Аз қамтылған көп балалы отбасыларға 2 мың пәтер беріледі. Жаңалықтарға шолу
СҚО әкімі "Нұрлы жер" бағдарламасы бойынша салынған үйді бақылауына алды
Петропавл қаласында тұрғындар несиеге сатып алған үйлеріне кіре алмай жүр. Мемлекеттік бағдарламамен салынған үй біреудің жеке меншік жеріне тұрғызылған боп шықты. Қазір осы мәселеге қатысты сот болып жатыр. Баспана иелері болса, жалдамалы үйімен бірге әлі табалдырығынан аттамаған пәтерлерінің несиесін төлеуге мәжбүр.
Облыс әкімі Қ.Ақсақалов осы мәселеге қатысты салақтық танытқан тиісті тұлғалар жазаланады деп мәлімдеді. Айтуынша, баспана иелеріне өтемақы төленеді.
Кәсіподақ федерациясы Президенттікке кандидат ретінде Амангелді Таспиховты ұсынды
Ұйымның отырысында талқылау нәтижесінде ҚР Президенттігіне кандидат ретінде Федерация төрағасының орынбасары Мұхтар Тінікеевті ұсыну қарастырылған. Алайда қазақ тілін жеткілікті білмеуіне байланысты ол ұсыныстан бас тартты.
А.Таспихов – федерацияның БҚО-дағы бөлімінің төрағасы. 1998-2002 жылдары ҚР Парламент сенатының, 2004-2007 ж.ж. Мәжіліс депутаты болған.
Нұр-Сұлтанның полиция департаментінің басшысы ауысты
Бұл қызметке бұған дейін Ақмола облысының полиция департаментін басқарған Ержан Сәденов тағайындалды.
Ал, Астананың полиция департаментінің экс басшысы Марат Қожаев сәуір айының басында Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары болып кетті.
Елордада көп балалы, аз қамтылған отбасыларға 2 мың пәтер беріледі
Қала басшысы Б.Сұлтанов пәтерлердің жыл соңына дейін тапсырылатынын мәлімдеді. Қазір бас қалада осындай санаттағы 20 мың отбасы пәтер кезегінде тұр.
Мүгедек балалар мен 18 жастан асқан бала кезінен мүгедектер мен оның қамқоршыларына қоғамдық көлікте тегін жүру билеттері беріледі. Көп балалы отбасынан шыққан балалар жаңа оқу жылынан бастап мектепте тегін тамақпен қамтамасыз етіледі. Әкімнің айтуынша, мұндай көмек елімізде тек Елордада ғана көрсетілмекші.
ҚР Президенттігіне үміткер Садыбек Түгел мемлекетік тілден емтихан тапсырды
"Ұлы Дала Қырандары" республикалық қоғамдық бірлестігі ұсынған кандидат емтиханды сәтті тапсырды.
–Тыныс белгілерінен жіберген қателері болмаса, лингвистикалық комиссия "Садыбек Түгел мемлекеттік тілді толық біледі" деген қорытынды жасады, – деп хабарлады комиссия мүшесі Ғарифолла Есім.
Нығматуллин Мәдениет және спорт министрлігін сынады
Парламент Мәжілісінде әкімшілік құқық бұзушылық айыппұлдары мөлшерін төмендету мәселесі ескерілген "ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасы қаралды. Спорттағы заңсыздықтар үшін жазаны жеңілдету ұсынысы бірқатар депутаттардың наразылығын тудырды.
Мәжіліс депутаты Зәуреш Аманжолова заң жобасындағы спортшылар мен жарыс ұйымдастырушыларын параға сатып алғаны үшін айыппұл көлемін 200-ден 100 АЕК-ке дейін төмендетуге қарсы пікір айтты. Құқық бұзушылықтар үшін әкімшілік қамауға алуға тыйым салудың қарастырылып отырғанына наразылық білдірді.
Мәжіліс Төрағасы Н.Нығматуллин де әділ өткізілмеген жарыстарға жауапкершілікті төмендетуді қарастыратын заң жобасы үшін Министрлік өкілдерін қатаң сынады. "Шенеуніктер мұндай шикі жұмыстары үшін ұялуы керек", деп қателіктерін бетке басты. Өз кезегінде Министрлік өкілі де қарап қалған жоқ. Вице-министр Ерлан Қожағапанов ведомствода аталған тармақшаны қайта қарастыратынын, әділетсіз жарыстар үшін жазаны күшейту нормасы да енгізілуі мүмкін екенін айтып ақталды.
Автокөлік сатып алушылар жұмыс істемейтін батырма үшін ақы төлеуге мәжбүр
"Қазавтоөнеркәсіп" автомобиль саласы кәсіпорындар одағы директорлар кеңесінің төрағасы Олег Алфёров осылай дейді. Айтуынша, елімізде жаңа көліктерді сатып алушылар апат кезінде шұғыл шақыру автоматты жүйесі үшін (ЭВАК не ГЛОНАСС) 28 941 теңге төлеуі тиіс. Алайда бізде автокөліктердің бәрін бірдей мұндай батырмамен жабдықтаудың техникалық мүмкіндіктері жоқ көрінеді.
Қырғыздың экс депутаты 10 жылға сотталды
Алматы соты осындай үкім шығарды. Қырғызстан жоғары кеңесінің экс–депутаты Дамирбек Асылбекұлы жазасын қауіпсіздігі жоғары колонияда өтейтін болады. Сот сонымен қатар оны 5 жыл елден шеттету туралы шешім шығарды. Экс–шенеунікке экономикалық қылмыс жасады деген айын тағылған болатын.
Қазақстанда үш күнге дейін тіркеусіз жүрген шетелдіктерге айыппұл салынбауы мүмкін
ІІМ осындай ұсыныс тастады. "Мұндай жеңілдік Қазақстанның туристік, инвестициялық әлеуетін арттырады" дейді министрліктегілер.
– Қазіргі заңнамаға сәйкес шетелдiктер белгіленген мерзімнен астам уақыт ішінде тіркеуден өтпесе, оларға 15 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салу не ҚР шегінен әкiмшiлiк жолмен шығарып жiберу жазасы қолданылады. Елден шығару сот шешімімен ғана жүзеге асады. Ал, шешім шыққанша шетелдік бәрібір елде қалуы тиіс. Сондықтан да үш күнге дейін тіркелмегені үшін оларға ескерту беру, бес күнге дейін – 5 АЕК, 10 күнге дейін – 10 АЕК көлемінде айыппұл салуды ұсынамыз, – дейді ІІМ бірінші орынбасары М.Қожаев.
Қазақстандық БАқ не жазды:
Inform.kz: Пәтер алу құқығы көпбалалы отбасыларға бірінші кезекте беріледі. Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй қатынастары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасы мақұлданды. Оның аясында "Алтын алқа", «Күміс алқа» алғандар немесе бұрын "Батыр ана", сондай-ақ бірінші және екінші дәрежелі "Ана даңқы" атағын алған көпбалалы аналар мен көпбалалы отбасылар санаты үшін тұрғын үй алуға жеке кезек енгізу қарастырылған.
Baq.kz: Алдағы үш күнде ауа райы жаңбырлы болады. 25-27 сәуірде Қазақстанның солтүстік облыстарында әлі де суық арктикалық фронттар әсерінен жаңбыр сақталады, түңгі уақыттарда қарға ауысуы мүмкін. Ал оңтүстік циклонмен байланысты атмосфералық фронттармен оңтүстік, оңтүстік-шығыс, орталық және шығыс аймақтарында жаңбыр жауады, кей жерлерде тіпті қатты жаңбыр. Найзағай ойнап, бұршақ та жаууы мүмкін. Ауа температурасы орташа көпжылдық мәнге жуық және одан төмен болады.
24.kz: Емдік қасиеті бар ешкі сүтін мектептегі тамақ рационына қосу ұсынылды. Қытайлық тарап Нұр-Сұлтан қаласының іргесінде асыл тұқымды шаруашылықтың өнімдеріне қызығушылық танытып отыр. Ал фермерлер ешкі сүтін елордаға өткізе алмай әлек. Олар бұл өнімді мектеп оқушылары мен ауруханадағы емделушілердің тамақ рационына қосуға болады деп есептейді. Осы бір өзекті мәселе депутаттардың зауыттағы көшпелі кеңесі кезінде айтылды.