Кезінде Совет үкіметі Мұстафа Шоқайға "сатқын" атын жамап келді. Шоқайды ақтап алу үшін тәуелсіздік алғаннан кейін қазақ елінің бірталай зиялы қауым өкілдері зерттеу жұмыстарын жүргізген болатын.

Мұстафа Шоқай есімінен Сталин неге сонша үрікті?

Мұстафа Шоқай дегенде санамызды сансыз сауалдардың жаулап алатыны сөзсіз. Оның шетелге кетуіне не себеп болды, ұлты үшін қандай қызмет атқарды, неге Кеңес үкіметі оны "сатқын" атандырды? Осындай сауалдардың жауабын алу мақсатында және ақ-қарасын анықтау үшін саяси ғылымдар докторы Бақыт Садықоваға жолықтық. Ол Мұстафа Шоқайға қатысты Германия, Польша, Түркия және Франция елдерінің архивтерінде сақталған құжаттарды зерттеумен жиырма жылдан астам айналысып келеді. Зерттеуді бастар алдында ол ойында небір күдіктің болғанын жасырмады.

– Шынымды айтсам, ең алғаш архивтік деректерді іздеуге бел буғанда Серік Шәкібаевтың кітабында жазылғандай, оның отанын сатқан опасыз екенін растайтын дерек алдымнан шықса, не істеймін деп ойладым. Мәселенің ақ-қарасын анықтау үшін немістердің Үшінші рейхының, Франция Сыртқы істер министрлігінің, Францияның әскери барлау архивінде, Ресей эмигранттары жайлы тыңшылар дерегі сақталған Франция полициясының архивтерінде және Еуропаның басқа да архив орталықтарында апталап отырдым.

Сталин мықты қарсыластарын өлтіртумен шектелмей, өмірбаяндық деректерін өзгерткен. Саяси көсемдерін өз халқының алдында жексұрын қылып түрлі қаралайтын материалдар ұйымдастырып, оларды оқулық кітаптарға, энциклопедияларға енгізуді мақсат тұтқан. Тіпті кеңестік арнаулы қызмет офицері Серік Шәкібаевтың "Үлкен Түркістанның күйреуі" деген тек қана құжаттар негізіндегі кітабында жеке тұлғалардың қолдан қиюластырған өмірбаяндары жазылған еді. Сонымен Серік Шәкібаевтың кітабында жазылғандарды растайтын ешқандай құжат болған жоқ. Оның Мұстафаны бірыңғай қаралау бағытында жазылғанына көзім жетті, – дейді Бақыт Садықова.

Үш айып

Негізінде Мұстафаға кеңес үкіметі "халық жауы, батыс тыңшысы, Түркістан легионын құрушы" деп айыптап, оны халықты қорқытуға құрал ретінде пайдаланған. Сондықтан Бақыт Садықова Мұстафаның халықтың жауы емес, жанашыры екенін анықтау үшін ғылыми зерттеу жасап, батыс барлау қызметтерінің агенті болмағанын дәлелдегім келді дейді.

– Айыптар да дұрыс тағылмаған. Менің анықтауым бойынша, іс жүзінде Мұстафаға мынадай үш айып тағылған: 1) Кеңес Одағына қара жаққан өз ұлтының жауы. 2) Буржауаз ұлтшылы және Түркістан легионын құрған пантюркист. 3) Батыс арнайы қызметтерінің Франция, Польша, Ұлыбритания және Жапонияның агенті.

Кейбір орыс басылымдары осыдан 7-8 жыл бұрын Мұстафаны коллаборционист деген болатын. Оның мағынасы үлкен совет энциклопедиясында : "отанын сатқандар, фашист басқыншыларының жәрдемшілері" деп көрсетілген. Бірақ уақыт оның сатқын емес екені көрсетті.

– Ресейде жарық көрген "Обществанная мысль русского зарубежья" деген энциклопедияда Мұстафа Шоқай туралы "В его судьбе много неясного, но очевидно, что нацистам не удалось привлечь его на свою сторону" деп тайға таңба басылғандай жазылған, – дейді Бақыт Садықова.

Мұстафа Шоқай Францияға не себепті кетті? Онда қандай жұмыстар атқарды?

Түркістаннан кетер алдында Мұстафа Шоқай ұлт азаттық күрес басшыларымен ақылдаса отырып, Кеңес үкіметінің тамыр жайып келе жатқан тоталитарлық саясатына қарсы болашақ күрестің стратегиясын анықтайды. Біріншіден – Сталиннің үгіт-насихатына тосқауыл болу. Екіншіден, онымен шектелмей, Сталиннің орыс емес ұлттарға қарсы кертарта саясатын әшкерелеу. Үшіншіден, Сталиннің тоталитарлық жүйесінің басқа елдерге қауіпті екенін ашық-айқын көрсету.

Міне, ұлт азаттық қозғалысының сыртқы мақсаттары осы еді.

– Қызыл армия Түркістан аумағындағы Қоқан, Алаш-Орда және Каспий жағалауындағы немесе Каспий маңындағы автономиялардың көзін құрта бастады.

Дәл осы уақытта Мұстафа Шоқай ұлттық автономиялардың басшыларымен саяси кеңес өткізе отырып, "На рубеже" газетін шығаруға атсалысты. Ол большевиктерге қарсы күш біріктіруді көздеді. Өйткені Қызыл армияның әскері жаңадан құрылған автономияларды құрту жолындағы қанды жорығын жалғастырып келе жатқан.

Большевиктерге қарсы жұмылу үшін ортақ үніміз болу керек деп шешті. Сол кезде Мұстафа Шоқай: "Различные народы, сумевшие расшатать устои имперского режима, должны ясно осознать смертельную угрозу, идущую от русских и международныx реакционных сил. В этот новый исторический этап своей жизни они должны проникнуться сознанием общности интересов... Они должны объединиться во имя общих идеалов и стать преградой, способной отбросить натиск русскиx и других реакционных сил", – деп жазды.

Мұстафа Шоқайдың және қазіргі зерттеушілердің пікірі бойынша, "На рубеже" газеті одан жеті жыл кейін шыққан, Еуропадағы большевиктерге қарсы қозғалыстың ортақ үніне айналған "Рrоmethёе" журналының жаршысы бола алды.

Францияның Сыртқы Істер Министрлігінің архивінен табылған деректе: "Мұстафа Шоқай 1921 жылдың мамырында Түркістан Ұлттық ұйымдарының жолдауымен келді" деп жазылған. Ал дәл сол жылы яғни, 1921 жылғы статистика бойынша, Францияға Ресейден бір миллион эмигрант (мұғажыр) барған.

Еуропаға барған себебін Мұстафа Шоқай: "Біз Батыс елдерінен көмек сұрауға бара жатқан жоқпыз. Біз Еуропа елдеріне, дүниежүзілік қауымдастыққа Кеңес Одағындағы Сталиннің тоталитарлық жүйесінің, большевиктер идеологиясының астарын ашып, оның тек қана ұлттық республикаларға емес, бүкіл әлемге қауіпті екенін ашық, айқын көрсетуді мақсат еттік. Осы тұрғыда, мұғажыр азаматтар алдыңғы сапта болып, осы ой-пікірді бүкіл адамзатқа жеткізуді парыз санады", – деп түсіндіреді.

Париждегі кездесу

Мұстафа Шоқай Парижге барғанда Тадеуш Голувко деген жерлесін кездестіреді. Ол Қазақстанға жер аударылған поляк отбасынан шыққан. Туып-өскен жері – Семей қаласы. Әкесі теміржол стансасының бастығы болған. Мұстафа Шоқаймен бірге Петербор университетінде оқиды. Мамандығы – журналист, жазған мақалаларын "қырғыз (ол кездегі қазақтардың атауы)" деген бүркеншік атпен жариялап отырған. Қазақ тілінде еркін сөйлеген. Патшалық Ресей құлаған соң ол өзінің тарихи отанына кетеді. Польша егемендік алғаннан кейін оны Франциядағы Польшаның елшілігіне қызметке жіберген.

Мұстафа Шоқай 1921 жылдың жазында Парижге барғаннан кейін Түркістанның саяси және экономикалық жағдайы туралы мақала жазуды жалғастырды. Тадеуш Голувконың көмегімен "Яш Түркістан" және "Иени Түркістан" журналын шығаруға қаражат табады. Және Шоқайдың мақалалары орыс, түрік, француз және ағылшын тілдерінде басқа да газет-журналдарда жарияланады. Шоқай орыс тіліндегі мақалаларын, босқын орыс лидерлері Керенскийдің "Дни", Милюковтың "Последние новости" газеттерінде жариялады. Француз тіліндегі мақалаларының басым көпшілігі "Прометей", содан кейін "Orient et Оccident" журналдарында жарық көріп тұрды. Ағылшын тіліндегі мақалалары болса, "Asiatique review" секілді журналдарда шықты.

Стамбулда шығарыла бастаған "Йени Түркістан" журналы Түркістан ұлттық тәуелсіздік идеясы мен түркі халықтары арасында ынтымақтастық жайлы пікір таратуды, сондай-ақ, Түркістан мен Түркия халқы арасында тіл және діл бірлігін нығайтуды мақсат тұтты.

"Türkistan Milli birliğі" ұйымының мақсаты

Еуропада саяси эмиграцияның, ұлт азаттық күрес жетекшілерінің, ақ гвардияшылдардың жиналған жері – Франция болды. Мұстафа Шоқай "Түркістан ұлттық бірлігі" атты ұйымын құрды. "Türkistan Milli birliği" оншақты адамнан ғана құралған жоқ. Еуропадан, Орта Азиядан ғана емес, Оңтүстік Азия елдерінен жүздеген мың мүшесі болды. Олардың мақсаты – халықтың ұлт болып қалыптасуына, өзіндік мәдениеті мен тілінің, тарихының жойылып кетпеуіне зорлық-зомбылықсыз, қарусыз жол бермеу болатын.

"Яш Түркістан " журналы – "Türkistan Milli Birliği"-нің саяси органы болды. Онда Орта Азия жайлы және барлық түркі тілдес халықтардың тәуелсіздігі туралы идея бірінші рет жарияланды, сондай-ақ, мұнда демократиялық идеялар насихатталды. Мұстафа Шоқай "Яш Түркістан" журналын әлдеқайда жоғары деңгейге көтеріп, саясаттанудың теориясын қалыптастыра бастады.

"Türkistan Milli Birliği" атты кітабында автор КСРО барлау қызметкерлерінің "Мұстафа Шоқай Польшаның, Францияның, Жапонияның, Ұлыбританияның барлаушы қызметтерінің агенті болды" деген үгіт-насихатын жан-жақты зерттейді. Сол себептен поляк экспозитурасы (барлау қызметі) құжаттарының мазмұнын қысқартпастан келтіріп, осы айыптың дұрыс-бұрыстығын талдайды.

Мұстафа Шоқай "Прометей" қозғалысының қалай өмірге келгені жайлы

Түркістан мен Польша арасындағы ресми саяси байланыс Мұстафа Шоқайдың Парижде Тадеуш Голувконы кездестірген сәтінен, 1926 жылдан күшейді. Бұрынғы жерлесінің демеу бергені Түркістан эмиграциясы жұмысының тиімділігін арттырып, екі елдің саяси тұлғаларының арасындағы сенімді нығайта түсті.

"Прометей" қозғалысы – орыс ұлтына немесе Кеңес үкіметіне қарсы ұйым болған жоқ. Ол – империяға қарсы ұйым болды. Тоталитаризм құрсауындағы халықтың саяси санасын оятуға әрекет жасады. Бірақ күш қолданудан үзілді-кесілді бас тартты.

Польшаның сыртқы саясатын жүргізу ісі мен Ресейдің орыс емес эмигранттары қозғалысының мақсаты бір болды. Ортақ мақсаттан большевиктерге қарсы блок құру идеясы туды.

Бұған мына жағдай себеп болған. Екі алыптың ортасындағы Польша өз егемендігіне қатер төнгенін анық сезінді. Мәселе ел тәуелсіздігін сақтап қалуға тірелгендіктен – ол поляк барлау қызметінің басты ісіне айналды. Дәл осы тарихи кезеңде ұлтын азат етуді аңсаған Ресейдің орыс емес эмигранттары мен поляк барлау қызметтерінің мақсаттары бір жерден шықты. Осылайша Прометей поляк және КСРО барлау қызметтерінің теке-тіресін пайдаланып өз жолын табуға ұмтылды.

Мысалы, Польша экспозитурасының капитаны Харашкевич 1934 жылы 5 желтоқсанда Прометей туралы былай депті:
"Әрине, біз тапсырма беріп, оларды барлау қызметіне пайдалануымызға болар еді. Бірақ мұны сол тактикалық жолда, белгілі бір сұрақтар бойынша шынайы пікір білдіру арқылы жасау керек. Ал мұны тыңшылыққа тіреу – абсурд. Прометейліктер – поляк азаматтары емес. Олар – алдымен өз елінің патриоттары, тек содан кейін ғана Польшаның одақтастары".

1926 жылы "Рrоmethёе" журналының алғашқы нөмірі француз тілінде жарыққа шықты.

Ол эмигранттар шығарып жатқан Тризуб, Сакертвело (Парижде), Istiklâl сосын "Kurtuluš" Ресулзаде, Yeni Milli Yol, Yach Turkestan (Берлин мен Парижде), Emel (Констанцада), Severni Kavkas-Simali Kavkas (Варшавада) журналдар арасында өте беделді басылымға айналды.

Ортақ саяси қауіптің күшеюі көреген Пилсудскийді "Прометей" қозғалысына және оның құрамына кіретін ұйымдардың іс-әрекетіне қажет қаржы көзін табуға итермеледі. Солардың қатарында Türkistan Milli Birliği аталған Түркістан ұлттық қозғалысы болды.

Прометей туралы құжаттар неге құпия сақталған?

Неліктен Прометей құжаттарына басқа елдердің құпия қызметтері қызықты? Өйткені Польша мен СССР 1920 жылға қарай негізінен бірдей уақытта республика жариялады. Сол үшін де екеуінің де ең басты мақсаты – ұлт саясатын меңгеру болды. Ал бұл қозғалыс мүшелері – ұлттық идеология құрып, ұлт саясаты жоспарын құрған адамдар. Ұлттық идеология – олар үшін таптырмас құрал болатын. Сонымен қатар Мұстафа Шоқай туралы шындықты жасырып қалғысы келген болар деп ойлаймын

Бұл фронт үстем саясатқа қарсы қарусыз, зорлық-зомбылықсыз ақыл-ойдың айқасын жүргізді. Кейін күрестің осы түрін Махатма Ганди "ненасильственная форма сопротивления" деп атады.

– 2007 жылы Парижде француз тілінде "Мұстафа Шоқайдың "Прометей" қозғалысындағы іс-әрекеті" атты кітабым жарыққа шықты. Ең алдымен сол кездегі Қазақстан мәдениет және ақпарат министрлігіне кітапты шығаруға қолдау көрсетуін өтініп, хат жазғам. "Қаржы жоқ" деген жауап алдым. Кейін 2007 жылы Францияның Орта Азияны зерттеу институты мен "Л Арматтан" баспасының қолдауымен Парижде жарық көрді.

Түркістан легионын құруға қатысы болған ба?

Мұстафа Шоқайға тағылған айыптың бірі – Түркістан легионын құру идеясы болатын. Алайда тарихи деректер бұның Мұстафаға жағылған күйе екенін дәлелдеп берді дейді Бақыт Садықова.

– Дәл сол легионды құруға қатысы жоқ екенін дәлелдейтін құжаттарды мен Берлин архивінен таптым. Мұстафа Шоқай 1941 жылы қайтыс болған. Ал Түркістан легионы 1942 жылы құрылған. Алайда Серік Шәкібаев қана емес, Мариям Шоқайдың естеліктерінде кеңестік арнаулы қызмет офицерлері Махмут Айқарлы мен Лев Соцков "Лубянка ардагерлері" Шоқайдың қайтыс болған уақытын 1942 жыл деп көрсетеді. Гитлер Түркістан легионын құру құжатына 1941 жылы 22 желтоқсанда қол қояды. Ал ол дәл сол күні ауырып ауруханаға түседі де, 4-5 күн өткен соң жұмбақ жағдайда қайтыс болды. Бұрынғы легионерлер өзін Мұстафа Шоқаймын деп таныстырған бөгде адамның тұтқынға түскенін, кеңестік әскерлер алдында 1942 жылы дауыс күшейткішпен (рупор) сөз сөйлегенін куәлік етеді. Алайда көптеген шетелдік және кеңестік архивтер құжатының арқасында шынайы оқиғалар көрінісін қалпына келтірдік.


Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталуына төрт ай қалғанда 3 млн 600 мың адам фашистердің тұтқынында отырған / Фото жеке мұрағаттан алынды

Мұстафа Шоқай Түркістан легионы құрылғанға дейін қайтыс болды ма деген сауалдың жауабын Бақыт Садықованың "История туркестанского легиона в документах" атты кітабынан алуға болады. Онда Үшінші рейх архивінде сақталған құжаттардан деректер келтірілген.

Жалпы легионшылардың көбі – мал бағып жүрген 18-20-дағы ана тілінен басқаны білмейтін жастар болған. Тұтқынға түскен совет азаматтарының саны 5 млн 724 мың адам болса, соның үштен бірі – түркістандықтар еді, – дейді зерттеуші.


Түркістан легионының байрағы / Фото жеке мұрағаттан алынды

Жапон құжаттары нені дәлелдеді?

Бақыт Садықова зерттеу барысында бірталай қиындықтарға кездескенін айтты. Ол шетел архивтеріне кірудің жолын тапқанмен Ресей мемлекеттік әскери архивінің құжаттарына қол жеткізу оңай болған жоқ дейді.

– "Прометей" қозғалысы туралы мен алғашқы жылдары ешбір құжат таба алмадым. Сосын бірнеше рет ол кезде көзі тірі, Мұстафа Шоқайдың қарындасы Мадина апайдың қолымен Ресей мемлекеттік әскери архивіне зерттеуші ретінде хат жаздым. Архивтен "Жабық архив, көруге болмайды" деген жауап келді.

Кейін Ресей әскери архивінен Польша үкіметінің талап етуімен "Прометей" құжатын қайтарып алған. Ал Варшава университетінің мамандары маған Қазақстанмен байланысты құжаттарды беріп жіберді. Сол құжаттың ішінен Мұстафа Шоқайға қатыстысы 200 беттей болды.

Құжатты зерттей келе еш жерде жоқ деректер таптым. Құжатта Тұрар Рысқұлов пен Мұстафа Шоқай туралы деректер бар. Менің білуімше, бұл – Мұстафа Шоқай туралы ашылған ең алғашқы жапон тіліндегі архив. Жоғарыдағы поляк тіліндегі құжаттар да, осы жапон архивіндегі деректер де Қазақстанда бұрын жарияланбаған болатын. Бұл құжаттардың мазмұнын байланыстырған ұлтшылдық мәселесін зерттедім, – дейді Бақыт Садықова.

Мұстафа Шоқайдың батыс елдері мен жапон елінің агенті (тыңшысы) болмағанына "Прометей" қозғалысының құжаттары дәлел бола алады. Ол құжаттарды алдымен 1939 жылы неміс арнайы қызметі қолына түсірсе, кейін 1945 жылы совет арнайы қызметі басып алған соң Ресей мемлекеттік әскери архивінде сақталған еді. Сондай-ақ Türkistan Milli Birliği кітабынан оқырман Жапон сыртқы істер министрлігінің архивінен табылған Мұстафа Шоқайдың олармен ешқандай байланыс жасамағаны туралы құжатпен таныса алады.

Қысқаша айтсақ, Кеңес үкіметімен саяси күресте осыған дейін тек большевиктерге қарсы орыс жақтастарына сүйенген Жапония Прометей қозғалысына да қызығушылық таныта бастайды. Бұған бір жағынан прометейліктердің Қиыр Шығыстағы белсенділігі, екіншіден, Кеңес мемлекетіндегі ішкі ұлтаралық қатынас мәселесінің шиеленісуі ықпал етті.

Сол кезде Еуропадағы эмигранттар арасына жапон офицерлері Танака (Берлинде) мен Томинагидің (Парижде) келуі тектен тек емес еді. Танака Мұстафа Шоқаймен кездесуге ұмтылады.

Екі ортадағы әңгімелерден Мұстафа Шоқай Жапонияның қолдауымен Ресей патшалығын қайта құруды аңсаған генерал Иванов-Ринов, Сереберяков сынды "оңшыл" топтармен мүдделері бір емес екенін түсінеді.

Ол: "Разговоры с Танакой велись "в три захода". Мне кажется, не будет преувеличением, если скажу, что в итоге "японский горизонт" стал значительнее яснее. Больше всего Танаку интересует, разразится ли в случае японо-советской войны восстание в Украине, Туркестане и на Кавказе, когда и какие военные операции могут спровоцировать восстания. Подобный вопрос слишком прямолинеен, чтобы мы могли сориентироваться в японских планах", – деп жазады.

Мұстафаны Компьен қамалында саяси кепіл ретінде ұстаған

Неміс фашистері Кеңестер Одағына қарсы соғыс ашқан кезде Мұстафаны Париж түбіндегі Компьен қамалындағы арнайы ұйымдастырылған лагерьге алып келеді. Оған тұтқынға түскен түркістандықтарға арнап сөз сөйле дейді. Ол лагерьдегі тұтқындардың жағдайын білмей ештеңе айтпайтынын мәлімдейді. Оны босатқанмен, арада біраз уақыт өткен соң Берлин қаласындағы концлагерьге қайта жөнелтеді.


Тұтқындағы түркістандықтар. Германия. 1941 жыл / Фото Қызыл крест Женева комитетінің мұрағатында түсірілген

Сол кезді әйелі Мария өз естелігінде "Қараша айының ішінде бір адам маған хат әкеліп берді. Бұл хатында Мұстафа соғыс тұтқындарының шегіп жатқан азабы мен жанаярлық халдерін жіктеп, суреттеп жазған болатын" деп жазды.

35 мұсылманның сүндеттелгеніне бола, еврей ретінде өлімге бұйырылған жерінен құтқарып қалғанын, аштықтан тұтқындардың өз жолдастарының жүрегі мен өкпесін жегенін, сықырлаған сары аязда жалаңаш қалпы терең шұңқырларды паналағандарын, жаңбыр мен қардан қорғану үшін шұңқырдың қабырғаларын қолдарымен қазғандарын көріп, шыдай алмайтынын, оларға көмектесе алмайтын болғандықтан өлімді артық санайтынын жазды.

Мұстафа бұл үрейлі жағдайлар туралы әкімшілік орындарына жазған хатында "Сіздер XX ғасырда өмір сүре отырып, XIII ғасырда Шыңғыс ханның жасаған зұлымдығынан асырып жібердіңіздер. Мәдениетті халық екендіктеріңізді айтуға хақыларыңыз жоқ" деген хатты СС офицерлерінің біріне табыс еткен. Офицер оқып шығып, "Пікіріңізді өте тура айтыпсыз. Мұныңыз артықтау емес пе?" деген сұрағына "Мұндай мәдениетті қоғамда өмір сүргеннен өлгенім артық" деп жауап берген.

Мұстафа Шоқай неміс лагерлерінің бірінде 1941 жылы 27 желтоқсанда дүниеден өткен.

Шоқай еңбектері

– Мұстафа Шоқай – қазақ ойшылы, ғалым, мемлекет және қоғам қайраткері. Мұстафа Шоқайдың еңбектері бізге ұлтшылдық пен шовинизм, ұлт азаттық күрес пен сеператизм деген ұғымдардың мағынасын ашып берді. Сонымен қатар совет үкіметінің ұлтсыздандыру саясатын әшкерелеп берді, – дейді Бақыт Садықова.

Ол "Кеңестер билеген Түркістан" кітабын жазып, онда Кеңес үкіметінің саяси жүйесінің ұранына айналған пролетариат диктатурасына талдау жасады.

А.Керенскийдің "Дни" және П.Милюковтың "Последние новости" газеттерінде қызмет етті. 1927 жылдан Зәки Уәлиди Тоғанның редакторлығымен Парижде шығып тұрған "Иени Түркістан" журналына атсалысып, "Türkistan Milli Birliği" ұйымына жетекшілік етті.

1929 жылы Берлинде "Яш Түркістан" журналын шығарды, оның бас редакторы болды. 1939 жылы екінші дүниежүзілік соғыс басталғанға дейін журналдың 117 номері жарық көрді.

Ол "Яш Туркестанда" Түркістан халқының мәдениеті, кеңестік биліктің бұл өлкедегі саясаты және екінші дүниежүзілік соғыс қарсаңындағы халықаралық қатынастар, т.б. тақырыптағы қоғамдық-саяси мәні өткір зерттеу мақалаларын жариялады. Оның қатысуымен жарық көрген басылымдарда тек Түркістан өлкесі ғана емес, Әзірбайжан, Солтүстік Кавказ, Еділ-Жайық бойы, Қырым халықтары жөнінде қоғамдық-саяси мәні бар материалдар басылып тұрды.

Медаль неге берілді?

2008 жылы Ресей Мұстафа Шоқайды "Личность Петербурга" медалімен марапаттады. Сол медаль Қазақстанның Ресейдегі бас консулдығына табыс етілді. Ол медаль 1 Петр салдырған тамаша қаланың ғылымын, мәденитін және өнерін дамытуға үлес қосқан үлкен тұлғаларға беріледі.

Мұстафа 1910-14 жылдары Петерборда студенттік шағы туралы естеліктерінде "Петербордан аттанарда көңілім қобалжып, қатты толқыдым. Талаба (студент) кезіме университет пен бүкіл орыс зиялылыларының революцияшыл демократтары арасында жүргенімде, Петерборды ұнататынмын" деп жазған.

"Қолыма құжаттар тигенде жауапкершілікті мойныма алғанымды түсіндім"

Мұстафаның өмірін зерттеуге не итермеледі деген сұраққа Бақыт Садықова былай деп жауап берді.

– Мен тек Мұстафаның "сатқын" емес екенін құжат түрінде дәлелдеу үшін 20 жылдан аса зерттедім. Алты кітап пен "Бір уыс топырақ", "Зар немесе Отанынан шеттетілгендер" деректі фильмдерінің сценарийін жаздым.

Францияда елшілікте істеп жүрген кезімде Парижде тұратын Мемет Зенгин деген қазақ жігіті 1995 жылы Мұстафа Шоқайдың зайыбы – Мария Яковлевна Горина-Шоқаймен кезінде жақын араласып, хат жазысып тұрған Әлім Алмат деген ағамыз жайлы айтып берген еді. Онымен хабарласқанымда Шоқай архивінен қалған біраз суреттер мен құжаттардың барлығын Қазақстанға жеткізіп, тарихи шындықты ашып беруге көмектескенің жөн деген болатын. Мен сол құжаттарды алу үшін Стамбулға барып қайттым.


Әлім Алмат. 1996 жыл / Фото жеке мұрағаттан алынды

Әлім Алмат 1941 жылы соғыстың басында жараланып, тұтқынға түседі. Түркістан легионы әскерлерінің құрамында болғанмен, оның музыкаға жақын екенін байқаған австриялық музыкант офицер Берлин қаласына рапорт жазып, консерваторияға түсуіне көмектеседі. Берлинде жүріп Мұстафа Шоқайдың түркістандықтарға көмек көрсететінін естіп, сол кісіні іздеп келеді. Ондағы ойы Түркияға барып тұрақтап, азаматтығын алу екен.

Мария Яковлевна Әлім Алматқа Мұстафа Шоқайдың өмірі мен эмиграциядағы қызметі туралы шындықты елге жеткізуді аманаттап тапсырған екен.

– Мен Әлім Алматтың қолындағы Мариямның хатында "Мұстафаның орыс халқына деген көзқарасын кейбіреулер түсіне алмай жүрген болар. Ол фобияның қандай түрінен болсын бас тартатын. Ол халыққа емес, халықты билеушілерге қарсы болды. Оның пікірінше, күнә халықта емес, оның билеушілерінде"... міне осы құжаттар қолыма тиген соң, үлкен жауапкершілікті мойныма алғанымды түсіндім, – дейді Бақыт Садықова.

Мария ханым 1969 жылы 14 сәуірде Францияның Шелл деген шағын қаласында орналасқан қарттар қайырымдылық үйінде қайтыс болған.

Оның соңғы естеліктерінің бірінде " Мұстафа Шоқаймен 23 жыл бірге өмір сүрдік. Бұл – өте ауыр болғанмен, бақытты кезеңдер еді. Бір елден екінші елге көшу кезінде біз үшін жат болғанмен, әр түрлі рөлдерде ойнауға тура келетін. Бірақ Алланың бізге көрсеткен көмегінің арқасында жағымпаз, екіжүзді, жала жабушы адамдардың рөлін ойнаған емеспіз. Сондықтан біздің арымыз таза" делінген.

Алайда қазақтың біртуар азаматы, мемлекет және қоғам қайраткері Мұстафа Шоқайды Қазақстан үкіметінің ресми ақтағаны туралы мәлімет жоқ.