Астана есірткіге тәуелді аймақтардың үштігінде. Жаңалықтарға шолу
Қазақстанда салық төлеуге арналған жаңа онлайн-қызмет іске қосылды
fastpay.kz онлайн-қызмет сайтында азаматтар салықты комиссиясыз төлей алады. Ол мемлекеттік деректер базасына қосылған, төлемдер бірден қабылданады. Салық төлеуші төлем жүргізгенін растайтын электронды чек алады, мәлімет еgov.kz порталына да түседі. Салықты кез келген банк картасынан немесе электронды әмияннан төлеуге мүмкіндік бар. Қызметті пайдалануға қатысты туындаған сұрақты +7 (727) 221-94-94 телефонына қоңырау шалып немесе fastpay@fastpay.kz электронды поштасына жолдауға болады.
Алимент төлеуден жалтарып жүргендердің берешегі 3,7 млрд теңгеге жетті
Елімізде 8 мыңнан астам әке балаларына алимент төлемейді. Сот орындаушылардың қолында алимент өндіруге қатысты 180 мыңнан аса іс жүр. Мамандардың айтуынша, негізінен тұрақты жұмысы не табыс көзі жоқ борышкерлер алимент төлемеген. Мәселені шешу үшін сот орындаушылар оларға жұмыспен қамту орталығына жүгінуге кеңес береді.
Өзбекстан үкіметі салықты азайтып, бюджеттік қызметкерлердің жалақысын өсіріп жатыр
2019 жылдан бастап мұнда жеке тұлғалардың табысына 12% көлемінде салық салынады, азаматтардың сақтандыру жарналарын төлеу (жалақыдан 8%) туралы заң жойылады. Бұл қолға алатын айлық көлемін орта есеппен 6,5%-ға көтеруге мүмкіндік береді. Заңды тұлғаларға да салынатын салық 14%-дан 12%-ға азайтылады.
1 қаңтардан бастап елдегі мұғалімдердің жалақылары 10%-ға, кәсіптік санаттағы ұстаздарың айлық ақысы 15%-дан 25%-ға дейін, ЖОО оқытушыларының және ҒЗИ ғылыми қызметерлерінікі 1,5 есеге артады. Бюджеттік саланың ең төменгі жалақы алатын қызметкерлерінің еңбек ақысы 5-15%-ға дейін көтеріледі.
Алматы метросы түн ортасына дейін істейтін болды
12 қарашадан бастап Алматы метрополитені жаңа жұмыс режиміне көшеді. Жерасты жүрдек пойыздары таңғы 6:20-дан түнгі 24:00-ге дейін қатынайтын болады. "Метрополитен" МҚК хабарлауынша, келер жылдан бастап жолаушылар пойыздың қашан келетінін арнайы алаңдар мен касса залдарына орнатылатын ақпараттық дисплейлерден көре алады.
Астана есірткіге тәуелді аймақтардың үштігінде
Басқа өңірлерге қарағанда Елордада бір жылдың ішінде есірткіге тәуелділер қатары көбейген. 2018 жылдың 9 айындағы көрсеткіштер бойынша, елімізде есірткі және психотропты заттарды қолданатын 22 865 адам есепте тұр. Оның жиырма бесі – 14 жасқа дейінгі балалар.
Есіркіге тәуелді азаматтар көп тіркелген аймақ – ШҚО (2761 адам). Екінші – Астана (2240), үшінші орында – Қостанай облысы (2094).
Жерленгеннен кейін екі айдан соң үйіне оралған атыраулықтың ісіне қатысты арнайы комиссия құрылды
Екі ай бұрын ресми түрде өлі деп танылған Айғали Сұпығалиевке қатысты Әділет министрлігі құрған арнайы комиссия тиісті тексеріс жүргізіп, нәтижесі бойынша қосымша ақпарат береді. Қазір Атырау қалалық прокуратурасы материалды сотқа дейінгі бірыңғай реестрге тіркеді. 4 қарашада сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің қызметкерлері сот-медициналық сарапшысының қатысуымен Сұпығалиев деп жерленген мәйітке эксгумация жасайды.
Оны жерлемес бұрын туыстығын генетикалық тексеру үшін Сұпығалиевтің жақындарынан сілекей және қан үлгілері алынған. 99,92% туыстық қатысы барлығы анықталған.
Астанада жедел әрекет ету арнайы отрядына (СОБР) жұмысқа шақырылады
Бұл тұрақты жалақы алатын, қызметтік өсу мүмкіндігі бар жұмысқа Қазақстан қарулы күштерінде әскери қызметін өтеген жас жігіттер қабылданады. Сондай-ақ олар бойы 178 см төмен емес, орташа, арнайы орташа не "Заңгер", "Дене шынықтыру және спорт" мамандықтары бойынша жоғары білімі болуы керек деген талапқа сай болулары тиіс.
Қазақстандық БАҚ не жазды:
Baq.kz: Қазан айындағы орташа күнкөріс деңгейі 28620 теңгені құрады. Өткен жылмен салыстырғанда 11,8%-ға өскен. Оның құрылымында ет пен балықты сатып алуға жұмсалған шығынның үлесі – 18,7%, сүт, тоң май өнімдері мен жұмыртқа – 14,6%, жемістер мен көкөністер – 12,7%, нан және жарма өнімдерін – 6,9%, қант, шай және дәмдеуіштерге – 2,1%-ды құрады.
Sputniknews.kz: Грузия Қазақстанға 20 жыл бұрынғы қарызын қайтарады. Қаржы министрлігінің мәліметіне сүйенсек, қыркүйектегі жағдай бойынша, Қазақстанға Грузия ғана қарыз. 25 миллион 480 мың 089,96 АҚШ доллары тұратын берешегін олар 2025 жылға дейін қайтаруы тиіс.