Алматыда жыл басынан бері 13 мыңнан астам адам коронавирус жұқтырған
Алматыда коронавирус инфекциясын жұқтырғандар саны күрт өскен. Мәселен, былтыр қалада барлығы 18 мың адам Covid-19-бен сырқаттанған болса, биылғы үш айдың өзінде науқастардың саны 13 мыңнан асқан. Қаланың санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметі бойынша, тұрғындар арасында індетке шалдыққандардың көбеюі, британдық және оңтүстік африкалық коронавирустық штаммдардың пайда болуымен байланысты.
"Жаңа штамдардың жұқпалылығы алдыңғы базалық штаммен салыстырғанда өте жоғары. Яғни, инфекцияның жұғу деңгейі, бұрынғыдан 70 пайызға дейін жоғары. Сонымен қатар, КВИ симптомсыз формаларын тіркеуде 2020 жылы 39%-дан 2021 жылы 32%-ға дейін төмендеу байқалады", – делінген хабарламада.
Биыл наурыз айының үш аптасында коронавирустық инфекцияны ең көп жұқтырғандар:
- 20-39 жас аралығындағы азаматтар ( науқастардың 38%-ы);
- 40-59 жастағы адамдар (науқастардың 27%-ы);
- 60 жастан асқандар (науқастардың 20%-ы).
Оқи отырыңыз: Елордада 2-6 жастағы балалар арасында коронавирус жұқтыру деңгейі 1,5 есе өскен
Мамандар жүргізген арнайы талдау нәтижелері бойынша, биылғы коронавирусқа шалдыққандар инфекцияны көбінесе төмендегі орындардан жұқтырған:
- 42% – қоғамдық орындарға барғанда (сауда, қоғамдық тамақтану);
- 18% – қоғамдық көлікпен жүргенде;
- 2% – отбасылық шараларда.
Өткен тәулікте Алматыда коронавирустық инфекцияға ПТР нәтижесі оң 450 науқас анықталды. Қалада қалыптасқан эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, дәрігерлер алматылықтарды қоғамдық орындарға барудан бас тартуға және әлеуметтік арақашықтықты сақтауға шақырып отыр.