Қайта тоғысқан әке мен бала тағдыры
Омбы қаласындағы "балалар үйінің" алды.
Екі жасар баласы Саттарды осында әкелген сәті Шәкеннің әлі көз алдында. Тіпті, аман қалсын деп ырымдап, әрі байдың тұқымы деп қысымшылық көрмесін деген ниетпен аты-жөнін де орысша жаздырған. Қазір мына есейген балалардың ішінде тірі жүрген де шығар!? Мүмкін...
Абылайханнан сыйлық алған байдың ұрпағы
Шәкен Әйнекұлы 1896 жылы туылып, 1974 жылы 78 жасында өмірден өтті. Астанадан шығыс солтүстікке қарай белбеудей созылған Кереку тасжолының бойындағы Ерейментау ауданына қарасты Торғай ауылында ғұмыр кешіпті.
Шәкеннің үшінші атасы Сарқазақ (1711-1781 ж.ж.) Абылайханның ұлы Уәли сұлтанмен дос болыпты. Кейін Ертіс бойынан ауып Ерейментауға көшіп келгенде Абылайхан осы Қарағайлыны сыйлап, еншіге берген екен. Сол ара қазір Сарқазақтың ұлы Қоянбайдың атымен "Қоянбай қорасы" деп аталады.
Қоянбай деген жабылған жылқысының көптігінен қорасының қасындағы Дөнен көлі көрінбейтіндей атақты бай болыпты.Мал мен басы тең өскен ауылда тұрыпты. Қоянбай атамыздың баласы Әйнек марқұм да – еңселі де тұлғалы азамат болыпты. Жұрт сол тұлғасына сүйсініп "Әйнек" деп атаған екен де, шын аты ұмыт қалыпты.
Әйнек те, баласы Шәкен де елдің ықыласына бөленген жандар. Күллі ауылды ғана емес, елім деген ерлердің қолтығынан демеп, көмегін аямаған. Мұндай тұлғаларды Кеңес үкіметі аямағаны белгілі. Шәкен ауылы осылайша "Бай, құлақтар ауылы" ретінде қуғынға ұшырады. Сол қудалаудың 1991 жылға дейін жалғасқанын біреу білсе, біреу білмейді.
Шәкен атамыз еңсегей бойлы, ақ сары жүзді, суырып салмалығы бар қиссашы, сері кісі болыпты. Осылайша 1896 жылы "іңгәләп" дүние есігін ашқан сәби жетімдікті де, қудалауды да, ашаршылықты да, соғысты да, ауыр еңбекті де бақытты күндерді де бастан өткізді.
Өзі болмаса да, ұрпағы Тәуелсіздіктің тәтті дәмін ақыры татты-ау!
Алғашқы көш байталаудан басталды
1928-1930 жылдары, кәмпескенің күйіп тұрған кезі болатын.
Шәкен ауылының қора-қора қойы мен үйір-үйір жылқысын қызыл үкімет бір күнде тігерге тұяқ қалдырмай тәркіледі. Белсенділер қорадағы малды айдап әкеткенде көзге ілінбеген бірен-саран торпақ пен ақсақ-тоқсақ қалған екен.
Шәкен үшін бұл да шүкірлік. Алайда алда таяп келе жатқан қысты ойлағанда жүрегі зырқ ете түсті. Ерейменнің азынаған суық бораны басталуға да жақын. "Үрерге иті, сығарға биті қалмаған" ауыл не жеп, немен қыстан шықпақ? Дәрменсіз елге үкіметтің анау қызыл көздері қараса ма?! Жоқ. Оған көзі жеткелі қашан?! Осыны ойлаған Шәкен іші ауырған жылқыдай дөңгеленіп кетті.
Ойлағандай-ақ жаздың өзінде ашаршылыққа ұшырай бастағандар табылды. Оның үстіне үкімет "бай, құлақ" деп Шәкендерге де маза бермеді. Енді қамданбаса бүкіл бір рулы ел тұқымымен тұздай құрымақ. Ауыл ақсақалдары жасырын келіскен жиналысында "шығысты бетке алып көшу керек, қарап отырсақ аштан қырыламыз, үкімет те бізді аяғалы тұрған жоқ" деп шешеді. Сонымен көрші-қолаңға да білдірмей бір ақ түнде қотарыла көшті.
Мал да туған жерін қимайды
Ұрланып көшкен ел түннің ішіне сіңіп, ұзап бара жатты. Көш бастала бұзаулаған құнажынды Шәкен жақсы ырымға балады. Тұмса босанған анаға сүт болсын деді де, бұзауын арбаға салып алды. Көш ауылдан алыстай бергенде құнажын арбадағы бузауын көрмей артына тұра қашпасы бар ма!? Онсызда ішер ас, тамақтың қамынан алаңдаған Шәкен артынан тұра қуды. Қарасан келгір бұзаулаған жеріне қарай қашқан екен, әрең ұстатты. Қайта айналып көшке жеткенше уақыт та бір жерге барып қалған еді.
– Е, мал екеш мал да туған жерін, тұқым қалдырған жерін ұмытпайды екен-ау! Біз міне, атақты Абылайхан атасына сыйға тартқан, бүгінде "Қоянбай қорасы" делінген ғасырлық мекенді тастап көшіп барамыз! – Шәкен бұл ойын арбаға жеткенде әрең тоқтатты.
Көш басындағы өлім
Арба үстінде отырған жарының қасына барғанда жүрегі зу ете түсті. Гүлзағидың жүзі бозарып, сөйлеуге шамасы келмей қалыпты. Дереу арбадан түсіріп, баладан оңашалады. Алда кетіп бара жатқан үлкендерге жүгірді. Үлкендер келгенше аяулы жарының да демі үзілген еді.
Бүкіл ауыл сонда бірнеше күн ерулеп, Гүзағиды жерледі.
Суық тиді ме? Әлде бір ұшық жабысты ма? Ол жағы белгісіз. Бір жастан енді асып, домалаңдап жүрген, өзінен аумай қалған сары баласын медеу етті де қалды. Алланың салғанына көнбек керек.
Гүлзағи – ашаң жүзді, бойшаң, биязы де ақылды адам болатын. Шәкен өзінің атастырып қойған қалыңдығын менсінбей, Әлі деген байдың үш сұлу қызының бірі осы Гүлзағиды алып қашқан-ды. Гүлзағидың да атастырып қойған жері бар еді. Алайда Шәкеннің атағынан именді ме, олар да қатты келе алмады. Тез бітім жасасты. Міне өзі сүйіп қосылған жары көш бастала бақилық болды.
Ата жұрттың топырағы, бабаның киесі
Мүмкін, бұл да Алланың берген бір аяны шығар. Мүмкін ғасырлар бойы ата-бабалары жатқан киелі жердің кіндігі тартып, жібергісі де келмеген шығар. Анау ұлы аталарының қалың жылқысы бетін жауып кететін көлдердің де киесі бар шығар. Шәкен мұның барлығына сенді.
Сенбегенде қайтсін, "жылқы да туған жеріне тартады". Мүмкін, бабалар аруағы да қаламаған болар.
Көш Қоянбай қорасына қайта келіп қонғанда кеш те батып бара жатқан болатын. Осынау жазық өлкеге әдейі еккендей дөңгелене өскен топ қарағайға бетін беріп ұзақ ойланды. Туған жердің ыстық ауасын аз күн болса да сағынып қалыпты.
Киелі мекеннен кетпеуге бекінді. Ақсақалдар да ақылдаса келіп, ақыры көшпеуге бекіді.
Бұл 1929 жыл болатын.
Ашаршылық азабы
Жасқа толмаған Саттарды әкесі өзі бақты. Әр күні жұмыстан соң мойнына мінгізіп еркелететін. Тәтті де былдыраған тіліне қарап рахаттанатын. Мамыр әпкесі бастаған туыстары да елжірей көмектесті. Бірақ олардың да қолы қысқарып, тірліктері тарыла бастаған болатын. Алда келе жатқан отызыншы жылдардың бұдан да қатты қиындыққа толы болатынына елдің де іші сезген. Тентіреп көшкен елдің жұрты да көріне бастаған еді.
Шәкеннің бар ойы осы Саттарын аман алып қалу болды. Тепсе темір үзетін өзінің бәріне көнетініне сенетін. Нағашысына апарайын десе, үкімет оларды да тонап, тоз-тозын шығарған. Тағы да үйленгісі келді. Бірақ... Тағы да Саттар көз алдына келді. "Өгей шеше күн бермесе ше? Қой, тұра тұрайын" деп шешті.
Әр жердегі сауда ашқан ағайын, таныстарының тамырын басып та көрді. Сұрау салып көрсе Қарағанды, Ақмола жақта "детдом" деп аталатын жетімханалар балаға толып кетіпті деп естіді. Шәкен "Балалар үйі" деп аталатын орынның жетімхана екенін сол кезде түсінді.
Атам заманнан жетімін жылатпаған елде енді жетімхана болыпты деудің өзі сұмдық еді. Ішінен халықты зұлымдық пен ашаршылыққа, қудалауға ұшыратқан қызыл үкіметке зауал да тіледі. Бұл да амалсыздықтан іш құсасын шығару ғана болатын.
Омбыға өткізілген сәби
Осылай екі ойлы жүргенде "Омбыдағы жетімханалар" жақсы екен, нандары бар екен" деген хабар жетті. Сол күннің ертесінде ақ Омбыға жол алды. Ол кезде кішкентай Саттар тапыл-тапыл аяғын басып, түрлі қылықтар да шығара бастаған, тәтті еді.
Шәкен бауыр еті баласын жетімханаға өткізгелі кетіп бара жатқанын ойлағанда өзінен-өзі қорқатын. Осы мен не істеп жүрмін деп ойланатын. Тәтті сәбиін құшағына қысып, емірене иіскейтін. "Гүлзағиынан қалған аманатын" жоғалтып алудан қорқатын. Бірақ тағдыр да, елді жайлаған ашаршылық та, мына қызыл коммунистер де ешкімді аямайды ғой деп өзін жұбатумен болды. Жол бойы кірекеш орыстарға жалбарынып жүріп, Омбыға да жетті. Сұрай-сұрай "детдом" деп аталатын жетімхананы да тапты.
Баланың аты-жөнін орысша жаздырыпты
Қатты тозып, өңі кеткен, әр-жерін көктеп тіккен, ұзын барқыт шапан киіп, аяғына теріден шақай, басына шыт тартқан көк көз қазақты көргенде жетімхана бастығы шошып қалды. Жабайы адамдар осындай болатын шығар деп те ойлаған шығар.
Жасы енді екіге ілінген кішкентай сәбидің де көзі көк, түрі сары, сергек болатын.
Орыс әйел "Мына бала орысқа ұқсайды екен" – деді. Шәкен не дегенін түсінбегендей қарады да қойды. Жетімхана басшысы атын айтқан болатын тез ұмытты. Мүмкін орысқа ұқсаған соң ба әлде аналық сезімі оянды ма, баланы бірден қабылдады.
Баланы қабылдап алатынын естіген әке қатты қуанды. Енді қайтсын, "тірі қалатын болды" деп ойлады. Ол үшін жалғыз ұлының аман қалуынан басқа еш арман да жоқ еді.
Алайда баланы өткізерге келгенде аптал азаматтың қолы дірілдеп, әлде бір қылмыс жасап жатқан адамдай мазасызданды. Кеудесіндегі намысы мен ары арпалысты. Араға ақыл деген алмас қылыш түсті.
Тура аты-жөнін жаздыратын жерге келгенде тағы бір түйткіл туды.
Баланың атын орысша жаздыру керек екен. Себебі, орыс басшылардың қазақша аттарға тілі келмейді. Шәкен оған да келісті. Кім деп жазғанын да ескермеді. Онсызда орысшаны шамалы ғана түсінетін.
Серт
Сол кеште әлдебір бұрышқа қисайған Шәкен әлденеше рет шошып оянды. Бір күн болмай жатып сәбиін сағынды. Көзіне тығылған жасты тағы да жібек орамалымен сүрте отырып, қайтқан жұбайына, ата-бабаларының аруағына арнап ұзақ құран оқыды.
Омбыда да ашаршылықтан қашып, жан сауғалаған қаңғыбас қазақтар толып жүр екен.
Мыналар қыстан қалай шығар екен деп ойлады ішінен. Қой, есім барда елімді тауып алайын деп, артына қарайлай-қарайлай жолға шықты. Омбыдан алыстаған сайын кішкентай сары ұлының сұлбасы қайта-қайта көз алдына келіп, "әке, мені қайда тастап кеттіңіз" дегендей көлденеңдеп тұрып алды. Көзін жұмса да сол баяғы Гүлзағи елестеп: "Балаңды бағуға шамаң жетпей, орысқа тастап барасың ба?" дегендей үзіле қарайтын.
"Жоқ!" деді Шәкен ішінен қайталап. "Мен оны бағамын ғой. Егер мені мына қызыл үкіметтің иттері алып кетсе оны кім қарайды, кім бағады? Мен оны сол үшін жетімханаға тастадым. Заман былай тұра бермес. "Бір асқанға бір тосқан" деген. Сол кезде Саттарымды қайтып әкелуге жаныммен, арыммен уәде беремін, Алланың алдында, Сенің алдыңда, Саттардің алдында және барлық аруақтардың алдында!"
Шәкен осы сөзді қанша рет айқайлап қайталағанын өзі де білмейтін. Ауылға қалай жетіп алғаны да жұмбақ. Әйтеуір құр сүлдері келді.
"Жалғызымды жалғыз қалдырмаймын"
Ауылға оралған Шәкен баласын ойламауға тырысатын. Тағы да үйленді. Бірақ, бала болмады. Мүмкін Алланың маңдайға жазғаны осы болар.
Ел ашаршылықтан қырылғанда Шәкен шахта жағалап, жол салып, ауыр жұмыстарға жегіліп жүріп аман қалды. Туыстарын шамасының келгенінше бақты.
– Мамыр апай, биыл Саттардың Омбыға кеткеніне төрт жылға таяп қалды, барып алып қайтсам деп отырмын, – деп әпкесімен ақылдасты. "Жетімханаға тастағалы төрт жыл болды" деп айтудан намыстанды. Үйде басқа да туыстары отырған болатын.
– Әй, Шәкен, бала белде, қатын жолда емес пе? Тағы да балаң болар, бармай-ақ қойсаң қайтеді. Мына заман қиын боп тұр ғой, – деп Мамыр да сұрауға сұраумен жауап қайтарды.
– Жоқ. Жалғызымды жалғыз қалдырмаймын! – деді. "Аруақтардың алдында берген антым бар еді" дегісі келді де үндемеді. – Жалғызымды жылатып қалдырсам, несіне азамат болып тірі жүремін? Айтқаным айтқан апай. Бұйырса жолға шыққалы отырмын, – деп соңғы шешімді де өзі жасады.
Омбыға оралу
Шәкен өзі білетін жолмен Омбыға тез жетті. Алып ұшқан сағыныш пен "балам тірі ме екен?" деген сұрақ оған маза бермегелі қашан.
"Мүмкін, есейіп, азамат боп қалған шығар? Тани ма екен?" деп ойлағаны сол, Шәкен өз ойынан өзі қорқып кетті. " Мен сені танымаймын, Мені тастап кеткенің үшін кешірмеймін" десе ше?!
Қалың ойдың құшағында жетімхананы қалай тауып алғанын да білмей қалды.Таныс па? Бұрынғы ма, емес пе деп директорына ұзақ қарады. Бәрі пісте мұрын, шегір сарылар ғой деп өзін жұбатты да қойды.
– Кіріңіз! – деген рұқсатпен кіріп келген еңгезердей қазаққа директор сескене қарады.
– Не жұмыспен келдіңіз?
– Баламды алуға, қайтарып алуға.
– Аты-жөні? Қай жылы өткізілген?
– Саттар Шакен. 1930.
Орыс әйел алдына келген бейтаныс еркекті танитын адамдай тінте қарап отырды да: "Қазір балалардың бәрін жинаймын, өзің танып ал. Танымасаңыз бізді қайталай мазаламаңыз. Милиция шақырып, қуалатып жіберемін. Архивті ақтарып отыруға уақыт жоқ" – деді.
Шәкеннің алты айырығынан тер кетті. "Танымай қойсам ше? Саттар да танымаса ше? Мүмкін басқа жаққа ауыстырып жіберген болса? Өліп қалған болса ше?" Мұны ойлағанда жаны мұрнының ұшына келді.
Өзінің білетін дұғаларын қанша рет қайталап жібергенін өзі де білмейді. "Алла жар болса екен" деп тілене берді. Орыс қатынның шаңқ еткен дауысымен бірге бұлар есік алдында тізіліп тұрған балаларға беттеді.
Бала іздеген сергелдең
Біркелкі жетімхана формасын киген балаларды тану мүмкін емес еді. Бойлары да әртүрлі. Оның үстіне Саттардың да түрі жирен, көзі тұздай еді.
Жаңа ғана кабинетіндегі балалардың тізімінен бір де қазақша аты бар бала табылмады ма деп ойлаған Шәкеннің есіне балаларды жетімханаға қабылдағанда орысша есім беріп, фамилия қоятыны есіне түсті.
"Қап, әттеген -ай! Бүгін таба алмаса мәңгі таба алмауым мүмкін" деді ішінен. Тіпті, сол кезде орысша аты-жөнін неге есіме сақтап қалмағам деп өзіне-өзі ренжіді.
Ұзын бойлы, ат жақты, көзі тұздай кісіні көрген балалар сілтідей тына қалды.
"Қайсымыздың әкеміз келді екен? Бағып алуға, басқа жерге еңбекке тәрбиелеуге әкететін шығар" деген ой оларды да мазалап тұрған секілді.
Шәкен балаларға ұзақ қарады. Бірақ танымады. Тек бір – таныс бейне елестеді. Қате танып тұрмын ба деп ойлады. Біреуінен Гүзағидың көзін көрген секілді ме қалай? Марқұмның аманаты ғой...
"Әй Саттар, Сатта-а-а-ар"!
Амалы құрыды. Орыс қатыны "Бол, бол!"-дың астына алып және барады.
Неде болса, нар тәуекел деп:
– Әй, Саттар, Сатта-а-ар! – деп айқай салды. Дауысы тұншығып шықты. Өзін азан шақырып ат қойып тұрған молдаға ұқсатты.
Топты баладан біреуі сытылып шығып, өзіне қарай құлдыраңдай жүгіргенде Шәкеннің қуанғаннан көзінен жасы ыршып кетті. Кішкентай баланың көзінен аққан жас Шәкеннің көн етігіне тамып жатты. "Тірі екен ғой, бар екен ғой, Аллаға шүкір!" – деп ішінен неше қайталап жіберді.
Саттар да екі жасқа дейінгі өмірінде, намаздарын қаза қылмаған, дегдар әкесі мен діншіл аталарының азан шақырған үндерін еміс-еміс есіне келтірген шығар деп ойлады.
Шәкен Саттарды құшақтап ұзақ тұрды. Басында жаудай көрінген директор, орыс қатынының да көзі жасаурап, бір жапырақ қағазды әкеліп ұстатты да "жол болсын" айтты. Құттықтады.
Бұл күні Шәкен бәрін де ұмытты. Ешкімге де, тіпті елді ашаршылықтан қойдай қырған үкіметке де өкпе-ренішін де естен шығарды. Кешірген де шығар. Осы күннен бастап ғана ұйқысы да тынышталды.
Өзендегі өмір үшін арпалыс
Көңілі тоқ әке мен бала ұзақ сөйлесті. Кішкентай Саттар көбінесе орысшалап кетіп, түсінісе алмай қалған кездері де болды. Кәдімгідей есейген. Әңгімелері де үлкен адамдардыкі секілді.
Тағдыр айырып, қайта тоғыстырған әке мен бала әлдебір бұрыштағы қазақтың дүңгіршігіне түнеп, ертесіне таң ата жолға шықты.
Астындағы жарау қаракер аты да тынығып, ширап қалыпты. Шәкен Саттарды артына мінгестіріп алды. Суық тиіп қалмасын деп өзінің ішігіне орап отырғызды.
Омбы өзенін бойлап ұзақ жүрді. Көктемгі тасыған өзеннің екпіні әлі қайтпай тұр екен.
Ақыры уақытты ұту үшін бір жайдақ жерден атты ағынға қарсы салды да жіберді.
Толқынды жара ортасына барғанда, аттың тұяғы әлдебір тасқа сүрініп кетті. Байқаусызда бала сыпырылып түсіп қалды.
Ағып бара жатқан тонның үстіндегі баланы көрген Шәкен жан ұшыра атының басын төменге бұра қуды. Өзен ағысы баяулаған бұрылыс жерден ұстады. Сәл болмағанда иірімге түсіп, жоқ болып кетер ме еді.
Тырыса-тырмыса қарсы жағаға өткен Шәкен де, бала да қуанғандарынан бір-бірін тағы құшақтады.
Шәкен ұзақ күбірлеп, жаратқанға жалбарынды. Саттар болса әкесінен: "Папа, не айтып жатырсыз" – деп сұрады.
– Жәй, дұға оқып жатырмын.
– Дұға деген не?
Шәкен баласына шамасы келгенше ұзақ түсіндірді.
Ата жұрттағы қауышу
Шәкеннің баласын алып келгендігі туралы хабар бүкіл Ерейментауға тарап кетті.
– Е, баланың бағы бар екен. Өлмегенге өлі балық жолығады деген осы, – деп көңілдерін білдіріп жатты.
Бұл – 1934 жыл болатын.
Өгіз мінген баладан шахтерға дейін
Саттар бесінші сыныпқа түскен жылы Екінші дүниежүзлік соғыс бұрқ ете түсті. Бұл – ашаршылық пен қуғыннан қойдай қырылған елдің қатты қалжыраған кезі еді. "Жұт жеті ағайынды" деген рас болар деп ойлады Шәкен.
Саттар үшін оқу жайында қалды. Енді еркек кіндіктінің бәрі әскерге алынса, Шәкен бастаған ақсақалдар ауыр жұмысқа жегілді.
Таңғы сағат төртте есік алдында ашада ілулі тұрған темір соғылады, екінші ретінде тұрмасаң қамшымен оятады. Үлкендер: "Тұр-тұрдан хабар келсе, ұйқыдан маза кетер", – деп жылы төсектен жылжып түсіп, ахілеп-үхілеп киініп жататын. 13 жасар Саттар көбінесе соқа сүйреген өгізге мінеді.
Бірде Шәкен өгізден ауып түссе де оянбай ұйықтап жатқан Саттардың үстінен түсті. Тосыннан пайда болған басқарушы: "Тәйт, мына құлақтың тұқымы әдейі істеп отыр" деп шыбықпен тартып-тартып жібергенде, бала шырқырап жылады. Шәкен іштей егіліп кетті. Бауыр еті жалғызын бұл тозақтан құтқару мүмкін емес еді.
Сөйтіп жүргенде балаларды Қарағандыдағы фабрика-зауыт мектебіне әкетті. Мектеп аты болғанымен негізі қайнаған шахта жұмысы. Алдымен алты ай мөлшерінде оқытатын да жұмысқа жеге беретін. Бұл – Қарағанды фабрика-зауыт (Фабрично-заводское обучение (ФЗО) еді.
Ал шахта – Костенко атында. Фабрика-зауыт оқыту орыны – Кеңес кезеңіндегі кәсіби-техникалық мектептің төменгі типі. 1940-1963 жылдары болған. Бұл өнеркәсіптік кәсіпорындардың базасындағы мектептер еді. Құрылыс, көмір, кен салалары үшін жұмысшылар дайындады. Осылайша балалар да "Ұлы Отан соғысы" деп аталатын алапат апат үшін терлерін төкті.
Онсызда бесіктен белі шықпай жетім қап, орыс жетімханасында ержеткен Саттар бар қиындыққа тез көндікті. Бір тілім нан үшін өлімші боп талай баланың таяқ жегенін, жұмысқа көндіге алмай өлгенін де көрді.
Бәрі де ұрпақ үшін
Соғыс біткеннен кейін Бестөбе алтын шахтасында жұмыс істеген Саттар 1955 жылы ауылға оралды. Шахтада бірге істеген досының қарындасы Мерманумен отау көтерді.
Еңбекшілдігі мен ұқыптылығының арқасында малы өсіп, "Социалистік еңбек ері" атағына да ұсынылды. Алайда, "байдың тұқымы" ретінде сыйлықтан қағылды. Шәкен де, Саттар де оған бола еш ренжіген жоқ. Олар үшін құдайдың берген ұрпағы сол атақ-сыйлықтан әлденеше мың есе қымбат болатын.
Анамыз Мерману13 құрсақ көтеріпті. Жетеуі тірі.
Ең маңыздысы ата-бабаларының қаны мен тері сіңген, ана-әжелерінің жасы төгілген киелі мекені – Қазақстанға оралған Тәуелсіздік бақыттан жүрегі жарыла қуанышпен қарсы алды.