыр. Жаңадан көшіп келген қазақтарға квота беру әзірге тоқтатылғанымен, одан басқа әртүрлі жеңілдіктер қарастырылған. Нәтижесінде Атажұртқа келушілердің басым бөлігі білімді жастар.
Айта кетсек, өткен жылы келген қандастарымыздың 8,7%-ы жоғары, 61%-ы жалпы орта білімді және 20,5%-ының орта кәсіби білімі бар. Ал жалпы көрсеткіште білімі жоқтар немесе мектеп жасына жетпегендер саны небары 9,8%.
Мемлекеттік медиа vs. Жеке сектор
CASC зертеуіне орай, қазақ баспаларында "оралман" өзекті мәселе ретінде дискурсқа айналған. Егемен Қазақстан мен Казахстанская Правда газеттері "Оралман болғаным үшін кінәлімін бе?", "Сауатсыз оралмандар" "Қазақ миграциясындағы проблемалар" тақырыбы негізінде мәселелерді көтерсе, Время және Жас Алаш газеттері "Отанның ыстық ықыласы сезілмейді", "Возвращенка" (тарихи отанында дискриминацияға ұшыраған әйелдің оқиғасы), "Моңғолиядан келген қазақтар өміріндегі қиындықтар" туралы ой өрбітті.
Сондай-ақ, еңбек күшіне орай, мемлекеттік сектордағы басылымдар "Нұрлы жол" бағдарламасының дамуы мен оралмандарды жұмыспен қамту, олардың экономикалы өсімге әкелген пайдасы жайлы пікірлерді алға тартса, жекеменшік сектордағы газеттер жергілікті әкімдерге сын тағып, сыбайлас жемқорлықтың өрбуі мен бағдарламаның кем тұстарын талдап жатты.
Интеграция не мақсатпен ұйымдастырылды?
Қазақты санын көбейту негізгі көздеген мүддесі болған "Нұрлы жол" бағдарламасы аймақтық деңгейдегі бейімделу үдерісін ескермеген. Әлеуметтік-экономикалық құндылықтардан бөлек, екі түрлі қоғамда өмір сүрген қазақтарды бір қоғамға біріктірудің түрлі резонанстарға алып келуі мүмкін екендігін тілге тиек ету керек еді. Нәтижесінде Қазақстанда тек оралмандар шоғырланған белгілі бір ауылдар мен қалашықтар қалыптасты. Бұл бірігуден бұрын, бөлінуге жақын.
KIMEP PhD докторанты Жар Зардыханның айтуынша, сырттан келген қазақтардан бөлек, ішкі иммиграцияның өзі қоғамда түрлі резонанс тудырып отыр. "Оңтүстіктің қазақ дәстүріне берік ел азаматын солтүстіктегі орыстанған қазақтардың қабылдауы қиын. Олардың сіңісуі үшін кем дегенде бір ұрпақ ауысуы тиіс. Тіпті одан да көп уақытты қажет етуі ықтимал", – дейді ол.
Елді танытса – қазақ, танытпаса – оралман
Елге оралған қазақтардың ішінен де біршама танымал спортшылар бар. Солардың бірі Бейжіңде өткен Олимппиада ойындарының жүлдегері Бақыт Сәрсекбаев елге Олимпиада алтынын сыйлаған кезде, бәріміз бір қазақ болып қуандық. Спортшының қазақ болғаны үшін бірнеше рет Өзбекстан құрамасына ене алмағаны белгілі. Есі барда, елін тауып, Олимпиаданың шаршы алаңында қазақтың намысын қорғады. Ал, бірнеше жыл өтіп, спортшы жұбайымен түсініспей, мәселенің бас-аяғы сотқа дейін барғаны елді қынжылтпады. Есесіне бұрынғы "батыр" статусы "оралманға" ауысты.
"Қазақ диаспорасы елге оралып, спортта ел атын әлемге танытса, олардың қатарынан ғалым, жазушы, ақын, сәулетші немесе дарынды әнші, сазгер шықса, қазақ деп мадақтаймыз. Ал "оралман" сөзін келеңсіз оқиға немесе түсініспеушіліктер болған кезде ғана қолданамыз", – дейді Жар Зардыхан.
Тек Қазақстанда ғана емес, жалпы кез келген мемлекетте иммигранттарды ұнатпайды. Себебі бір ұлт болса да, өзге аймақта өсіп, кейін елге көшкен азаматтар дәстүрі мен салты жергілікті мәдениеттен біршама болса да алшақтайды. Айырмашылықтар сезіледі. Мәдени көзқарастардың бір-бірімен сәйкес келмеуі де субұлттық мәселелердің көтерілуіне негіз болып отыр. Германия мен Израиль өз ұлтының диаспорасын елге шақырған кезде де осы сынды мәселелерге тап болғанын ескеру керек. Бірақ олар жалпы халықтық түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, ассимиляция үдерісін жылдамдатты. Бір қазақты "оралман", өзбектің қазағы немесе қытайдың қазағы деп бөлмей, өз қазағым деп бауырымызға басу басты мүддеміз болсын.