Өткен аптада Үкіметтік жер реформасы жөніндегі комиссия ауылшаруашылық жерлерін сатуға мораторий мерзімін 5 жылға ұзартып, өз жұмысын тоқтатты. Алайда, бұл қоғам тарапынан қызу пікірталас тудырды. Осыған байланысты белгілі заңгер, жер комиссиясының мүшесі Бақытжан Базарбек өзінің facebook парақшасында түсініктеме берді. 

Үкіметтік жер реформасы жөнінде комиссияның негізгі жетістігінің бірі – аудандық және қалалық әкімдіктің жанындағы жер комиссияларын толығымен тарату. Өкінішке орай, жер комиссияларының жұмысы қоғам тарапынан қатты әшкереленуде. Жасыратын ешнәрсе жоқ, әкімдер өзінің арам пиғылын іске асырып жерге қол жеткізу немесе мемлекеттік жерлерді жеке қолға шығару мақсатында жер комиссиясын шешімдерімен өздерінің қылмыстық іс әрекеттерін бүркемелеп отырады. Ақыры, көптеген заңсыз жерлерді табыстаумен байланысты өкілеттігін асыра пайдаланған әкімдерді жауапқа тарту қиынға соғады. Қылмыстық істер бостан бос дәлелін таппай жауып тастайды", – деді ол.


Оқи отырыңыз: Асығуға болмайды: жер комиссиясы ауылшаруашылық жерлерін сатуға мораторий мерзімін 5 жылға ұзартты


Сондықтан да, заңгердің айтуынша, жер комиссияларын тарату туралы шешім шығарылған.

"Бұл ең біріншіден, жер қатынастарында сыбайластық жемқорлықпен күрес жолындағы үлкен қадам деп есептеуге болады. Екіншіден, цифрландыру аясында онсызда жер комиссиясын толығымен тарату көзделгендіктен, бұл түбегейлі шешімге келу үлкен күрестің нәтижесі болып табылады. Басқаша айтқанда, цифрландыру аясында жер комиссияларын тарату бұл халық үшін, ел үшін үлкен сый деп қараймыз. Менің ұсынысымды Үкіметтік жер комиссиясы толығымен құптап, бекітті", – деді Бақытжан Базарбек.