Қазақстан жолдарына желдеткіші, бейнебақылауы, биодәретханасы, Wi-Fi бар вагондар шығады
25 вагон осыдан үш ай бұрын іске қосылып, шілде айынан бері "Алматы – Маңғыстау" бағытында қатынайтын пойыздардың қатарын толықтырған. Екінші кезегі 15 вагон қыркүйек айында пайдалануға қосылған. Бүгін 23 вагон қолданысқа берілді.
Вагондардың қызмет ету уақыты – 40 жыл. Сағатына 160 шақырымға дейін бағындыра алады.
Вагон ішінде: Кондиционер, өртке қарсы жүйе, су қоры, екі биотуалет, бейнебақылау камерасымен жабдықталған.
"Бейнежазба бір жарым айға дейін сақталады. Барлық таспа штабтық вагондағы пойыз басшысының қадағалауында болады. Купеде әр орынның тұсында және дәлізде 220 Вт қуат беретін екі розетка мен ұялы телефонды қуаттандыруға арналған екі USB порт қарастырылған", – деді "Тұлпар-Тальго" зауытының өндіріс бойынша директоры Рамазан Тілеуленов.
Айтуынша, вагонның ұзындығы 25,5 метр жарым, Бұрынғы Тальго вагондарынан кеңдеу. Есіктердің бәрі автоматты түрде ашылып, жабылады.
Вагодар 50 градус аяз бен 45 градусқа дейінгі ыстыққа есептелген.
Вагонда жолсерікке арналған тоңазытқыш пен пеш, ауыз су диспансері мен ыстық су титаны бар.
"Жаңа вагондардың алғашқы партиясы Алматы мен Маңғыстау аралығына жүре бастаса, соңғы 23-нің Нұр-Сұлтандағы, Атырау мен Маңғышлақ станцияларға қатынайды. Келесі жылы тағы 146 вагон шығарылады. Әзірге ол вагондардың қайда қатынайтынын мен айта алмаймын. Келісімшартқа әлі қол қойған жоқпыз", – деді Рамазан Тілеуленов.
"Көбі 80-90 жылдарғы ескі вагондар. Бірақ вагондар 40-50 жылға дейін жүреді. Бүгінде біз келер жылы қанша вагон ауыстыру керек екенін есептеп жатырмыз. Алдағы жылдың басында біз вагондарды сатып алу бойынша тендер жариялайтын боламыз", – дейді "Жолаушылар тасымалы" АҚ Бас директоры Михэль Кортюм.
Айтуынша, биыл жазда 150-ге жуық вагон жетіспеген. Бірақ бұл келесі жылда да 150 вагон керек деген сөз емес. Мүмкіндігімізге ескі вагондарды жөндеуден өткізіп, қайта пайдалануға тырысамыз, дейді ол,
Вагондар ресейлік Тверь вагон зауыты технологиясы бойынша "Тұлпар-Тальго" зауытында шығарылған.