Алматыда мәслихат депутаты Әділхановқа жасалған шабуыл: сотталушылар нені қолды қылған?
Алматы қалалық мәслихатының атышулы депутаты Мұрат Әділхановқа 7 тамыз күні шабуыл жасалып, ұрылар оның қомақты қаражатын алып қашқан. Күдіктілер – депутаттың көлік жүргізушісі болып жұмыс істеген Олжас Қалияқбаров пен оның туыс ағасы Асхат Әбішев. Екеуі "алдын ала сөз байласу арқылы күш қолданып, Әділхановтың денсаулығына қатер төндірді және аса ірі мөлшердегі мүлкін жымқырды" деп айыпталып отыр.
Депутатты соққыға жыққандар ҚР Қылмыстық кодексінің мына баптарымен істі болып отыр:
- 192-бап. Қарақшылық;
- 200-бап. Көлікті жымқыру.
Тергеу материалдары бойынша, депутатқа қарақшылық шабуыл жасау туралы ой әуелі көлік жүргізуші Олжас Қалияқбаровқа келген. Ол бастығының қолында қомақты ақшасы барын өзінің туыс ағасы Асхат Әбішевке жеткізіп, екеуі депутатты тонауға келіскен. Көлік жүргізушісі ағасына Әділхановпен бірге 7 тамызда сағат 9:00-де "Көктем Гранд" бизнес орталығының вип автотұрағына келетінін жеткізеді. Осы уақытта Асхат Әбішев бетперде тағып, қолына ойыншық тапанша мен пышақ алып, жәбірленушіні күтіп тұрады. Белгіленген уақыт жеткенше күдікті құр тұрмай, тұрақ ішіндегі бейнебақылау камераларын бұрып қояды. Депутат діттеген жерге келіп, көлігінен шығып лифтке жеткенде, қаруланған Әбішев одан ақша беруін талап етеді. Артынша Әділхановты ұрып-соғып, ұялы телефоны мен портфелін тартып алады. Әрі "Mercedes benz S-class" маркалы машинасын мініп қашқан.
Айыптау актісі бойынша, бұл оқиғаның барлығын Әділхановтың 30 жастағы жүргізушісі байқап тұрған. Алайда бастығына көмектесуге құлық танытпапты. Тек қылмыстары ашылмау үшін соңында ғана полиция қызметкерлерін шақырғысы келген сыңай танытқан.
Тергеу материалдарына сәйкес күдіктілер Мұрат Әділхановқа 15 млн 817 мың теңге шығын келтіріп, мына заттарды қолды қылған:
- 5 млн 500 000 теңге;
- 2000 еуро;
- 2000 доллар;
- "Zilli" маркалы әмиян (3 млн 382 мың теңге);
- "Zilli" маркалы портфель (500 мың теңге);
- "Zilli" маркалы барсетка (2 млн теңге);
- "Vertu" маркалы ұялы телефон (1 млн 934 мың теңге);
- "iPhone X" маркалы ұялы телефон (350 мың теңге);
- "Samsung X820" маркалы ұялы телефон (30 мың теңге);
- "Samsung" маркалы ұялы телефон (15 мың теңге).
Сотқа Мұрат Әділхановтың өзі келген жоқ. Қорғаушысы депутаттың қазір Алматыда еместігін және жұмыстан қолы тимей жатқанын айтты. Әрі Әділхановтың өзіне қастандық жасағандарға кешірім бергісі келмейтіні туралы жеткізді. Ал сотталушылар өздеріне тағылған айыппен келіспейді. Дегенмен судья оларға сот аяқталғанға дейін жәбірленушімен қандай да бір бітімге келсе, мұны үкім шығарарда ескеретінін айтты.
Алматылық мәслихат депутатының өзіне келген материалдық шығынды бірнеше есе өсіріп, талап етіп отырғаны айыпталушылардың қорғаушыларының шамына тиіп отыр.
"Бастапқыда жәбірленуші өзіне келтірілген шығын 5 млн теңге деп арыз жазды, кейін тергеу барысында шағымын өзгертіп 10 миллион деді, ақыр соңында 15 миллионға бірақ жеткізді. Оның тең жартысы қайтарылған, заттар көлікте жатты. Қорғауымыздағы азаматтардың сөзінше, олардың Әділхановты тонау туралы ойы болмаған. Тек сөзге келмей, төбелесіп қалған. Оның үстіне көлікті ұрлап қашқаны да дәлелденбеген қылмыс", – деді сотталушы Олжас Қалияқбаровтың қорғаушысы Шолпан Исмаилова.
Сотталушылардың айыбы дәлелденсе, 10 жылдан 15 жылға дейінгі мерзімде жаза арқалауы мүмкін. Тараптардың жарыссөзі 19 қарашаға белгіленді. Сол күні сотталушылар соңғы сөзін айтады. Судья Кеңшілік Әбділдинов қорғаушыға депутаттың келесі сот отырысына өзі қатысуын тапсырды.