"Қазақстанда азаматтық қоғам бар деуге әлі ерте". Оның болашағы бар ма?
Сорос-Қазақстан қоры 25 жылда адам құқықтарын қорғауға және белсенді азаматтық қоғамның дамуына бағытталған бағдарламаларды іске асыру үшін 100 млн АҚШ долларынан астам қаржы бөлді. Бұл бағдарламалар билік басындағылардың жауапкершілігін арттыруға, тәуелсіз БАҚ-тың өз пікірін білдіруіне және кез келген адамға білім алу мен денсаулығын сақтаудың қолжетімділігін қамтамасыз етуге арналған.
Осы орайда биыл Сорос-Қазақстан қоры ұйымдастырған "Қазақстандағы азаматтық қоғамның болашағы" атты онлайн бас қосуда ашық қоғам қорларының құндылықтары мен бүкіл әлемдегі жұмысы туралы ойлар ортаға салынды.
Сорос-Қазақстан қызметі
Қор білім беру, ашықтық пен есептілік, демократия, азаматтық қоғамды дамыту салалары бойынша жобаларға гранттар береді. Сорос-Қазақстан мемлекеттік сектормен, үкіметпен, сонымен қатар үкіметтік емес ұйымдармен және жекелеген белсенділермен тығыз байланыста жұмыс істейді.
"Осы жобалардың көбі жағдайды түбегейлі өзгертпесе де, қоғам мен мемлекет назарын әлеуметтік осал топ азаматтарының құқықтарының бұзылуы, мемлекеттік сатып алулардың ашық болмауы секілді мәселелерге аударды. Қор біздің елімізде паллиативтік көмек бойынша бойынша алғашқы жобаға қолдау жасады", – деді қордың Қамқоршылар кеңесінің төрайымы Жұлдыз Смағұлова.
Ол ЖҚТБ (СПИД) және қатерлі ісікпен ауыратындарға көмек беру, мүгедек бала өсіріп отырған аналардың қаржылық сауаттылығы мен іскерік дағдысын дамыту жобасы, "Действие буквально" атты инклюзивті театры, шындық пен жалған ақпараттың аражігін ажырататын Factcheck.kz жобасын ерекше атап өтті.
"Зерттеушілерді даярлауға арналған оқу бағдарламасына қатысқандардың көбі нағыз кәсіби маманға айналып, түрлі тақырыптар бойынша сараптама жасайтын деңгейге жетті. Қазақстанда пандемияға байланысты карантин жарияланған соң Сорос-Қазақстан қоры арнайы резервтік қордан Covid-19 таралуымен күреске қаржы бөлу жайлы шешім қабылдады. Осы мақсатта сәуірден осы күнге дейін 310 миллионнан астам теңге осал топтарға көмек беруге, жалған ақпаратқа қарсы тұру, онлайн білімнің қолжетімділігін кеңейтуге, пандемиямен күрес мақсатында мемлекет бөлген қаржыға мониторинг жасауға, адам құқытарын қорғауға бөлінді", – деді Қамқоршылар кеңесінің төрайымы.
Осал топтарға көмек беру аясында қор серіктестері азаматтарды жеке қорғану құралдарымен, дәрі-дәрмектермен, азық түлікпен қамтамасыз еткен. Дағдарыс орталықтары тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына психологиялық көмек берген.
Оқи отырыңыз: Қоғамдық кеңестердің бүгіні мен болашағы. Немесе "Демократия декорациясы"
Сорос-Қазақстан қорының басқарма төрайымы Аида Айдарқұлова іргетасы қаланғаннан бері қордың құндылықтары өзгермегенін айтады. Қазірге дейін адам құқықтары басымдыққа ие. Десе де 25 жылда қор рөлі талай мәрте өзгерген. Қорн бүгінде донор немесе қолдаушы рөлінен басқа өзгерістер катализаторы, инновациялық және ағартушылық секілді бірнеше рөлді атқарып отыр.
"Еліміздің түкпір-түпкірінде болып жатқан институциялық өзгерістерге біздің де әсеріміз тиген еді. Мысалы, ювеналды әділет жүйесін алсақ, бұл жоба 90-жылдардың соңына қарай біздің қорда тәжірибелік мақсатта енгізілді. Қазір еліміздің әр өңірінде ювеналды соттар құрылған. Басқа мамандандырылған соттар да ювеналды соттардың үлгісіне қарап мамандандырылып отыр. Елімізге таныс емес паллиативті көмек мәселесі немесе инклюзивті білім беру саласында, жалпы мүгедек адамдардың қоғамға интеграциялануы жөнінде көп іс атқарып келеміз. Заманауи өнер орталығы қазіргі қазақстандық өнердің дамуына көп үлес қосты. Сол кезде біз қолдаған көп шаралар жалғасын тауып жатыр", – деді Аида Айдарқұлова.
Ол Сорос-Қазақстан қорының төртжылдық стратегия негізінде жұмыс істейтінін, азаматтық қоғамның қалыптасуына қосқан үлесі өте зор екенін және болашақтада да осы бағытта жұмыс істей беретінін атап өтті.
Қазақстандағы азаматтық қоғам
Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Азаматтық қоғам істері комитетінің төрағасы Мадияр Қожахмет қазіргі таңда азаматтық қоғам өкілдерінің көпшілігі мемлекеттік процестерді басқаруға, шешім қабылдауға белсенді түрде тартылатынын жеткізді.
"25 жыл бұрын мұндай институттар саны аз болды. Заң, нормативті актілер шектелген топпен талқыланып қабылданса, қазір бұл процесс айтарлықтай өзгеріп, барлық деңгейде қоғам пікірі ескерілетінін байқаймыз. Барлық деңгейдегі жұмыс топтарына азаматтық қоғам өкілдері қатысады. Қала, аймақтық деңгейде қоғамдық кеңестер жұмыс істейді. Азаматтар пікірін ашық білдіру үшін ашық үкімет порталы іске қосылды", – деді ол.
Адам құқықтары мен заңдылықты сақтау жөніндегі Қазақстан халықаралық бюросының директоры Евгений Жовтис болса, азаматтық қоғамның даму тарихына тоқталды.
"Тоқсаныншы жылдары Жоғарғы кеңестің 30 пайызы оппозиция болды. Премьер-министрдің өзі оппозиция өкілімен пікір таластыратын тәуелсіз телеарналар жұмыс істеді. Азаматтық белсенділік артты. Тәуелсіз кәсіподақтар, қоғамдық ұйымдар мен қозғалыстар пайда болды. Алайда 1995-1998 жылдары мемлекеттің қадағалушы рөлі артты да, 2000 жылдары азаматтық қоғамға қайта жан біткенімен, қазір мемлекеттің жетекші рөл атқаратынын байқаймыз. Қазақстанда азаматтық қоғам қалыптастып, дамыды деуге әлі ерте. Біз азаматтықтың алғашы кезеңіндеміз", – Евгений Жовтис.
Оқи отырыңыз: Төтенше жағдай, билікке сенім және доктор Фаучи
Қазақстан азаматтық альянсының президенті Бану Нұрғазиеваның сөзінше, 2006-2011 жылдарға арналған азаматтық қоғамды дамыту тұжырымдамасы жүзеге асқан уақыттта мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс түрінде қаржыландыру пайда болған. Жақында жаңа концепция қабылданды.
"Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жолдауында мемлекеттік органдар жұмысына азаматтық қоғамның әлеуетін қолдану қажет деген болатын. Бұл мемлекеттің дамуында маңызды компонент. Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс болсын, грант түрінде қаржыландыру болсын, кез келген жоба нәтижелі болуы керек. Дамыған азаматтық қоғамсыз дамыған мемлекет болуы мүмкін емес", – деді ол.
Азаматтық қоғамның дамуындағы медианың рөлі
Factcheck.kz қазақ редакциясының бас редакторы Думан Смақовтың пікірінше, Қазақстанда медианың басым көпшілігі мемлекетке тәуелді. Медиа көп жағдайда тапсырыс беруші орган не айтса, соны жасауға мәжбүр.
"Бірақ, соңғы жылдары екі-үш жыл көлемінде медианың азаматтық қоғамды бейсаналы түрде қолдайтынын байқауға болады. Азаматтық белсенділердің жұмыстары, азаматтық қоғамның атқарып жатқан іс-шаралары туралы ақпаратты мемлекеттен қаржыландырылмайтын, жарнама арқылы ақша табатын медиа немесе тәуелсіз ресурстар көп жариялайды", – деді ол.
Оның сөзінше, соңғы кездегі үрдіс – азаматтық қоғамның тәуелсіз медиасы пайда бола бастаған. Әр үкіметтік емес ұйым халықты ақпараттандыру және өзінің жұмысын көрсету мақсатында БАҚ-пен ғана емес, әлеуметтік медиамен де жақсы жұмыс істейді. Десе де, Думан Смақов мемлекет қатысқан кезде медианың тәуелсіз бола алмайтынын, сол үшін мемлекетке қарағанда азаматтық қоғам медианың дамуына көбірек қолдау көрсетуі қажет деген ойды айтады.
Азаматтық қоғамның болашағы қандай?
Адам құқықтары мен заңдылықты сақтау жөніндегі Қазақстан халықаралық бюросының директоры Евгений Жовтис "Коммерциялық емес ұйымдар туралы" заңнаманы жетілдіру керек, соның ішінде міндетті түрде қоғамдық бірлестік ретінде тіркелу керек дегенді алып тастау керек деген пікірде. Азаматтық қоғам тиімді жұмыс істеуі үшін олардың құрылуы оңай болуы тиіс. Формалды емес ұйымдар ресми ұйымдармен тең болуы қажет.
"Азаматтық қоғамға үкіметтік емес ұйым ретінде ғана қараудың қажеті жоқ. ҮЕҰ бұл азаматтық қоғамның үлкен бір белсенді әрі кәсіби бөлігі. Адамдар бір нәрсемен кәсіби айналысқандықтан олар сарапшылық әлеуетін пайдалана отырып мемлекеттік сектормен байланыса алады. Бұл жерде бастысы – азаматтық белсенділік. Оған мәртебе беруге міндет емес. Ол бізде бар. Көкжайлау мәселесін көтергендердің, Денис Теннің өлімінен кейін ІІМ реформасын талап еткендердің ҮЕҰ-ға ешқандай қатысы жоқ. Азаматтардың ҮЕҰ туралы білу-білмеуі маңызды емес. Бастысы – азаматтық белсенділіктің дамуы. Әлеуметтік желілерде жемқорлық, бұзушылық туралы ақпаратты қарапайым адамдар, азаматтық белсенділер таратады", – деді Евгений Жовтис.
Азаматтық қоғам істері комитетінің төрағасы Мадияр Қожахмет коммерциялық емес ұйымдарды тіркеу процедуралары оңайтылып жатқанын айта кетті. Мысалы, бұрын партия құру үшін 40 мың адамның қолы керек болса, қазір 20 мыңға азайды. 2011 жылы Қазақстанда 8 мың ҮЕҰ болса, қазір 22 мың тіркелген ұйым бар.
Оқи отырыңыз: Партиялық тізім, 30% квота және саяси құлдық
"Еркіндік қанаты" қоғамдық қорының атқарушы диекторы Елена Швецова соңғы бірнеше жылда Қазақстанда азаматтық қоғамның дамып келе жатқанын, азаматтар қоғамдағы өзгерістерге бей-жай қарамай, белсенділік таныта бастағанын айтады.
"Бүгінде біз үшін адам құқығы, гендерлік теңдік сынды тақырыптардың маңызы артқан. Бізді тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесі алаңдатады. Қоғамның тыныс-тіршілігіне белсенді түрде атсалысқымыз келеді. Бейбіт шерулер мен сайлау кампанияларының өту барысын да мұқият қадағалаймыз. Бүгінде бізді ел бюджетінің қалыптасуы мен қаржының қайда жұмсалып жатқаны да ерекше алаңдатады. Біз елде болып жатқан оқиғалардан тысқары қалғымыз келмейді", – дейді Елена Швецова.
Zertteu Research Institute қоғамдық қорының сарапшысы Ғалымжан Оразымбет Қазақстандағы азаматтық қоғам түрлі қиындықтар мен кедергілерге, тіпті қудалауға қарамай, табанды дамып, қалыптасып келе жатқанын айтты.
Сорос-Қазақстан қорының басқарма төрайымы Аида Айдарқұлова қарапайым адамдар азаматтық қоғам ұйымдарының немен айналысатынын білмейтінін, олар ҮЕҰ оппозициялық қызметті атқарады деп түсінетінін айтады.
"Барлық коммерциялық емес ұйым, мемлекетті сынайтын БАҚ оппозициялық рөл атқарады деп негіздеуге болмайды. Олар да мемлекеттің серіктестері", – деді ол.
Factcheck.kz қазақ редакциясының бас редакторы Думан Смақовтың сөзінше, мемлекеттік медиа ресурстар, мемлекет тарапынан қаржыландырылатын телеарналар мен радиолардың көбі азаматтық қоғам туралы қозғамайды:
"Айтқанның өзінде тек қана қайырымдылық жөнінде айтады. Көп адам азаматтық қоғам дегенді қайырымдылық көрсететіндер деп түсінеді. Бізді қоғамды өгерткісі келетін, мемлекеттің дамуына үлес қосқысы келетін адамдар деп түсінбейді. Бұл тұрғыда мемлекеттің рөлі зор. Әлеуметтік желі ғана емес, өзге де платформаларда азаматтық қоғам жайлы дәріптеуге мүмкіндік ашу керек деп есептеймін".
Қазақстан азаматтық альянсының президенті Бану Нұрғазиева үкіметтік емес секторды ауылдарда дамыту керек деген пікірде. Ал Адам құқықтары мен заңдылықты сақтау жөніндегі Қазақстан халықаралық бюросының директоры Евгений Жовтис болса азаматтық қоғамды дамытуға мемлекетті араластырудың қажеті жоқ деп санайды.
"Бұл мемлекет міндеті емес. Мемлекеттің міндеті қарапайым ғана, ол: азаматтық қоғамның дамуы үшін кеңістік беру. Азаматтық қоғамға жағдай жасаса, ол өзімен-өзі дами береді. Мемлекеттің басты міндеті – кеңістік құру, кедергі келтірмеу азаматтардың құқықтарын құрметтеу, қорғау және көтермелеу", – деп сөзін түйіндеді сарапшы.