Анардың ойыншықтарына Үндістан, Африка, Түркия, Ресей елінен тапсырыс түскен
Буыны ауыратындықтан Анар көп жүре алмайды. Бірақ соған бола тағдырына налып, өміріне ешуақытта өкпе артқан емес. Керісінше, оған қарап, әлемді мейірімге толтырғысы келетін, айналасына ізгіліктің шуағын шашып жүрген қайсар да нәзік аруды көресің.
"Желтоқсан оқиғасына қатысқан әкемді үлгі тұтамын"
Ол тоғызыншы сыныпқа дейін барлық бала секілді жалпы орта мектепте білім алды. Тауға шыққанды жақсы көретін. Жаңбырдан кейін құрбыларымен саңырауқұлақ жинайтын. Тоғызыншы сыныпты бітіріп, қолына куәлік алған соң, О.Таңсықбаев атындағы Алматы сәндік қолданбалы өнер колледжінің графикалық дизайнер мамандығына құжат тапсырды. Бірақ оқуын жалғастыра алмады. Денсаулығы күрт нашарлап, аурухана төсегіне таңылды. Ұзақ уақыт ем қабылдады.
– Сол жылдары қатты ауырдым. Үй мен аурухананың екі ортасында жүрдім. Кішкентайымнан сурет салғанды ұнататынмын. Дизайнер боламын деген арманым жайына қалды. Ең бастысы – ата-анам мен бауырларым жанымда. Бақыт деген – жақындарыңның амандығы, олардың жүздеріндегі күлкі және қолдауы екен.
Үйде төрт қызбыз. Мен үшіншімін. Ата-анамыз бізді қатардан кем қылмай өсірді. Бар жылы-жұмсағын аузымызға тосты. Бала кезден бірге ойнап-өскен құрбыларым қиындықта жанымнан табылды. Сондықтан шығар, өзімді мүгедекпін деп, өзгелерден өзгеше сезінген емеспін.
Әкем Сайлау Лепесовті үлгі тұтамын. Ол 1986 жылы Желтоқсан оқиғасына қатысқан. Таяқ жеп, қамалған. Оның алдында өртеніп жатқан үйге қойып кетіп, екі орыс қызды құтқарып қалған екен. Соның өтеуі болар, бір полиция босатып жіберіпті.
Бала кезімде "Балдырған" журналын, "Жас Алаш", "Қазақ әдебиеті" газеттерін оқытып қоятын, өзі де жиі мақалалар жазып тұрды. Бізді асырау үшін күзетші болып та істеді. Аула да сыпырды. Қазір журналистика саласына қайта оралды, – дейді Анар.
"Жарнама қағазын ілуден бастадым"
Анар ата-анасының қолына қарап, күнұзақ төрт қабырғаға қамалып, үйде отырғанды жөн көрмейді. Күш-қуатын жинап, жұмыс іздеуге кіріседі. Табылғаны – көше-көшені аралап, аялдамаға, подьездге хабарландыру жабыстыру. Ұзақ уақыт адымдап жүре алмайтынын білсе де, амалсыз келіседі. Өйткені дәрі-дәрмек алу керек.
– Сол кезде "Мегалайн" мен үйфонның саудасы қызу жүріп жатқан. Күніне 300 қағаз береді. Соны іліп шығуым керек. Көпқабатты үй төрайымдары мен тұрғындарынан сөз естимін. Күні бойы межелі жерге жабыстырып үлгеремін деп шаршаймын. Сондағы алатын күндік табысым – 600 теңге. Бірақ бұл жұмыс маған азға қанағат етуді, қиындыққа мойымауды үйретті. Солай жарнама қағазын іліп жүріп, бір күні баспаға адам іздеп жатқан хабарландыруды көзім шалды, – дейді Анар.
"Баспаханада өткен бес жылым"
Мекенжайын қағазға түртіп алған ол баспаханаға барады. Екі-үш күн тәжірибеден өтеді. Бірақ Анардың денсаулығына алаңдаған басшылар жұмысқа қабылдағысы келмейді. Қайсарлығының, табандылығының арқасында ғана ...
– Көп мекемелер мүмкіндігі шектеулі адамдарды жұмысқа алғысы келмейді ғой. Басында басшылар қорықты. Кейін бір жағдай болып қалса, ешкімге кінә артпайтынымды жазып бердім. Сосын барып жұмысқа кірістім. Жұмыс таңғы 8.00-ден кешкі 18.00-ге дейін. Кешікпей баруға жанымды салдым. Жұмысымды жақсы көріп, әр ісіме ұқыптылықпен қарадым. Өзімді біреуге керек екенімді сезіндім.
– Біз қорап желімдедік, оны құрастырдық, тасыдық. Айына 30 мың теңге жалақы алдым. Оның өзі үлкен медеу. Бұл баспаханада бес жыл жұмыс істедім. Соңғы жылы желімнің, өзге де бояудың исі мен ауыр жәшіктерді көтеру денсаулығыма кері әсер ете бастады. Құлшынысым азая берді. Бірақ "бұл жұмыстан кетсем мені кім алады?" деген ой болды. Шыдап, өзімді тоқтатып жүрдім. Бірақ бәрібір денсаулық қымбат қой, ауыра берген соң, үйренісіп қалған ортадан кетуге мәжбүр болдым, – дейді Анар.
"Ойыншық тоқуды қалай бастадым?"
Қайтадан аурухана мен үйдің ортасындағы сабылған өмір басталады. Ойыншық тоқуға деген қызығушылықтың оянғаны да осы кез.
Бірде интернеттен тоқылған ойыншықтарды көріп қалады. Қайталап, жасап көрмек болады. Ең бірінші тоқыған ойыншығы – керік. Оны өзі күліп еске алады.
– Көңілді керікті тоқығым келген, бірақ ұсқынсыз болып шықты. Бір аяғы ұзын, бір аяғы қысқа. Бірақ өзіме сондай қатты ұнады. Туыс-туғандарға, тіпті көршілеріме дейін мақтанып көрсетіп шықтым. Кейін құрбыларымның туған күндеріне ойыншық тоқып сыйладым. Инстаграм әлеуметтік желісінен @anarik_komarik парақшасын ашып, ойыншықтарымның суреттерін сонда жариялай бастадым. Ольга Рябева есімді ерікті қыз маған көп көмектесті. Ол кәсіпкерлерге, достарына менің ойыншықтарымды жарнамалады. Солай ақырындап тапсырыс түсе бастады. Кейін "Инстаграмда" біраз әншілерге өзімнің жағдайымды айтып, "парақшаңызда жарнамалап берсеңіз, сізге ойыншық сыйға тартамын" деп ұсыныс айтып, хат жазып шықтым, – дейді Анар.
"Нұртас Адамбай ұйымдастырған аукционда қуыршағым 300 мыңға сатылды"
Әншілердің ішінен Анарға "Ринго" тобындағы Данияр Өтеген ең бірінші болып жауап жазып, тапсырыс жасапты. Үш керік тоқып берген екен. Ол кезде ойыншықтардың бағасы – 1500 теңге.
– Басында басқа ойыншық жоқтай, тек керік тоқи беріппін. Қазір олардың түрін көз алдыма елестетсем, күлкім келеді. Өйткені олар аяғын нық басып тұра алмайтын, тек жататын. Кейін Айқын Төлепбергенге мультфильм кейіпкерін тоқып бердім.
Ал Әсел Сәдуақасова 300 мыңға ойыншық тоқуға тапсырыс берген. Қыс бойы тек соның тапсырысын орындадым. Бірде Нұртас Адамбай "Келинка Сабинка" қуыршағын тоқып беруді сұраған. Ол кезде ауруханада жатқан едім. Бас тартайын деп ойладым да, ол қуыршақ аукцион арқылы сатылатынын, түскен қаржының мүгедек адамның еміне жұмсалатынын естіп, келістім. Жартысын ауруханада, жартысын үйде тоқып, бір айда бітіріп бердім. Еңбегімді 15 мыңға бағаладым. Аукционда ол қуыршақтың бастапқы бағасы – 20 мың теңге болыпты.
Үш күннің ішінде бағасы өсіп, 300 мыңға сатылыпты. Нұртас Адамбай сол қаржысын қолына ұстап, "аукционнан түскен ақшаны сізге бергім келді" деп қайта келіп тұр. Қуандым, қатты риза болдым. Ол ақшаға шипажайда емделіп, біраз дәрі-дәрмегімді алдым. Ал "Рэкетир" фильміне түскен Саят Исембаев жарнамалағанда келесі күні бірден 20 тапсырыс түскен. Осылайша ойыншық тоқу маған ләззат сыйлап ғана қоймай, табыс көзіне де айналды, – дейді Анар.
"Даму"-дан 3 миллион теңге грант ұтып алдым"
Анар ойыншыққа тапсырысты "Фейсбук" және "Инстаграм" әлеуметтік желісі арқылы алады. Бүгінде "Инстаграмда" 15 мыңнан астам жазылушысы бар. Ол әрбір ойыншықты бар ынта-ықыласымен тоқиды. Және сапасына аса қатты көңіл бөледі.
Сапалы иірілген жіпке ақшаны аямаймын. Сол себепті менің ойыншықтарымды кір жуу машинасында қорықпай жуа беруге болады. Түсі өзгермейді, түтіліп кетпейді. Оларды ілмекпен тоқимын. Ол стиль жапондықтарға жақсы таныс, амигуруми деп аталады. Сондай-ақ, адамдарға жылылық пен мейірім сыйлайтын, көңілді көтеретін ойыншықтар тоқығым келеді. Кейде менен қорқынышты кино мен мультфилмьдердегі кейіпкерлерді тоқуды өтініп жатады. Ондай тапсырыстардан бас тартамын. Ойыншықтар тек қуаныш сыйлау үшін керек.
Егер тапсырыс жақсы болса, айына 80 мыңдай ақша табамын. Оны дәрі-дәрмегіме жұмсаймын. Жекеменшік ауруханаларда ем қабылдағанды жөн көремін. Мемлекеттік ауруханаларда емделу қиын. Қағаздары көп. Жүгіріп жинауың керек. Оны өткізуің керек. Сосын айлап күтуің керек. Ал маған денсаулық қымбат. 2016 жылдың жазында "Даму" қорынан 3 миллион теңге грант ұтып алғанмын. Ол қаржыға үйімнің қасынан шеберхана соғып, ішіне жиһаз бен қажетті құрал-жабдықтар алдық.
– Қаладан сәл алыстау. Сол жағы қиын. Енді қаланың ішінен ойыншық дүкені, шеберхана ашқым келеді. Сондай-ақ, қасыма көмекшілер алып, балаларға арналған түрлі киімдер тоқитын едік. Украинада ойыншық тоқитын Светлана Перцова деген кісі бар. Өзіме үлгі тұтамын. Тоқуға қатысты сұрақтарымды сол кісіден сұраймын, – дейді Анар.
"Шетелдерден танымайтын адамдар жіп жіберіп тұрады"
– Негізі Астана, Алматы, Шымкент, Ақтау қалаларынан көп тапсырыс түседі. Ресей, Түркия, Үндістан, Африка елдерінен де тапсырыс түскен. Қазір көзді жұмып қойып та ойыншық тоқи беремін. Үйреніп кеткенмін. Екіншіден тоқыма көзіме зиянын тигізеді. Көз жанарымды сақтағым келеді. Менің ойыншықтарымның бағасы – 5-15 мың теңге аралығында. Осы күнге дейін шамамен 4 мыңдай қуыршақ тоқыған шығармын.
– Білесіз бе, өмірде танымаса да қол ұшын созатын мейірімді адамдар көп. Мысалы, Ресейден бір кісі "сенің ойыншықтарың қатты ұнады, біз саған жіп жіберейік дегенбіз, мекен-жайыңызды айтсаңыз" деп, Фейсбук арқылы хат жазып жіберген. Біраз күн өткен соң, поштадан "келіп, алып кетіңіз" деген хабар келді. Барсам, үлкен екі қорап. Іші мен жер-көкті шарлап іздеп жүрген қымбат жіптерге толып тұр. Үйге әрең жеткізгенмін. Тағы бірде Германия мен Франциядан бір қыздар осындай сый жасаған. Олар мені өмірінде көрген емес, білмейді. Осы қолдау қанат бітірді. Кейін ойыншық тоқып, ризашылығымды білдіріп, хат жібердім.
Сосын Алматыда өткен бір бизнес лекцияға қатысқан болатынмын. Ол жерде өзімнің ойыншықтарым туралы айттым. Есімі елге белгілі кәсіпкер аға қандай қолдау керек екенін сұрады. Маған көлік керек еді. Өйткені, ойыншықтарымды қаланың ішінде өзім тасығым келетін. Курьерлер кейде уақытынан кеш жеткізеді. Немесе, тапсырысты жеткізіп бермей тастайтын кездер болады. Одан бөлек, ауруханаға жиі барамын. Көлік жүргізу куәлігім де бар еді, тек ақша жинай алмай жүргенмін. Біраз уақыттан кейін кәсіпкер аға көлік тарту етті. Бірақ өзінің аты-жөнін атамауды өтінді. Қазір сол көлікпен жүрмін. Ол кісіге Алла разы болсын, – дейді Анар.
Ол қол қусырып қарап отырғысы жоқ. Интернеттен онлайн дәрістер қарап, шеберлігін шыңдап, білімін жетілдіруге ұмтылады. Адамға көтеріңкі көңіл сыйлап, мейірім шуағын төгетін ойыншық тоқып, айналасына жылулық сыйласам дейді. Дәрі-дәрмегі мен толассыз еміне өзі ақша тапқысы келеді. Сіз бен біз, Анардың ойыншығын сатып алу арқылы оған көмектесе аламыз. Бір-бірімізге қуаныш сыйлайық.