Қан қысымы тұрақты болуы үшін не істеу керек? Дәрігер кеңесі
Бүгінде жоғары қан қысымынан зардап шегетіндер көп. Бұрындары гипертония үлкендерде жиі кездессе, қазір жас талғамайтын болды. Осы орайда медицина докторы, MedSupportkz волонтері Ботагөз Каукенова артерия қысымы жайлы ақпаратпен бөлісті.
Жүрек денедегі бар қанды белгілі бір күшпен, артерия жасайтын кедергіге қарсы айдайды. Артерия қысымы – қанның артерия қабырғасына көрсететін қысым.
Қысым өлшегенде екі сан анықталады: систола және диастола қысымы. Мысалы, 120/80. Бірінші сан (120) – жүрек жиырылған кездегі артериядағы қысым. Екінші сан (80) – жүрек босаңсығандағы қысым. 120/80 болса қан қысымы қалыпты деген сөз.
Жоғарылаған қысым – систола кезінде (120-129 mmHg) аса қатты уайымдаудың қажеті жоқ. Ал қан қысымы қатарынан бірнеше рет өлшегенде 130/80-нен жоғары болса, гипертония деген сөз. Бұндайда дәрігерге қаралу қажет.
Артерия қысымы тұрақты түрде жоғары болса, жүрекке жүктеме түседі. Себебі ол қанды үлкен кедергіге қарсы айдауға мәжбүр болады. Жүрек осылайша бірнеше жыл істесе:
- жүректің ұлғаюы;
- жүректің жеткіліксіздігі;
- миокард инфаркті;
- инсульт;
- бүйрек ауруына әкелуі мүмкін.
Артерия қысымын қадағалап отыру үшін дәрігер тағайындаған дәріні тұрақты түрде ішу керек. Дәрінің жанама әсері болса, жәй ғана ішпей қоюға болмайды. Мұны дәрігерге айтып, басқа дәріге ауыстыру қажет.
"Қан қысымы қатты көтерілмеуі тиіс. Жүрек ешқашан тоқтамайды, үнемі соға береді. Адамның қысымы қатты көтерілсе қанды кедергіге қарсы айдау үшін жүрекке күш керек. Жүрек үнемі кедергіге қарсы тұрса, жүктемемен жұмыс істейді. Қысым көтерілгенде жүрек көлемі үлкейеді. Негізінде бұлай болмауы тиіс, қалпында болуы керек. Әйтпесе жүрек жұмыс істей алмай қалады. Біртіндеп көтерілетіндіктен жоғары қысымды байқау қиын. Сол себепті қысымды өлшеп тұру қажет. Жоғары қысым болса кардиологқа қаралған жөн", – деді Ботагөз Каукенова.
Қан қысымы тұрақты болуы үшін:
- тағамдағы тұз мөлшерін азайту;
- күніне 30 минут бойы дене жаттығуларын жасау;
- артық салмақтан арылу;
- диетаны өзгерту: майлы тағамды, қызыл ет пен қантты азайтып, рационға көкөніс, жеміс-жидек пен дәндер, балық етін қосу;
- алкоголь бар сусын ішпеу қажет.
Оқи отырыңыз: Жүктілік кезеңдерінің ерекшелігі. Болашақ ана білуі тиіс мәліметтер
Қан қысымы жоғары не төмен адамдардың үйінде міндетті түрде қысымды өлшейтін сфигмоманометр (тонометр) болуы тиіс. Қан қысымы мазаламаса да жылына бір рет жалпы скринингтен өтіп тұру қажет. Осылайша, гипертонияның алдын алуға болады.
Қан қысымы мен Covid-19
Артерия қысымы жоғары адамдарда Covid-19 ауыр түрде өтуі ықтимал. Коронавирус адам ағзасындағы бірнеше мүшеге әсер етеді, олардың қатарында жүрек те бар. Қандағы қант мөлшерінің артуы, артерия қысымының жоғарылауы, артық дене салмағы – осының бәрі жүрек-қан тамыры ауруларына алып келетін қауіп факторы. Дәл осылар Covid-19 дамуында да қауіп факторы бола алады.
Сол үшін бұрыннан белгілі созылмалы ауруы барлар оны бақылап, асқынудың алдын алуы керек. Ол үшін есепке тұрып, емханаға барып, дәрігерге қаралып, кеңестері мен ұсынымдарын алу қажет. Тағайындалған дәрілерді уақытылы ішкен жөн.
Ал созылмалы ауру болмаса да, шаршау, мазасыздық мазаласа терапевт маманға қаралып, тексерістен өтіп, анализ тапсырған дұрыс.