Қазақстанның тегін дәрісі Өзбекстанда еркін сатылымда жүр. Енді әлеуметтік желі арқылы тегін дәрінің "өтірігін" шығара аласыз
Үкімет отырысы Денсаулық саласына арналды. Әдеттегідей жетістіктерді жіпке тізген министр жетпейтін нәрселердің де көп екенін ескертті.
Ауруды бақылау мобильдік қосымшасы қолданылады
"Созылмалы ауруларды басқару бағдарламасы енгізілді" деп бастады Денсаулық сақту министрі Елжан Біртанов. Жалпы 2013 жылдан бастап үш нозология – артериалық гипертензия (Қан қысымының тұрақсыздығынан туылатын созылмалы ауырулар), қант диабеті, созылмалы жүрек аурулары бақылауға алынған. Енді әр науқас арнайы мобильдік қосымшаларды қолданып, дәрігермен тіке байланыста болады.2018 жылдың қорытындысы бойынша бағдарламаға 220 мыңнан астам пациент қосылды. Бұл диспансерлік есепте тұрған пациенттердің 17%-ы. Келесі жылдың соңына қарай пациенттердің 50% пайызын қамту жоспарланған.
Денсаулық сақтаудағы жекелік сектор неге көбейді?
Жалақысының төмендігі тәжірибелі дәрігерлердің жекелік емханаларға кетуіне себеп болғаны белігілі. Бұл Үкіметті жеке ұйымдармен жұмыс жасауға жетелеп отыр.– Республикамызды 520 мекеме алғашқы медициналық көмек береді. Олардың 30%-ы жекелер. Елімізде мыңнан астам дәрігер жетіспейді. Кей өңірлерде бір дәрігер екі участкіде жұмыс істейді, – деген Біртанов дәрігерлердің жүктемесін төмендету маңызды екенін атады. Айтуынша 1 дәрігерге 1900-дан астам адам тіркелген, бұл мемлекеттік нормативтен 200-ге жоғары.
Жергілікті билік дәрігерді тұрғын үймен қамту керек
Біртанов ауылға келген жас мамандарға тұрғын үй беру және үстемеақы төлеу мәселесі заңмен бекітілу керек екенін баса дәріптеді.
– Учаскелік қызметкерлердің жалақысын кезең-кезеңмен 20%-ға дейін ұлғайту жоспарда. 2019 жылдың 1 маусымынан бастап айлығы аз медициналық қызметкерлердің жалақысы 30 пайызға артады. Көтерме жәрдемақы ұсыну бойынша Алматы, Қостанай және Жамбыл облыстары жеткіліксіз жұмыс жасап отыр, – деген министр бұл мәселені шешуге қолдау сұрады.
Десаулық саласын цифрландыруға интернет кедергі
2018 жылы қажетті техникамен 95%-ға жабдықталғанмен, ауылдар интернетті әлі күтіп отыр.
"Облыстар қамтылмаған. Бәрі формалды түрде ғана" деген Елжан Біртанов бұндай жағдайдың денсаулық саласын цифрландыруға кедергі келтіріп отырғанын ескертті.
– Аудандық деңгейден төмен елді мекендердің денсаулық сақтау объектілерінде интернет жоқ. Мысалы, Қарағанды (32%), Солтүстік Қазақстан (33%), Түркістан (35%) және Шығыс Қазақстан (35%) облыстарында интернетпен қамту 40%-дан төмен, – деді Елжан Біртанов.
Сөз кезегінде вице-премьер Гүлшара Әбдіхалықова халықтан ұсыныстар күтіп отырғанын айтты.
Енді малдың да "саламаттығын" сұрайтын болдық
Министрдің қазақшасы осылай екен. Бұл отырыстың екінші кезегінде сөз алған Сапархан Омаровтың баяндамасында бұл ең көп қайталанған сөз. Неізігі "саламат" сөзі адамдарға қаратылатын құрмет мағынасында айтылатын сөз.
Мал саулығы: "700-ден астам ауру ошағы залалсыздандырылған"
Отырыстың екінші кезегі Ауыл шаруашылығы министрінің құзырында болды. Министр Сапархан Омаров:
– Республика аумағында 2018-2017 жылдары жануарлардың аса қауіпті ауруларының 707 ошағы тіркелген. 55 пунктте ветеринариялық-сауықтыру іс-шаралары жүргізіліп жатыр. Ағымдағы жылдың басынан жануарлар ауруларының 20 ошағы тіркелді, – деді.
Министр емдеу және сауықтыру және алдын алу шараларының кезегімен сәтті жүргізіліп жатқанын айтты.
Балығы мен киігі қырылып жатса да "баға жоғары"
Министр өз қызметтерінің Халықаралық ұйымдар тарапынан жоғары бағаланғанын айтты.
– Өткен жылы Халықаралық эпизоотиялық бюро тәуелсіз шетелдік сарапшылар миссиясының (ПВС талдау) қорытындысы бойынша 2011-2017 жылдардағы еліміздің ветеринариялық қызметін жаңғырту нәтижелерін жоғары бағалады.
Мәселен, бағаланған 47 позицияның 14-і бойынша Қазақстан өз позициясын жақсартты, 30-ы бойынша жоғары бағасын сақтап қалды, 3-уі бойынша жақсарту жөнінде ұсыныстар берілді. Олар: оқыту, кадрлардың тұрақтылығы, жануарларға деген ізгілік, – деді Сапархан Омаров.
Құс тұмауы. Құстарға екпе салынады
Енді құс өсіру фабрикаларының жұмыстары қадағаланатын болыпты. Құс фабрикаларынан 20 шақырым радиустағы халық шаруашылығының тәуекел аймағын анықтауға қатысты өзгерістер енген.
– Сонымен бірге жабайы құстардың қоныс аудару жолында және су қоймаларының жанында орналасқан шаруашылықтармен қатар құс фабрикаларындағы құстардың да ата-енелік табынына осы ауруға қарсы вакцина егілетін болады, – деді Сапархан Омаров.
Сау мал – мол табыс
Мал шаруашылығы өнімдерін экспорттау үшін сау мал бағу маңызды. Енді әр қой, сиыр, тіптен құстың да денсаулығына жауап беріледі. Ол үшін сатып алушы елдермен келісімге отырып, оларға дәлел ұсынуымыз тиіс. Сол негізде сау екені растайтын сертификат беріледі. Сонда, министрдің сөзінен түсінгеніміз, етімізді сата алады екенбіз.
Сонымен бірге, қазақтың ет-сүт өнімдері мен астық өнімдерінің сапа толымдылығын сертификаттау бойынша бірнеше елмен жұмыс жасап жатқаны анықталды.
Қай елдерге ет шығарамыз?
- Осы жылы Қытайдың Бас кеден басқармасы Қазақстан Республикасын нодулярлық дерматит бойынша сау деп танып, аусыл бойынша шектеулерді жойды. Қой етін қайта өңдейтін 5, сиыр етін қайта өңдейтін 4 кәсіпорын Қытайға өнім шығаруға мүмкіндік алды. Қазір олар шошқа еті бойынша да келісімге келді.
- Иранға сиыр етін, ұсақ малдың өнімдерін, тағамдық жұмыртқаны, союға арналған малды экспорттауға қойылатын ветеринариялық талаптар келісілді.
- Сауд Арабиясы Корольдігіне ірі қара және ұсақ малдарды сою және өсіру үшін экспорттауға арналған ветеринариялық сертификат келісілді.
- Бахрейнге сиыр еті мен қой еті экспортталып жатыр.
- Оманмен – сиыр мен қой етіне, тірі ірі қара малға арналған ветеринариялық сертификат келісіліп жатыр.
Астық Қытайға кетеді
30-дан астам ұн тартатын және 105 астық сақтайтын кәсіпорын өнім шығаруға рұқсат беретін тізімге енген.
Министр журналистерді лабороторияға шақырды
Отырыс біткеннен кейін Елжан Біртанов баспасөз мәслихатын өткізді. Іnformburo.kz журналисті Министр Елжан Біртановқа "Екпе сапасының күмәнділігі туралы" сауал жолдады.
Министр Қазақстанда 97% азамат екпемен қамтылғанын, алайда кей азаматтардың діни сеніміне және екпенің сапасына байланысты уайымдап, одан бас тартып отырғанын мойындады.
– Бізде арнайы сараптамалық орталықтар бар. Ең үлкен зерттеу орталығы Алматыда. Сонымен бірге он жеті өңірде зерттеу лабораторияларымыз бар. Сол үшін кіргізілетін дәрі-дәрмектердің сапасынан күмәнданбау керек, – деді.
Министр дәрі сапасынан күмәнді сейілту үшін журналистерді дәрі зерттеу лабораторияларына шақырды.
– Осы аптаның ішінде журналистерді жинап, лабораторияны көрсетеміз, – деді.
Қазақстанда тегін берілуі тиіс дәрі Өзбекстанда еркін сатылымда
Министр Біртанов аурудың 50 түрі бойынша бес жүзге жуық дәрімен тегін қамтылатынын айтты.– Қазір тегін дәрі-дәрмекті таратуды мемлекеттік және жеке емханаларға беріп жатырмыз. Бұрын жекелік дәріханаларда да беріліп келген болатын. Енді дәріханалардан беруді тоқтатамыз. Үкімет осыған қатысты қаулы қабылдағалы жатыр. Бұл мәселе қатаң бақыланатын болады, – деді.
Сөз кезегінде, Қазақстанда тегін берілуі тиіс дәрілердің Өзбекстанда еркін сатылымда жүргені жайлы ақпаратқа қатысты, аталған мәселенің тексеріліп жатқанын, реті келгенде мәлімет беретінін хабарлады.
Тегін дәрінің "өтірігін" шығару үшін әлеуметтік желіні пайдаланыңыз
Бұл үшін тегін дәрі-дәрмек беру цифрландырылып жатыр.
– Бізге өткен жылы 180 млрд теңгеге тапсырыс келіп түсті. Алайда жартысы жалған болып шықты. Жыл басыгнда 8 миллиард теңгеге дәрі бергеміз. Соңғы 3 айда 2 млрд теңгеден болды. Себебі, науқастар дәрілерін алдын-ала алып алған еді. Егер алуға тиісті дәрі берілмесе, хабарласыңыздар. Біз бақылауда ұстаймыз. Әлеуметтік желі арқылы ақпарат берсеңіз де тексереміз. Тегін дәрі алғандарға "алған, алмағанын" сұрап SMS жібереміз. Жалпы рецепт бойынша үш дәрінің бірі ғана тегін беріледі, – деді Біртанов.
Шымкентте баланың ішегін күйдірген дәрігер туралы
Онда инфекциялық емханаға түскен бала ауруханадан шығатын кезде іші қатып қалған. Дәрігерлер баланың ішегін ыстық сумен клизма жасап, тазаламақ болған. Қазір ішін күйген бала ауыр халде жатыр. Осыған орай полицияға арызданыпты.
– Бұл ақпартты бүгін тәңертең алдым. Мәселені тексеруді Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің төрағасы Жандарбек Бекшинге тапсырдым. Өз қадағалауыма аламын. Қорытындысын айтамыз, – деді.
Министр осындай дәрігерлердің салғырттығына қатысты өткен жылдан бері 28 істің сотта қаралып жатқанын жеткізді.
"Ауруханаларды ірілендіру және үлкейтуіміз керек"
Министр Біртановтың сөзінше, стационарлық емханаларды кеңейту және ірілендіру керек екен. Әр ауруханада ең кемі 400 орын болу керек. Сонда төрт дәрігердің орнын бір дәрігер басады. Сонда қаржыдан да дәрігерден де ұтамыз. Кезекті азайтып, емдеу сапасын көтеруге болатыны тағы бар. Емханаларды жекелерге беру арқылы дәрігер мәселесін шешіліп, қаржы үнемделіпті.
– Өткен жылы үнемделген ақшаны дәргерлерге жалақы ретінде бердік, – деді Елжан Біртанов.
Жеке колледждерге тексеру күшейеді
Баспасөз кезінде колледждер мен медициналық жоғары оқу орындарының оқыту сапасы мәселесі де көтерілді. Ақша үшін ашылған коллеждер мәселесі де халықты алаңдатып отырғаны белгілі. Осыған қатысты сұрауға:
– Жекеменшік колледждерді тексеріп жатырмыз. Осыған орай жол картасын бекіттік, Келесі бес жылда барлық колледждерге халықаралық стандартқа өтуге міндеттеледі. Жұмысқа алған бас дәрігерлерде де жауапкершілік болу керек. Дәрігерлер мен мейірбикелер бес жыл сайын тексерістен өтеді. Тексерістен өте алмаса сертификатты алып қоямыз. Бәріне халықаралық стандартты енгізіп, бақылауды күшейтеміз, – деп жауап берді Елжан Біртанов.
Су тасқыны. Қазақша білмейтін төрағаның орынбасары жауап берді
2 сәуірде сағат 04:40-де Көкшетаудағы Қылшықты өзені тасып, 6 үйді, 11 ауланы су басқаны хабарланған болатын. Өкінішке қарай, жауап беруге келген лауазым иесі қазақшадан жұрдай болып шықты. Оған ІІМ кеңесшісі, танымал журналист Нұрділдә Ораз араша түсіп, аударма жасады.
Марат Кульдиков, Төтенше жағдайлар комитетінің орынбасары:
– Қазір Солтүстіктегі облыстарда тасқын судың деңгейі үнемі көтеріліп жатыр. Кеше түнде Көкшетаудағы Қылшық өзені тасып, ауылды су басты. Бірақ қазір қажетті жұмыстар жүргізіліп жатыр, – деді.
Журналист Глушкованы тоқтату бойынша ІІМ өкілі не дейді?
31 наурызда Нұр-Сұлтан әуежайында журналист Светлана Глушкованы тоқтатып, хаттама толтырылған болатын. Осыған орай ІІМ Кеңесшісі Нұрділдә Ораз:
– Глушиковаға хаттама толтырылған. Сол хаттамамен танысуға бірнеше рет шақыру жіберсе де келмеген. Соған байланысты ІІМ адамдары оны әуежайдан ұстап әкеліп, хаттамамен таныстырды, – деді.