"Жаман көршің асыңды бағалар, жақсы көршің басыңды бағалар" деген ел аузында қанатты сөз бар. Қазақстан тәуелсіздік алғалы Ресеймен саяси әрі экономикалық қарым-қатынасын дамытып келеді.

Десе де, соңғы жылдары АҚШ және Батыс Еуропа елдерімен Ресейдің қарым-қатынасында түсініспеушіліктер көбейді. АҚШ-тың Ресейге салған санкцияларының Қазақстанға да белгілі бір деңгейде әсері тиіп жатыр. Сол себепті екі елдің саясаткерлері мен билік өкілдерінің бір-бірлерін сынаулары жиілей түсті. Кейбір ресейлік журналистердің пікірлері бізге шаншудай қадалса, оларға Қазақстанның көп векторлы саясаты ұнамайды.

АҚШ-пен байланысын жақсартса, Қазақстанның Ресеймен қарым-қатынасы нашарлай ма?

Осы жылдың басында ҚР Президенті Н. Назарбаев ресми сапармен АҚШ-қа барып, Президент Трамппен кездесті. Ақ Үйдегі келіссөздердің бір нәтижесі – АҚШ азаматтарына Қазақстан территориясына бір айға дейін визасыз кіруге рұқсат берілді. Есесіне Қазақстан азаматтары үшін турист ретінде берілетін виза мерзімі 10 жылға дейін ұзартылды.


Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың АҚШ Президенті Дональд Трамппен кездесуі / astanatimes.com сайтынан алынды

Ал сәуірдің соңында Ресейдің сыртқы істер министрі Сергей Лавров Қазақстанның америкалықтарға қатысты виза беру ережесін асығыс өзгерткенін сынады. Оның айтуынша, мұндай шешім алдымен ЕАЭО елдері тарапынан құпталуға тиіс екен.

Лавровтың бұл сынына Қазақстан Республикасы Сыртқы Істер министрлігінің баспасөз қызметі "Шетелдіктерге визасыз кіру мүмкіндігін ұсыну – кез келген тәуелсіз елдің өзінің еркіндегі мәселе" деген ұғымда жауап берді.

Сарапшылардың айтуынша, мұндай жауап ЕАЭО елдерінің өзара ынтымақтастығына да, Қазақстанның Ресеймен қарым-қатынасына да нұқсан келтіруі мүмкін.

Қазақстан БҰҰ-да Ресейді неге қолдамады?

Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің 2017-2018 жылдардағы тұрақты емес мүшелігіне сайланып, төрағалық етіп жатқаны белгілі. Өткен айдың орта шенінде Сириядағы интервенциялық бағыттағы әскери қақтығыстарды доғаруға қатысты ұсынған Ресейдің резолюциясы қабылданбады. Ресей, Қытай және Боливия оны қолдайтынын білдірсе, 8 ел қарсы дауыс берді. Ал Қазақстан бейтарап елдер қатарында қалуды жөн көрді.

– Резолюция мәтіні қолдауға тұрарлық емес еді. Ресей елшілері Кремльмен ақылдаспай қатаң сыни мазмұндағы құжатты асығыс ұсынды. Меніңше, оның қолдау таппауына осы себеп болған, – деді "Комсомольская правда" газетінің АҚШ-тағы меншікті тілшісі Алексей Осипов Informburo.kz тілшісіне пікірін білдіре отырып.

Осиповтің айтуынша, қазіргі Қазақстанның халықаралық аренадағы беделі әлдеқайда артқан. Әлемдік деңгейдегі кейбір мәселелерді талқылауда шешуші рөл ойнайды.


Ресей ұсынған резолюцияны қарауға қатысты БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің кезектен тыс отырысы сәтінен / aljazeera.com сайтынан алынды

– Ресей өзінің ең жақын достарына серіктес емес, көбіне "ағалық" ұстаныммен қарайды. Бұл жөнсіз. Қазақстан "Үшінші әлем" елдері қатарында емес. Оның ЕҚЫҰ мен БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне төрағалық ету мәртебесіне ие болуы бұған дәлел. Қазақстанмен тең құқылы серіктес ретінде санасатын уақыт келді, – дейді ресейлік тілші.

Алексей Осипов Қазақстанның мұндай шешім қабылдауы орыс халқы арасында түрлі кереғар пікірлердің қалыптасуына жеткізгенін айтады.

– Ұсынылған резолюция жайлы Ресей билігінің өкілдері алдын ала құлақтандырылмағандығын орыс елшілерінің жіберген өрескел қателігі деп білемін. Ресей Федерациясы Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі болмасам да, мұндай жағдайдың енді қайталанбасына сенімдімін, – дейді Алексей Осипов.

АҚШ не Ресей?

Францияның бұрынғы Транспорт министрі, Ұлттық жиналыс депутаты Тьерри Мариани Informburo.kz тілшісіне берген сұқбатында, тек Қазақстан ғана мұндай таңдаудың алдында тұрмағанын айтады. Еуропа Одағына да АҚШ пен Ресей арасындағы тоқыраудың кесірі тиіп жатыр.

– ЕО Парламенті өте осал. Олар біржақты келісім жасауға бейімделмеген. Одаққа мүше елдердің басым бөлігі Ресей өнімдеріне бойкот жариялауды мақұлдамаса да, Парламент АҚШ-тың үндеуіне көніп, экономикалық санкцияларды қолдады. Біз Ресейден импортталатын энергетикалық ресурстарға тәуелдіміз. Сондықтан бұл санкциялар бізге еш жақсылық алып келмейді, – дейді француз саясаткері.

Мариани ЕО Парламентінің депутаты қызметінде болған кезінде Ресейге қарсы жарияланған санкцияларды жою үшін резолюция ұсынғанын айтады. Бірақ оның дауысы қолдау таппаған.


ТТьерри Марианиді ЕО басылымдары рro-Russian, яғни ресейшіл лоббист деп те атайды / euobserver.com сайтынан алынды

– ЕО әзірге бір жақты саясат ұстанып отыр. Бірақ бізге Ресеймен байланыстың жолға қойылғаны керек. Жуырда Еуропада көп векторлы саясат ұстанатын елдердің үстемдігі басталуы мүмкін. Себебі Италия билігіне келген солшыл партия өкілдері санкцияларды алып тастайтын жаңа құжат дайындап жатыр, – дейді Тьерри Мариани.

Екі жақты теңгерімді ұстау міндеті

2015 жылы Түркияның қорғаныс қызметі Сирия аймағындағы орыстың әскери ұшағын құлатты. Содан екі елдің қарым-қатынасы нашарлады. Түркия шабуылдың негізгі себебі ретінде орыс ұшағының түрік шекарасын бұзғанын меңзесе, Ресей Түркияны НАТО үндеуіне еріп, осы әрекетке барды деп айыптады.

Қазақстан тәуелсіздік алғалы алып көршісімен де, тарихы ортақ түріктермен де байланысын жақсартып келеді. Ал мынадай мемлекетаралық қақтығыс кезінде екі жаққа бірдей қолдау білдіру маңызды еді.

– Қазақстанның Түркия мен Ресей арасында көпір бола білгенін ескерсек, АҚШ пен Ресей қарым-қатынасында да осындай міндет атқара алады. Бір бағытты таңдауы міндетті емес. Халықаралық аренадағы қазіргі жағдай екі елдің бірін таңдауға міндеттемейді, – деді америкалық International Strategies Inc. корпорациясының президенті Кларк Плексико Informburo.kz тілшісіне.

Кларк Плексико осыған дейін АҚШ-тың Ұлттық Демократиялық Институты (NDI) Өзбекстандағы бөлімшесінің директоры қызметін атқарған. Оның Орталық Азияда демократияны нығайтуда көпжылдық еңбегі бар.

Қазақстан өз таңдауын жасауы керек


Кларк Плексико (оң жағында) Алматыда өткен XV Еуразия Медиа Форумында грузиялық саясаткер Хатия Деканоидзенің (сол жағында) пікірін тыңдап отырған сәті / nb.kz сайтынан алынды

– Кез келген тәуелсіз ел сынды Ресей де көршілерінің саяси көзқарасын үнемі қадағалауда ұстайды. НАТО әскерлерінің Украинаға кіру мүмкіндігі Ресейге сондай үрей тудырды. Қазақстан да одан қалыс емес. Қазіргі әлемнің геосаяси сахнасындағы өзгерістерге көз жүгіртсек, кез келген жағдай болуы мүмкін, – дейді америкалық сарапшы.

Кларк Плексиконың айтуынша, Қазақстанның қазіргі саяси ұстанымы өте тиімді. Екі жаққа да бірдей саяси тепе-теңдікті ұстау әзірге Қазақстанның қолынан келіп тұр.

– Қазақстан Ресеймен солтүстік пен батыста шектеседі. Сондықтан Қазақстанның Ресеймен қарым-қатынасы нашарласа орыстар тарапынан оңтүстікке қарай кез келген әрекетке баруы мүмкін екендігін ескеруіміз керек. Ресейдің орнында болса, басқа елдің де өз қауіпсіздігі үшін қолынан келгенін жасайтынына күмәнім жоқ, – дейді Кларк Плексико.

Америкалық сарапшы мұндай жағдайда көпжылдық достықтың көмектеспейтінін айтады.

– Бірақ жағдай қиындай түссе, Қазақстан өзіне тиімді жолды таңдауы тиіс. Әрине маңызды шешімді қабылдау кезінде Ресей тарапынан төнуі мүмкін қауіптер сынды барлық факторларды ескеруі керек, – дейді Кларк Плексико.

"Әлемнің геосаяси алаңында Қазақстан көп векторлы ұстанымын көпке дейін сақтай алмайды"

Бұл – ресейлік сарапшылардың пікірі. Солардың бірі – ресейлік геостратег Георгий Толорая. Мамыр айының басында екінші рет ұйымдастырылған Қазақстан-Ресей сарапшылары форумында ол Қазақстанның қазіргі ұстанымы ортақ мүддеге қайшы келетінін айтты.

Георгий Толорая – Ресей Ғылым Академиясы Экономика Институтының Азиядағы Ресей Стратегиясының Орталығы директоры.

"Қазақстан халықаралық аренада біз ойлағандай ұстаныммен әрекет етіп жатқан жоқ. Бұл тек біздің емес, ортақ мүдде үшін маңызды. АҚШ пен Ресей арасында қашықтықты сақтап, екі бағытпен де байланысты тығыз ұстау оңай емес. Бұл Қазақстанның қолынан келетін шығар. Бірақ тепе-теңдікті тұрақты ұстау мүмкін болмай қалғанда, жағдай шиеленісіп кетуі мүмкін" деді.

"Еуразия Балқан елдері"

Өткен жылы Қазақстан мен АҚШ арасындағы әскери қоғамдастықтың 5 жылдық жоспарына қол қойылды. Көп ұзамай АҚШ әскери флотының Каспий теңізіне оқу-жаттығу жұмыстарын жүргізу үшін кіруі мүмкін деген ақпарат интернетте тарала бастады. Бұл да Қазақстанның Ресеймен байланысының нашарлауына түрткі болар еді. Бірақ АҚШ әскері әзірге Каспий аймағына кірген жоқ.

Дегенмен, осы жылдың сәуір айында Ауғанстанды тұрақтандыру мақсатында АҚШ қатысуымен жөнелтілетін арнайы жүктің Қазақстан арқылы өтуін ҚР Президенті мақұлдады. Коммерциялық мақсаттағы транзитті жүзеге асыруда Каспий теңізіндегі Ақтау мен Құрық порттары пайдаланылады.

Америкалық геосаясаткер Збигнев Бжезинский "Ұлы шахмат тақтасы" (1997 жылы жазылған) кітабында Қазақстанды Еуразиялық Балқан елдерінің тізіміне енгізіп, АҚШ үшін стратегиялық маңызды территория ретінде көрсетеді.

Украинадағы саяси дағдарысты дәл болжай білген саясаткер Еуразия геосаясатында Еуразиялық Балқан елдері (Қазақстан, Өзбекстан, Түрікменстан, Тәжікстан, Қырғызстан, Армения, Грузия, Әзірбайжан) басты назарда болатынын айтқан. Тізімдегі үш ел Каспий теңізіне шыға алады. Бжезинскийдің жазуынша, американдықтардың негізгі әскери күші осы теңізде шоғырлануы тиіс.


Алексей Осипов Евразия Медиа Форумында блогерлерді сынға алды / eamedia.org сайтынан алынды

– Збигневтің кәсіби мансабындағы ең үлкен жетістігі – КСРО-ның ыдырауы. Әрине, ол өз заманында таптырмайтын геосаясаткер сарапшы болды. Бірақ оның абыройы қазіргі геосаяси қоғамда тым әсіреленген. Сондықтан оның пікірін ескеріп, саяси шешімдер жасаудың қажеті жоқ, – дейді "Комсомольская правда" газетінің тілшісі Алексей Осипов.

Ливия тәжірибесі

Белгілі орыс саясаттанушысы Николай Стариковтың айтуынша, Ливиядағы азаматтық соғыстың басталу сценарийі Қазақстанға қолданылуы мүмкін. Осыдан екі жыл бұрын Ақтөбеде бір топ дәстүрлі емес діни ағымдағы азаматтардың шабуылы осыған дәлел бола алады.

– Қазақстандағы радикалдардың қару дүкеніне, кейіннен ұлттық гвардияның әскери бөліміне жасаған шабуылы Ливиядағы төңкеріс сценарийіне ұқсайды. Басқыншы топ қару қоймасын жаулап алса, көтеріліске басқаларды да ұйымдастырып тартуы мүмкін еді, – дейді Стариков.

Оның айтуынша, діни экстремистерді қолдаған белгісіз күштер осы шабуыл арқылы Қазақстан қарулы күштерінің дайындық мүмкіндігін анықтағысы келген.

– Қазақстан Қытай мен Ресей сынды аймақтық державалармен шектеседі. Ал бұл екі елдің басты геосаяси қарсыласы – АҚШ. Демек Қазақстанды тұрақсыздандыру бәрінен бұрын АҚШ-қа тиімді. Cебебі қазақ жеріндегі хаос Ресей мен Қытайға бірдей қиындық тудырады, – дейді Николай Стариков.


Николай Стариков Ресей тарихына қатысты бірқатар бестселлер авторы. Кейіннен саяси партия құрып, қоғамдағы саяси мәселелерді талқылауға кірісе бастаған / wikipedia.org сайтынан алынды

Жерді жалға беру мәселесі

Араб көктемі мен Украинадағы азаматтық соғыс халықтың көп бөлігін ойландыратын ортақ мәселелерден басталды. Ал жердің Қытайға сатылып кету мүмкіндігі қазақтарды қатты алаңдатады.

– Украинаның Еуропа Одағы елдерімен ынтымақтасуы елдегі азаматтық соғыс пен Ресейдің Қырымға аннексия жасауына алып келді. Қазақстанда жағдай мүлде басқаша. Ел территориясының бір пайызға жетпес бөлігін Қытайға жалға беру мәселесі қазақстандықтарды жаппай шеруге шығуға итермелейді. Себебі олар Тәжікстанның қателігін қайталаудан қорқады, – дейді Wall Street Invest Partners компаниясының жетекшісі, саясаткер Уалихан Қайсаров.

Айта кетсек, 7 жыл бұрын Тәжікстан Қытайға бережағын, сыртқы қарызын жабу мақсатында елдің шығыс бөлігіндегі жер телімін жалға беретін болып, келісті. Ұзамай тәжік халқы бейбіт шеруге шықты. Кейіннен қарулы күшпен болса да жерді қайтып алудың әрекетін жасады. Бірақ Қытай өзінің жаңа қосылған территориясын қорғау мақсатында 2013 жылы Тәжікстанның Таулы Бадахшан автономды облысына әскерін кіргізді.

Латын әліпбиіне көшу

2017 жылдың қыркүйек айында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың латын әліпбиіне көшу туралы шешімі "Қазақстан-2050" демократиялық күшінің жалпыұлттық жиынында мақұлданды. Ұзамай Қазақстанда бензин тапшылығы болуының Елбасы шешімімен байланысы бар ма?

Түркі тілдес елдердің арасында кириллицаны қолданатын екі ел ғана қалған. Солардың бірі – Қазақстан. Латын әліпбиіне көшу ғаламдық дамудың сұранысынан туып отыр. Дамыған елдермен тығыз байланыста болу мақсатында Қазақстанның экономикалық даму стратегиясына әліпби енгізілді. Бұл, өз кезегінде, Ресейден алыстауды білдіретін еді.

ҚР Энергетика министрлігі елдегі бензиннің тапшылығын мұнай өңдейтін үш зауыттың екеуінде жөндеу жұмыстарының жүріп жатқанымен түсіндірді. Бензин бағасының қараша айына қарай тұрақталатынын мәлімдеді.

Oxford Analytica институтының сарапшысы Сэм Уилкин Қазақстандағы бензин тапшылығына қатысты пікірін білдірді.

– ЕО да Қазақстан сынды Ресейдің энергетика ресурстарына тәуелді. Біз өзіміз жариялаған санкциялардан зиян көріп отырмыз, яғни Еуропаға Ресейден импортталатын табиғи газ құбырын өзіміз жаптық. Қазақстанның кезекті шешімі де осыған ұқсас нәтиже берген сияқты, – дейді ол.


Сэм Уилкин Oxford Analytica мен Cambridge Analytica компаниялары арасында еш байланыс жоқ екенін айтты / samwilkin.com сайтынан алынды

Ал белгілі неміс журналисі Гюнтер Кнабе Ресейге алғашқы экономикалық санкциялар жарияланған кезде кейбір Еуропа Одағына мүше елдерде бензин тапшылығы болғанын айтады.

– Кез келген шешімнің тиімді әрі тиімсіз жағы бар. Латын әліпбиіне өту ел болашағы үшін деп танылғанымен Ресеймен қарым-қатынастың нашарлауына алып келуі мүмкін, – дейді Гюнтер Кнабе.

"Алыстағы туысыңнан қасыңдағы көршің артық"

Тьерри Марианидың айтуынша, қазіргі ЕО екіге бөлініп отыр. Басым бөлігі АҚШ-ты қолдау тиімді деп білсе, қалғандары Ресеймен байланыстың үзілмеуін қалайды. Оның ойынша, екі жақпен де бірдей байланыс орнату Еуропа үшін тиімді.

– Америкалық геостратег Збигнев Бжезинский әлемдік нарықтағы АҚШ-тың қуатын арттыру үшін Еуропаның бірікпегені керек деп айтқан. Қазіргі таңда америкалықтар осыны жүзеге асыруға барынша тырысып жатыр. Ал Еуропа Одағының іштей бірігіп, өзіне тиімді шешім қабылдайтын уақыты келді.

– Өткен тарих пен географияны өзгерту мүмкін емес. Қазақстанның ең басты геосаяси серіктесі Ресей екенін ешкім де жоққа шығара алмайды. Сондықтан бұл екі ел арасындағы қарым-қатынас қай кезде де жақсы болуы тиіс, – дейді француз саясаткері Тьерри Мариани.