Бүгіннен бастап Алматы коронавирустың таралуы бойынша "жасыл аймақта". Себебі, қалада індетті жұқтырғандар саны төмендеген. Бұл кешенді жүргізілген шектеу шаралары және халықты вакцинациялаудың нәтижесі ретінде төмендеді. Дегенмен, қаланың бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшиннің айтуынша, әлі де босаңсуға болмайды. Себебі, 2 миллионнан астам тұрғыны бар Алматыда небары 21% ұжымдық иммунитет қалыптасқан. Бекшиннің мәлімдеуінше, бүгінде қалада 316 407 адам коронавирусқа қарсы екпе алған.

"Өткен кезеңде 316 407 адам вакцинацияланды, бұл қала халқының 16 пайызын құрайды. Сондай-ақ, 5 пайызы ауырып жазылған адамдар. Соның есебінен 21 пайыз ұжымдық иммунитет қалыптасты", – деді Алматы қаласының Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері.


Оқи отырыңыз:  Ashyq жүйесі арқылы оқшаулау режимін бұзғандар анықталса, 87 мың теңге айыппұл салынады


Екпе алған адамдардың жалпы санынан 60 жастан асқан вакцинацияланғандар саны – 32 758 адамды немесе осы жас санатындағы адамдардың жалпы санының 12%-дан астамын құрайды.

Жандарбек Бекшин екпенің індеттің жеңуде маңызын айта отырып, азаматтарды жаппай вакцинациялауға шақырды. Ол күзге қарай ұжымдық иммунитетті қалыптастыру өте маңызды екенін алға тартты. Әрі ол қала тұрғыдарын жазда да тазалық шараларын сақтап, маска тағуды жалғастыруға үндеді. Оның мәлімдеуінше, қаланың барлық саябақтарына маскасыз кіруге тыйым салынады.

"Саябақтардың, базарлардың кіреберістерінде бетперде сату ұйымдастырылады. Біз ол бетпердені бөлшек емес, көтерме бағамен сатуды сұрадық. Демалыс орындарына тек маска таққан адамдар жіберілу керек", – деді Жандарбек Бекшин.