Аян Миттра: "Журналистерді халық қаржыландырмаса, үкімет қолшоқпарына айналады"
АҚШ-та журналистердің үкіметке, корпоративті секторға тәуелді болмай, тек халыққа қызмет етуі үшін медиа компаниялардың коммерциялық емес мақсатта құрылуы трендке айналды. Солардың бірі – The Texas Tribune. Аталмыш компания АҚШ-тың Техас штатының астанасы – Остин қаласында 10 жыл бұрын қарапайым халық және журналистикаға бейжай қарамайтын қорлар мен редакция саясатына араласпайтын ауқатты азаматтардың қолдауымен құрылған. Бүгінге дейін The Texas Tribune редакциясы 53 миллион АҚШ долларымен қамданып, қатардағы тілшілер санын 2,5 есеге дейін арттырған.
– Қайырлы күн, Аян. Әңгімені медиа еркіндігінен бастасақ. Халықаралық деңгейдегі медиа ресурстардың басым бөлігі ағылшын тілінде ақпарат таратады. Ал олардың біршамасы АҚШ-та. Либералды және консервативті көзқарастағы медиа компаниялар бар. Маңыздысы, олар мемлекеттік секторға тәуелді емес. Қазақстандағы медиа болса қаржыландыру тауқыметін көріп отыр. Олар өз жұмысын кәсіби деңгейде жасап жатқанымен, қаржыландыру мәселесін шеше алмай дал. Ал беделді азаматтар медиа ресурстарды қаржыландыру арқылы оны өз мақсатында пайдаланғысы келеді. Редакция саясатына араласпайтын, бірақ қаржыландыратын азаматтар жоқтың қасы. Сіздің ойыңызша, жеке сектордан капитал ала отырып, редакцияның тәуелсіз позициясын сақтап қалу үшін не істеу керек?
– Бұл – бүкіл әлемдегі медианың басты шешілмеген мәселесі. Біз The Texas Tribune жобасын венчурлы капиталистің қолдауымен бастадық. Ол осы күнге дейін редакцияның бағыты мен саясатына еш араласқан емес. Қазір біз медиа еркіндігі мен сөз бостандығын жақтайтын ұйымдар мен қорлардан, өз штатымыздағы түрлі корпорациялардан, қайырымдылық іс-шаралардан және басылымның ақылы нұсқасына жазылған азаматтардың есебінен қызмет етіп келеміз. Одан бөлек, редакцияның жарнама бөлімі де айтарлықтай қаржы тауып отыр. Жалпы есеппен 10 жылда $53 миллион АҚШ долларын редакция қызметіне тарта алдық. Бұл объективті журналистикаға сенетін, оның болуын қалайтын азаматтардың бар екенін білдіреді. Кейде бізді қаржыландырған азамат немесе корпорация туралы жағымсыз ақпарат таратамыз. Олар оны дұрыс түсінуге тырысады. Себебі бұл журналистің позициясы және халық білуі тиіс ақпарат жасырын қалмауы тиіс.
Медианы нарық жағдайына сай диверсификациялау қажет. Бұл АҚШ-та кеңінен жолға қойылған. Мысалы, біз қаржыландыруды тек қалтасы қалың азаматтар арасынан іздемейміз. Бізге айына небәрі $10 беретін адамдар да бар. Оларға біздің ақпарат беру принципіміз ұнайды. Сол себепті қолдау білдіреді. Демек біз істеп жатқан жұмыс халық арасында сұранысқа ие. Медианың маңыздылығын түсінетін азаматтар Қазақстанда да бар екеніне сенемін. Журналистерді халық қаржыландырмаса, үкімет қолшоқпарына айналады. Объективті журналистиканы тек осы бағытпен ғана сақтап қаламыз.
– Қазақ журналистері біржақты позициясыз ақпараттандырумен айналыспай, оқырмандарға оқиға желісін білмей жатып, бұрмаланған күйде беруге жақын. Оған журналистің діни сенімі, белгілі бір категориядағы адамдарға көзқарасы, ал, кейде, өмірлік принциптері әсер етуі мүмкін. Сіздің ойыңызша, журналистің эмоциясы оның кәсіби міндетіне қай деңгейде кедергі келтіреді және одан арылу үшін не істеу керек?
Эмоцияны жасыру қиын, әдетте. Бірақ журналист үшін кез келген конфликті немесе оқиғаны таразыға салып дұрыс суреттеуі оның басты міндеті болуға тиіс. Менің сенімім мен діни көзқарасым басқа адамдардікімен бірдей емес, олай болмауы да заңдылық. Журналист барлық адамға бір деңгейде әсер ететін талап бойынша мәлімет таратуы тиіс. Бір адамды қаралау арқылы екіншісін ақтап алуды мақсат етсеңіз, сіздің контентіңізді оқитындар азаяды.
– Қазақ журналистерінің басым бөлігі шетел жаңалықтарын орыс тілді ресурстардан алады. Ал олар орыс тілінде жиі бұрмаланып беріледі. Қазіргі журналистердің ағылшын тілін білуі қаншалықты маңызды?
Батыстың медиа ресурстары белгілі бір деңгейде объективті журналистиканы қалыптастырып үлгерді. Одан қазақ журналистерінің үйренері де көп. Ол үшін, әрине, тіл білуіңіз қажет. Мысалы, Ресей мен АҚШ (+ Батыс Еуропа) арасындағы саяси әрі экономикалық бақталастың әрбір аспектін халыққа дұрыс жеткізу керек. Оған да мәліметтерді екі жақты салыстыру арқылы көз жеткізе аласыз. Егер кейбір қазақ журналистері осы мәселелер туралы жазуды ұйғарса, орыс тілімен бірге ағылшынды да игеруі тиіс.
– Әңгімені АҚШ-тағы мейнстрим медиа ресурстарына бұрсақ. Осыдан бір ай бұрын орыстың белгілі тележүргізушісі Владимир Познер АҚШ-тағы Йель университетінің студенттерімен кездесу кезінде The New York Times басылымын сынға алды. Ол: "Мен бір топ адамнан The New York Times басылымында соңғы 3 жылда Ресей туралы жазылған позитивті жаңалықтарды іздеуді бұйырдым. Біреу де табылмады. Бұл цензура болмаса, онда не? Сонда Ресейге келіп, мұнда балмұздақ дәмді екен немесе адамдар театрға билет алуға кезекте тұрады екен деп жазатын бір журналист табылмағаны ма?!" деді ол. Сіздің ойыңызша, The New York Times басылымының редакторлар алқасы демократтардан (АҚШ-тағы саяси партия) тәуелсіз бе?
Дональд Трамп – республикалық (саяси партия – ред.). Оның жеңісіне Ресей билігі араласқанын дәлелдеуге демократтар тырысып жатыр. Бұл екі саяси партияның бірін-бірі ығыстыру процесінің көрінісі. Ал The New York Times басылымының Ресей туралы позитивті жаңалық бермеуі оның демократтардың қолшоқпарына айналғанын білдірмейді. Америкалық медиа компаниялар тек жағымсыз жаңалық беруге бейімделген. Ал жағымды жаңалықты қарапайым халықтың өзі-ақ бір-біріне айту арқылы тарата алады, ол америкалық журналистердің кәсіби міндетіне кірмейді.
Бұл тенденцияны тек орыстың белді тұлғалары ғана айтып жүрген жоқ. АҚШ-тағы үкімет немесе штат басшылары да мейнстрим медианың сыни ақпарат таратуға бейімделе түскеніне қарсы. Жетекші медиа компаниялар үкімет жұмысын бақылап, олардың жіберген қателерін анықтауды, сынап отыруды өздерінің міндеті деп біледі. Бұл үкіметтің дұрыс қызмет көрсетуіне септігін тигізіп отыр.
– Корпоративті цензура кейде үкіметтің медиа ресурстарды шектеу процесінен де күрделі әрі тиімді болуы мүмкін. Сіз мұнымен келісесіз бе?
Иә, бұл әсіресе, АҚШ-тың медиа нарығында жиі байқалады. Мен корпоративті медиа секторында жұмыс істедім. Бірақ акционерлер тарапынан еш қысым көрген емеспіз. Десе де, The New York Times, CNN, Bloomberg, Fox News, USA Today, The Wall Street Journal сынды алып компанияларда бұл аз болса да байқалады. Себебі оларда корпоративті цензура бар екені оқтын-оқтын сынға алынып жатады.
– Дональд Трамп билік басына келген жылы АҚШ-тың бірқатар медиа ресурстарын сынға алып, оларды "америкалықтардың жауы" деп атады. Кезінде президенттіктен уақытынан ерте кетуіне мәжбүр болған Никсон да "Медиа – халықтың жауы" деген еді. Сіздің ойыңызша, тарих қайталануы мүмкін бе?
Қазір америкалықтар өте қызық кезеңді басынан өткеріп жатыр. Трамп өзін сынайтын медианы үкімет немесе жеке сектор тарапынан қыспаққа алуды көздеп отыр. Тарих қайталануы мүмкін. The Washington Post тілшілерінің Никсонның құпия операцияларын ашып, Ақ үйден кетуіне дейін жеткізе алды. Мұны АҚШ журналистикасының үздік көрінісі деп білемін. Менің ойымша, қазір дәл сондай өзгеріс алдында тұрған сияқтымыз.
– Никсон "Пресса – халықтың жауы" деп оңашада Генри Киссинджермен (Никсонның ұлттық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі кеңесшісі) әңгіме барысында айтқан болатын. Ал Трамп ашық түрде алып медиа ресурстарын расталмаған ақпарат (Fake News) таратты деп сынады. Тіпті оларды жауып тастау үшін қысым жасайтынын да білдірді. Сіздің ойыңызша бұл сөз бостандығы үшін билік тарапынан туындаған үлкен қауіп пе?
Иә, мұны үлкен қауіптің бастамасы деуге болады. Расында ешбір билікке журналистердің жазған зерттеу мақалалары ұнамайды. Бірақ осыған дейін билікте болған АҚШ президенттері медиа еркіндігіне Трамп сияқты ашық түрде қауіп төндірмеген болатын. Мейнстрим медиа дәлелдерге сүйене отырып сынаса да, Трамп әкімшілігі оны ескерер емес. Ал президенттің популистік белсенділігі қарапайым америкалықтар көзқарасының дұрыс қалыптаспауына алып келу қаупі бар. Сондықтан халық медиа сауаты мұнда басты рөл ойнайды. Сонымен қатар, журналистердің объективті бағыты да одан әрі ұшталуы тиіс.
– Әлемнің медиа нарығында соңғы жылдары дәйегі жоқ, расталмаған ақпараттарды жариялау жиілеп кетті. Ол ненің себебінен болып отыр?
Қазір интернеттің кеңістігі ұлғайған сайын жарияланған мәліметтердің шын не өтірігін дер кезінде анықтау мүмкін емес. Сосын интернет медиа саласында өз жұмысын бастап жатқандар қатары да көп. Десе де, CNN, The New York Times, The Wall Street Journal сынды дәстүрлі компаниялардың журналистік этикасы мен фактчекингтік ресурстары бар.
Біздің редакцияда да жиі қателік жіберетін журналистерге орын жоқ. Кез келген адам қателеседі. Бірақ ол қателікке жиі жол берсе, демек ол өз контенті бойынша жеткілікті деңгейде жұмыс істемегені немесе оның ерінгендігі деп түсінеміз. Егер сіздің кәсіби жауапкершілігіңіз төмен болса, журналистикада болашағыңыз жоқ. Бұл стандарт біз үшін – басты құндылық.
– Сіздің ойыңызша, қазіргі қоғамда журналистік зерттеу маңыздылығы қай деңгейде?
Үкімет билігі қарапайым халық үшін қызмет ететіндіктен оның әрбір қадамы мен шешімі халыққа тиімді әрі айқын болуы тиіс. Ал биліктің өз міндеттерінен ауытқитын кездері де болады. Нақтырақ айтсақ, ұлтқа емес, белгілі бір топқа қызмет ете бастауы бізді ойландыруы керек. Мұндай сәттердегі журналистің міндеті – халық білуі тиіс үкіметтің жасырған дүниелерін әшкере ету.
Үкіметтің жасырын әрекеттеріне дәйек табу журналистке біршама қиындықтарды тудыруы мүмкін. Себебі олар мәліметті көбіне жабық ресурстарда сақтайды. Егер ол халық мүддесіне қайшы болса, оны анықтауға барлығымыз жұмыла кірісуіміз қажет. Шенеуніктер халыққа адал қызмет етпейінше, журналистика немесе журналистік зерттеу маңыздылығын жоғалтпайды.
Бір сөзбен айтқанда, тәуелсіз журналистер саны артса, шенеуніктерде де халыққа адалдығын танытудан басқа амалы қалмайды.
– АҚШ-тың жарнама нарығының 63 пайызын Google мен Facebook компаниялары иемденіп отыр. Және бұл көрсеткіш өсіп келеді. Басты табысы жарнамадан түсетін медиа компаниялардың жағдайы күннен-күнге қиындап келе жатқаны байқалады. Себебі ірі медиа ресурстар бірігіп, кейбіреулері жабылып жатыр. Сіздің ойыңызша, алдағы 20 жылда ақпарат көздері айтарлықтай азая ма?
Мен коммерциялық емес медиа компанияда жұмыс істеймін. Осыдан 10 жыл бұрын журналистикада коммерциялық емес жобалар жоқ болатын. Қазір олардың саны АҚШ-та айтарлықтай көбейіп қалды. Себебі азаматтар журналистиканың қоғамдық мүддені қорғайтынын түсінгендей.
Алдағы уақытта корпоративті медиа ресурстар азаяды. Бірақ олардың коммерциялық емес нұсқалары артады. Журналистердің қызметін қолдайтын қорлар мен донорлар көбейеді. Ең болмағанда, менің ойымша, бізді қарапайым халық қолдайтын болады. Сәйкесінше, журналистер де тек халықтың ортақ мүддесіне жұмыс істеуге негізделеді.