Ақтоты Райымқұлова: Түркістанда 21 хан мен 23 бидің сүйегі жатыр
Көне шаһарда Жәнібек, Жәңгір, Есім, Тәуке, Абылай, Әбілхайыр хандардың бейіттері орналасқан.Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова "Түркістан – түркі әлемінің рухани астанасы атты" халықаралық бейнеконференциясында көне қалада жерленген тұлғаларды еске алды, деп хабарлады ҚазАқпарат.
"Бүгін біз түркі халықтарының киелі орны табылатын Түркістанның саяси, рухани және мәдени қайта жаңғыруының тарихи сәтіне куә болып отырмыз. Қала Ұлы Жібек жолының қиылысында тұр. Батыс пен Шығысты, Шығыс пен Батысты байланыстырып, Қытайдан Орталық Азия, Таяу Шығыс арқылы Орталық Еуропа елдеріне керуендер өткен болатын. XV ғасырдан бастап Түркістан мұсылман әлемінің қажылық ететін орны ғана емес, маңызды тарихи шешімдер қабылданатын қазақ хандарының ірі мемлекеттік резиденциясы болған", — деді ол.
Министрдің айтуынша, ғылыми деректерге сәйкес Түркістанда 21 ханның, 8 сұлтанның, 23 бидің, 59 батырдың сүйектері жерленген. Жәнібек, Жәңгір, Есім, Тәуке, Абылай, Әбілхайыр хандардың, сондай-ақ, қазақ тарихындағы атақты Қаз дауысты Қазыбек би, Шоң би, Торайғыр би, Бөгенбей батыр сияқты басқа да тұлғалардың бейіттері орналасқан. Ақтоты Райымқұлова тарихи тұлғалардың қазақ халқының ғана емес, жалпы түркі әлемі тарихының қалыптасуында шешуші рөл атқарғанын атап өтті.