Алматы қаласындағы Almaty қонақүйінің кіреберісіне Ұлы Отан соғысының батыры Рақымжан Қошқарбаевқа арналған ескерткіш тақта орнатылды, деп хабарлайды Информбюро Astana Group баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ескерткіштің дәл осы қонақүй алдына қойылуының өз сыры бар. Рақымжан Қошқарбаев "Алма-Ата" қонақүйі ашылғанда оның алғашқы директоры болған. Бұл қызметті ол 20 жыл бойы, өмірінің соңына дейін атқарды.

Рақымжан Қошқарбаев – Ұлы Отан соғысының қатысушысы, офицер. 1945 жылы 30 сәуірде ол Григорий Булатовпен бірге Рейхстагқа ту тіккен.

Ескерткіш тақтаны орнату шарасына оның қызы Әлия Қошқарбаева қатысты.