Әлеуметтік-медициналық сақтандыру қоры ұйымдастырған ашық пікірталаста журналист сауалына: – Әлемнің дамыған елдерінде ауруханалардың барлығы көпсалалы болып табылады. Сол себепті біз де осындай стандартты қабылдадық. Ауруханаларды біріктіріп, ірілендіретін боламыз. Өткен жылы 90 аурухананың 30-ы біріктірілді, – деп денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов жауап берді.

Оның айтуынша, бұл жұмыс одан әрі жалғасады. Аталған шара қазіргі бар төсек-орын санын азайтпай-ақ ауруханалардың санын қысқартуға жол ашады және сапаны арттыруға мүмкіндік тудырмақ.

– Мәселен, жүрек ақауы бар ауыр жағдайдағы жүкті әйелге біруақытта кесарь тілігін жасап жатқанда, сол мезетте кардиохирургиялық ота жасау қажет болатын жағдайлар болады. Жай перзентханада оны жасау мүмкін емес. Ондайда әлгіндей әйел қаза табады, – деп түсіндірді министр.

Ауруханалар санын азайтуға не себеп?

Аурухана, яғни, стационар дегеніміз денсаулығына қатер төнуге байланысты науқастың тәулік бойы болуы талап етілетін медициналық мекеме. Сондықтан оған деген сұраныс төсек санымен есептеледі.

Қазір адамдар ауруханаға тек аса қажет жағдайджа ғана жатқызылады. Мәселен, қандай да бір төтенше жағдайда хирургиялық ота, қарқынды емдеу, реанимация қажет болғанда ғана.

– Төсек санына қатысты сұранысты біз осындай жайттарға қарап жасақтаймыз. Озық технологиялар бар. Бұрын отаны тілік арқылы жасап келсек, қазір лапороскопия кеңінен таралды. Бұл науқастарды тез шығаруға мүмкіндік береді. Төсек санына сұранысты азайтады, – деді Е.Біртанов.

Сонымен бірге, аурухана ішінде дерт жұғу қаупін де ескеру керек. Өйткені, мұнда антибиотик түрлері пайдаланылады. Оған төзімді микрофлора түзіледі. Сол себепті де әлем елдерінің барлығы да науқастарды тез арада шығаруға талпынады. Олар әрі қарай сауықтыру орталықтарында немесе тұрғылықты жерінде емделуі керек.

Ауылдық жерлердегі ауруханада төсек саны азая ма?

Министр сонымен бірге елімізде ауруханаларға сұранысқа тұтас талдау жасалғанын хабарлады.

"Кейбір аудандарда тұрғындар санының азаюына қарамастан, елімізде ауылдық жерлердегі ауруханада төсек саны азаймайды" деп сендірді Е.Біртанов. Ірі қалалардағы төсектер саны оңтайландырылады. Бұл төсек-орындарды ұстау шығындарын төмендетуге, ең бастысы, көрсетілетін көмектің сапасын арттыруға мүмкіндік бермек. Өйткені оның төңірегінде түрлі мамандарды жинауға болады.

– Қазір бізде қалыптасқан жүйеге сәйкес, кардиологиялық, онкологиялық, неврологиялық ауруханалар жеке-жеке отау тіккен. Ал адамға кешенді көмек көрсету қажет болғанда, біз осы мамандарды іздей бастаймыз, келісімге келеміз, консилиумдар жинаймыз. Бұл – уақыт, – деп түсіндірді министр.

Диагностикалық қызмет көлемі 3,5-4 есе ұлғаяды

МӘМС (медициналық-әлеуметтік міндетті сақтандыру) енгізудің басты мақсаты – медициналық қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын қамтамасыз ету. Ауылдық жерлерде проблеманың өткірлігіне байланысты ауыл медицинасына мейлінше басымдық беріледі, – деді денсаулық сақтау министрі.

– Біз медициналық-санитариялық алғашқы көмек (МСАК) көрсетуді қаржыландыруды қала болсын, ауыл болсын бар жерде бірдей арттыруды жоспарлап отырмыз. Бірақ жылжымалы медициналық кешендерді, транспорттық медицинаны қаржыландыруға және халық жиі шағым түсіретін диагностикалық қызметтерге қосымша қаржы бөлінетін болады, – деді ол.

Мәселен, зертханалық зерттеулердің, аспаптық диагностиканың, соның ішінде компьютерлік томографиялық қызметтерді көрсететін салалық маманға қолжетімділікті арттыру үшін осындай қызметтердің көлемін 3,5-4 есе ұлғайту жоспарланып отыр. Атап айтсақ, консультативтік-диагностикалық көмекке 80 млрд теңге, сауықтыру және қалпына келтіру (реабилитация жәнеқалпына келтіру) көмегіне 39 млрд теңге бөлінбекші.

Қызметтің 90 пайызын учаскелік дәрігер көрсетуге тиіс

– Медициналық-санитариялық алғашқы көмек (МСАК) көрсету жүйесі дегеніміз – бәріміз қазір барып жүрген емханалар. Біз оған басымдық беруіміз керек, – дейді Е.Біртанов.

Оның мәліметінше, Ұлыбританияда дәрігерлер көрсететін қызметтің 90 пайызын учаскелік дәрігер (жалпы практика дәрігері) көрсетеді, яғни, адамдардың денсаулығына қатысты мәселелердің басым бөлігін солар шешеді деген сөз.

Ал бізде, керісінше – қазіргі жағдайда ақыл-кеңестердің небәрі 25 пайызын жалпы практика дәрігері береді екен.

Салалық маманға жүгіреміз деп өзімізге залал келтіреміз

– Мәселен, адам қант диабетіне шалдыққан, осының салдарынан оның ангиопатия дерті бар делік. Бұл дерттен адамның аяқ-қолы, көз жанарының көру қабілеті мен жүрегіне зақым келеді, оған қоса диабеті бар. Ол салалық дәрігерлерді түгендеп шығады, эндокринологқа барады, окулисті іздейді, сосын хирургқа жетеді. Олардың бәрі жеке-жеке тізім береді. Оған дейінгілердің берген кеңесін ескермейді. Өйткені, интеграция жоқ, – деп түсіндірді еліміздің бас дәрігері.

Ал адамның ағзасы – біртұтас жүйе. Сондықтан, учаскелік дәрігер (жалпы практика дәрігері) барлығын интеграциялап, адамға дұрыс емделу тактикасын ұсынып, қажетті диета мен белсенділік шегін белгілеп беруі тиіс. Бұлардың барлығы кешенді түрде жүргізілуі қажет.

– Тек бас ауруының өзінің 400 себебі тіркелген. Олардың бәрі басқа аурулармен байланысты. Мәселенің мәні – біз жалпы практика дәрігері жүйесін дамытуға тиіспіз. Ең жоғарғы сапалы қызметті солар көрсетеді. Мұны әлемдік тәжірибе көрсетіп отыр, – дейді Біртанов.

Министрдің пікірінше, біз теріс жүйе кесірінен салалық дәрігерлерге жүгінетін болдық. Шын мәнісінде, салалық дәрігерлер ауыр науқастар жатып емделетін, күрделі диагноз қою және емдеуді түзету қажет болатын ауруханаларда болады. Сондықтан отбасылық дәрігерлерді, жалпы практика дәрігерлерін дайындау сапасы арттырылмақ. Соның арқасында емхана, яғни, алғашқы көмек көрсету деңгейінде денсаулыққа қатысты тауқыметтердің 90 пайызын шешуге болады.

– Әлем елдерінің көпшілігінде, енді біздің елде де осы себептен денсаулық сақтау саласын дамытудың осы бағыттағы ауқымды стратегиясы қабылданды. Ақшаның басым бөлігін алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсетуге салу көзделіп отыр, – дейді министр.

Ауруды басқару бағдарламасы деген не?

Әркімнің өз дәрігері бар деген сөз. Бұл дәрігер әр адамның және оның отбасы, олардың ауру-сырқауы туралы бәрін білуі қажет. Ол адамдарға өз денсаулығын кешенді түрде басқаруға жәрдемдесуге тиіс.

Осыған байланысты елімізде ауруды басқару бағдарламасы енгізіледі. Министрдің түсіндіруішше, ол дәрігердің сізге қатысты ақпаратты барлық дәрігерлерден жинап, сіз үшін жауап беретін болуы үшін енгізілмекші. Бұл қағидатты бүкіл дүниежүзі 1978 жылдан бері енгізіп отыр. Бірақ уақыт өте келе, нарық жылдам дами бастады, жекеменшік клиникалар пайда болды, сан алуан салалық мамандар дүниеге келді. Олар адамдарды жан-жаққа тарта бастады. Соның салдарынан емдеу барысы үзіліп қалды.

– Түрлі созылмалы ауруларға шалдыққан статистикалық орташа егде адам емделу үшін түрлі жерлерге жүгінеді. Кемінде 3-4 дәрігердің алдына барады. Содан келіп интеграция жойылады. Бір жағдайда жазып бергенді пайдалануға қарсы көрсетілім болса, екінші жағдайда басқаша емдеу керек болады деген секілді. Біздің мақсат – жалпы практика дәрігерлерінің санын арттыра түсу, – деді ол.

Медициналық-санитариялық алғашқы көмек орталықтары көбейеді

Бүгінде бізде 11 мың учаске бар екен. Олардың санын арттырып, шамамен 2000 учаскеге жеткізу көзделіп отыр.

2018 жылы 300-ден астамы ашылған. Бір дәрігердің үлесіне тиетін жүктемені азайту – басты мақсат. Бүгінде бір дәрігердің қарамағындағы адамдардың саны 2000-3000 адамға жетеді. Ендігі жерде бір дәрігердің үлесі адамдардың саны 1500-1700 адамға дейін азайтылады. Учаскелердің саны соған лайықталады.

Бұл дәрігерге дені сау және созылмалы аурулары бар адамдардың денсаулығымен айналысуға бөлетін уақытты арттыруға, мұқият мониторинг жүргізіп, бақылап отыруға, диета және өмір салтын дұрыс ұстануды қадағалап отыруға мүмкіндік бермек.

Учаскелер адамдарға жақындай түседі

– Әлемдік ғалымдардың бәрі айтып отырған осы. Медициналық-санитариялық алғашқы көмек деңгейіндегі интеграциялы көзқарас – адам үшін де, мемлекет үшін де ең таңдаулы әрі тиімді шешім. Тағы бір мақсат – учаскелік дәрігерлерді адамдарға мейлінше жақындата түсу, – дейді Е.Біртанов.

Сондықтан елде ғимараттардың бірінші қабаттарында жалпы практика дәрігерлерінің кабинеттерін, Медициналық-санитариялық алғашқы көмек орталықтары көптеп ашылмақшы. Соның арқасында адамдардың емханаға бару үшін жұмсайтын уақыты қысқарады.

– Қазір ауқымды бағдарлама бар. Әрбір әкімдік осындай медициналық орталықтарды барынша көп ашуға міндеттеме алды. Үш жылда 600 нысан ашылмақ. Бұл қадамдық қолжетімділік (шаговая доступность) береді. Бүгінде адамға өз дәрігеріне жету үшін орта есеппен 40 минут уақыт керек. Біз бұны 20 минутқа дейін қысқартуды көздеп отырмыз. Яғни, үлкен емханалардан бас тартып, шағын жалпы дәрігерлік практикаға келеміз деген сөз, – деді өз түсініктемесінде министр.

– Ол үшін осындай дәрігерлерді қаржыландыруды арттырып, нысандардың, учаскелердің санын көбейтеміз, – деді ол.

Ақша тек сапалы қызмет үшін ғана бөлінеді

Оның айтуынша, МӘМС жұмысы тиімсіз ауруханаларға субсидия беру үшін құрылып отырған жоқ. Ақша науқасқа көрсетілген сапалы қызмет үшін бөлінеді, яғни, қаржы науқастың артынан еріп жүреді. Және ақша арнаулы сараптаманың нәтижесі бойынша ғана төленеді.

Тиісінше, егер науқас сапалы клиникаларды таңдап, соған кететін болса, ақша да онымен ере кетеді. Яғни, науқасынан айрылған мекеменің қаржылық жағдайы нашарлайды.

– Қазірдің өзінде көптеген клиникалар ауқымды проблемаға тап болып отыр. Егер ол жеке меншік аурухана болса, ол меншік иесінің бас ауруына айналды. Мұндай аурухананы не істеу керектігін, жаба ма немесе бағытын өзгерте ме, өзі шешеді, – деп қорытты Елжан Біртанов.