Сәуір айында АҚШ бойымен түрлі штат орталықтарында карантин шараларына қарсы наразылықтар болды. Қазір сондай толқындар Еуропада ушыққаны белгілі. Расында, көптеген ел үкіметі тығырыққа тіреліп отыр. Трамп пандемияға қарсы дайындығын кеш бастап, 80 мың адамның өлімін санап отырса да, өзінің саяси рейтингінің өскенін айтудан шаршар емес. Трамп қасындағы сарапшылардың ескертуін ескермей, америкалық консерваторлардың протестерін алға тартып, штаттарды қайта ашуды жылдамдатып отыр.

Оқи отырыңыз: Пандемиядан шығудың үш сценариі. АҚШ пен Батыс Еуропа қай жолды таңдады?

АҚШ-тағы штат губернаторларының федералды биліктен еркін әрекет ете алуы карантиннен шығу процесін қиындатады. Себебі, әр штаттағы карантин (stay-at-home order) шарасын алуды тек сол штаттың губернаторы шешеді. Ал оған бұйыра айтуға Трамптың мансабы өтпейді. Сондықтан мамыр айының басынан бастап 50 штаттың жартысынан көбі ақырындап карантин шараларын алуды бастады. Карантинді алып жатқан штаттардың басым бөлігі губернаторы республикалық партиядан болғандар болып отыр. Ал Арканзас, Айова, Миссури, Небраска және Вайоминг штаттарының губернаторлары кейс сандары артып жатса да, "пандемияны жеңдік" деп жар салды. Себебі, олар республикалық партиядан және Трамптың нағыз қолдаушылары.

Ақ үй карантин шараларын босаңсытуды үш фазаға бөліп өткізуді ұсынды. Бірінші фазаға кейстер саны азая бастаған штаттар өте алады (жоғарыдағы бес штаттағы кейстер санының траекториясы төмендемесе де, бірінші фазаны бастап жіберді). Базалық карантин шаралары сақталады және 10 адамнан артық жиналмау міндеттелген.

  • Бірінші фазада ресторандар, театрлар және жаттығу залдары ашылады. Бірақ барлар, мектептер және қарттар үйі жабық күйде қалады.
  • Екінші фазада мектептер мен барлар ашылады және 50 адамнан артық жиналуға тыйым салынады. Қарттар үйі жабық қалуы тиіс.
  • Үшінші фазада қоғам бұрынғы қалыпқа қайта оралады. Тек қашықты сақтау мен қолды жиі жуу сынды шаралар сақталады.

Оқи отырыңыз: "АҚШ Италияның қателігін қайталауы мүмкін". Елдегі қазақстандықтар қалай өмір сүріп жатыр?

Чикаго университетінің экономика профессоры Джозеф Вавраның зерттеуінше, әрбір үшінші америкалық отбасында 14 жасқа дейінгі баласы бар. Ал әрбір оныншы отбасы ажырасқан. Демек, отбасы үлкені жұмысқа кеткенде баланы қарайтын ешкім болмайды екен. Ал бірінші фазада жұмыс орындары ашыла бастағанымен, мектеп жабық екені белгілі. Мұндай отбасы шеңберіндегі мәселелерге федералды үкімет бас ауыртпайтыны анық, бірақ ескерілуі тиіс.

Сосын экономикалық тұрғыдан қарасаңыз да, АҚШ экономикасы өте күрделі әрі ішкі бизнес секторы өзара байланысқан. Мысалы, Айовадағы өндіріс орнына Огайодағы бөлшек не жартылай өнім қажет болуы мүмкін. Ал Айова ашылғанымен, Огайо әлі жабық. Демек, экономика жартылай ашылғанымен, өнім өндіру қиындықтары көп. Жоғарыда айтқанымыздай, әр штаттың өзінше әрекет етуі карантиннен шығуды осылай қиындатып отыр.

Оқи отырыңыз: АҚШ доллары халықаралық мәртебесінен айырыла ма? Сараптама

Күні кеше, Илон Маск ашуға мініп, Калифорния штаты губернаторының карантин шарасына қарамастан, Тесла көлігін құрастыратын зауытының жұмысын қайта бастап жіберді. Артынша оны Трамп жақтап, бір-біріне рақмет айтып та үлгерді. Илон Маск ғылымды жақтайтын азамат. Кезінде ол: "Егер менің айтқаным мен ғылым біріне-бірі қайшы келсе, ғылымды таңдаңыз" деген еді. Дәл қазір ол ғылымнан экономиканы жоғары қойып отыр.

Федералды және жергілікті билік пандемияны саясиландырып жіберді. Себебі, тезірек экономиканы қайта жандандыруды республикалықтар қаласа, демократтар адам өлімін алға тартып, асықпауды айтады. Екі жақтан да әрбір қадам, әрбір аргумент бірін-бірі дискредиттеу мақсатында жасалып жатыр. Трамп құлап бара жатқан ұшақтың рулін басқара отырып, "Есесіне, менің рейтингім жоғары" деп тұрғандай!