Астана қаласының 20 жылдығы қарсаңында елордада әлемнің беделді қаржы институттары мен халықаралық компаниялардың басшыларының басын біріктірген форум өтті. Astana Finance Days "Астана" халықаралық қаржы орталығында (АХҚО) халықаралық биржаның (Astana International Exchange, AIX) ашылуына бағытталды.

Еуразияның қаржы артериясы

2015 жылдың тамыз айында Қазақстан экономикасы мұнай дағдарысына тап болып, ұлттық валютаның құны 2,5 есеге дейін құлдырады. Оны тек интервенция арқылы ұстап тұру мүмкін болды. Себебі шикізат экспорттайтын елдің экономикасы валюта құнын нарықта тұрақтандыруға қауқарлы емес еді. Сол сәттен бастап, кеш болса да, Қазақстан үкіметі экономиканы диверсификациялау процесіне көшкен болатын.

Өте аз уақытта Қазақстанның бас қаласы Астанада халықаралық қаржы орталығы құрылды. Бұл ел экономикасының дамуына белгілі бір деңгейде қықпал етуі тиіс. Бірақ қазір емес. Ол үшін жергілікті биржаны шетелдік инвесторлар үшін сенімді аймаққа айналдыру керек. Оған уақыт қажет.

"Рим бір күнде құрылмаған"

АХҚО жанында құрылған AIX платформасы ресми түрде ашылған кезде, жаңа биржаға тіркелген компаниялар санының 55-ке жеткені белгілі болды. Олардың басым бөлігі "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қорының қолдауына мұқтаж, көбіне субсидияға тәуелді компаниялардан тұрады.

– Рим бір күнде салынған жоқ. Сондықтан АХҚО мүмкіндіктеріне баға беруге асықпайық. Дегенмен Қазақстан үкіметінің биржа құру мақсатында жасап жатқан әрекетіне жоғары баға беремін, – дейді Астана халықаралық биржасының (AIX) басқарма төрағасы Тим Беннетт (Tim Bennett) Informburo.kz тілшісіне.

Айта кетсек, Тим Беннетт осыған дейін Жаңа Зеландияның қаржы биржасын басқарған. Ол 2012 жылы аталған ел биржасына төрағалық етуге 5 жылға сайланады. Десе де, белгілі бір себептермен 2016 жылдың қазан айында орнынан уақытынан ерте кетеді. Ал оның жылдық табысы $2,9 миллионды құраған. Астанадағы халықаралық биржаны басқаруға өткен айдың орта шенінде тағайындалды.


Тим Беннетт (оң жақта) сұқбаттарының бірінде Блокчейн технологиясына үлкен сенім артатынын білдірді / Сурет astanafindays.org сайтынан алынды

Ресми мәліметке орай, жыл басынан АХҚО-ның әкімшілік қызметіне ҚР бюджетінен 27 миллиард теңге ($78,7 миллион) бөлінген. Ал Тим Беннетт сынды халықаралық деңгейдегі мамандар АХҚО-да көптің қасы. Олардың жалақыларына қатысты әзірге еш ақпарат берілмей отыр.

Тим Беннеттің айтуынша, халықаралық биржа шетелдік инвесторлардың Қазақстан экономикасына кіретін есігі болмақ. Орталықтың ағылшын заңдары негізінде жұмыс істеуі оның әрі жергілікті, әрі шетелдік инвесторлар үшін тең құқықты қызметтің ұсынылатынын білдіреді.

AIX биржасына шығарылатын ұлттық компаниялардың табысынан шығыны көп

ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев жаңа қор биржасының ашылуына қатысып, АХҚО аймағына енетін компанияларға 50 жылға дейін салық төлеуден жеңілдік берілетіндігін, еңбек визасы және валютааралық операцияларды жасауда қолдау көрсетілетінін айтты.

Ресми ақпаратқа орай, AIX биржасында бүгінде 55 компания тіркелген. Олардың акциялары саудаға жуырда шығарылады. Әзірге компаниялардың толық тізімі жарияланған жоқ. Дегенмен, Казкоммерц, Халық және Центркредит банктері мен Қазинвест ұлттық компаниясы сынды қаржы институттарының тізімде бар екені белгілі болып отыр. Сонымен қатар, Қазақстанның квазисектордағы ұлттық компаниялардың бірқатары жыл соңына дейін IPO-ға шығарылатыны туралы айтылды.

Одан бөлек, жергілікті және шетелдік брокерлік 14 компанияға биржадағы сауда операцияларымен айналысуға лицензия берілген.

Astana Finance Days шарасына Бостоннан арнайы шақырылған қаржы мамандарының бірі (есімін көрсетпеуді сұрады) Қазақстандағы ұлттық компаниялардың табысынан шығыны көп екенін айтады. Сондықтан олардың құнды қағаздарына шетелдік инвесторлар әзірге қызығушылық таныта қоймайды. Шығыны көп компанияның акционері болудан кез келген инвестордың қашатыны түсінікті жәйт.

– Ұлттық компаниялар табысты корпорацияларға айналмайынша, жекешелендірілмейді. Қазақстан үкіметі неше жылдан бері "Самұрық-Қазына" әл-ауқат қорына квазисектор тарапынан түсіп отырған салмақты азайтуға тырысып келеді. Бірақ әзірге бұл мәселе шешілген жоқ, – дейді ол.

Қаржыгердің айтуынша, кем дегенде 4-5 есеге қысқартып, ұлттық компаниялардың менеджментін қайта құру керек. Шығынның басым бөлігі компаниялардың әкімшілік жұмыстарынан келіп отыр.

Идеядан іске көшу

Astana Finance Days шарасына келген шетелдік сарапшылар посткеңестік елдер арасында тек Қазақстанда ағылшын заңдары негізінде жұмыс істейтін биржа бар екенін айтады. Бұл идеядан іске көшу үдерісін көрсетеді. Бірақ бұл істің бастамасы ғана.

– Қаржы – бүгінгі дамыған қоғамдағы ең маңызды өндірістік секторлардың бірі. Ол капиталды арттырудың оңтайлы жолын ұсынады. Сондықтан ерте ме, кеш пе кез келген ел бұл саланы дамытуға мүдделі. Қазақстан үкіметі де мұны ерте түсініп, іске көшкені дамыған елдерді қуантып отыр. Себебі біздің инвесторлар үшін жаңа нарықтың ашылуы жаңа мүмкіндіктерге жол ашатынын білдіреді, – дейді Frankfurt Main Finance қаржы орталығының атқарушы директоры Хубертус Ват (Hubertus Väth) Informburo.kz тілшісіне пікір білдіре отырып.


Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Астанадағы халықаралық биржаны ашу салтанатына қатысқан сәтінен / Сурет kazakh-tv.kz сайтынан алынды

Неміс қаржыгерінің ойынша, енді ғана құрылған қаржы орталығы әдетте көптеген қиындықтарға тап болады. Алдымен өзге де аймақтық биржалардың бәсекелестігіне төтеп беруге дайын болу керек. Сонымен қатар, әлемдік қаржы нарығындағы инновациялық өзгерістерді жылдам игеруге бейімделуі қажет. Әйтпесе, аз уақытта табысты қаржы орталығы назардан тыс қалуы бек мүмкін.

Astana Finance Week

Канадалық Media Gurus PR агенттігінің атқарушы директоры Гарри Нанда (Harry Nanda) Informburo.kz тілшісіне Қазақ үкіметінің бұл бастамасы экономиканың дамуына зор ықпал етеді деді. Алайда, Астана қаласының аймақтық қаржы орталығы ретінде танылуы үшін көп тер төгу керектігін де жасырмады.

– Қазақстан – аз уақытта әлемдік деңгейде танылуды мақсат еткен елдердің бірі. Сондықтан елдің абыройын асқақтату мақсатында ұйымдастырылатын кез келген жоба немесе іс-шараға қыруар қаржы бөлінеді. Бірақ олар көбіне бір жылда ұмытылып кетеді, – дейді Нанда.

PR маманының айтуынша, Astana Finance Days (Астана Қаржы күндері) емес, Week (апта) болуы тиіс еді. Аз уақытқа тым көп шара ұйымдастырылған.

– Мен үшін форумдағы талқыланған тақырыптардың көп бөлігі қызық еді. Бірақ олардың әртүрлі жерлерде ұйымдастырылуы және бір уақытқа сәйкес келіп қалуы мені қынжылтты, – дейді канадалық маман.

Алматыдағы қор биржасы назардан тыс қала ма?

– Ұлыбританияның Еуропа Одағынан шығу процесі басталған кезде, әлемдік деңгейде беделі бар көптеген қаржы институттарының Еуропадағы штаб-пәтерлері Лондоннан Франкфуртқа көшірілді. Бүгінде олардың саны 22-ге жетті. Бұл, әрине, Германия үшін миллиардтаған қаржының келуін білдіргенімен, белгілі бір деңгейде Лондон нарығына кері әсерін тигізеді. Десе де, Лондон әлемдегі ең алып үш қаржы орталығының бірі болып қала береді, – дейді Хубертус Ват.

Оның айтуынша, Алматыдағы қор биржасы капиталының біршама бөлігі Астанада ашылған халықаралық қаржы орталығына көшетініі белгілі. Дегенмен, қаржы операцияларының мүмкіндіктеріне орай, Алматы ішкі, ал Астана сыртқы нарыққа бағытталып отыр.

– Қаржы секторына баса назар аударатын елдерде кем дегенде екі биржа жұмыс істейді. Ал кейбіреулерінде одан да көп. Егер Алматы қаржы хабы өз деңгейінде жұмыс істеп жатса, оны Астанаға көшіру міндетті емес. Көшіргеннен ешнәрсе өзгермейді. Бұл шешім Қазақ үкіметіндегі шенеуніктер қабылдайды, – дейді Ват мырза.


Алматы қаласында орналасқан Қазақстан қор биржасында тіркелген 152 компанияның жалпы капитализациясы 4,5 триллион теңгені құрайды / Сурет abctv.kz сайтынан алынды

Ал АХҚО-ның бұрынғы атқарушы директоры Саясат Нұрбек Астанадағы қаржы орталығы Алматыдағы қор биржасына тіпті кедергі болмайтынын айтады.

– Қазақстан қор биржасы (KASE) еліміздің ішкі нарығына бағытталған. Дамыған елдердің тәжірибесіне сүйенсек, кез келген елде сыртқы нарықпен байланысы бар халықаралық хаб болуы тиіс. Бұл шетел инвесторларының ел нарығына кіретін бірден-бір жолы десек қателеспейміз. Мысалы, Гонконг биржасы Қытай нарығының "Шығыс қақпасына" айналған. "Астана" Халықаралық Қаржы Орталығы да осындай қызмет атқаруды мақсат етпек, – дейді Саясат Нұрбек.

Ағылшын заңы

Ағылшын заңы АҚШ, Канада, Аустралия, Жаңа Зеландия, Оңтүстік Африка Республикасы сынды Біріккен Корольдіктің бұрынғы отар елдерінде құқықтық жүйе құру мақсатында қолданылғандықтан, оның әлемдік сот жүйесінде алар орны бөлек. Ал бүгінде дамушы елдердің үкіметі дамыған елдерден инвестиция тарту мақсатында құқықтық нормаларды ағылшын заңын бейімдеуге тырысып жатыр. Солардың бірі – Қазақстан.

Ағылшындардың бұрынғы отары Гонконг әкімдігі Қытай үкіметіне қарағанымен, ағылшын заңы негізінде өз алдына дербес, тәуелсіз жұмыс істейді. Себебі Гонконгтың Конституциялық құрылымы о бастан ағылшын заңдары негізінде құрылды. Гонконг шетел инвесторлары үшін Қытайдың ішкі нарығына кіретін жалғыз жол болғандықтан, аспан асты елінің үкіметі оның статусын өзгертпей отыр.

Кейбір қазақстандық заңгерлер Астана Қазақстан орталығы, республикалық маңызы бар қала болғанымен, оның Гонконг сынды либералдық статусы жоқ екенін айтады. Сондықтан қалада құрылған АХҚО-ның ағылшын заңдары негізінде жұмыс істеуіне Конституцияға өзгерту енгізу арқылы рұқсат ету дұрыс шешім емес екенін айтады.

Арман мен Уалихан Шәйкеновтер есімді заңгерлердің Forbes.kz басылымына шыққан мақаласында өткен жылдың наурыз айында ҚР Конституциясына енгізілген өзгерістер елдің унитарлық жүйесіне нұқсан келтіретінін жазған. Олардың ойынша, енгізілген өзгерістер нәтижесінде Қазақстанның сот жүйесі екі түрлі құрылымға бөлінген. Бұл ағылшын заңдары негізінде АХҚО-ның ресми жұмыс істеуіне мүмкіндік беру үшін жасалған екен.

Қазақстандық заңгерлердің сынына қарамастан, ҚР Конституциясына өзгерістер енгізілді. Оны қайта қарау мәселесі қарастырылмады.

– Астана қаласының орналасуы AIX биржасына зор мүмкіндік береді. Ол Қытай мен Ресей экономикасына жақын әрі ЕО инвесторларына әлі игерілмеген нарық болып отыр. Мен АХҚО-да корпоративтік үкімет жүйесін реттеумен айналысамын. Шетелдік инвесторлардың Қазақстанға келіп, жеке бизнесін дамытуға заң тұрғысынан қолдау білдіру менің міндеттеріме кіреді. Егер олар АХҚО арқылы ішкі нарыққа енсе, салық төлеудің тиімді жолдары мен коммерциялық жылжымайтын мүлікті оңтайлы жолмен жалға алу мүмкіндіктеріне ие болады, – дейді АХҚО-ның қаржы қызметтерін реттеу бойынша комитет директорлар кеңесінің басшысы Лэди Барбара Джадж (Lady Barbara Judge) Informburo.kz тілшісіне сұқбат бере отырып.


Лэди Барбара Джадж қос азаматтыққа ие. Ол АҚШ пен Ұлыбритания азаматы болып саналады / Сурет nrmc.jp сайтынан алынды

Британдық-америкалық қаржы заңгері өте қысқа уақытта халықаралық қаржы орталығын құру оңайға соқпайтынын айтады. Оның ойынша, Дубайдағы қор биржасының құрылуына қарағанда АХҚО әкімдігінің жылдам еңбек еткені айтарлықтай көзге түсіп отыр.

Қоса кетсек, ағылшын заңы негізінде жұмыс істейтін коммерциялық соттар Сингапур, Гонконг, Дубай, Катар және Абу-Даби қаржы орталықтарында жұмыс істейді. Ендігі кезек, Астанада болып отыр.

Қазақстандағы коммерциялық сот құрамы толығымен ағылшын текті заңгерлерден тұрады. Оны Англияның бұрынғы сот төрешісі Лорд Гарри Вульф (Lord Harry Woolf) басқарады. Ал сот жанындағы консалтингтік кеңесті басқаруға Ұлыбританиядан Майкл Блэр (Micheal Blair) есімді корольдік қорғаушы арнайы шақырылған.

– Алдағы уақытта "Астана" Халықаралық қаржы орталығы қаржы технологиялары саласындағы компаниялардың ордасына айналуы тиіс. Қазіргі таңда АХҚО-да жасалып жатқан жаңартулар Астанаға жаңаша ойлайтын жастар мен инвесторлардың келуін қамтамасыз етеді, – дейді Лэди Барбара Джадж.

Ислам қаржы жүйесі

АХҚО әкімдігі қаржы орталығының платформасына Ислам қаржы жүйесін де бейімдеу арқылы, мұсылман елдерінен инвестиция тарту мүмкіндігін арттыруды көздеп отыр. Сол себепті, Astana Finance Days шарасы аясында елордада Ислам экономикасы форумы да ұйымдастырылды.

– Қазақстан зайырлы мемлекеттер қатарында болғандықтан, мұнда Ислам қаржы жүйесі онша дами қоймаған. Ал мен Ислам экономикасындағы коммерциялық қызметке заңды қолдау білдірумен айналысамын. Өкінішке орай, Қазақстанның ішкі нарығында бізбен дәл осы сектор бойынша серіктес ретінде жұмыс істейтін заң фирмасы жоқ екен. Бірақ АХҚО Ислам қаржы жүйесіне баса назар аударып жатқандықтан, Ислам инвеситорларының құқығын қорғайтын компаниялардың құрылады деп сенемін, – дейді малайзиялық заңгер, CSQ Law агенттігінің атқарушы серіктесі Шамсул Камар Бин Абд Рани (Shamsul Qamar bin Abd. Rani) Informburo.kz тілшісіне.

Куала-Лумпурдан келген заңгердің ойынша, Қазақстан үкіметі әлемде сұранысқа ие қаржы орталығын құру үшін тілдік бөгеуді жоюы керек. Шетелдік компанияларға ағылшын тілінде қызмет көрсететін жергілікті заң агенттіктері қажет. Одан бөлек, Қазақстандағы адам капиталы да халықаралық деңгейде кәсіби біліктілікке ие болуы тиіс.


Шамсул Камар Бин Абд Рани АХҚО басшылығына Қазақстанда Ислам қаржы жүйесін құруға барынша қолдау білдіретінін айтты / Informburo.kz

– Мен АХҚО өкілдерімен соңғы 2 жылдан бері бірге жұмыс істеп келемін. Осы уақыт аралығында, қазақстандық мамандардың ағылшын тілін білу мүмкіндігі артқанын байқадым. Бірақ әлі де кәсіби деңгейдің ақсап жатқанын көремін, – дейді ол.

Қазақстан экономикасының іргетасына айналатын стартаптар саралануы тиіс

Болашақ бағдарламасы бойынша шетелде білім алған қазақ жастарының бірі Санжар Кеттебеков әлемнің ең үлкен IT шоғыры "Силиконды алқапта" 20 жыл еңбек еткен. Ол Қазақ жастарының инновацияға құштарлығы оның елге қайтуына түрткі болғанын айтады.

– Бүгінге дейін "Startup Kazakhstan" аясында 113 жоба таңдалған. IT акселерациядан өткен барлық жобалар АХҚО жанында құрылған Astana Hub орталығына одан әрі дамытуға жіберіледі. Стартап жобаларының авторлары өндірістік секторға барып, бірден алып компанияларымен бәсекеге түсе алмайды. Сондықтан оның белгілі бір деңгейге дейін дамуына қолдау білдіру керек. Бірақ олар аз уақытта Қазақстан экономикасының айырылмас бөлігіне айнала алмайды, – дейді Санжар Кеттебеков.

Оның айтуынша, бүгінгі таңда Қазақстанда IT стартаптарға қолдау білдіретін 4 зертхана жұмыс істейді. Белгілі бір экономикалық сектордағы мәселенің шешімін ұсыну үшін жобалар осы зертхана сұрыптауынан өтеді.

Санжар Кеттебеков АҚШ-тағы Пенсильвания мемлекеттік университетінде "Адам факторы мен жасанды интеллект" саласы бойынша бакалавр деңгейін алған. Кейіннен Массачусетс технология институтында Гарвард медицина мектебімен бірігіп, ғылыми-практикалық жобалармен айналысады. Сонан соң, ол Силиконды алқапқа көшіп, Segment Interactive және Receptive сынды онлайн коммерция және ақпараттық технологиялардың көмегімен медиа саласын табысты секторға айналдыруға бағытталған стартаптардың негізін қалайды.

Әлемдегі ең үлкен IT алқабында 20 жыл еңбек еткен қазақ Іле Алатауының баурайында қазақтың "Силиконды алқабын" құруды мақсат еткен.

Блокчейн технологиясы әлемнің қаржы жүйесін алмастыра ма?

2008 жылы АҚШ-да болған дағдарыс бүкіл әлемге кері әсерін тигізді. Нәтижеде бүгінгі қаржы жүйесінің осал тұстары көріне бастады. Содан кейін әлемнің түкпір-түкпірінде толықтай қауіпсіз әрі қаржы операцияларының тегін жүргізілуін қамтамасыз ететін платформалар жасау үрдіске айналды. Солардың бірі – Блокчейн технологиясы.

Блокчейн технологиясына көптеген инвесторлардың назары ауа бастағанымен, әлемдегі ешбір ел оны заң жүзінде қолдануға әзірге мүмкіндік жасаған жоқ. Қазақстан бұл трендті қолдаушы елдерінің қатарынан табылып, елдің қаржы жүйесін Блокчейн технологиясына бейімдеуді бастап жіберген.

AIX төрағасы Тим Беннеттпен қатар көптеген шетелдік сарапшылар бұл үрдістің дамыған елдерде де байқалып жатқанын айтады. Сондықтан Блокчейн технологиясына бағытталған стартаптарды көбейту керек.

"Бүгінгі қаржы жүйесіне көңілі толмағандар Блокчейн технологиясын қолдайтыны белгілі. Бірақ екеуі де коммерциялық қоғам үшін қажет. Менің ойымша, Блокчейн технологиясын қазіргі қоғамның қаржы жүйесімен бірге дамиды. Біріне-бірі бақталастық тудырмайды",– дейді Z/Yen Group консалтингтік агенттігінің басшысы, белгілі ағылшын қаржы маманы Марк Яндл (Mark Yeandle).

Әйткенмен де, қаржы секторындағы кейбір алып компаниялар Блокчейн технологиясының заңды түрде қолданысқа енбегенін қалайды. Қаржы операцияларымен айналысатын америкалық Visa және Mastercard компаниялары солардың қатарында.


BITEEU – Astana Hub акселерациясынан өткен ең үздік 10 стартаптың бірі / Informburo.kz

– Блокчейн технологиясы қаржы саласының кейбір секторларында қолданылуы мүмкін. Төлем операцияларының қауіпсіздігі ең маңызды функциялардың бірі екені рас. Әзірге Блокчейн ондай мүмкіндікті берген жоқ. Сондықтан әлі зерттеу кезеңінен коммерциялық нарыққа өткен жоқ, – дейді Mastercard компаниясының Қазақстан, Белоруссия және Армения елдеріндегі өкілетті басшысы Нина Виллемс Informburo.kz тілшісіне пікір білдіре отырып.

Бәріне баға беретін – уақыт

Қазақстан үкіметі "Астана" Халықаралық қаржы орталығын құру алдында әлемдік деңгейдегі сарапшылармен ақылдасқаны белгілі. Бұл процеске Boston Consulting Group сынды алып корпорациялар атсалысқан.

АХҚО аймағында қазіргі трендтегі технологиялар мен қаржы жүйелері қолданылады. Дегенмен, басты мақсат – трендке ілесу емес. Microsoft корпорациясының бұрынғы басшысы, америкалық миллиардер Билл Гейтстің (Bill Gates) "Адамдар бір жылдағы өзгеріске ілесе алмай, он жылдан кейінгі инновацияға таңданады" дегендей, жылдам өзгеріп жатқан әлемнің даму іргегін дұрыс тізгіндей білу керек.

Мемлекеттік қызметтегі шенеуніктер өз жұмыстарын жыл соңында қорытындылап, есеп беруге үйренген. Сондықтан олар елдің даму стратегиясына көбіне бір жылдық жоспар жасайды. Қарапайым халық та аз уақытта нәтиже беретін жобаларға сеніммен қарайды. Ал халықаралық қаржы орталығы бір жылдық жоба емес. Оның табысын шығынынан асыру үшін ондаған жылдар қажет болуы мүмкін.

– Қарапайым азаматтардың мұндай бастамаларға сенімсіздікпен қарайтыны бір жағынан дұрыс. Себебі АХҚО басшысы олардың да пікірін ескеріп, орталықты одан әрі дамытуға тырысады. Қазақстанда акциялары жаппай сатылымға шықпаған компаниялар көп. Менің ойымша, ұлттық компанияларды жекешелендіруде AIX биржасы маңызды рөл атқарады, – дейді Хубертус Ват.

Ват осыдан бірнеше жылдан кейін тағы да сұқбаттасу мүмкіндігі болып жатса, "Астана" Халықаралық қаржы орталығының жұмыстарына оң баға берілетіндігіне сенімді.