Интернет сауданы ерте бастағандар бүгін миллиардер

Интернет дәуірі басталғалы бері сауданың да біршама бөлігі онлайн тәртібіне ауысып үлгерді. Бүгінде Интернет саудасына арналған платформа құрып, миллионер атанғандар саны 12 мыңнан асқан.

АҚШ-та Amazon корпорациясының негізін қалаушы Джефф Безос жуырда Билл Гейтсті басып озып, әлемдегі ең бай адам атануы мүмкін. Ал аталған компаниядан бірнеше есе үлкен қаржы айналымына ие қытайлық Alibaba Group компаниясының негізін қалаған 17 тұлға да миллиардерлер қатарында.

Қазақстан – дамушы елдер қатарында болса да, интернеті жылдам өріс алып келе жатыр. Өзіне қажет тауарын интернет арқылы сатып алатын отандастарымыз қатары да біршама көбейген. Онлайн сауда платформаларының табысы да артқан.

Бірақ интернет арқылы сатып алынған тауарға көңілі толмайтындар көп.


Джефф Безос (сол жақта) – Amazon негізін қалаушы, Джек Ма (сол жақта) – Alibaba Group негізін қалаушы / Коллаж

Интернет сауда – көзбен көріп, қолмен ұстамаған затты сатып алу

Интернет дүкендер дәстүрлі емес сауда жүйесі болғандықтан, тауарды өз көзіңізбен көріп, қолыңызбен ұстай алмайсыз, киім болса, өлшеуге кие алмайсыз. Одан кейін сатушының өзін көрмей, интернет арқылы келісімге келу де кейбір адамдардың көңіліне сенімсіздік ұялатады.

Шымкент қаласының тұрғыны Бағила – интернет арқылы сауда жасағаны үшін өкініп отырғандардың бірі.

Бағила осыдан бір жарым ай бұрын Olx.kz интернет дүкенінен мерейтойға арналған көйлек сатып алған. Келісім бойынша, көйлекті үйіне дейін жеткізіп берген. Бірақ көйлекті алған бойда оның сапасының хабарландыруда жазылғандай емес екенін көреді. Бірақ та сатушыға қайтару мүмкін болмапты.

"Аз уақытта көйлек алуым керек болғаны үшін ғана, интернет дүкенге жүгінген едім. Әйтпесе, арнайы мерекелі кештер үшін көйлекті үнемі тапсырыспен тіктіремін. Бағасы да, орта есеппен, өз көңіліңдегідей шығады", – дейді Бағила ханым.

Онлайн сатушыға сенім бар ма?

Электронды сауда платформаларындағы сауда белсенділігін анықтау мақсатында әлеуметтік сауалнама жүргізген едік. Оған Алматы қаласынан жалпы 230 адам қатысты.

Олардың 72 пайызын 14-30 жас аралығындағы ел азаматтары құраған болса, қалған бөлігін жасы 30-дан жоғарыларды қамтыды. 64 пайызы – әйелдер, 36 пайызы – ер адамдар.

Жалпы алынған мәліметке орай, 30 жасқа дейінгілердің 27 пайызы интернет арқылы айына бір рет, ал 42 пайызы кем дегенден бес рет сауда жасайды екен. 31 пайызы аптасына 3-4 рет сауда жасап үйренген.

Сауалнамаға қатысқандардың барлығы тауарды қолына алмайынша, оның ақысын төлемейді. Сатушыға деген сенімнің төмен екендігін бірауыздан айтқан.

Тағы да назар аударатын мәселе, сауалнамаға қатысқан 30 жасқа дейінгілердің басым бөлігі ірі көлемдегі тауарларды, әшекей бұйымдар мен мобильді девайстарды сатып алу үшін интернет платформаларды қолданбайды. Себебі бағалы заттарды арнайы дүкенге барып, сатып алған сенімдірек.

Ал жасы 30-дан асқандар интернет саудаға сеніңкіремейді. Осы күнге дейін мардымды сауда жасамаған.

Бұл санаттағы сауалнамаға қатысқандардың 80 пайызға жуығы Қазақстанда сұранысқа ие интернет дүкендердің бар екенінен де хабарсыз болып шықты. Қалғандары білсе де, сауда жасап көрмеген.

Әлеуметтік желідегі хабарландырулар сенімді ме?

"Белгілі бір тауарды сатып алғым келіп, интернет арқылы іздеген кезде арнайы сауда платформаларын пайдаланамын. Ал жоспардан тыс өзіме ұнайтын затты көріп, кейіннен сатып алу көбіне әлеуметтік желілер арқылы жүзеге асырылады", – дейді әл-Фараби Қазақ Ұлттық Университеті 3 курс студенті Әлия.

Әлия интернетте сауда жасаған кезде сувенир немесе кітап сынды бағасы қымбат емес заттарды қарайды. Себебі тауарға көңіліңіз толмаса, оған жұмсалған қаржы текке кетті деп өкінбейсіз дейді. Ал ұнамаған тауарды сатушыға қайтару мүмкіндігі жайлы ойлап көрмеген.


Фейсбуктегі сауда топтары / Скриншот

Жалпы әртүрлі тұрмыстық техника, мобильді құрылғы немесе компьютер жабдығын ірі компаниялардың интернет дүкенінен алған жөн. Олардың жеткізіп беру қызметі де бар.

Дамыған елдерде сапасыз затты кері қайтаруға болады

Америка құрлығындағы алып елдің электронды сауда нарығында көптеген компаниялар жұмыс істейді. Солардың ең көлемді әрі сенімділері – Amazon мен eBay. Аталған компаниялар сатып алушылардың сенімін толықтай ақтайды, абыройға ие.

Болашақ бағдарламасымен АҚШ-тың Нью-Йорк университетінде білім алып қайтқан Бақытжан Әлжанұлының пікірінше, америкалықтар интернет арқылы тауарын саудалайтын сатушыларға сенеді.

Тауардың сапасы хабарландыруда көрсетілгендей болмаса, компания төленген қаржы мен оның жеткізіп беруге жұмсаған құнын толығымен қайтарады. Тіпті, үстіне қосылған салық та несие картаңызға кері аударылады.

Сонымен бірге Amazon, eBay сынды алпауыт компаниялар сапасыз тауарды сатуға тырысқан адамдарды тез анықтап, оларды онлайн платформадан алып тастайды.

Бірақ сатып алушының да өз жауапкершілігі бар.

"Тауардың сапасы көңіліңізден шықпаған кезде, ақшаңыз қайтарылады. Бірақ оның сапасы жайлы жазбаға мән бермей алған болсаңыз, ол сіздің қателігіңіз. Оны компания төлемейді", – дейді Бақытжан.


Amazon.com интернет дүкені / Скриншот

Англияда сатып алған затыңызды пошта арқылы аласыз

Лидс университетінде білім алған Абай Отардың айтуынша, мұнда пошта қызметі жақсы дамыған. Кез келген тауарды уақытымен мекенжайыңызға жеткізіп береді.

"Қазақстанда тауарды сатушы тұлға өзі жеткізіп берумен айналысса, Англияда пошта қызметі және тасымалдаумен айналысатын басқа компаниялар бұл міндетті өзіне алған.

Айтпақшы, Англияда тамақты да онлайн алуға болады. Кәдімгі піскен тамақты жеткізіп беру аса жаңалық емес қой. Алайда мені таң қалдырғаны – Sainsbury, ASDA секілді үлкен сауда-саттық орындарының интернет арқылы азық-түлікке өтініш қабылдап, жеткізіп беру жүйесі.

Яғни, демалыс күндері сөмке көтеріп, базар араламай-ақ үйде отырып, керекті заттарды сайттан таңдап, сұраныс жібере қоясың. Ертеңіне бәрін жеткізіп береді", – дейді Абай Отар.

АҚШ пен Англия сынды дамыған елдерде біраз болып қайтқан адамдар бірде-бір рет болсын алданбағанын айтады. Тіпті, кейде тапсырыстың уақытынан ерте орындалған кездері де болған.

Онлайн төлем жүйесі дамығанда ғана қазақстандық интернет сатушылар сапаны қадағалауды міндетіне алады

Қазақстанда өзге елдердегідей кез келген тауардың сан түрін интернеттен табуға болады. Мысалы, көлік саудасының да ең үлкен базары kolesa.kz сайтында ұйымдастырылған.

Бірақ, компанияның өнімдер бойынша директоры Дмитрий Ботанов айтуынша, сатушы мен сатып алушы арасындағы келісімге интернет дүкеннің еш қатысы жоқ.

Көлік сатып алушы kolesa.kz арқылы тек таңдауын жасайды. Көрсетілген байланыс нөміріне хабарласып, көліктің өзін көріп, бағалайды. Содан кейін мүмкін болса келісімге келеді.

"Біз тауар ағымында делдал қызметін атқармаймыз. Сондықтан Колеса, Маркет немесе Крыша сайттарында онлайн төлем жасау жүйесі енгізілмеген. Біздің сауда платформаларының шетелдегіден айырмашылығы сонда. Сатушының жауапкершілігін өз мойнымызға алмаймыз, – дейді ол.


Kolesa.kz сайтынан / Скриншот

Д.Ботанов мырзаның айтуынша, болашақта market.kz дүкенінде онлайн сатып алуды қосу жоспарда бар. Бұл Қазақстандағы сатып алушылардың сатушыға деген сенімі артқан кезде ғана орындалмақ. Әзірге өзіне ұнаған тауарын тауып, сатушыға тікелей хабарласып, келісімге келеді.

Интернеттен сауда жасасаң, есіңде болсын!

Кез келген тауарды интернет арқылы саудалаған кезде алдымен сатушыға берілген баға арқылы оның сенімділік деңгейін анықтау керек.

Интернеттен көргеніңізбен, төлемді келісілген жерге барып, тауарды өз көзіңізбен көргеннен кейін ғана жасаған абзал. Себебі сіздің сатып алуға жұмсалған қаржыңыз қайтарылмауы да мүмкін.

Тауарға берілген анықтама да маңызды рөл атқарады. Мысалы, онлайн платформада басқаша, ал барып көрген кездегі тауар сапасы басқа болуы мүмкін. Сондықтан сатып алуға келісіміңізді бермей тұрып, жақсылап тексеріп алыңыз.

Және бір ескеретін жайт, Қазақстанда интернет дүкен арқылы сатылған тауарлардың басым бөлігіне сапа кепілдігі берілмейді. Демек, тауар жап-жаңа болса да, оның бұзылып қалу қаупі алушының өз жауапкершілігінде.

Елімізде онлайн сатып алу жүйесін тек техникалық девайстарды саудалайтын брендтер ғана ұйымдастырған.

Қалған сауда платформалары тек мол ақпаратты бір орталыққа жинақтап, бөлісіп отыруға мүмкіндік береді.

Ал төлемді жасау онлайн емес. Бұл сатушыға деген сенімнің әлі де аз екенін көрсетеді.