Informburo.kz Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтың түсіндірмесін ұсынады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында балалардың қолөнер мен шығармашылықтың бастапқы негіздерімен танысуы үшін "Балалар үйірмесі" қызметін қайта жандандыру туралы тапсырма берді.

Қосымша білімсіз балалардың әлеуетін толық ашу мүмкін емес. Сондықтан әр баланың сабақтан тыс үйірмелер мен секцияларға қатысу мүмкіндігі болуы маңызды. Елімізде мемлекеттік қосымша білім беру мекемелері біз қалағандай көп емес. Сондықтан балаларды қосымша біліммен қамту үшін тиісті жұмысты атқарудамыз.

Осы ретте жағымды жаңалықпен бөліспекпін. Жақын арада балалардың мемлекеттік тапсырыс арқылы жекеменшік ұйымдарда да қосымша білім алуына жағдай жасалады. Мұндай норма "Білім туралы" ҚР Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасында қамтылған. Ол Парламент Мәжілісінің екі оқылымынан өтті.

Оқи отырыңыз: Білім министрі: Қазақстан тарихы мен қазақ әдебиеті оқулықтарына қатысты сын көп

Толығырақ тоқталып өтейін. Қосымша білім беру жүйесіне оқушылар сарайлары, түрлі үйірмелер, секциялар, көркемөнер және музыка мектептері, жас техниктер станциялары және тағы басқа енеді. Бұл бағыт арқылы бала қосымша білім алып, түрлі дағдыларын дамытады.

Мемлекет тарапынан ақша бөліп, оқушылар сарайын, өнер мектептерін салу, үйірмелер ашу – бір бөлек. Дегенмен мемлекеттік тапсырыс арқылы жекеменшік орталықтарда баланың қосымша білім алуына жағдай жасау маңызды. Бұл – мемлекеттік-жекешелік әріптестік қағидаты.

Бұған дейін осындай жүйе арқылы қысқа мерзім ішінде мемлекет тарапынан үлкен салымдарсыз балабақшалардағы орын жетіспеушілік проблемасы айтарлықтай шешілген болатын. Оны жеке балабақшалардың даму тәжірибесінен байқауға болады.

Яғни, кәсіпкерлер өз есебінен мектепке дейінгі білім беру мекемесін толығымен салады немесе ғимаратты жабдықтайды, ал мемлекет әрбір балаға мемлекеттік тапсырысты орналастыру арқылы ақша төлейді. Нәтижесінде мемлекет құрылысқа және материалдық-техникалық базаға жұмсалатын ақшаны үнемдейді. Мәселен, соңғы 10 жылда жеке инвестициялардың есебінен балабақшалардың саны 10 есе өсті.

Енді біз қосымша білім беру жүйесінде де осындай тетікті қолданатын боламыз. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік арқасында қысқа мерзім ішінде балаларды үйірмелермен және секциялармен қамту деңгейін айтарлықтай шығынсыз арттырамыз. Жұмыс істеп тұрған қосымша білім беретін мемлекеттік ұйымдар да өз қызметін жалғастырып, дамитын болады.

Оқи отырыңыз: "Мұғалімдер шамадан тыс есеп беруден арылады". Жаңа бұйрық жөнінде министр түсіндірмесі

Өткен жылы мектептен тыс ұйымдарды жаппай оңтайландыру тоқтатылғанын атап өткім келеді, бұл да балалардың қосымша білім алуға тең қол жеткізуін қамтамасыз етуге оң әсер етеді.

Сонымен қатар, соңғы екі жылда Талдықорған және Петропавл қалаларында оқушылар сарайлары ашылды. Биыл Атырау және Түркістан қалаларында оқушылар сарайлары салынды, Түркістан облысында балалар музыка мектебі, Өскемен қаласында "SMART" креативті білім беру орталығы ашылды. Сонымен қатар қазір Көкшетау және Қарағанды қалаларында екі оқушылар сарайының құрылысы жүріп жатыр. Алматы қаласындағы оқушылар сарайында қайта жөндеу жұмыстары жүргізілмек және Жамбыл облысында оқушылар сарайының құрылысы жоспарланған.

Педагог мәртебесі туралы заңға сәйкес қосымша білім беру қызметкерлерінің де еңбекақысы жыл сайын өсетін болады, санаттар үшін қосымша ақылары ұлғайтылады. Сондықтан қосымша білім беруді дамытудың жаңа кезеңі басталды деп сеніммен айта аламын.