Қазақстанда мемлекеттік ең жоғарғы қанша марапат бар? Кімдерге, қалай беріледі?
Ел үшін істеген елеулі еңбектері, жеткен жетістіктері, қоғамға үлгі болған істері, әр саладағы абыройлы зерттеулері үшін мемлекетіміздің ең жоғарғы марапаттары – атақтар, орден мен медалдар беріледі. Марапаттардың дәрежесіне қарай төсбелгі тағылып, қаржылай сыйақы тапсырылады және түрлі жеңілдіктерге ие бола алады.
Қазақстанның ең жоғары марапаттары:
Ең жоғары дәрежелi ерекшелiк белгiлерi – "Алтын Қыран" орденi, "Халық қаhарманы", "Қазақстанның Еңбек Ері" атақтары, сондай-ақ Қазақстан Республикасының басқа да ордендерi, медалдары, құрметтi атақтары және Құрмет грамотасы – мемлекеттiк наградалар болып табылады.
"Алтын Қыран" ордені – ҚР ең жоғары дәрежелi ерекшелiк белгiсi. Республикаға сiңiрген мемлекеттiк ерекше еңбегi үшiн Қазақстан азаматтары немесе КСРО-ның ордендерiнiң бiрiмен марапатталған азаматтарға беріледі.
ҚР Президентi лауазымы бойынша айрықша үлгiдегi "Алтын Қыран" орденiнiң иегерi болып табылады.
Елге сiңiрген аса үздiк еңбегi, оның бостандығы мен тәуелсiздiгi жолындағы жауынгерлiк ерлiктерi үшiн "Халық қаһарманы"атанғандарға Алтын жұлдыз белгісі және "Отан" ордені тапсырылады.
"Қазақстанның Еңбек Ері" атағы – еліміздің экономикалық, әлеуметтік-гуманитарлық саласын дамытудағы аса үздік жетістіктері үшін беріледі. Оған қоса Алтын жұлдыз жөне "Отан" ордені тапсырылады.
Президенттің жарлығымен тағайындалатын мерейтойлық наградаларды да мемлекеттік марапаттарға қосамыз.
Бұдан басқа әр құзіретті мемлекеттік органдардың, облыстар мен аудан-ауылдардың, қоғамдық ұйымдардың ордендері мен медалдары, атақтары болады.
Орден мен медалдың қандай айырмашылықтары бар?
- Орден – медалға қарағанда жоғарғы дәрежелі марапат.
- Медаль белгілі бір қызмет саласына ерекше сіңірген еңбегі немесе естелік, сыйлық үшін беріледі; Орден айрықша еңбегі мен зор жетістіктері үшін беріледі.
- Орденнің тарихы орта ғасырдағы Еуропадағы әскери қолбасшылардың ортақ серті мен мақсаттарына байланысты. Орта ғасырдағы медаль бағалы сыйлық ретінде, ерекше орын белгісі және жоғары мәртебе символы ретінде ұсынылды.
- Медалдың алдыңғы жағында бедерлі дөңгелек нысаны бар. Орден дәстүрлі түрде күрделі дизайнмен жасалады.
- Орден медалға қарағанда, бірнеше дәрежеге бөлінуімен де ерекшеленеді. Мысалы, І дәрежелі Отан ордені.
Мемлекеттік сыйлық
Халық ордендер мен медалдардан гөрі Мемлекеттік сыйлықты жоғары бағалайды. Себебі, ол – КСРО кезінен қалыптасқан үрдіс.
Әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы мемлекеттік сыйлық экономикалық және әлеуметтік дамуды жеделдетуге ықпал еткен қазақстандық ғылым-техниканың озық жетістіктері мен қолданбалы зерттеулер саласындағы үздік нәтижелері үшін 2015 жылдан бастап беріліп келеді.
Әдебиет пен өнер саласындағы мемлекеттік сыйлық отандық мәдениетті дамытуға, отаншылдыққа үлес қосты деп танылған үздік шығармалары үшін 2008 жылдан бастап беріліп келеді.
Тағы ҚР Тұңғыш Президентінің Мемлекеттік бейбітшілік және прогресс сыйлығы мен "Дарын" мемлекеттiк жастар сыйлығы бар.
Мемлекеттік сыйлық қашан, қалай беріледі?
Екі жылда бір рет Әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы мемлекеттік жеті сыйлық және әдебиет пен өнер саласындағы мемлекеттік үш сыйлық беріледі.
Мемлекеттік сыйлықты Қазақстан Республикасының Президенті Тәуелсіздік күнінде береді.
ҚР Әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы мемлекеттік сыйлығын беру жөніндегі комиссияның қызметін ҚР Білім және ғылым министрлігі, Әдебиет пен өнер саласындағы мемлекеттік сыйлығын беру жөніндегі комиссияның қызметін ҚР Мәдениет және спорт министрлігі жүзеге асырады. Президентінің Жарлығымен бекітілген арнайы комиссия шешім шығарады.
Комиссияны Мемлекеттік хатшы басқарады.
Мемлекеттік сыйлыққа өзіңізді ұсына аласыз
Мемлекеттік құзіретті мекемелер, түрлі басылымдар, жоғарғы оқу орындары, әр деңгейдегі қоғамдық ұйымдар арқылы ұсынылады. Кейде өзін-өзі де ұсынады.
Бұл туралы мына сілтемеде жазылған.
Марапаттық белгілерді тағу тәртiбi
Ең жоғары марапат белгiлерi – "Алтын Қыран" орденi, Алтын жұлдыз сол жақ омырауға ордендер мен медалдардың үстiнен тағылады. Құрметтi атақ белгiлерi оң жақ омырауға тағылады.
Отандық ордендер мен медалдар сол жақ омырауға тағылады. Орден белгісін оң иық арқылы өтетін арнайы лентаға тағады. Осы орденнің жұлдызы сол жақ омырауға ордендерден солға қарай орналасады.
Бұрынғы КСРО-ның және өзге де шет елдердің мемлекеттік наградалары болса, оларды белгіленген ретпен Қазақстан наградаларынан кейін тағады.
Халық жазушысы, Халық әртісі, Халық ақыны атағы қайда кетті?
КСРО кезінен келе жатқан бұл атақтарды беру 1999 жылдан бастап тоқтатылған. Оның орнына "Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері" атағы тағайындалды.
Қазақстанның халық жазушысы – қазақ әдебиетін дамытуға зор еңбек сіңірген және елдің қоғамдық өміріне белсене қатысқан жазушыларға берілген құрметті атақ. 1984 жылы 20 қаңтарда белгіленген. Қазақстанның халық жазушысы атағын алғаш алғандар:
Ғ.Мүсірепов (1984), Д.Ф. Снегин (1984), Т.Әбдірахманова (1984), Қ. Бекхожин (1986), М.Хакімжанова (1986), Д.Әбілев (1987), М.Қаратаев( 1987), М.3верев( 1987), Ә.Сәрсенбаев (1987), С.Мәуленов (1990), Ә.Нұршайықов (1990), М.Әлімбаев (1994), З.Қабдолов (1994), С.Шаймерденов (1995), Т.Молдағалиев (1995), Қ.Мырза Әлі (1995), Қ.Шаңғытбаев (1996).
1920 жылдары белгіленген "Қазақ АКСР халық әртісі" атағы алғаш 1923-1924 жылы А.В.Затаевич пен Н.П.Анненкова-Бернарға, ал 1931 жылы Е.Өмірзақов пен Ж.Шанинге берілді. 1991 жылдан "Қазақстанның халық әртісі" деп аталды.
Марапат иелеріне берілетін заңды жеңілдіктер
ҚР Жекелеген мемлекеттiк наградтарымен қоса берiлетiн Министрлер Кабинетiнiң Қаулысымен бекітілген жеңiлдiктер (3 қыркүйек 1993 ж. N 783) ҚР Үкіметінің 2005.03.04. N 205 қаулысымен алынып тасталған.
Алайда Үкіметтің және жергілікті әкімшіліктің шешімдерімен түрлі қолдаулар, жеңілдіктер мен көмектер қарастырылған.
"Көшпенділер" Лениндік сыйлықтан қалай қағылды?
"Ілияс Есенберлиннің "Көшпенділер" трилогиясы Лениндік сыйлыққа ұсынылған. Морис Симашконың аудармасында романның орысшасы да сәтті шығып еді. Ілекең бұл жолы сыйлық алмаймын деп ойлаған жоқ. Тілектес қауым да зор үміт артты. Өйткені, дәл сол жылдарда бір халықтың төрт ғасырлық шежіресін қамтыған мұндай ауқымды шығарма ұлт республикалары түгіл, орыстардың өзінде де жоқ болатын. Оның қасында соңғы турға дейін Есенберлинмен таласып келген грузин жазушысы Нодар Думбадзенің жұқалтаң романы – сол тұста әркімдер-ақ жазып жүрген, қатардағы нәрсе еді. Бірақ, керегі не, берекесі мықты, ұжымы берік грузиндер мен қазақтың іштеріне шынашақ айналмайтын күншіл арызқойлары екі жақтап жүріп, Лениндік сыйлықты Есенберлинге емес, Думбадзеге алып берді" – деп жазады Ақшарқат Ахметбек.
Қазақ елі ғұламаларға толы
Редакциямыз әлеуметтік желіде "Мемлекеттік сыйлыққа кім лайық?" атты жазба жариялаған еді. Сол негізде Мемлекеттік сыйлық алмаған немесе оған ұсынылмаған ғұламалардың біразын тізіп шықтық.
Оразақ Смағұлов1930 жылы туылған. Қазақтан шыққан тұңғыш антрополог және еліміздегі антропология мектебінің негізін қалаушы, тарих ғылымдарының докторы, профессор, ҰҒА академигі, Ш.Уәлиханов атындағы сыйлықтың лауреаты. Қазіргі таңда академик елордадағы Ұлттық музейдің Физикалық антропология лабораториясының меңгерушісі қызметін атқарып жүр.
Оразақтың қызы Айнагүлмен бірлесіп жазған "Происхождение казахского народа" атты еңбегі арқылы Қазақтың 40 ғасырдан артыққа жалғасқан антропологиялық тарихы жасалды.
Аталмыш кітапта ғалымның қазақ этносының бет-бейнесі, қан жүйесі, тіс морфологиясы, сезімі, май бүрмесі, тері бедерлері мен қаңқа сүйектеріне жарты ғасырға таяу уақыт жүргізген кешенді, салыстырмалы зерттеуінің нәтижесі топтастырылған.
Ілия Жақанов 1936 жылы туылған. Жазушы, композитор, өнер зерттеуші, публицист, музыка танушы. Қазақстан мен Қырғызстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері. Жақанов ҚазССР Министрлер Кеңесінің теледидар мен радио жөніндегі Мемлекеттік комитеті жүйесінде әдеби редактор, Қазақ радиосының музыкалық редакциясында бас редактор болып қызмет атқарды. Ол – "Алматы кешінде", "Асылым", "Жайлаукөл кештері" және т. б. әндердің авторы "Екі жирен", "Бірінші концерт" әңгімелер жинағының, "Аққулар қонған айдын көл", "Ықылас" романының музыка және музыканттар туралы зерттеулердің авторы.
Болатбек Нәсенов 1937 жылы туылған. Тарихшы, Экономика ғылымдардың кандидаты. Әр томы 700-800 беттен тұратын жиырма төрт томдық тарихи антологияның авторы.
Ондағы Қазақстан тарихына қатысты мәліметтердің бәрі ҚР Орталық мемлекеттік мұрағат қорларынан, Семей қаласының ҰҚК мен полиция мұрағаттарынан және көршілес Ресей елінің мұрағаттары мен куәгерлердің деректеріне негізделген.
"Абыралы – Сарыарқаның кіндігі", "Абыралы – қанды жылдары" , "Абыралы сұңқарлары", "Абыралы саңлақтары", "Абыралы Тарландары", "Қазақтың тарихы бай", "Қазақтың 200 жылғы тарихы", "Біз де Абыралыданбыз", "Халық жаулары", "Кең даланың күйреуі", "Тәттімбет", "Мәди", "Абыралы көтерілістері", "Кенесары – дала маршалы", "Абылай хан", "Қазақтардың тарихы. Хандар", "Әбілхайыр хан" деген кітаптарды өз қаражатына шығарды.
Советхан Ғаббасов 1939 жылы туылған. Жазушы, медицина және педагогика ғылымдарының докторы, КСРО денсаулық сақтау ісінің үздігі, профессор, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, ШҚО, Зайсан ауданының құрметті азаматы, Махамбет атындағы сыйлықтың лауреаты, Халықаралық Нострадамус атындағы академияның толық мүшесі – Академик. С.Демирел және Д.Қонаев атындағы университеттердің профессоры.
"Қан жүрісі – жүрек тынысы", "Дәрігер келгенге дейінгі көмек", "Қатерлі ісіктің алдын алуға бола ма?" секілді кітапшаларын шығарған.
"Қыран қия", "Ана жүрегі", "Өскен ұя", "Серпер" романы қатарлы жиырмадан астам кітаптың авторы.
"Педагогика және психология негіздері" атты кітабында бала тәрбиесі – жан тәрбиесі мен тән тәрбиесін адамның биологиялық сағатымен, дене мүшелерінің түйсігімен салыстыра отырып зерттеген ғалым.
Мұхтар Шаханов 1942 жылы туылған. Жазушы, ақын, қоғам қайреткері. Шығармалары әлемнің жүзден астам тіліне аударылып таралған. Шетел марапаттарын өте көп алған тұлға. Қазақстанның халық жазушысы.
Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты (1972). Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының хатшысы, республикалық Жалын журналының бас редакторы т.б. қызметтер атқарды. КСРО халық депутаты, КСРО Жоғарғы Кеңесінің мүшесі, ҚР-ның Халық депутаты болды.
М.Шахановқа "Жазагер жады космоформуласы" атты шығармасы үшін Калифорния Ғылым, Индустрия, Білім және Өнер академиясының А.Эйнштейн атындағы Алтын медалі мен Түркияның Гебзе қаласында "Түркі тілдес халықтар арасындағы ең үздік әлем ақыны" атағы берілді. "Нобель" сыйлығының 100 жылдығына орай Тамбов қаласында өткен "Нобель" сыйлығы лауреаттары мен нобелшілердің халықаралық конгресінде "Нобель" ақпарат орталығы, "Нобель" қоры, Ресей жаратылыс ғылымдары академиясы бірлесіп бекіткен "Нобелдің Алтын медалімен" марапатталды.
Сағат Жүсіп – саясаткер, өлкетанушы, журналист, аудармашы. 1944 жылы дүниеге келген. Бірнеше тарихи және саяси-танымдық кітаптардың ("Мағлұмат", "Қанішер Гержодтың қолжазбасы", "Қанішер Гержодтың ізімен" т.б.) авторы. "Азаттық" сыйлығының иегері.
Сағаттың "Ашаршылық ақиқаты" кітабы қазақ қоғамында және әлемдік қауымдастықтың назарын аударды. Қазақ тарихындағы ашаршылықтың нақты бейнесін зерттеп, халыққа ұсынған бірден бір тұлға.
Қаржаубай Сартқожаұлы 1947 жылы туылған. Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Түркітану және Алтай ғылыми-зерттеу институтының директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор. Қырықтан астам Түркінің көне ескерткіштерін ашқан, Түркі жазуының тұңғыш музейін ашушылардың бірі.
"Орхон мұралары" ІІ кітабы мен "Генезис древнетюркского рунического письма" атты монофографиясы, "Таста қалған тағылым", "Үйсін хандығы", "Қазақ түркологиясының жазбалары" қатарлы оннан астам кітаптың авторы.
Тоғыз ел ескерткішін, 4-5 мың жыл бұрынғы домбыраны, Құтлық қағанның, Күлтегіннің басын Қазақстанға әкелген адам.
Зайнолла Самашев 1947 жылы туылған. Археолог, тарих ғылымдарының докторы, профессор. ҚР ғылымына еңбегі сіңген қайраткер, жалпыұлттық тәуелсіз "Платиналы Тарлан" сыйлығының иегері, Герман археология институтының корреспондент мүшесі.
Отандық және көршілес өлкелердің археологиясы тақырыбында жазылған 400-ден астам ғылыми еңбектің, 37 кітаптың авторы.
Зейнолла Самашев Қазақстанның әр өңірлерінде орналасқан, тас дәуірінен қазақтардың этнографиялық суреттеріне дейінгі уақытты қамтитын жүзден астам петроглиф ошақтарын зерттеуші және алғаш ғылыми айналымға енгізуші.
Зайнолла Қазақ Алтайындағы тоң басқан Берел қорғандарын ашу, зерттеу жұмыстарын басқарып жүргізді. Нәтижесінде рухымыз жаңғыртылып, елдің, тарихымыздың тұғырын нықтаған "Мемлекеттік Берел музей-қорығы" құрылып, әлем назарына ұсынылды.
Қалиолла Саматұлы Ахметжан 1949 жылы туылған. Суретші және этнограф,қару-жарақ зерттеушісі. Тарих ғылымдарының кандидаты. "Жараған темір кигендер (батырлардың қару-жарағы, әскери өнері, салт-дәстүрлері)" монографиясының, сонымен қатар 70-ден астам ғылыми, ғылыми-танымдық мақалалардың авторы. Ең белгілі жұмыстарының бірі – "Қырау". ҚР Ұлттық музейі мен Әскери-тарихи музейдегі әр дәуірдегі қару-жарақ асынған сарбаздарды жасаушы.
Чехословакия, Эстония, Оңтүстік Корея, Германия көрмелерінде жұмыстары көрсетілген. Кино үйінде, ҚР Орталық мемлекеттік мұражайында жеке көрмелерін өткізген.
Жұмыстары Ә.Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер мұражайының, ҚР Мемлекеттік орталық муражайының, ҚР Президенттік мәдени орталығының, Невзоров атындағы Семей өнер мұражайының қорларында, ҚР Президентінің резиденциясында, Кутаиси қаласының картиналар галереясында (Грузия), Қазақстан, Англия, АҚШ, Швеция, Пәкістан, Германия жеке коллекцияларында сақтаулы тұр.
2000 жылдан ҚР Президенті мәдени орталығы қалпына келтіру бөлімінің меңгерушісі (Астана қаласы).2004 жылдан бері ҚР Президенттік мәдени орталығының кеңесшісі (Астана қаласы).
Тұрсын Құдакелдіұлы Жұртбай 1951 жылы туған. Жазушы, филология ғылымдарының докторы, абайтанушы, әуезовтанушы, алаштанушы
"Замандасым, сырласым", "Қоңыр қаз" , "Жүрегiмде жұмыр жер", "Бесқарагер", "Дара тұлға", "Жер – бесiк", "Талант Калибека", "Болашақтың бәйтерегі", "Бейуақ", "Дулыға" (1–2 кiтап), "Ұраным – Алаш!.." деген отыздан астам кiтаптары шықты.
Ол "Алаш ақиықтары" жинағын құрастырып, Алаш қайраткерлерінің беймәлім шығармаларын жалпы жұртшылыққа таныстырды.
Көркем шығармалары мен зерттеу еңбектері әлемнiң 15 тiлiне, ал ғылыми еңбектерi ЮНЕСКО-ның ресми тiлдерiне аударылған. М.Икбалдың, С.Тогэнің, Л.Шералидің, В.Шефнердің, Р.Рождественскийдің, С.Қапаевтың және т.б. өлеңдерін қазақ тіліне аударған.
Т.Жұртбай өзінің "Ұраным – Алаш!.." атты 3 томдық (2008-2011) іргелі зерттеу еңбегі мен "Алаш ақиықтары" атты сирек деректер жинағының негізінде біртұтас алаш идеясының тұжырымдамасын жасады.
Гүлтас Сайынқызы 1958 жылы туған. Педагогика ғылымдарының докторы, Назарбаев Университеттің профессоры, "Мәдени бағдарламалар орталығының" директоры.
2002 жылы Ы.Алтынсарин атындағы І дәрежелі сыйлықтың иегері атанды. "Қазақ КСР білім беру ісінің үздігі", Ы.Алтынсарин медалі, "Назарбаев Университетінің үздік оқытушысы", "Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы", "Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері", "Назарбаев Университетінің ең үздік профессоры" атағына қоса, жоғары мемлекеттік награда "Құрмет" орденімен марапатталған.
"Менің Күреңбелім", "Апам – ақ нұрым", "Халықтың бетіне тура қарайтындай өмір сүріңдер", "Мейірімімен шуақ шашқан ғаламға", "Тамшы сөздер мен қамшы сөздер", "Ер жетті ұлым, бойжетті қызым", "Қоңырау", "Бойтұмар" тәрбиелік мәнге ие кітаптары бар.
4 монография жазды. Өзі немесе авторлық бірлестікте, жалпы орта білім берудің жалпыға міндетті стандарттары, қазақ, орыс, ұйғыр, өзбек тілдерінде жүретін мектептердің 5-11 сыныптары үшін оқу пәнінің стандарттары мен оқулықтар, 19 оқу бағдарламасы, 20-ға жуық оқу құралы, 14 әдістемелік құрал,100-ден астам мақала жариялады. Сонымен бірге "Абай жолының" төрт томдығын бір томдық етіп қысқартып, оқулыққа айналдырған тұлғалардың бірі. Абайға, Мағжанға, Мұқағалиға, Мұхтар Әуезовке, Махамбетке, Құрманғазыға, Фаризаға арналған театрландырылған қойылымның сценарийлерін жазды.
Демек...
Әрине, елі мен жері үшін өлшеусіз үлес қосқан тұлғаларымыздың тізімі бұнымен шектелмейді. Оны Табыл Құлияс, Жарылқап Бейсенбай, Сәуле Мешітбаева, Сабыр Адай, Жәркен Бөдешұлы, Ханбибі Есенқарақызы, Шөмішбай Сариев, Серік Ақсұңқарұлы, Ғалым Жайлыбай, Серік Оспанов, Мүсәйп Құсайынұлы, Медеу Сәрсеке, Светқали Нұржан, Төлеген Жанғалиев, Құл-Керім Елемес, Бақытбек Бәмішұлы, Қазыбек Иса, Бабақұмар Қинаятұлы, Есенғали Раушанов, Мырзан Кенжебай, Мейірхан Ақдәулет, Тынымбай Нұрмағамбетов, Жанғали Жүзбай, Ерлан Төлеутай, Тұрсынжан Шапай тағы да басқа елеулі тұлғалармен жалғастыра беруге болады.