Той десе қу бас домалайды

Ораза біткеннен кейін тойдың жазғы маусымы басталды деуге болады. Қазаққа жаздың шілдесі де кедергі емес. "Қазақтың тойы бітпесін" демекші, шілде және тамыз айлары – қазақ шаңырағында тойдың нағыз қызатын мезгілі.

Еліміздегі той бизнесінің ахуалы қандай? Той жасауды жоспарлап жүрген отандастарымыз нені білуге тиіс? Қазақ баласы тойға қанша қаражат жұмсап жүр?

Тойды қай қалада ұйымдастыру арзан?

Қазақстан бойынша басқа қалаларға қарағанда Шымкентте той жасау тиімдірек. Себебі Шымқаланың халқы көп болғасын, сұраныс көп. Сосын тойханалар (ресторандардың банкет залдарын есептемегенде) саны да 80-нен асатындықтан, бәсекелестік те жоғары.

Жақында үйленіп, отбасын құрған Әділет есімді Орал тұрғыны тойға жұмсалған шығынның өзі ойлағаннан көп болғанын айтады. Мысалы, жұбайы шымкенттік болғасын, екі қаладағы тойхана бағасын салыстырған. Шымкенттегі тойханаға әрбір адамға 1700 теңгеден төленіпті. Ал Оралда адам басына 3500 теңгеден түскен. Шымкент Қазақстандағы үшінші үлкен қала болғанына қарамай, қызмет көрсету батыстағы Оралда қымбат.

Үйлену тойын Алматы немесе Астана қалаларында жасаудың ұшынып тұрғаны айтпаса да белгілі. Той дастарханының ең төменгі бағасы адам басына 10-15 мың теңгеден 60-70 мыңға дейін барады.

Той шығынына тойханадан бөлек, фото және видео сюжеттерді дайындайтын қызметтер мен қымбат көліктерге жұмсалатын қаржы да бар.

Сауалнама не дейді?

Біз, арнайы сараптамалық материал үшін Орал, Ақтау, Шымкент, Алматы, Астана және Өскемен қалаларының тұрғындарына электронды түрде сауалнама жолдадық.

Сауалнамаға қатысқан 60 адамның үштен екі бөлігі жыл басынан бері бір рет болса да тойды ұйымдастыруға қатысқан екен. Орта есеппен, тойға ақшасын аямайтын азаматтар Алматыдан болса, ең тиімді баға Шымкентте болып шыққан.


Биші қыздардің бір биіне 25 мыңнан 300 мың теңгеге дейін төленеді. Және олардың танымалдығына байланысқа қымбаттап отырады / Дереккөзі: lada.kz

Нақтылап өтсек, Алматыда орта деңгейдегі той жасау үшін кем дегенде 6,5-7 миллион теңге ($20 000) көлемінде қаржы керек. Ал дәл осы қаржыға Шымкентте 5, Өскемен мен Оралда 3, ал Ақтауда 2 той ұйымдастыра аласыз. Бас қаланың бағасы Алматыдан 5-10 пайызға арзан жүреді.

Алматыда тек тойханаға кететін қаржыны есептеп көрелік. Мысалы, Royal Tulip пен Rixos банкет залдарында той өткізу үшін әрбір қонақ үшін 60-70 000 теңге көлемінде төлеуге міндеттісің. Ritz Carlton қонақ үйінің мейрамханасының құны одан да асқақтап тұр. Егер 200 қонақ шақырсаңыз, тойхана құны 13 миллион теңге көлемінде. Одан бөлек, музыкалық сүйемелдеу мен ішімдіктердің бағасы саналуы тиіс.

Әрине, маусым кезінде осындай бағаларға сұраныс болады. Ал қыстың қаңтар және ақпан айларында немесе ораза кезінде баға күрт төмендейді. Десе де, әр мерейтой ұйымдастырылатын орынның өзіндік статусына сай бағалары белгіленген.

"Көпен келе жатыр" той ұйымдастыру орталығының директоры Асқар Әмірбектің айтуынша, тойдың видео және фото сүйемелдеуі Алматы мен Астана қалаларында 1 миллион теңге шамасында. Ал аймақтарда арзандау. Сәйкесінше, сапасы да төмендеу болуы мүмкін. Тек Шымкент қаласында сапалы әрі арзан техникалық қолдау қызметтері бар.

Сауалнамаға қатысушылар тойды басынан аяғына дейін ұйымдастыратын Event агенттіктерге сенім артпайтындарын білдірді. Олардың ойынша, той ұйымдастыру орталықтары қызметі үшін көп мөлшерде үстемақы сұрайды. Содан кейін, агенттіктердің қызметіне көбіне Алматы мен Астана қалаларында сұраныс бар. Ал аймақтардағы ел азаматтары өздері ұйымдастыруға үйренген.


Асқар Әмірбек тамаданың тауып отырған ақшасына орай еңбек етуі міндет деп санайды / Сурет жеке мұрағаттан

Той саласында соңғы 7 жылдан бері жүрген Асқар агенттіктерге қатысты қоғамдағы негативті стереотиптерді жоюға тырысып жүргендердің бірі. "Әрине, той ұйымдастырушы орталықтар өз қызметіне қарай ақы алады. Бірақ біз соған сай қызмет көрсетуге тырысамыз. Әртүрлі тосын сыйлар дайындаймыз", – дейді Әмірбек мырза.

Тойды ұйымдастыруды Event агенттіктерге берудің тиімділігі неде?

Әрбір қазақ баласы өміріндегі маңызы бар мерейтойлардың жоғары деңгейде өткенін қалайды. Десе де, мінсіз кешті ұйымдастыруға біршама қомақты қаржының да керек екенін айта кету керек. Ал еліміздің қалталы азаматтары тойды ұйымдастыруды толығымен Event агенттіктеріне сеніп тапсыруға үйренген.

"Той иелері Event орталығына тізгінді береді де, өзі шаршап-шалдығып, жүгірмейді, Жүйкесін тоздырмайды. Себебі тойды басынан соңына дейін ұйымдастыру оңай шаруа емес. Артық қобалжу денсаулыққа зиян. Содан кейін, той иесінің бұл салада тәжірибесі аздау болса, ұйымдастыру деңгейі төмен болып, қонақтардың көңілінен шықпауы мүмкін. Сондықтан мерейлі кешті өз жұмысын білетін той ұйымдастыру орталықтарына беру жан-жақты тиімді", – дейді Асқар Әмірбек.

Қазақстандық эстрада жұлдыздарынан кімдер тойда сұранысқа ие?

Алматы қаласында Қайрат Нұртасты тойда ән шырқауға шақыру құны 7 000 АҚШ доллары (2,3 миллион теңге) көлемінде жүреді. Ал Бүркіт пен Айша және Айқын $5 000-ға (1,6 миллион теңге шамасында) келеді.

Төреғали Төреәлі осы екі бағаның ортасы шамасында сұрайды. Әрине, әншінің танымалдығы төмендеген сайын бағасы да азая түседі.


Қайрат Нұртастың өзге аймақтарға тойға бару "бағасы" Алматыдағыдан қымбат. Себебі онымен бірге баратын командасының ұшағының, уақытша тұрақтайтын орнының бағасы кіреді / Дереккөзі: youtube.com

Одан бөлек, қазақ тойларында үнемі сұранысқа ие әншілердің қатарында Жанболат пен Жазира, Ерке Есмахан, Тоқтар Серік, Мұзарт, Ұлытау, Орда және Мақпал Исабековалар да бар.

Шетелдік танымал әншілер мен жүргізушілерге де сұраныс бар

Қазақстанға ТМД елдерінен, көбіне, Ресейден шақырылатын жүргізушілер де жоқ емес. Мысалы, әзілқой жүргізуші Маским Галкин 30-40 000 еуродан аз ұсынысқа келмейді. Ал Филипп Киркоров тойыңызға келіп, үш-төрт әнін шырқап кетуі үшін қалтаңыздан 50 000 еуро шығаруыңызға тура келеді.

Өздеріңізге белгілі, америкалық танымал жұлдыздар сирек болса да Қазақстанға келіп, ән айтып кетеді. Айта кетсек, Канье Уэст 2 миллион АҚШ долларын сұратса, Дженнифер Лопес "бағасы" $1 000 000 көлемінде жүреді.

Бәтуасыз асабадан аулақ болыңыз

Қазіргі тамадалардың басым бөлігі тойға сол күні келіп дайындалады. Нақтырақ айтсақ, тойға бір сағат ерте келіп, той қонақтарының тізімімен және тойды өткізіп отырған әулетімен танысады. Бұл тапсырыс берушілерге деген құрметінің аздығын көрсетеді. Себебі той иелерінің қуанышы тікелей сол асабаның не айтып, не қоюына байланысты.

Әмірбек мырзаның айтуынша, әрбір той иесінің тапсырысына дербес дайындық жасалу керек. Тойдың басқа жерде қайталанбаған сценарийі жазылып, басқарушы тамада келген қонақтардың көңіл-күйі жоғары болуын қамтамасыз етуі тиіс.


Қазақ тойларын жүргізетін тамадалардың креативтілігі тым жоғары. Соңғы кездері, өкінішке орай, адам ұялатын сәттері бар тойларды көретін болдық / Дереккөзі: tengrinews.kz

Соңғы тоғыз жыл Астанада тұратын Талғат жақында үйленіп, өзі жалдаған жүргізуші тамадаға көңілі толмағанын айтады. Оның айтуынша, асаба той иелерінің тойға келген туысқандарын ортаға шығарып, әдепсіз ойындарды ойнатқан. Біреуге ол күлкілі болса, тағы біреулер ренішін айтқан.

"Тойды ұйымдастыру кезінде көптеген қателіктерге жол бердім. Ең алдымен той сценарийін тамадамен бірге дайындап, қонақтарды ұятқа қалдыратын әдепсіз ойындар мен жеңіл әзілдерге шектеу қоюым керек еді. Ал мен асабаның "бәрін жоғары деңгейде орындаймыз" деген сөзіне сеніп жүре беріппін", – дейді Талғат.

Оның айтуынша, тамаданы таңдау қиынның қиыны. Олардың еңбектерін мұқият қарап, сосын тапсырыс бергеніңіз абзал. Оның өзінде де, өз ұсыныстарыңыз бен қалауларыңызды нақты жеткізуге тиіссіз.

Сосын орта қалталы адамдардың тойын жүргізіп үйренген тамада қазақ элитасының тойын басқара алмайды. Мысалы, Алматының төменгі жақтарында ұйымдастырылатын тойлардың қонақтары белгілі театр актері, тамадалықпен де айналысатын Азамат Сатыбалдының жүргізу стилін бағаламауы мүмкін. Себебі оларға жеңіл әзіл аралас, би мен ойынға толы кеш асабасы ұнайды. Ал Сатыбалды мырзаның театрдағыдай сахна мәдениетін сақтауы мен сөз саптауы жоғарғы таптың мерейіне қонады.

Расында, той – біреудің көптен күткен қуанышы. Мерейтойды жүргізу жауапкершілігі бәрінен жоғары болуға тиіс. Тамада өз аудиториясын зерттеп, оған дайындығын шыңдауы керек.

Сахна мәдениеті мен сахна тілі

Тойды жүргізу – тұнып тұрған өнер. Ал асаба өзін төрт-бес сағатқа жалғасатын театрлық қойылымның жалғыз актері сынды сезіне білуі керек. Көрерменді де жалықтырып жібермеуі тиіс.

Халықтың алдында жүріп, бәрін сөзіңе еліктіру екінің бірінің қолынан келе бермейді. Асаба сахнадағы жүрісін, қай жерде қанша аялдауына шейін жоспарласа, арзан әзілдерін қысқартса, сұранысқа ие болады.

Алматыда той кештерін жүргізуді үйреніп жүрген Айбек Шегебай есімді жігіт тамаданың тойдағы рөлі қаншалықты маңызды екенін ұғынғанын айтады. Ол әрбір тойға бірінші рет шығып жатқан сыңаймен дайындық жүргізсең, кәсіби тұрғыдан өсу мүмкіндігі боларын айтады.


Тойдың қалай өтуі тамадаға байланысты. Көптеген тамадалар көпке қызық болсын деп жеңіл әзілдерді айтып, әдепке жатпайтын ойындарды ойнатады

"Өкінішке орай, қазіргі тамадалар той иесінің өмірінде бір-ақ рет болып отырған қуанышының жауапкершілігін арқалауды білмейді. Интернеттен біреулерден көшіріп, өзіндік стиль қалыптастыруға тырыспайды. Салығы жоқ табыстың жеңіл келіп жатқанына риза болып, жүре беруге үйреніп кетті", – дейді Айбек.

"Әрбір адам өз саласының маманы ретінде қызмет етсе, осындай қателіктер болмайды. Мысалы, тамадалардың басым бөлігі асабалығын тастап, басқа салаға кеткісі келмейді. Себебі той бизнесінің салықсыз табыстың нағыз көзі екенін біледі. Ендеше осы салада нанын тауып жүрген екен, өз біліктілігін де үдемелі түрде дамытып отыруға тиіс. Оған сұраныс артпаса, кемімейді", – дейді Шегебай мырза.

Асабаны қалай таңдау керек?

"Қонақтарды шешіндіретін немесе жүгіртетін ойындарды ойнататын тамадаларды жалдамау керек. Олар тойға демалуға келген қонақтарды ыңғайсыз жағдайда қалдырады", – дейді "Көпен келе жатыр" агенттігінің директоры Асқар Әмірбек.

Әмірбек мырзаның айтуынша, көбіне Қазақстанның батыс аймағындағы тойларда сондай жеңіл әзіл мен ұятсыз ойындар болып жатады. Ал шымкенттіктер көп сөзден жалыққан. Оларға көбірек би билеуге рұқсат берсең болғаны. Алматыда сөз бермесең, ренжіп кететін адамдар болса, Шымкентте бір би аз берсең, ренжитін адамдар бар.

"Шымкенттегі тойларда тамаданың сөзіне мән беріп отыратын қонақтар шамалы. Оларға жалпы той жүріп жатқаны көрінсе болды. Сондықтан оңтүстіктегі тамадалар даму үшін көп тер төкпейді. Сол бір сценарийдің қайталанатынын байқау қиын емес", – дейді Асқар.