Доллар биржада 3 теңгеге арзандады

Қазақстан қор биржасының таңертеңгілік сессия қорытындысы бойынша 1 доллар бағамы 364,44 теңгеге тұрақтады.

Мемлекеттік кірістер комитеті WhatsApp арқылы жедел желі қызметін іске қосты

Мессенджер арқылы комитет мамандарына мүлік, жер және көлік салығына қатысты сауалдарды жолдап, ақпарат алуға болады. Сауалдар жұмыс күндері сағат 9-00-ден 18-30-ға дейін 8 777 136 41 32 нөмірі бойынша қабылданады.

Қазақстан Еуропада балалар суицидінен алғашқы жеті елдің қатарында

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы таратқан мәліметке сәйкес, жыл сайын Еуропа өңірінде 55 миллион бала зорлық-зомбылыққа ұшырайды. Оның 90%-ы назардан тыс қалады. Қатыгездік балаларды көбінесе суицидке баруға итермелейді. Өз-өзіне қол жұмсау бойынша Қазақстан алғашқы ондыққа (7 орын) кіреді. Бұл тізімде Ресей көш бастап тұр.

4 мыңнан астам қазақстандық ағзасын амастыру үшін кезекте тұр

Академик Ж.Досқалиевтің сөзінше, басты мәселе донорлардың жетіспеушілігінде болып тұр. Қазір елімізде ауыстыратын бүйрекке 2700, бауырға 1700 адам кезекте тұр. Бұдан бөлек 150 адам жүрегін алмастыру үшін кезегін күтіп жүр. Олардың арасында қол сөмкеге жасанды жүрек салып жүруге мәжбүрлері бар.

Қайтыс болғандардың туыстарының ағзасын беруге қарсы болуы елімізде донор жетіспеушілігінің тағы бір себебі ретінде аталады. Бұл көбінесе қазақылық менталитеттен деп түсіндіріледі.

Астанада есірткі сататын трансұлттық топ құрықталды

Сот қылмыстық топ мүшелерін 10 жылдан 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. 11 адамнан тұратын топты Ресей азаматы басқарған. Олар алыс-жақын шетелдерден есірткі құралдарын Астана, Ақтөбе, Алматы және Қарағанды қалаларына жіберіп келген. Тек Астана қаласында тәулігіне 300 дозаға дейін сатқаны анықталды.

Еліміздегі ең ірі екі ұлттық компанияның басқарма төрағалары ауысты

"ҚазмұнайГаз" ҰҚ АҚ Басқарма төрағасына бұған дейін "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры Басқарма төрағасының орынбасары болып келген Алик Айдарбаев тағайындалса, Қазмұнайгаз АҚ АҚ бұрынғы Басқарма төрағасы Сауат Мыңбаев "Қазақстан Темір Жолы" АҚ Басқарма төрағасы болып тағайындалды.

Білім және ғылым министрлігі Дүниежүзілік банктен 67 млн АҚШ долларын қарызға алып, жоба бастады

Бұл қаржыға ауыл және қала оқушыларының білімін теңестіретін шаралар жүзеге асырылады. Жобаның жалпы құны – 75 млн АҚШ долларын құрайды. Оның 67 млн-ын Дүниежүзілік банк беріп отыр, қалғаны – бюджет қаражаты. Жоба құнының 60%-ы ауыл мектептеріне мультимедиалық құрал-жабдықтар сатып алуға жұмсалады.

АҚШ валютасымен алынған қарызды Қазақстан 17 жыл бойы 360 теңге бағамы бойынша қайтарады.

Ұлттық компаниялар депозиттерін шетелдік банктерге алып кеткен

"Қазақстан халық банкі" төрағасы Үміт Шаяхметова бұл үрдісті долларлық депозиттерге берілетін нөлдік үстемақымен байланыстырып отыр. Қазақстандық банктер долларлық депозиттер бойынша ірі заңды тұғаларға пайыздық үстемақы беруде бәсекеге қабілетті бола алмай отыр. Банк басшысының сөзінше, елімізде мемлекеттік секторларға депозит ашу үшін банк таңдауға ешқандай шектеу жоқ. Халық банкінің үшінші тоқсан қорытындысы бойынша депозиттік базасы 6,068 трлн теңгені құрапты.

Қазақстандық БАҚ не жазды:

Sputniknews.kz: 2019 жылы Рамазан айы мен Құрбан айттың қашан басталатыны белгілі болды. Келер жылы Рамазан айы 6 мамыр күні, дүйсенбіде басталады. Қадір түні 31 мамырдан 1 маусымға ауған түн – Қасиетті жұмаға түсіп отыр. Артынша 4 маусым күні Ораза айт басталады. Арапа 10 тамызға белгіленсе, Құрбан айт 11-13 тамыз күндері өтеді. Сондай-ақ, 9 қыркүйек – Ашура күні, 8-9 қараша – жер бетіндегі барша мұсылман Мәуліт түні мерекесін қарсы алады.

Inform.kz: Алматыда қызылша ауруы өршіп тұр. Қызылша – өте өткір жұқпалы ауру. Науқас адамнан жұқпаны жұқтырған адамның өзі 7-ші күннен бастап айналасына қауіп төндіре бастайды. Денесіне қызыл бөртпелер шыққаннан бастап арада 4 күн өткенде жұқпаның ауаға таралуы тоқтайды. Көктем-қыста қызылша ауруы көп белең алады. Алғашқы белгілері жай тұмаумен бірдей. Дене қызуы, жөтел, мұрынның бітелуі болады. Содан кейін азу тістердің түбінен қызыл бөртпелер шыға бастайды. Вирус шырышты қабықты бұзады. Міне бұл қызылшаның басқа аурулардан айырмашылығы.