Экономист Қасымхан Қаппаровтың айтуынша, 2018 жылы Азия даму банкі Қазақстандағы қаржылық сауаттылықты зерттепті. Онда стратегияның қажеттігін үш түрлі себеппен түсіндіріпті.

Үш себеп

  1. Банк дегеннің не екенін білмейтін халықтың бөлігіне де қаржы қызметі көрсетілуі керек. Бұл көлеңкелі ақша секторын қысқартып, күн көрісі төмен кедейлер мен микрокәсіпкерлерге жаңа мүмкіндік тудырады.
  2. Бізде қаржы жеткіліксіз және қаржылық сауатқа қатысты қазіргі саясат шалағай. Ұлттық банк кейбір коммерциялық банктермен және микроқаржылық ұйымдармен бірлесе Қазақстанда қаржылық білім берумен айналысады. Алайда бұл әрекеттер тұрлаусыз әрі үйлесімсіз. Көбінесе жастар мен балаларға арналған медиаөнімдермен ғана шектеледі. Мұндай шаралардың "ойын ережелерін" өзгерте қоюы неғайбіл.
  3. Үкіметтің қаржыны жеткізуге бағытталған талпыныстарының айқын мақсаты болуы қажет. Қаржы білімі мен қолжетімді қаржы арасында байланыс жоқ. Іс жүзінде қаржыға қолжетімділіктің артуы көрсетілетін қаржы қызметін пайдаланудағы тәуекелдерін, құны мен пайдасын терең түсінумен қатар жүруі тиіс.

Банк-қаржы жүйесінің дағдарысқа ұшырауына сауатсыздық әсер етті ме?

2007 жылға дейін әлемдік қаржы нарығына шығу мүмкіндігі мен банк жүйесінің дамуы Қазақстанда халықтың біраз бөлігінің қаржыға қолдарының жетуін арттырғаны рас. Дейтұрғанмен, қаржы білімінің деңгейі өспеді. Соның салдарынан шетел валютасымен есептелген ипотекалық, тұтыну және корпоративтік кредиттер шаштан асып, банк жүйесі дағдарысқа ұшырады.

– Мұның ақыры бөлшек сауданы, банктердің корпоративтік



клиенттерін, тіпті банктердің өздерін құтқару үшін салық төлеушілердің ақшасын пайдалануға үкіметті итермеледі. Бұл жұрттың наразылығын ушықтырып, президентті "ендігәрі банктерді құтқармаймыз" деп мәлімдеуге де мәжбүрледі. Соған қарамастан, тек 2017 жылы үкімет банктердің мерзімі өткен кредиттерін азайтуға шамамен 6 миллиард доллар жұмсады, – дейді Қ.Қаппаров.

"Елде болған банк және қаржы дағдарысына жұрттың қаржылық сауатының төмендігі себеп" дейді сарапшылар.

Қаржылық сауаттылық деген не?

– Қаржылық сауаттылық – қаржы өнімдері мен қаржы қызметі туралы білім. Қаржы қызметіне тек банк қана емес, сақтандыру, бағалы қағаздар нарығы және зейнетақы жүйесі де жатады. Осы секторлар күрделі, орташа және күрделі емес қызметтерді ұсынады.

Заман ағымымен олар күн санап жаңалана түседі. Азаматтар олардан хабардар болуы тиіс. Егер тұтынушы келісім-шартты оқымайтын болса, бұл оның жеке жауапкершілігі, – дейді Қазақстанның Қаржыгерлері қауымдастығының атқарушы директоры Ләззат Үсенбекова.


Қаржы кеңесшісі Расул Рысмамбетов банкпен тұрақты байланыста болуға шақырады.



– Егер кредитті өтеу мүмкіндігінен айрылсаңыз, бұл туралы бірден банкке жазыңыз. Міндетті түрде жағдайды түсіндіріңіз. Қоңырауынан қашып, ауылға барып жасырынсаңыз, банк бірден сіздің пайыздарыңызды бұрынғыдан да өсіріп жібереді, яғни, ту сыртыңыздан соққы береді, – дейді Расул Рысмамбетов.

– Мұндайға душар болмау үшін тұрғындар қаржылық кеңесші жалдауы керек, – дейді "Қаржылық сауаттылық мектебі" әлеуметтік білім беру жобасының авторы Айгүл Әбдірайымова.

Қаржы ахуалына қатысты диагностика

– Бізде көп жылдар бойы ақша туралы айту ерсі деп саналып келді. Бұл жүйе біршама жабық. Меніңше, қаржылық сауаттылық дегеніміз – ақшаны басқара алу. Яғни, отбасылық бюджетті басқару. Бұны маман ғана түсіндіріп, барлық шығыстар мен кірістерді жіліктеп бере алады. Ол – қаржы жоспарлау институты. Ондайды Қазақстанда неге құрмасқа? Дәрігерге келгендей, адамдардың барып жүгінетін қаржы кеңесшісі болуы керек.



Біз осы мамандықты арнайы енгізуді сұраймыз. Әр адам қаржы ахуалына қатысты диагностикадан өтуі керек. Осындай сынақ болмайынша, басқа әрекеттердің бәрі құр әлекке пара-пар, – дейді Айгүл Әбдірайымова.

Ал Ләззат Үсенбекованың пікірінше, "отбасылық дәрігер мен заңгердің қажеттігі секілді, қаржылық кеңесшінің де болуы керек. Дамыған елдерде салық жүйесінің күрделілігіне байланысты кәсіпкерлер салық кеңесшілерін де жалдайды. Бірақ бұларға қаржы керек екені түсінікті".

Ақша жинауға генетикалық қабілет қажет пе?

Partnership Center BCPD Ltd АХҚО (Астана халықаралық қаржы орталығы) бюросы менеджері Ботагөз Жұманова адамдардың барлығының бірдей қаржылық сауатын ашу мүмкін емес деп санайды.

Қанша оқытсаң да, ақша жинауға бейімсіз жандарға уақыт кетірудің қажеті жоқ, дейді.

– Ақша жинауға генетикалық қабілетті адамдар бар. Олар табиғатынан үнемшіл болып келеді. Қытайлар, өзбектер. Ал кейбір адамдар тек бар ақшаны жұмсауды ғана біледі. Бұған наным да әсер етеді. Ислам елдерінде банк – харам, тек саудалық қаржыландыру ғана бар.

Бірақ әлемдегі ең табысты қор Малайзияда. Өмірге келген әр адам қажылыққа баруы керек деген ұлттық идея жасаған. Қажылыққа бару үшін ақша жинайтын қорға адамдар өмір бойы тірнектеп қаржы құяды, – деп мысал келтірді Б.Жұманова.


Арзан несиеге жете алмай орта жолда қалған кедейлер

Әлеуметтік аз қорғалған топтар үшін мемлекет барынша жақсы жағдай жасайды. Ауқымды кредитті ұзақ мерзімге теңгемен төмен мөлшерлемеге береді. 4 пайызға көлік аласың ба, 5 пайызға баспана аласың ба, ал.

– Бірақ адамдар оған жете алмай орта жолда жүр. Оларды микроқаржы ұйымдары мен банктер жолай ұстап қалады. Арзан кредиттер көпшілікке жетпей, онсыз да қаржылық сауатты топтың игілігіне жарайды. Осыдан келіп көпшіліктің берешегі көбейіп, кредит тарихы жарамсыз болып қалды. Мен үшін қазақстандықтардың басым бөлігі аз да болса капитал жинап, борышкерден инвесторға айналса ғана қаржылық сауатты. Сонда ғана ақшаны қайда, қалай, қаншалықты тиімді іске салу туралы қызықты әңгіме басталады, – дейді Жұманова.

Банктердегі қара тізімге 5 миллион адам кірді ме?

Алдымен мәселенің түп-тамырын шешіп алмай, әлеуметтік аз қорғалған топтардың кредитін кешіру ойдағыдай нәтиже бермейді деген сенімде.

– Енді олар банктердегі қара тізімге кіреді. Кейін несие ала алмайды. Жұмысы, не табысы болмаса, қарызы қайта өсе бермек. Ақша қажет болғанда қайда барады? Әрине, ақшасы барларға. Осылайша, көлеңкелі нарықтағы борыш өсе береді. Ақшаның "қара нарығы" әрдайым болған, ол тіпті өсе түседі. Қазір бізде ломбард бизнесі өршіп тұр. Банктердің филиалдары, керісінше, азая түсті. Бұл – аса өзекті проблема, – дейді қаржы маманы.

Қаржылық сауаттылық бойынша қандай бағдарламалар бар?

– 2014 жылы қабылданған "Қазақстан Республикасының қаржы секторын 2030 жылға дейін дамыту жөніндегі" тұжырымдамада халықтың қаржылық білімін деңгейін көтеру жұмыстары үздіксіз жүргізіледі деп жарияланған. Алайда онда ұлттық стратегия туралы айтылмаған, – дейді Қ.Қаппаров.

ҚР Ұлттық банкінің алдына тұжырымдама қойған міндеттер тұрғындар арасында қаржы қызметін көрсету мен қаржыға қолжетімділікті, жаппай қаржылық білім алу мүмкіндігін тудыра алмады.

2000-шы жылдары екі бағдарлама ғана жүзеге асырылды.

  • 2007–2011 жылдар аралығындағы "Инвестициялық мәдениетті арттыру жөніндегі мемлекеттік бағдарлама". Бұл бағдарламаға 5 жылға 30 миллион доллар көлеміндегі бюджет бөлінген. Ол "Халықтық IPO" бағдарламасын сәтті жүзеге асыруға қажетті фактор ретінде жеке инвесторлар тарапынан сұранысты арттыруға көбірек бағытталды.
  • ҚР Ұлттық банкінің "2016–2018 жылдарға арналған тұрғындардың қаржылық сауаттылығын арттыру бағдарламасы".

Соңғы бағдарлама мынадай мақсаттарды көздеді:

Қаржыны жоспарлау және жинақтау машықтарын дамыту.

  • Қаржы мүмкіндіктеріне қарай азаматтардың белсенді экономикалық әрекеттерін жасақтау;
  • Мемлекеттің қаржылай қолдауына арқа сүйеу және одан дәмеленуді төмендету;
  • Қаржы секторындағы қаржы өнімдері мен қызметтерге деген тұтнушылардың сенімін арттыру;
  • Тұрғындардың жалпы экономикалық белсенділігін арттыру.

Бағдарлама бойынша тиімділік көрсеткіштері (KPI) белгіленген:

  1. Тұрғындардың ақшалай жинақтарының мөлшерін 2016 жылғы 13 млрд теңгеден 2018 жылы 14 млрд теңгеге дейін;
  2. Экономиканы несиелендіру мөлшерін 2016 жылғы 17 млрд теңгеден 2018 жылы 20 млрд теңгеге дейін жеткізу.

– Бірақ, бұл KPI бірінші кезекте экономикалық өсімді сипаттайды және халықтың көп бөлігінің қаржылық сауатын арттыру мен қаржы қызметінің жеткілікті көрсетілуі тек жанама түрде ғана болады, – дейді экономист.

Айта кету керек, алғашқы бағдарлама үкіметтің қаулысымен қабылданған болса, екінші бағдарламаны Ұлттық банк басқармалары бекітті. Мемлекет осылайша 2011 жылдан бері ешбір бағдарлама қабылдаған жоқ.

Қаржы білімін кімге береміз?

ҚР Ұлттық банкінің сайтында қаржылық сауаттылық бойынша арнаулы бөлім жоқ. Қаржы қызметі туралы тұрғындарға жаппай білім беру мақсатындағы материалдарды да ұсынбайды.

Оның орнына бас банк қаржы біліміне арналған веб-сайтты 2018 жылы іске қосқан.

– Дегенмен, бұл сайттың мазмұны шектеулі, әрі интерактивтік және білімдік деуден гөрі, ақпараттық сайтқа жақын. Ұлттық банк сайтының басты бетінде жаңа ресурсқа сілтеме бермеген. Сонымен бірге, бұл сайттағы "Отбасылық бюджет" бөлімінде: "Кредит картасынан құтылыңыз және несие алмауға тырысыңыз" деп кеңес беруі сұрақ тудырады, – дейді Қ.Қаппаров.

Оның пікірінше, жұрттың сауаты кейінгі 10 жылда қарыштап дамыған қаржы технологияларының шаңына да ілесе алмай қалды.

– Қазір дүниежүзінде микронесие беретін онлайн компаниялар миллиондап өсті. Ал адамдар өз тәуекелдерін санай алмайды. Олар ақша алудың оңайлағанын түсінгенімен, оның пайызына қанша төлейтінін ұғынбайды. Соның кесірінен бір несиені екіншісімен жауып жүр. Адамдарды ауылдардан автобуспен әкеліп, бір жолда 40-50 шақты адамға микронесие рәсімдеп қайтатын алаяқтық схемалар да бар. Осындайлардың несиесін мемлекет жаппаса болғаны, – дейді экономист.

Сол себепті халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру қаржы қызметі нарығын дамыту үшін де қажет.

Қ.Қаппаров Atkinson мен Messy тұжырымын атайды. Оған сенсек, қаржыны жұмсап, пайдаға жарата білу бойынша білім беру жұмыстары төменде аталған үш топқа бағытталуы тиіс:

  1. Формалды түрде қаржы өнімдері жоқтарға;
  2. Өнімдердің аса шектеулі мөлшерін тұтынатындарға;
  3. Тәжірибесіз, жаңадан жүйеге тартылған тұтынушыларға.

– Нарықтың қалай жұмыс істейтінін жақсы түсіну төлем қабілетінен айырылу мен үлкен шығынға жол бермеу үшін қажет, – дейді ол.