Қазақстандық тауар өтпей ме, әлде тұтынушысына жетпей ме?
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қазақстандық жеңіл өнеркәсіпке берген бұл жолғы бағасы "Халық тұтынатын тауарларды өзімізде көптеп шығару керек. Біз мұны ұмыттық. Егер, сіздер киген шетелдік киімді алып қалсақ, сіздер тыр жалаңаш қаласыздар" деген ащы әзілімен түйреп өтті.
Жеңіл өнеркәсіп пен шикізатты тереңдетіп қайта өңдеу секторына 500 млрд теңге бөлінгені кешегі жолдаудан кейін белгілі болды. Бірақ бұл жаңалық емес, бұған дейін де қаржы бөлініп жатыр, бөлініп жатыр. Бірақ нәтижесіне келгенде қынжыла бас шайқап қаламыз. Мемлекеттің бұл саланы алға жылжытады деп бөлген қаржысы туралы мәліметтер Елбасымыздың әр жолдауы сайын жаңарып тұратынын жиі байқаймыз.
"Нәтижесін қашан көреміз?" деген заңды сауалдың жауабы үкіметтің дәліздерінен аса алмай жатыр.
2017 жылдың желтоқсан айында Астана қаласында жеңіл өнеркәсіпті дамыту тақырыбына арналған халықаралық конференцияда елімізде 1534 жеңіл өнеркәсіп орны тіркелгені белгілі болды. Ал оның 20-сы – ірі, 35-і – орташа және 1479-ы – кішігірім өнеркәсіп.
Ресми деректерге жүгінсек, бұл өнеркәсіп орындарының тек 58 пайызы ғана жұмыс істейді. Қазақстандық нарықтағы отандық өндіріс ошақтарының үлес салмағы бар-жоғы 0,6 пайыз. Оған қоса биылғы жылы 20-дан астам кәсіпорын өз жұмысын тоқтатыпты.
2017 жылы жеңіл өнеркәсіптегі белсенді өндірушілер саны 27 пайызға кеміп, 79-дан 58-ге дейін азайған.
Қырғыз қыр асып кетті
Бұл елде жеңіл өнеркәсіп қарқынды даму үстінде. Мұнда жылына 190 миллион доллардың өнімі өндіріліп, оның басым бөлігі Қазақстан мен Ресейге тасымалданады екен. Сарапшылардың есебіне сүйенсек, елдегі жеңіл өнеркәсіп секторының 40 пайызы ресейліктердің, 30 пайызы қазақстандықтардың иелігінде. Қырғыз реэкспорты туралы мәселе –экономистер мен үкіметтің экономикалық блогы бірлесіп отырып талқылауы тиіс жеке тақырып.
Жеңіл өнеркәсіп қауымдастығының төрайымы Любовь Худованың айтуынша, Қырғызстанда ішкі жалпы өнімнің 30 пайызын жеңіл өнеркәсіп беріп отыр, ал Қазақстанда ол небәрі 0,03 пайыз екен. 2010 жылдан бергі уақытта отандық жеңіл өнеркәсіп ішкі қажеттіліктің тек 10 пайызын ғана өтепті. Қалған 90 пайызы сырттан келетін өнімдердің үлесінде.
Любовь Худова бізге көптеген кәсіпорындардың жұмысын тоқтатуына мемлекеттік тапсырыстың бір қолға өтіп кетуі себеп болғанын айтты.
– Мемлекеттік тапсырыс бір қолда болса, кәсіпорындардың да, жұмысшылардың да қатары азаяды. Үкімет жеңіл өнеркәсіпті дұрыс жолға қоя білсе, мемлекет қазынасына түсетін кіріс тұрақты болып, жұмыспен қамту мәселесі де шешімін табар еді. Жеңіл өнеркәсіп тұрғындарды жұмыспен барынша көбірек қамтуға мүмкіндік береді. Әлемнің көптеген елдерінде жеңіл өнеркәсіп – қарапайым халықты жұмыспен қамтудың негізгі көзі болып саналады. Өкінішке қарай, әзірге жеңіл өнеркәсіп саласын ілгерілету мүмкін болмай тұр, – дейді ол.
Жеңіл өнеркәсіп қауымдастығының өкілдері еркін экономикалық аймақ құрудың кезі келгенін айтып отыр.
– Біз Белоруссия мен Қырғызстанның тәжірибесін зерттедік. Олар бұл салада алға озып кетті. Егер, еркін экономикалық аймақ құруға қол жеткізсек, салық жеңілдіктеріне қатысты біраз мәселеелердің түйіні тарқатылатын еді, – дейді қауымдастық төрайымы Любовь Худова.
Любовь Худова сөз арасында осы мәселелердің Ресейде,Өзбекстанда шешімін тапқанын айтып өтті.
– Егер, Қазақстанда осындай еркін экономикалық аймақтар ашылса, банктер біз алдына бармай-ақ инвестиция салуға, өндірісті дамытуға мүдделі болар еді, – дейді Любовь Худова бізбен әңгімесінде.
Тоқсан сайын мультимиллионер шығаруға мүмкіндік бар
Бірақ бұл арманды болашақтың еншісінде қалдырудан өзге амал жоқ. Мұнайдың кермек дәмін ұмыта алмай жүрген біздің билік әзірге бұл салаға шындап мойын бұруға ықылас танытып жүрген жоқ. Мамандар импорттың көптігінен кәсіпкерлеріміздің жеңіл өнеркәсіптен қашқақтайтынын айтады. Отандық өнімдерге емес, қаппен, вагонмен тасымалданатын импортқа басымдық беріп жүр.
2018 жылдың бірінші жарты жылдығының қорытындысы бойынша, елімізге жалпы көлемі 144,3 миллион долларды құрайтын импорттық киім-кешек әкелініпті. Олардың 80 пайызы Қытай, Түркия, Бангладеш, Италия және Өзбекстан елдерінен жеткізілген тауарлар. Мәселен, осы мерзімде Қытайдан әкелінген киім-кешек өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 9 пайызға өсіп, Бангладештен жеткізілген тауарлар 45 пайызға өсіп, 22 миллион долларға жетіпті.
Бір ғана Алматы қаласына жеткізілетін импорттық киім-кешектер жергілікті кәсіпорындар шығаратын өнімдерден 18 есе асып түсті. Халық тұтынатын қолғаптардың 93 пайызы, шұлық өнімдерінің 73 пайызы Қытайдан жеткізіліп тұр.
Халықаралық тәжірибеде экономикалық экспансияға төтеп беру үшін жеңіл өнеркәсіптің үлесі 30 пайыздан кем болмауы тиіс. Ал бізде 10 пайыздық қазіргі көрсеткіште тапсырыспен, тендер арқылы дайындайтын мектеп, әскери формадағы киім үлгілерінің үлесі басым.
Қазіргі жағдай қырғызбен қытай нарығы болмаса, өлікті арулайтын ақтықты да таппай қалатын деңгейдеміз.
Импортқа "бауыр басып қалыппыз"
Саланы тұншықтырып жатқан контрабандалық тауар тасымалы мәселесін бірнеше жылдан бері шеше алмай келеміз. Қытай, Түркия және қасымыздағы Қырғызстаннан көлеңкелі және заңды жолмен келетін дайын киім-кешек пен текстиль отандық өндірісті қыспаққа алып отыр. Жеңіл өнеркәсіп саласының беталысы "отандық өнімді таңдаңыз" деп жар салуға әлі де жеткізбей тұр.
– Қырғызстан шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту үшін оларды салықтан босатқан. Осылай халқын жұмыспен қамтып қана қоймай, экономикасын жақсартып отыр.
Қырғызстан халқының 30 пайызы дәл осы жеңіл өнеркәсіппен айналысып, соңғы он жылда көп нәрсені үйренді. Бұл ретте олар германдық белгілі компаниялармен іскер байланыс орнатып, солардың технологиясын мықтап меңгерді. Сөйтіп төмен сапа, арзан баға принципімен жұмыс істейді. Енді бұл тізімге Өзбекстан қосылды, – дейді Любовь Худова.
Өзбек нарығы ояна бастады
Мақта-мата өнімдерінен бұйымдар дайындайтын 728 кәсіпорын "Өзбекстанда жасалған" маркісімен өнімдерін әлемнің 50 еліне экспорттай бастағанын өзбек басылымдарының бәрі жарыса жазып жатыр.
Қазақстан жеңіл өнеркәсіп қауымдастығының басшысы Любовь Худова осыдан 27 жыл бұрын мақта өсірсе де, дайын бұйым шығаратын бірде-бір кәсіпорны болмаған Өзбекстанның бұл қадамын реформаторлық шешімге балайды.
Оңтүстік Кореяда тұратын Өзбекстанның сән дизаинері Эленора Тэтринова орыс және кәріс тілдерінде шығатын 경향닷컴 (Kyunghyang) порталында өзбектердің жеңіл өнеркәсібі инвестициялық тартылыстың нүктесіне айналып отырғанын, Кореяның жеңіл өнеркәсіп магнаттары Ташкентке келуді ойластыра бастағанын айтыпты.
Өзбекстан жеңіл индустриясындағы өзгерістердің мультипликативтік әсері қандай болмақ?
Бұл сұраққа мамандар жауап беруге асығар емес. Популизм мен ұраншылдықтан ада өзбек экономикасы бізге әлі ішін бермейді. Деректерді сөйлетсек, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында өзбектер тек 7 пайыз ғана мақта талшығын қайта өңдейтін. Қазір бұл көреткіш 55 пайыздан асып кетіпті. Өзбекстанда ішкі нарыққа шикізат өткізген азаматтарға 15 пайызға дейін салықтық жеңілдік қарастырылған.
Жеңіл өнеркәсіптің артықшылығын түсінген елдер бұл саланы мемлекеттік қолдаудың тиімді тетіктерін қарастырып отырғанын алға тартқан Любовь Худова бір-екі мысалға тоқталды.
– Өзбекстанда жеңіл өнеркәсіп саласындағы кәсіпорындар корпоративті салықтан босатылады. Бірақ оларға сол қаржыны өндірісті алға ілгерілету үшін өз кәсіпорнына инвестициялау талабы қойылады, – дейді ол.
Любовь Худова әңгіме арасында Ұлыбритания, Германия, Швейцария, Сингапур, Оңтүстік Корея, Үндістан мен Түркия сиқты елдер өзбектердің жеңіл өнеркәсіп саласына инвестиция салып үлгіргенін айтты. Өзбекстанда жеңіл өнеркәсіптің ІЖӨ-дегі үлесі 2,7 пайызға, тауар көлемі 15 пайызға артыпты. 2019 жылы құны 918 млн АҚШ долларына бағаланған 77 ірі жоба жүзеге жүзеге асады деп отыр. Нәтижесінде тоқыма өнімдерінің үлесі 3 есе, тоқыма трикоттаж өнімдері 1,5 есе өсуі мүмкін.
– Өзбек нарығы оянса, қытай, қырғыз жеңіл өнеркәсібін біздің нарықтан ығыстырып шығаруы мүмкін. Себебі көрші елден келіп жатқан тауардың сапасы қытай және қырғыз тауарларына қарағанда жақсы. Өзбек басылымдары 2020 жылға қарай елдегі дайын өнімдердің үлесі 70 пайызға дейін өсуі мүмкін екенін айтып жатыр, – дейді Любовь Худова.
Жыл басында өзбекстандық Mir24.tv телеарнасы Өзбекстанның аяқ киім және теріден жасалған бұйымдарын, киім түрлерін Түркия, Италия, Ұлыбританияға экспортқа шығару және Орталық Азиядағы ең ірі теріні тереңдетіп қайта өңдейтін орталық-хабқа айналдыру ниеті барын, Өзбекстанның Ресеймен арадағы экспорты 2016-2018 жылдары 20 есеге дейін өсіп, 3 млрд АҚШ долларына дейін жеткен.
Өзбек экспортының 80 пайызы – мақта-мата және теріден тігілген аяқ киім.
"Узчармсаноат" қауымдастығының басшысы Сардор Өмірзақов 2018 жылы 18 маусым күні Mir24.tv журналистерімен кездесуде ТМД елдерінің Өзбекстан үшін маңызды эспорттық нарық болып қалатынын, алдағы бес жылда жеңіл өнеркәсіп тауарларының экспорты 20 есеге дейін өсетінін, шикізаттық емес, дайын өнімдерді экспорттауға ниетті екенін айтқан.
Отандық дизайнерлер жеңіл өнеркәсіпке неге қырын қарайды?
Любовь Худова Қазақстанның текстиль фабрикалары отандық дизайнерлермен жұмыс істеуге ықыласты екенін айтады.
– Дизайнерлердің көпшілігі киімнің сән үлгісін өздері дайындап, өздері нарыққа шығарғысы келеді. Барлығының әрекеті сәтті бола бермейді. Киімнің сән үлгісін дайындау оңай, оны үлкен көлемде дайындап, нарыққа алып шығу қиын. Біз бірігіп жұмыс істеуге дайын екенімізді дизайнерлерге айтып келеміз, – дейді Любовь Худова.
Дизайнерлер мен жеңіл өнеркәсіп тандемы ЕО елдерінде жақсы жолға қойылыпты. Дизайнерлер өздерінің коллекцияларын дайындап, жеңіл өнеркәсіп секторына сатады.
Ал қазақстандық дизайнер Алина Хан біздің елде дизайнерлер мен жеңіл өнеркәсіп сектор арасында байланыстың жоғын айтты.
– Олар білімін жетілдіруге емес, сән үлгілерін ойлап табуға емес, мемлекеттік тапсырыстарға басымдық беріп кетіпті, – дейді Алина Хан.
Таланттар бар. Бірақ өндіріс оларды іздеп жатқан жоқ
Алина Хан бұл үшін дизайнерлерді кінәлаудың қажеті жоқ дейді.
Себебі олардың көпшілігі өндіріспен жұмыс істеудің не екенін білмейді екен. Өндіріс – бұл технологиялық тізбек. Егер, өндірістің басшылары дизайнерлерді дайындайтын ЖОО-дарына жиі барып, студенттерді өздеріне баулып, тәрбиелесе, бәрі басқаша болар еді.
– Қазақстандық дизайнерлердің алды халықаралық деңгейде таныла бастады. Біз екі тарапты бір-біріне жақындатсақ, мыңдаған адамдарды жұмыспен қамтамасыз ететін едік. Бізге мамандарды тәрбиелеуден гөрі, Қытай мен Түркиядан киімді қапшықтап тасыған жеңіл. Мұнай мен газ бізді аш қалдырған жоқ. Қырғыз мен өзбекте ондай мүмкіндік жоқ. Сондықтан, нарықтан орын алуға олар ертерек қамданып жатыр. Ертең бізді тек қытай мен түрік емес, өзбек те киіндіре бастайды, – дейді Алина Хан.
Алина Хан біздің жеңіл өнеркәсіп тендерге қарай бейімделе бастағанына алаңдайтынын айтады.
– Көпшілікке арналған киімдерді тігу үшін технология керек. Мамандарды оқыту керек. Біраз ақша шығарса, оның қайтарымы қапшықтап киім тасығаннан әлдеқайда көп, – дейді Алина Хан.
Любовь Худованың пікірінше, мұның екі себебі бар. Киім сататын дүкендерде сауда нүктелерін жалдау ақысы тым жоғары, кәсіпкерлерлер тек атақты брендтердің өнімдерін сатуға мүдделі. Біздегі барлық тігін фабрикасы импорттық шикізатпен жұмыс істейді.
"Біздің тігін цехтарында дайындалған киімдеріміз тұтынушының талғамына сай келе ме?" деген сұраққа "ARCADA" компаниясының коммерциялық директоры Эльза Розенталь өздерінің қазақстандық киім тігетін кәсіпорындармен келісімшарт жасауға ұмтылғанын айтты. Бірақ біздің отандық киім индустриясы сауда үйлеріндегі "В", "С-В" категориялары аудиториясының талабына сәйкес келмейді екен.
Fashion-индустрияның Қазақстан тұрғындарын сәнді киімдермен де, күнделікті киетіндермен де қамтамасыз етуге мамандары бар, күші де, қаржысы да жетеді. Бірақ олар тауарларын қалталы азаматтарға, эстрада әншілеріне арнап тігеді. Қазақстан жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары қауымдастығының Президенті Любовь Худова саланың дамуына тежеу болып отырған ішкі нарықтағы жағдайлардың теңсіздігі деп есептейді. Ішкі теңсіздікті сарапшы-маман екі түрлі мысалмен түсіндіреді:
– Бірінші, Қытайдан, Қырғызстаннан елімізге тауар алып келетін физикалық тұлғалардың арнайы салық төлеместен, еш қиындықсыз жүзеге асыратын карго-тасымалдары базарлардағы арзан тауарларды қалыптастырады. Салыстырмалы түрде, отандық қымбат аяқ киімнің қасында қытайлық арзан балама тұрғанда, бір жалақыға бар баласын бастан-аяқ киіндіруге шамасы жоқ ата-ана екіншісін таңдайды, бағасы арзанына жүгіреді. Шекара асып келетін көрші мемлекеттің тауарының сапасыз екенін білсе де, соны жаппай сатып алып жатыр. Кедендік тексеріс кезінде сапасы есепке алынбайтын, тек жүгінің көлемі мен салмағы үшін ақша төлейтін саудагерлер отандық кәсіпорындарға үлкен бәсекелес болып отыр.
Екінші, теңсіздік шикізат экспорты кезінде туындайды. Елімізде тері, мақта, былғары сияқты шикізаттың қоры мол. Сондықтан жеңіл өнеркәсіптің әлемдік нарығында біз әлдеқайда әлеуеті жоғары ел бола аламыз. Өйткені шикізаты өзінен шығатын ел өзгенікіне тәуелді болмайды, тауары да арзан болады. Соған қарамастан, біздегі шикізаттың 80-90 пайызы экспортқа кетеді. Өйткені, мақташылар сияқты өндірушілерге өз елімізде бар зауытқа өңдеуге тапсырғаннан гөрі, өнімін шетелге сатқан тиімдірек. Оның үстіне экспортқа шығарылатын шикізат үшін қосымша құн салығынан босатылады. Дәл сол мақтаны ішкі нарықта сатса, ешқандай салықтық жеңілдікті пайдалана алмайды, – дейді Любовь Худова.
Қазақтың абыройын қырғыз жапты
Бұл бренд біздікі емес, қырғыз дизайнерлеріне тиесілі.
Қазақ қызы Самал Еслямова Канн фестивалінде "Көрермен көз айымы" жүлдесімен марапатталып жатқан кезде оның иығына жамылған оюлы-зерлі күртешесіне назар аудармаған қазақ қалмаған еді. "Ұлттық дизайнерлеріміздің бірінің қолынан шыққан киім ғой" деген сенімді ойды біз де санаға түйіп қойғанбыз. Әлеуметтік желілердің қазақстандық сегментінде сол сәтті ақжолтай хабарға теңеп, бүкіл елге таратып жіберген. Қателесіппіз. Ерте қуаныппыз.Самалжанның үстіне жамылып шыққан қазақы күртеше біздің емес, қырғыз дизайнері Фарзана Шаршембаеваның қолынан шыққанын енді біліп отырмыз. Қырғыз басылымдары Фарзананы тек Қырғызстанда емес, әлемге танылған дизайнер екенін айтады. АҚШ-тың атақты модельері Донна Каран да Фарзана тіккен күртешемен көрінді. Тек Донна ғана емес, әлемдік сән үлгісінің икондары мен саясаткерлері қырғыз дизайнеріне арнайы тапсырыспен киім тіктіреді екен.
Фарзана Шаршембаева аталмыш брендті тек өзі емес, алты әпкесімен бірлесе шығарады екен. Апалы-сіңлілердің фэшн-индустриядағы жолы жүнді қайта өңдеп, шарф-күртеше тігуден басталыпты. Кейін таза жібектен тігілген сәнді көйлектерді айналымға шығарды. Уақыт өте келе оны отбасылық кәсіпке айналдырған.
– 2011 жылдан бастап әлемдік деңгейдегі фестивальдерге қатысып тұрамыз. Өз елімізде емес, Батыс елдерінде, АҚШ-та бізді көбірек таниды. Қазақ әртісі Самал Еслямованың Канн фетивеліндегі күртешесі арнайы тапсырыспен дайындалды. 2017 жылы Шарлотты Мосстың тапсырысымен жұмыс істедік.Оның өткен жылғы Нью-Йорктегі сән апталығы тек біздің бренд киімдермен толықты. Сондай-ақ "Ibu Movement", "Gypsy-global", "HoonArtsь" сияқты АҚШ бренд компанияларымен бірлескен жобамыз бар, сонымен жұмыс істеп жатырмыз, – дейді Фарзана Шаршембаева бізбен әңгімесінде. Фарзана Шаршембаева өз елінен гөрі Батыс елдерінде, АҚШ-та көбірек танымал екенін айтты.
Қытайда қазір жеңіл өнеркәсіп жалпы өнімнің 15 пайызын өндіреді
"Біз оларға шикізатты мүлдем арзанға, тіпті су тегінге береміз, содан олар тіккен аяқ киімдерді, тондарды, кілемдерді, киіздерді бірнеше есе бағаға қайта сатып аламыз. Қазақстандағы жеңіл өнеркәсіпті дамыту үшін Қытай кәсіпкерлерін тарту керек" деген пікірлер де айтылып қалады.
Химия ғылымдарының докторы Хакім Сүйербаев те бұл пікірді қолдайды екен.
– Қытай мақта мен жүн шикізатын бізден алып, одан жіп иірудің нағыз шебері саналып отыр. Сондықтан көптеген кәсіп иелері өндіріске қажет жіпті Қытайдан импорттауға мәжбүр. Сондықтан бұл жерде Қытай елімен әріптестік орнатып, бірлескен кәсіпорындар құру арқылы осы тапшылықты жоюға болады. Осы жайттарды ескерсек, бұған мемлекеттік қолдау болуы керек. Өз басым Қытаймен әріптестік құрғанның ешқандай зияны жоқ, мұны қолдау керек деп ойлаймын, – дейді Хакім Сүйербаев.
Экономист Марал Төртенова бізде жаңашылдыққа ұмтылу бар болғанмен, әрі қарай жетілдіруге келгенде кенжелеп отырғанымызды айтады. Үкімет жағынан қолдау бар. Биязы жүнді мен меринос қойларын өсірушілерге жеңілдіктер қарастырып отыр.
Бірақ мұның өзі жүйелі емес, бұл қолдау – отандық жүн өндірісін, жеңіл өнеркәсіп саласын дамытудың алғышарты ғана. Қазірде әлемдік нарықта топстың бір келісі – 9-10 АҚШ доллары тұрса, таза иірілген жүннің құны – 9,5-16 долларға тең. Бізде бұл екеуі де жеткілікті.
Демек өңдеу өнеркәсібін жетілдіруге мүмкіндік бар.
– Өңдеу өнеркәсібінсіз Қытай, Ресей сияқты белсенді шетелдік алыпсатарларға тәуелді болып қала берміз. Қытай кәсіпкерлерін тарту туралы пікірлермен келіспеймін. Мұны қолдаудың қажеті жоқ. Бізге керегі шағын кластерді қолдау арқылы осы саладағы отандық кәсіп иелерін қолдау, оларды субсидия, дотация жағын қамту, елдегі биязы жүнді қойларды өсіретін орталықтарға мемлекеттік тапсырыстар беру арқылы шикізат көзін ашу қажет. Ал егер өзге елмен біріккен кәсіпорындар құратын болсақ, сол елдің кәсіпкерлерін қолдайтын болсақ, бұл сөз жоқ ішкі нарықтағы баға саясатын да, өнім өндіру саясатын да тағы басқа жүйелерді де өзгеріске түсіреді. Сондықтан бізге бұл арада отандық бизнесті қолдау керек, – дейді Марал Төртенова.