Биыл Қазақстанда бидай бітік шықпаған. Шілденің ыстығында бірқатар егіс алқаптары күйіп кеткен. Құрғақшылықтан Қостанайдың 8 ауданының алқаптары қатты зардап шекті.

Бидайдың өнімділігі орташа есеппен гектарына 4-5 центнерден аспапты. Бұдан бөлек көптеген егістік жерлерінің топырағы құнарсызданып кеткен.

Енді қазақстандықтарды дәнді-дақыл және ұн өнімдерімен қамту үшін Үкімет Солтүстік Қазақстан, Ақмола және Қостанай облыстарында жиналатын астыққа үміт артып отыр. Бұл туралы 20 қыркүйекте Алматыда өткен ҚР Парламенті Сенатының көшпелі отырысында мәлім болды.

– Биыл өте қиын болды. Егін егу және тыңайту жұмыстарын дер кезінде бастадық. Бірақ егін жоспардағыдай шықпады. Жылдағыдан 3 есе көп өнім аламыз деп ойладық. Алайда былтырғымен салыстырғанда астық көлемі 15 пайызға аз шықты. Күннің ыстығы қатты әсер етті. Қазір Солтүстік өңірлерде жаңбыр жауып, жиын-терімге кедергі келтіріп жатыр. Астықты судай жинап жатырмыз, әрине бұл да сапаға әсер етеді. Дегенмен, қанша өнім алғанымызды қамбаға құйғанда нақты айтамыз, – деді ҚР Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Айдарбек Сапаров.

Жоспар бойынша Қазақстанда биыл 20 млн тонна астық жиналады деп күтілген. Егілген барлық дақылдардың көлемі 22,2 млн гектарды құрады. Оның ішінде бидай 6 млн гектар аумаққа себілді. Әзірге жиналған өнім көлемі – 9,2 млн тонна. Егіннің бітік шықпауы нан бағасына әсер етуі мүмкін. Бірақ оның құны қанша теңгеге қымбаттайтыны әзірге белгісіз.

– Нан бағасы көтерілмеуі үшін "Азық-түлік келісім-шарт корпорациясы" астықты сатып алу науқанын жариялады. Оның құны тоннасына 62 мың теңге. Бірақ бұл көлемді көтеру қарастырылып жатыр. Ал нан бағасына келсек, әзірге 75-78 теңге шамасында болып қала береді. Қазір нанның құны қаншаға көтерілетінін дөп басып айту қиын. Өйткені оның бағасы әр өңірде әртүрлі. Шаруалар бидайды өз бағасымен сатқанымен, наубайханашылар құнын қымбаттатып жіберуі мүмкін. Біз әрине бағаны қазіргі күйінде ұстап қалуға тырысамыз. Бұған жергілікті әкімшілік және Сауда министрлігі де жауапты болуы керек, – деді Айдарбек Сапаров.

Қазақстандықтар нан мен ұн өнімдерінен тарықпайды. Осылай деп сендірген ауыл шаруашылығы министрлігіндегілер астық көлемі сұранысты қанағаттандыруға жетеді дейді. Тіпті 7 млн тонна өнім экспортталмақ. Қазақстандық бидайдың сапасы жоғары болғандықтан, 50 шақты шет мемлекеттерден тұрақты сұраныс бар.

Негізінен қазақстандық бидай мен ұнды Орталық Азия елдері көп сатып алады. Пәкістан, Ауғанстан және Қытайға астық жиі жіберіледі.

Жалпы егін жинау науқанына биыл 395 мың тонна арзан жанар-жағармай бөлінген. Егер жиын-терім кезінде жаңбырлы болса, дәнді-дақылды кептіргенге қосымша жанар-жағармай бөлінеді.