Атақты Джеки Чан Астанада
Актердің баспасөз мәслихатына өз елінің ұлттық киімімен келіп, тек қана қытайша сөйлеуі жұртшылықты тәнті етті.
– Шынын айтқанда, осыған дейін Қазақстанға келіп, кинематографиямен айналысуды армандаған едім. Алайда уақыттың тапшылығынан, бүгінге дейін бұл арманымды жүзеге асыра алмадым. Болашақта Қазақстанға міндетті түрде келіп, осы саладағы еңбегімді іске асырмақ ойдамын.
Қазақстанда да кунг-фу мектебін ашуы мүмкін
– Қазір Бейжіңде кунг-фуден жаттығуларды жүргіземіз, алдағы жылы онда мектебімізді ресми түрде ашамыз. Сондықтан да осы мүмкіндікті пайдалана отырып, осы өнерге қызығушылық танытқан адамдардың Бейжіңге келіп, кунг-фуды меңгеруге болатыны айта кеткім келеді. Бүгінде осы саладағы жұмыстарымыз жаңадан қарқын алды, осы орайда болашақта әлемнің барлық жерінен мектептерді ашуға ниеттімін. Мүмкін Қазақстанда да кунг-фу мектебі ашылып қалар деп ойлаймын.
Актер Димаш Құдайбергеннің киноға түсуі жайында:
– Теледидардан Димаштың керемет дауысын естіп, жас таланттың өнеріне тәнті болдым. Кейін оның өзімнің фанатым екенін білдім. Әрине, мен оны кино саласындағы тамаша актер болады деп ойлаймын.
Джеки жетістікке қалай жетті?
– Әрине, мен бірден өнер жұлдызы атанған жоқпын, қазіргі деңгейіме біртіндеп келдім. Яғни ең төменнен әр қадам сайын жоғарылай бердім. Сондықтан да әрбір адамның жағдайын жақсы түсінемін, сәйкесінше әр адамның жұмысына құрметпен қараймын.