Астанада қарттарға арналған тегін "бақшалар" ашыла бастады
Астана тұрғын үй кешендерінің бірінде құрылыс жұмыстарын атқарған компания қарттарға сыйға шағын орталық ашып берді. Бөлме кішкентай болса да, барлық жағдайы жасалған. Ыдыс аяқ, журнал мен газеттер, кітаптар, шахмат, дойбы, домбыра да бар.
"Жүрекке әжім түспейді"
Халел атаның құлағының мүкісі болмаса, әлі тың. Белі бүгілген жоқ.
– Біз суық түскенше аулада кездесіп отыратынбыз. Бір-бірімізбен танысып, әңгіме құрып уақыт өтетін. Ал қыс түсе, төрт қабырғаға қамалып қаламыз, – дейді ата.
Айтуынша, орталық ашылғалы бері осы үйде тұратын оншақты қария уақытын келісіп алып, күн сайын жиналып тұрады екен.
Ананың көңілі балада
Дина Ыбырай қызы Қарағанды қаласында, өмірінің 64 жылын ұстаздыққа арнаған. Бүгінде балаларының артынан Елордаға көшіп келген.
– Барыңдар, оқыңдар, жұмыс істеңдер, орналасыңдар деп балаларымды Астанаға енді орнай бастағанда өзім жібергенмін. Қазір екеуі де білікті маман, үйлері бар, жағдайлары жақсы. Тиіп тұрса да, оларға Қарағандыға келіп тұру оңай емес. Сондықтан көшіп келдік, – дейді Дина әже.
Орталықта кездесулер ұйымдастырып, зейнеткерлерді жеке мәселе бойынша қабылдауға, дөңгелек үстел және семинар өткізуге болады.
Бізді ойлайды екен ғой...
– Осындай орталық ашылып жатқанына қуандық. Бізді ұмытпай, қолдап жатқандарының белгісі ғой. Алыстағы орталықтарға бара алмаймыз. Қолың тие қалса, келіп шүйіркелесіп кететін жақсы болды, шүкір, – дейді Дина әже.
Айтуынша, бұл жерде жиналып шай ішпейді. Әңгімелесіп, шахмат не дойбы ойнап тарқасады.
– Тегін. Өзімізге бір кілт беріп қойған. Өзіміз қожайынымыз. Кейде әңгіме қызғанда қызыл кеңірдек боламыз, – дейді Дина әже.
Айтуынша, қарттардың әрқайсысы өзінің қатарын іздеп тұрады.
– Далаға шықсам, тілдесетін, пікір алысатын адам іздеймін. Осындай шағын орталықтар соған мүмкіндік береді. Қартайғанда құрбы-құрдаспен қауқылдасып отырған бір ғанибет қой. Балалар жұмыста, немерелер балабақша, мектепте болғанда күні бойы жалғыз отырғанша, осындай ортаға келіп, сергисің, – дейді ол.
Қартайғанда бір бала
Осыдан үш жыл бұрын "Ардагер" үкіметтік емес ұйымының президенті Баян Ахметжанова Қазақстанда балабақша типтес орталық ашуды ұсынған болатын.
Кейде үлкен кісілерді жалғыз қалдыра алмайтын кез болады, сондай кезде қолдау көрсету үшін бізге таңертең әкеліп, кешке алып кететін орталықтар керек деп түсіндірген еді.
Міне содан бері еліміздің ірі қалаларында бір ғана емес, бірнеше орталықтар бой көтеріп үлгерді.
Тек Астана қаласында жиырмадан астам осындай орталық қызмет көрсетеді.
Ұсыныс бүгінде мемлекет тарапынан да қолдау тауып отыр.
Ерекше қарттар үйі
Биыл жазда Астанадағы қарттар үйінде күндізгі стационар бөлімі ашылған. Өздері үйлерінде болмаған кезде қарт ата-анасын орталыққа қалдырып кетуге болады. Ол жерде күніне үш рет тамақ беріліп, бос уақыттарында мәдени шаралар өткізіледі.
Орталықтың қызметкерлерінің айтуынша, бұл жерде зейнеткерлерге де, мүгедектерге де мемлекеттік стандартқа сай әлеуметтік қызметтер көрсетіледі.
Жақын туыстары болмаған жағдайда қызмет тегін көрсетіледі. Әйтпесе айына шамамен 25 мың теңге төлейсіз. Қызметті алу үшін Астана қаласының жұмыспен қамту, еңбек және әлеуметтік қорғау басқармасына жүгінесіз.
Алматыда Asar орталығы
Алматы қаласында да бірнеше осындай орталықтар бар. Алғашқысы 2016 жылы ашылған болатын. Сонымен қатар, Алматыда Алғабас ауылында егде кісілерге арнап еріктілер ашқан Asar орталығы бар.
Гүлнар Асанова орталықты алғашында альцгеймер сырқатына шалдыққан қарияларға көмектесу үшін құрған. Анасының денсаулығы сыр бере бастағанда қарайтын адам таппай қиналған. Сол кезде осындай мекеме құру идеясы пайда болады.
Басында қаладағы альцгеймер клиникасы кеңесіне жүгінген. Кейін клиника жолдаған төрт қарияны күтімге алған болатын.
"Қартбақша" қазақта болмаған...
Қарттарға арналған бақшалар алғаш Еуропа және Жапон елдерінде ашыла бастаған. Бұл елдерде адам зейнетке шыққасын толық қанды өмір сүре бастайды деп есептеледі. Сондықтан қарттар туған-туыстарына масыл болмай, осындай орталықтарда уақыттарын өздеріне пайдалы өткізеді.
Алайда, бұл ұғым қазақи менталитетке жат. Біздің қоғамда түсінік басқа. Қариясына қарау туған-туыстарына міндет болып саналады. Бірақ таңнан кеш батқанға дейін жұмыстағы адамдар қарттарға қарауға уақыт бөле алмай жататыны да рас.
Еуразия Ұлттық университетінің профессоры, доцент Фатима Жұмабекова қарттар мен жастар арасындағы сабақтастықтың жалғасуын насихаттап келеді. Университет ішіндегі "Руханият" клубы тарапынан қарттар проблемасына, әлеуметтік жағдайына араласып, ұлттық құндылықтарды дәріптеп жүрген ұстаз:
– Бір күн жұмысқа бармасақ, ауырып қаламыз. Ол кісілерде солай, барып өзі сияқты адамдармен араласса, ауырғанын ұмытып, сергіп қайтады. Үйде отырған адам тырысқақ келеді.
Қазақи менталитетке жат екені рас, алайда заман талабына байланысты таңертең апарып, кешке алып кететін орын болса жақсы, – деген пікірде Фатима Жұмабекова.
Қазақи қылып жасап алайық...
Айтуынша, бұндай орталықтарды ең бірінші қарттар үшін жақсылап жасаған дұрыс.
– Біз қоғам болып қолдау көрсетуіміз керек. Мәселен, оны "қартбақша" деп емес, жақсы қазақи атауға өзгертіп, арнайы бағдарлама жасап, біз олардан барынша ақыл-кеңестерін, өмірлік тәжірибесін алып қалуымыз керек. Біз ол кісілердің қоғамдағы статусын көтеруге ат салысуға тиістіміз.
Студенттерді апарып, ғибратты кездесулер ұйымдастырып, орталықтарды өз менталитетімізге икемдеп алуға болады. Бұл – қоғамға керек болған соң, ашылып жатқан нәрсе, – дейді Фатима Жұмабекова.